Қостанай облысында 1 млн гектардан астам алқаптың астығы орылды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Қостанай облысында 1 млн гектардан астам алқаптың астығы орылды

Дереккөз: www.24.kz

4a7cad4a67689eb1e35443cf56280781_l

Қостанай облысында егілген егіннің 25 пайызы, яғни 1 млн гектардан астам алқаптың астығы орылды.

Орақ науқаны әсіресе оңтүстік аймақтарда қызып тұр. Атап айтқанда Амангелді ауданының диқандары бидайдың 40 пайызын қамбаға құйып үлгерген. Егісті уақытында аяқтап, жер өңдеу жұмыстарын тыңғылықты жүргізген торғайлық шаруалар жауын-шашын аз болған биылдың өзінде ойдағыдай өнімге қол жеткізіп отыр.

Ғалымжан Шайхин егін егуді ең алғаш 400 гектардан бастады. 22 жыл ішінде оның егістік алқабы да сонша есе өсті, қазір 9000 гектар танапқа тұқым себеді. Былтыр ол гектарына 16 центнерден өнім алды. Биыл шығым одан төмен. Ендігі міндет – ел ырыздығын ысырапсыз жинап алу. Алқапта қазір алты комбайн тынымсыз жұмыс істеп тұр.

Ертілеу Кенжетаев, механизатор:

– Таңертең сағат 7 кезінен басталып, кешкі 11-ге дейін созылады. 30 гектар қайтсек те шабамыз ғой, шығымына байланысты. Егін 8-ден беріп тұр ғой әзірге. Биыл жауын-шашын аз болды.

Торғай аймағында егін, солтүстік аудандармен салыстырғанда әуелден өнімді кем береді. Алайда бидайының қамырлылығы жоғары, құны қымбат. Биылғы егіннің сапасы тіпті ерекше болмақ. Өйткені танаптардың деніне элиталық тұқым себілді.

Ғалымжан Шайхин, шаруашылық басшысы:

– Биыл бидайдың тұқым жағынан тоннасы 75 мың болып еді, сол 49 мыңын Үкімет элиталық тұқым үшін қайтарып берді. Сонымен қатар жәндіктермен күреске оның 50 пайызын қайтарып берді.

Амангелді ауданындағы егін егуге болатын алқап көлемі – 140 мың гектар. Алдағы екі-үш жылда өңір шаруалары бұл танаптарды толықтай игеруді көздеп отыр. Бұрын тек мал шаруашылығына басымдық берген ауданда, егіншілік те дамып келеді.

Ерлібек Есжанов, Амангелді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

– Алғашқы 97-жылдары заманның кішкене құлдыраған уақытында 15 мың гектардан бастаған болатын. Міне, Үкіметіміздің беріп жатқан көмегі арқасында шаруа қожалықтары алға қарай жылжып, биыл 111 мың гектарға жетті.

Бүгінге дейін аудан диқандары 43 мың гектардың егінін жинап үлгерді. Қазір бидайды кептіру, қырманға тасу жұмыстары жүріп жатыр. «Техника қуатты, жанар-жағармай жеткілікті, жиын-терім науқанын жылдағылай қыркүйек айының ортасына дейін толық жинап үлгереміз», – дейді амангелділіктер. Ал облыс бойынша егін шығымы әзірге гектарына 10 центнерден келіп тұр.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика