Ертіс өңірінде күзгі дала жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Ертіс өңірінде күзгі дала жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін

Дереккөз: www.24.kz

b2f37a60c54a747d5df58ad96a39b3f9_l

Ертіс өңіріндегі диқандар үшін биыл күзгі дала жұмыстары жылдағыдан ерте аяқталуы мүмкін.

Бұған ауа райы ғана емес, қолданыстағы заманауи техниканың да пайдасы тиді. Айталық, Павлодар облысы Ертіс ауданының шаруаларына ауыл шаруашылығы кооперативінің комбайндары көмекке келіпті.

Павлодардың диқандары үшін биылғы жыл жайлы болды. Күзгі дала жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін. Ертіс ауданының шаруаларына жаңа комбайндар бригадасы қолқабыс етіп жатыр. Осының арқасында өнімділік артып, шығын көлемі азайған.

Жеңіс Қанапиянов, кооператив басшысы:

– Бір комбайн күніне 50 гектарды өңдеп шығады. Бұл – өте жақсы жетістік. Біз күніне 250 гектар жердің егінін орамыз. Биыл 12 центнерден кем өнім алмаймыз деген жоспарымыз бар.

Қазір науқанның нағыз қызған шағы. Ауа райының әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдаланбаса, жаз бойғы еңбек зая кетеді. Шаруа қожалығының жетекшісі Арман Қабиев жұмыс қарқынына дән риза. Биыл ауыл шаруашылығы кооперативінің көмегі көп тиді. Жаңа техника өз құнын ақтайтынын айтады. Ол бұрындары төрт жүз гектар алқапқа астық салатын. Жылда осы уақытта егіннің тек үштен бірін орып бітетін.

Арман Қабиев, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Тозығы жеткен техникамен астық ору қиынға түсетін. Мәселен, бұрын 26 күн жинайтын алқапты мен қазір жаңа техниканың көмегімен бір күнде жинап шығамын. Шыны керек ескі техникадан әбден шаршадық.

Биыл бір гектардан 10 центнер бидай алынып жатыр. Шаруалар астықты ысырапсыз жинау басты жеңіс деп санайды. Бүгінгі күні аймақта сапасы жоғары 670 мың тонна астық бастырылған.

Байболат Рақымжанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

– Осы жылы өткен жылмен салыстырғанда қарқын жаман емес, орып алу науқаны аяқталуға жақын. Бір жұманың ішінде толық аяқталады деген жоспарымыз бар. Өнімділігі де жаман емес, орташа есеппен 10 центнерден асып отыр. Осы күнге дейін 630 мың гектар алынды.

Қазан айының басында майлы дақылдарға орақ түседі. Орташа есеппен гектарынан 6 центнер өнім келеді деген жоспар бар. Жалпы көлемі 100 мың тонна майлы дақыл алу межесі тұр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика