Ақтөбе облысының бақташылары инновациялық технологияның игілігін көріп жүр | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Ақтөбе облысының бақташылары инновациялық технологияның игілігін көріп жүр

Дереккөз: www.24.kz

16d9ca2ba8a8539c1ce07279dee7284a_l

Ақтөбе облысында күн батареясы мен жел генераторы малшы ауылдарға да жетіп, бақташылар инновациялық технологияның игілігін көріп жүр.

Жергілікті кәсіпкер өз қожалығында күннен қуат алатын киіз үй тігіп, жаңашыл қадам жасады. Нәтижесінде үйдің төбесіне орнатылған күн батареясы қазір қажетті энергиямен толық қамтамасыз етіп отыр. Алты қанат ақ үйде бақташы мен оның көмекшісі тұрады.

Қырдың басында тұрған киіз үйде адамға керектің бәрі бар. Күннен қуат алатын батарея үйге жарық беріп тұр. Бейнебақылау жүйесі де осы қондырғы арқылы жұмыс істейді. Киіз үйді кәдімгі экотон кірпішінен салып, ішін киізбен қаптаған. Уығы мен шаңырағы, түндігі мен есігі ескі әдіспен жасалған. Жаздың ыстығында қоңыр салқын болып тұратын жертөлесі тағы бар.

Айдарбек Пұсырманов, бақташы:

– Кіріп алғаныма бір айдай болды. Жазда салқын, биыл бірінші қыстайын деп отырмын, бұйырса. Жаман емес, жағдай жақсы. Бәрі бар ішінде, дәретхана, ванна, бар жағдай жасалған. Адамдар көп келіп жатыр, көріп жатыр, суретке түсіріп жатыр. Қонақ болып келіп жатқандар бар.

Көпшіліктің қызығушылығын тудырған бұл үй кәсіпкер Ербол Байжарқыновтың біраздан бергі арманы екен. Бақташыларға қолайлы жағдай жасағысы келген әрі қыс мезгілінде қожалық орналасқан аумақты қар басып қалатындықтан, көп қиындық болған. Ал киіз үйдің айналасына қар тұрмайды. «Инновациялық үй шалғайдағы малшы ауылдарға тиімді», – дейді ол.

Ербол Байжарқынов, кәсіпкер:

– Өте ыңғайлы, бұл бір жағынан салт-дәстүрді сақтап көрсететіндей және күн батареясынан қуат алады. Қазақстанда күннің көзі тегін. Тоғымен теледидарын да қарап отыр және жарығын да беріп тұр.

Қожалық иесі мұнымен тоқтамаған. Әр жылқыға GPS навигатор орнатыпты. Бейнебақылау камерасы арқылы жан-жақты көріп отырады. Мұның бәрі бақташының жұмысын жеңілдеткен. Қожалықта 4 түліктің бәрі бар. Сүт және ет өнімдерін қала базарларына тапсырады. Кәсіпкер қала маңынан тұтас бір этноауыл тұрғызғысы келеді. Ондағы киіз үйлердің бәрі күннен қуат алатын болады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика