Жамбыл облысында вегетациялық маусым сәтті аяқталды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Жамбыл облысында вегетациялық маусым сәтті аяқталды

Аграрлы аймақ саналатын облыста жыл санап егістік көлемі ұлғайып келеді. Мәселен облыста биылғы жылы арнайы әзірленген картаның нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 41,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал қайтарылған жердің 2,1 мың гектары егістік болса, 38,9 мың гектары жайылым жерлер. Сондай-ақ биылғы жылы өңірде егістік алқабы 47 мың гектарға дейін ұлғайып, 768,5 мың гектарға жеткен. Тиісінше егістік көлемі ұлғайған сайын суға қажеттілік те арта түсуде.

«Негізі Жамбыл облысына вегетация кезінде жерүсті су ресурстарының 80 пайызы көршілес Қырғыз Республикасынан Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы келеді. 1983 жылғы келісім бойынша вегетациялық кезеңде Шу өзені бойынша 370 миллион текше метр, Талас өзені бойынша 590 миллион текше метр су жіберілуі керек. 2021 жылдың суару маусымына Шу мен Талас өзенінің мемлекетаралық су алу кестелері екі тараппен келісіліп, Қазақстанға Шу өзенінен 318,0 миллион текше метр, Талас өзені бойынша 500 миллион текше метр су алуымыз керек болған. Алайда Шу өзені арқылы 151,8 миллион текше метр (жетіспеген су көлемі – 166,2 миллион текше метр) су берілген. Жоспарланған көлемнің 48 пайызын ала алмадық. Талас өзені арқылы 377,4 миллион текше метр су (жетіспегені – 122,6 миллион текше метр) берілген. Жоспарланған көлемнің 75 пайызы алынған. Қазіргі уақытта Қырғыз Республикасы тарапынан су бөлу ережелері мен су бөлу кестелеріндегі шарттарды толық қамтамасыз ету бойынша тұрақты комиссияға ұсыныс берілді»,- деді «Қазсушар» РМК Жамбыл облысы филиалының директоры Қазыбек Бедебаев.

Ал, екі ел арасындағы келісімнің өз деңгейінде орындалмауына бүгінгі күні ағын су мәселесі Қырғыз Республикасында да өзекті екені себеп болып отыр. Қыста тауға қардың аз түсуінен және көктем-жаз мезгілдерінде жауын-шашынның аз жаууынан айыр қалпақты ағайындар да құрғақшылықтың зардабын тартты. Соған қарамастан қырғыз тарапы мүмкіндіктерінше трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөніндегі екі ел арасындағы мемлекетаралық келісімді сақтап тұра алды. Нәтижесінде табиғат құбылыстарының әсерінен біршама қиындықтар туындағанымен, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының, Жамбыл облысы әкімдігінің жыл бойы атқарған жүйелі жұмысының арқасында вегетациялық кезең сәтті аяқталды. Мәселен, биылғы жылдың тамыз айында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Молдияров, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының басшылығы Қырғыз Республикасына арнайы барып, бірқатар келісімдерге қол жеткізілді.

«Қырғыз Республикасының су шаруашылығы саласының мамандары өздерінде де судың тапшы екенін айтып, Жамбыл облысына секундына 10 текше метр су жіберітіндерін айтқан болатын. Егер 10 текше метр су жіберілетін болса, облысқа бар болғаны 6 текше метр су жетеді. Өйткені 4 текше метр су техникалық кедергіге ұшырап, жерге сіңіп кетеді. Ал 6 текше метр сумен алқаптарды толық суарып алу мүмкін емес. Сондықтан да вице-министр секундына 18 текше метр су беруін талап етті. Кейін келісім бойынша Талас су торабына секундына 17-18 текше метр су жіберілді»,- деп атап өтті Қазыбек Бедебаев.

Осылайша Қазсушар мекемесінің нәтижелі жұмысының арқасында, сынаққа толы болған биылғы жылдың вегетация кезеңі үлкен шығынсыз аяқталды. Атқарылған жұмыстар ауқымды. Алда тұрған міндеттер де аз емес.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика