Дереккөз: kaz.tengrinews.kz
Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Нұрлан Сейтімов Тәжікстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Шариф Саидпен 17 қазанда кездесу өткізді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрлан Сейтімов ЭКСПО-2017 Мамандандырылған халықаралық көрмеде Тәжікстан Республикасының экспозициясының Бас комиссары ретінде тағайындалғаны үшін төрағаны құттықтады.
Өз кезегінде Шариф Саид Елшіге ризашылығын білдіріп, өз елінің болашақтың энергиясы саласындағы жетістіктерін ЭКСПО-2017 көрмесінің қонақтарына таныстыру мақсатында тәжік тарапы барлық күш-жігерін салатынын атап өтті. Шариф Саид жақын уақытта Астана қаласына ЭКСПО-2017 Комиссары Р.С.Жошыбаевпен “Астана ЭКСПО-2017″ ҰК” АҚ басшылығымен тәжірибелік-ұйымдастырушылық мәселелерді талқылау және нақты жұмысқа кірісу мақсатында сапармен баратынын хабарлады.
Сонымен қатар, кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастар мәселелері қарастырылды. Осы орайда, 20 қазанда Душанбе қаласында өтетін “Қазақстан-Тәжікстан” бизнес-форумының маңыздылығын атап өтті.