Дереккөз: www.24.kz
Қазақстандық іскер топ өкілдері Польшада өткен халықаралық ауыл шаруашылық көрмесіне алғаш рет қатысты.
Шараға әлемнің 20 елінен 400-ден астам компания келді.
Еліміздің Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Астана және Алматы қаласынан құралған делегациямыз өзінің өнімдерін паш етіп, осы саладағы инновация игілігімен танысып қайтты.
Варшавадағы ауыл шаруашылық көрмесі – Еуропадағы ең ауқымды шараның бірі. Аумағы 70 мың шаршы метрді қамтитын алаңға 340 стенд құрылып, алманың түрлі сұрыптарынан бастап жаңа техникаларға дейін койылды. Қазақстандық өнімдер көпшіліктің көңілінен шықты. Тіпті қонақтар мен келушілер дәмді бауырсақ, бал татыған қымыз бен ұлттық тағамнан дәм тату үшін ұзын-сонар кезекке тұрды.
Роберт, жергілікті тұрғын:
– Керемет. Манты тілдің дәмін үйіреді. Барлығына қазақтың асынан дәм татуға кеңес беремін. Поляк тағамынан мүлдем өзгеше, өте дәмді. Дала пейіл, дарқан мінезді қазақ халқының қонақжайлығын Польшада бәрі біледі.
Қазақстан делегациясы елдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін паш етіп, жергілікті әріптестермен екіжақты келіссөздер өткізді. Еуропалық кәсіпкерлер ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін білдірді.
Марғұлан Баймұхан, ҚР Польшадағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
– Біздің елдің делегациясын Қостанай облысы әкімінің орынбасары бастап келді. Шара барысында еліміздің астық өнімдерін экспорттау мәселесі талқыланып, көптеген елдер зор қызығушылық танытты. Тек логистика жағын пысықтау керек.
Қазақстан павильонын Польшаның Ауыл шаруашылығы министрі Кшиштоф Юргель арнайы келіп көрді. Үкімет басшысы мүдделес екі елдің осы саладағы ынтымақтастығының маңыздылығына тоқталды. Өйткені Польшада ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі қозғаушы күші деп саналады.
Кшиштоф Юргель, Польшаның Ауыл шаруашылығы министрі:
– Қазақстан мен Польша көптеген келісімшарттарға қол қойған. Біздің ел Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасуға ниетті. Сондықтан ауыл шаруашылығының барлық саласында тығыз байланыс орнатып, барынша дамытуға дайын.
Үш күнге созылған көрмеге 100 мыңнан астам адам келді. Ұйымдастырушылар алдағы жылы шараны биылғыдан да кең ауқымда өткізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский