Түркістан облысында Абай атындағы саябақ ашылды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Түркістан облысында Абай атындағы саябақ ашылды

Ақпарат көзі – www.inform.kz

СОЗАҚ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Созақ ауданы Шолаққорған ауылында Конституция күні қарсаңында екі бірдей саябақ ашылды. Демалыс орнының біріне қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, ғұлама ойшыл Абайдың есімі берілді. Саябақта ұлы ақынның мүсіні бейнеленген зәулім ескерткіші орнатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Саябақтың жалпы аумағы – 2 гектар. Онда қазірдің өзінде 400 түп тал егіліп, айналасы абаттандырылған. Түрлі-түсті шамдар орнатылып, аяқ жолдар төселген. Алдағы уақытта жергілікті тұрғындардың жанға сая табатын сүйікті демалыс орны болмақ.

Жаңа демалыс орнының салтанатты ашылуына аудан әкімі Салыхан Полатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов қатысып, жұртшылықты Конституция күнімен құттықтады.

«Биыл ұлы ақын Абайдың туғанына 175 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленді. Бұл ақынға көрсетілген үлкен құрмет. Бізде туған жер төсінен сәні мен салтанаты келіскен екі бірдей жаңа демалыс орнын ашып отырмыз. Бұл жер халықтың көңіл көтеріп, балалардың ойнайтын сүйікті орынға айналады. Баршаңызды келе жатқан Конституция күнімен құттықтаймын», – деді аудан әкімі.

Екінші ашылған саябақ «Теріскей» деп аталады. Ел игілігіне пайдалануға берілген демалыс орнының аумағында 1000 түп тал егілген. Жалпы аумағы – 4 гектар.

Саябақ ішіндегі бұлақ үстінде көпір салынып, жаяу жүргінші жолы төселген. Көпшілікке арнап соғылған төбесі жабық сәкілер де саябаққа көрік беріп тұр.

Алдағы уақытта мұнда көпжылдық гүлдер егіліп, балалар ойын алаңшасы мен аттракциондар ашылады деп жоспарланып отыр.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика