БҚО-да картоп жинау науқаны аяқталып келеді | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

БҚО-да картоп жинау науқаны аяқталып келеді

Дереккөз: www.24.kz

8618ac77f062065e7b7f3bec1dea0c82_l

Батысқазақстандық шаруалар биыл 4 мың гектар алқапқа картоп еккен болатын.

Күні бүгінге дейін әр гектардан жиналған өнім көлемі 150 тоннаға жуықтап отыр. Қазір өңірде картоп жинау науқаны аяқталып келеді. Облыс орталығында аталған өнімнің әр келісі 40-45 теңгеден сатылып жатыр. Жиі ұйымдастырылатын жәрмеңкелер арқылы аймақта азық-түлік пен көкөніс бағасын арзандатуға мүмкіндік бар.

Картоп егілген алқаптардың дені Зеленов ауданының аумағында. Мичурин ауылындағы шаруалар биыл мол өнім жиналғанын айтады. Бұған тамшылатып суару секілді заманауи технология жетістігін пайдалану да өз әсерін тигізген.

Александр Предко, шаруа қожалығының басшысы:  

– Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін ең алдымен тұқымның сыннан өткен сұрыптарын егумен қатар жер өңдеудің тың әдіс-тәсілдерін қолдану қажет. Әрине, ең бастысы, техникаң да сайлы болуы керек. Тыңайтқыштарды орнымен пайдалану, түрлі ауруларға қарсы іс-шараларды қолдану мол өнім алудың кепілі деп ойлаймын.   

Шаруа қожалықтары жиын-терім науқаны кезінде жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартады. Олар жиналған өнімді сұрыптап, сақтайтын орындарға жеткізуге көмектеседі. Алқаптан жиналған өнім негізінен Оңтүстік Қазақстан облысы мен Ресей нарығына шығарылады.

Рита Хамидова, кәсіпкер:  

– Дәндерін жыл сайын жаңартады, сол себепті бұл кісілерге шағым жоқ. Сақталуы да жақсы, халықтың алуы да жақсы, жері де жақсы. Біздің Оралдың картобы сұранысқа ие.  

Қожалықтың қоймасында 3 мың тоннадай картоп сақталады. Кәсіпкер келер жылы тағы осындай көлемде көкөніс сақтау қоймасын салуды жоспарлап отыр. Жалпы, өңір шаруалары картоп пен майлы дақылдар алқаптарының көлемін жыл санап ұлғайтып келеді.

Беккали Бержанов, Мичурин ауылдық округінің әкімі:  

– Осы кәсіпкерлердің арқасында Жамбыл ауылының тұрғындары жұмыспен қамтылған. Екіншіден, кәсіпкерлер осы ауылдағы мектепке, басқа да жанұяларға көмектерін тигізіп тұрады.

Өңір тұрғындары жылына 60 мың тоннадай картоп өнімін тұтынады. Бұл көлем толықтай жергілікті шаруашылықтардан алынады. «Алдағы 3 жылда картоп егілетін алқаптар көлемі 5 мың гекарға дейін ұлғаяды», – дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика