АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Елбасының Вашингтон қаласында Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысуы барысында Қазақстан мен АҚШ-тың ядролық қауіпсіздік және таратпау саласындағы
ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемесі қабылданды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Құжатта тараптар екі мемлекеттің ядролық материалдарды сақтау қауіпсіздігін арттыру үшін қабылдап жатқан нақты кешенді шараларын атады және осы салада іс жүзіндегі өзара ықпалдастықты жалғастыруға деген ортақ ұстанымды растады.
***
Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының ядролық қару таратпау және ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемесі
(Вашингтон, 2016 жылғы 31 наурыз)
Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздікті нығайту режимін нығайту жөніндегі нақты шараларды жүзеге асырудағы бірлескен ұстанымдарын растады.
Америка Құрама Штаттары Қазақстан Республикасының ядролық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ Вашингтон, Сеул және Гаага саммиттерінің ядролық қауіпсіздік қатысты шешімдерін іске асыру жөніндегі күш-жігерін құптайды.
Осыған орай, тараптар Қазақстанның Ядролық физика институтында ВВР-К зерттеу реакторын оның критикалық құрылымдарын конверсиялаудан кейін аз байытылған уранға (АБУ) негізделген отынға ауыстыруды жуырда аяқтағанын қанағаттанушылықпен атап өтті.
Бұдан басқа, тараптар Қазақстандағы ВВР-К реакторының бүкіл жоғары байытылған уран (ЖБУ) отыны ядролық отын өндіретін қазақстандық кәсіпорында материал қосып сұйылту арқылы сәтті түрде жойылғандығын жариялайды, сондай-ақ Қазақстанның құрамында ЖБУ бар пайдаланылған отын қалдығын Ресей Федерациясына тезірек қайтару жөніндегі міндеттемесін ескере отырып, Ядролық физика институтындағы ЖБУ қоры осылайша түгел жойылатынын атап өтеді.
Тараптар Қазақстанның жарамды АБУ отыны қолжетімді болғанда ИВГ.1М және ИГР реакторларын АБУ отынына ауыстыру және оларды конверсиялау аяқталғаннан кейін пайдаланылған ЖБУ отынын осы зерттеу реакторларынан Ресейге қайтару жөніндегі айнымас ұстанымын құптайды.
Тараптар сезімтал ядролық материалдар пайдаланылмайтын жаңа технологияларды техникалық жағынан мүмкін болатын, экономикалық тұрғыдан тиімді болатын тұстарда енгізу жөніндегі ядролық сала ұмтылысын қолдайды.
Бұған қоса, тараптар Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығын құру ісіне бірлескен күш-жігер жұмсалып отырғанын қанағаттанушылықпен атап өтеді. Орталық ядролық қаруды таратпау саласында материалдарды қорғау, бақылау және есепке алу тренингтерін, ядролық және басқа да радиоактивтік материалдардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл тренингтерін өткізетін болады. Орталық құрылысы 2015 жылдың соңында басталды, ол 2016 жылдың аяғына дейін пайдалануға берілетін болады.
Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары нысандар күзетін, қорларды басқару жүйелерін, сақтау нысандарының және материал тасымалдау қауіпсіздігін, кибер қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштері үшін тренинг өткізу жөніндегі бірлескен жұмысқа және ядролық материалдарды анықтаудың жаһандық архитектурасын нығайту жолындағы ынтымақтастыққа бұдан әрі де бекем бола беретіндігін мәлімдейді.
Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары ядролық қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпау режимін нығайту мәселелері бойынша тараптардың қазіргі өзара іс-қимылын күшейтуді жалғастырудың маңыздылығын атай отырып, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерге зор мән береді.