Дереккөз: www.24.kz
Варшавада ауқымды ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі аясында Қазақстан-Польша бизнес форумы өтті.
Оған 100-ге жуық компания қатысты. Ал қазақстандық делегацияның құрамында «Қазақ Инвест», «Қазақ Экспорт» және азық-түлік бірлестігінің өкілдері бар. Олар Польшаның кәсіпкерлеріне еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, маңызды келіссөздер жүргізді.
Польша – Еуроодақтағы ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттайтын жетекші елдердің бірі. Жыл сайын бұл мемлекет 25 млрд еуроға сүт өнімдерін, ет және алманы шет елдерге тасsмалдайды. Қазақстан Польшаның тың тәжірибесі мен технологиясын қолданып көрмек ниетте. Бұл ретте инвестиция да маңызды. Шарада қазақстандық делегация еліміздің экспорттық әлеуетін таныстырып, шетелдік инвесторларға қарастырылатын жеңілдіктер ұтымды ұсыныстар жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар бірнеше маңызды келіссөздер өткізді.
Мейіржан Мырзалиев, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:
– Қазір біз Елбасының тапсырмасымен егістік алқабын әртараптандыру бойынша белсенді саясатты ұстанып келеміз. Бидайдан май дақылдарын өсіруге бейімделіп келеміз. Бұл бағытта қажетті жұмыстар да жасалып жатыр. Бүгін ауыл шаруашылығы саласындағы үлкен бизнес-компаниялармен кездестік. Келіссөзге ет, сүт өнімдері және бидай өңдеуге қызығушылық танытып отырған кәсіпорындарды тарттық.
Анджей Арановски, Польша-Қазақстан ауылшаруашылық кластері басқармасының төрағасы:
– Польшаның көптеген кәспорындары Қазақстанға инвестиция салуға дайын. Ауыл шаруашылығы еліміздің негізгі драйвері екенін ескерсек, бізді кәсіпкерліктен бастап техника шығаруға дейінгі барлық сала қызықтырады. Сол себепті серіктестігімізден болашақта жемісті нәтиже күтеміз.
Форум соңында «Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық орталығы» мен Варшавадағы Польша-Қазақстан ауыл шаруашылығы кластері келісімге қол қойды. Тараптар 2018 жылға дейін 10 мың тонна зығыр дәні мен 2 мың тонна қыша дәнін тасымалдауға келісті.
Тағы бір маңызды келісім. Енді Қазақстанда құлпынай жаңа инновациялық тәсілмен өсірілетін болады. Қажетті құжатқа бизнес-форум аясында екі тарап та қол қойды. Пилоттық жоба Ақтөбе облысына заманауи технологияларды енгізумен жүзеге асады. Алдымен жидекті 1 гектар жерге отырғызу жоспарланған. Кейінірек аумағы ұлғайтылады. Мақсат – батыс өңірін құлпынаймен қамтып, шетелге экспорттау.
Азамат Жексенбиев, «Эко Ферма 2015» компаниясының басқарма төрағасы:
– Бұл инновациялық тәсілді Польшада бірнеше компания қолданады. Қазақстанда бірінші болып бұл технологияны енгізіп отырғанымызға қуаныштымыз. Жалпы жаңа тәсіл арқылы құлпынай субстратсыз және жерсіз өсіріледі. Яғни тек аквопоника болады. Су үш қабат арқылы құйылады. Тиісінше аквопоника қолданылғанында жидекте зиянкестер болмайды және ауруға шалдықпайды. Аз тыңайтқыш қолдану арқылы жеңіл өсірілген пайдалы жемістерді алатын боламыз.
Қазақстан – Польша үшін келешегі кемел жаңа нарық. Еуропалық серіктестерімізді еліміздің транзиттік әлеуеті қызықтырып отыр. Польша кәсіпкерлердің айтуынша, Қазақстан – Азияға апарар алтын қақпа. Ол арқылы Қытай және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге тауар тасымалдау ыңғайлы әрі тиімді болмақ.
Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский