Мырзағалиев су ресурстарын басқару бағдарламасының 10 бағытын атады | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Мырзағалиев су ресурстарын басқару бағдарламасының 10 бағытын атады

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда гидротехникалық құрылымдардың техникалық жай-күйіне бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету үшін екі орталық құрылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресрустар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су саласының өзекті мәселелері ретінде келесі жайттарды айтуға болады. Олар: ескірген инфрақұрылым және соның салдарынан болатын судың ысырапсыз пайдалануы; сапалы судың тапшылығы; тариф есептеуде қолданатын тетіктің әлсіздігі; білікті кадрлардың жетіспеушілігі; көршілес мемлекеттермен су бөлу мәселелері. Жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін Қазақстанның су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу қажет. Осы мәселе бойынша Елбасы мен Мемлекет басшысының тиісті тапсырмалары бар», – деді министр.

Оның айтуынша, бағдарлама жобасының мақсаты – халықтың тұрмыс-тіршілігі мен елдің экономикасына жеткілікті су көлемімен қамтамасыз ету, су саласындағы экологиялық тепе-теңдікті сақтау.

«Біз бағдарламаның негізгі 10 бағытын анықтадық. Бірінші – халықаралық ынтымақтастық. Көршілес елдерден келетін негізгі су көздері Жайық, Ертіс, Іле, Сырдария, Шу және Талас өзендері болып табылғандықтан, келесідей шараларды іске асыру қажет деп есептейміз: шекаралас елдермен су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін жетілдіру; келіссөздер ұстанымын күшейту мақсатында кәсіби келіссөздер топтарын қалыптастыру. Екінші – құқықтық базаны жаңғырту. Осы бағыт аясында су қауіпсіздік стратегиясы мен заң жобаларын әзірлеу, су ресурстар комитетіне салалық тарифтік реттеуші функциясын беру, және Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарымен су ресурстар бағдарламасын үйлестіру ұсынылады», – деді ол.

Министрдің айтуынша, үшінші – институционалдық реформалау. Инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру мақсатында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны АҚ ретінде жасақталады. Гидротехникалық құрылымдардың техникалық жай-күйіне бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету үшін екі орталық құру көзделген. Төртінші – су шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру және қайта жаңғырту. Бұл ретте қолданыстағы республикалық меншіктегі 182, ал коммуналдық меншіктегі 300 гидротехникалық құрылымдардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін оларды қайта жаңғырту кажет. Жаңа 26 гидротехникалық құрылымдарды салу елдің экономикасы үшін қосымша жерүсті су қорларын жинақтауға мүмкіндік береді.

«Бесінші – су нарығын құру бойынша озық халықаралық тәжірибені зерттеу. Көптеген мемлекеттер сумен жабдықтау, су шаруашылығы инфрақұрылымын салуды қаржыландыру сияқты бірқатар мәселелерді су нарығының тетіктерін енгізу арқылы шешіп отыр. Мысалы, Австралия, Франция сынды мемлекеттерде бұл тәжірибе оң нәтиже көрсетті. Осы тәжірибені қолдану бізге де мүмкін болып отыр. Алтыншы – цифрландыру, «Smart Water» жобасы, суды үнемдеу. Су шаруашылығын цифрландыру, «Smart Water» жобасы мен автоматтандырылған геоақпараттық жүйені енгізу арқылы біз суды үнемдеу саясатын жүргізіп, пайдалану шығындарын төмендетіп және тұтынылатын судың сапасы мен мөлшерін нақты есептей аламыз«, – деді ол.

Мағзұм Мырзағалиевтің атап өтуінше, жетінші бағыт – су ресурстарын экологиялық тұрғыдан оңтайлы пайдалану. Бұл үшін заманауи технологиялар негізінде суды үнемдеудің жан-жақты саясатын енгізу, су мәселесіне азаматтық қоғам мен бизнестің қатысуы мен хабардар болуы, тасқын суды басқару жүйесін құру секілді қадамдар жасалуы қажет. Сегізінші бағыт – су саласының мамандарын даярлау және ғылыми тәжірибиені сүйемелдеу. Осы бағыт бойынша еліміздің жоғары оқу орындарындағы білім беру стандарттарын қайта қарауды, су секторының мамандарын даярлайтын профильді жоғары оқу орнын құру, әлемнің озық оқу орындарына халықаралық гранттар бөлу, ғылым жағынан қамтамасыз ету ұсынылады.

»Тоғызыншы – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту. Су саласындағы инфрақұрылымның инвестициалық тартымдылығын арттыру, су шаруашылығы нысандарын салу, қайта жаңғырту және жетілдіру жұмысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін жан-жақты енгізу керек. Оныншы – еліміздегі су тапшылығы бар аумақтарға басқа өңірлерден суды тарту үшін ұлттық маңызды су жобаларын іске асыру мүмкіндігін зерттеу қажет«, – деді министр

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика