ОҚО-да мақта терімі басталды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

ОҚО-да мақта терімі басталды

Дереккөз: www.24.kz

0ce77f1bb74395d902d863bbdca85008_l

Ақ алтынның басым бөлігі егілген мақтаралдық диқандар алғашқылардың бірі болып өнімді жинауға кірісті. Жерді өңдеудің жаңа әрі тиімді тәсілін қолданудың арқасында облыстағы 134 мың гектар жерге себілген шит толық шыққан.

Биыл қырманға ақ алтынның 300 мың тоннасы жиналады деген үміт бар. «Дегенмен зиянкестердің бұл көрсеткішке кері әсері болуы мүмкін», – дейді мамандар. Өйткені Мырзашөлдегі бірнеше гектар алқаптағы мақта көсегін құрт жеп қойған. Агротехникалық талаптарды қатаң сақтаудың арқасында егін бітік шыққан. Алқатпағы кейбір мақта сабағы 12-ден 20 көсекке дейін байлапты. Ауыл адамдары алғашқы ашылған ақ ұлпаны қолмен теріп жатыр. Ол сосын заутта өңделіп, талшық алынады. Ал егістік алқабындағы мақта көсектері толық ашылған кезде арнайы техника көмекке келеді.

Фузали Жавлановтың жеке қожалығында он гектар жері бар. Ол кезінде пай үлесіне тиген. Былтыр мақтасы бітік шығып, табысына техника сатып алыпты. Соның көмегімен сәуірде сепкен шитінің көсегі шетінен ашыла бастапты. Дер кезінде биотәсілмен өңдегендіктен мақтасына көсек құрты түспеген. Бала кезінен еңбекпен өскен ұстаз: «Ата кәсіпті шығыны көп болса да, тастай алмаймын», – дейді.

Фузали Жавланов, шаруа қожалық төрағасы:

– Мақта өнімділігі өте жақсы. Атамекен ауылдық округі бойынша 20-25 центнерден келуде. Былтырға қарағанда шығын көп. Оның себебі: минералды тыңайтқыштың бағасы нарықта көтеріліп кетті. Терім науқаны да көтерілді. Мақтарал ауданы бойынша баға 200 теңгеден асса ғана шығын жабылады.

Мақтаралдық шаруалар жиын-терімді биыл жылдағыдан бірнеше күн бұрын бастады. Мақтаға жауын тисе, сарғайып сорты төмендеп кетеді. Сондықтан оны суыққа ұрындырмай жинап алу қажет. Бірінші терімге ауыл адамдарының күшін жұмылдырып жатыр. Әр келісіне 20 теңгеден ақы төлейді. Маусым кезінде осылайша жұртқа қосымша жұмыс тауып береді.

Дильшат Ходжиева, Мақтарал ауданының тұрғыны:

– Жылда ауыл тұрғындарымен бірге жиын-терімге шығамыз. 100-150 келі тереміз. Алдыңғы жылға қарағанда биыл мақта өте жақсы. Осы тапқан табысымызға бала-шағаға мектепке киім жаратамыз.

Өнімділікті арттыру мақсатында диқандар бірнеше жылдан бері мақтаны жерді терең қопсыту арқылы егеді. Ол ылғалды ұзақ сақтайды. Енді америкалық тәсілді еңгізіпті. Жерді күзден бастап өңдейді. Қыс бойы сорын шаяды, тыңайтқыштар мен арамшөпке қарсы дәрілер себеді. Көктемде тек тырмалап егеді. Бұл жер құнарын арттырып, өнімділікті көтереді. Биыл мақтаралдық шаруалар ағын судан да тапшылық көрмеген.

Марат Әбуов, Мақтарал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Биылғы жылы ағын судан шаруаларда қиындық болған жоқ. Негізінен біз жәрдем ретінде қосымша Шардара су қоймасынан су көтеру арқылы да қосымша алатынбыз. Биыл Достық каналынан келген су жетті. Ағын судан ешқандай мәселе болған жоқ.

Ақ алтынның басым бөлігі егілген Мырзашөл өңірінде биыл өнімділік біршама төмен болатын түрі бар. Өйткені бірқатар мақта алқабын көсек құрт жеп қойған. Зиянкес аудандағы егіс алқабының 50 пайызында кездескен.

Сейтжан Азбергенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

– Бұл өзі Мақтарал ауданында бұрыннан келе жатқан зиянкестер. Мақта зиянкестері егіс көлемінің 10 пайызын жеп қойды. Биыл қыстың өзі қолайлы болды. Жер қатпады, сол себепті зиянкестер биыл көбейіп кетті. Мақтаның егіс көлемін қысқартып, басқа дақылдармен ауыстырып ексе, зиянкестер жойылады.

Зиянкестерге қарамастан диқандар: «Биыл жалпы 300 мың тонна өнім жинаймыз», – деп межелеп отыр. Өйткені мақта шиті былтырғыдан 25 мың гектар жерге артық себілген. Шаруалар 134 мың гектар жердегі ақ ұлпаны суыққа ұрындырмай жинап алуға тырысып жатыр. Оңтүстіктің мақтасына қазірдің өзінде көрші Ресей мен Қытай  және Еуропа елдерінен сұраныс артқан.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика