Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртегіне бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияға қатысты. Мемлекет басшысы көміртегінен таза ел болу тақырыбына арналған көрмені аралап, шараға қатысушылардың алдында сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы еліміздің табиғи қазбаларға айтарлықтай тәуелді екеніне қарамастан, Қазақстан осы ғасырдың ортасына қарай көміртегіне бейтараптыққа қол жеткізетін алғашқы жүз елдің қатарында болатынын жариялағанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мен өнеркәсіпте көміртегін аз пайдаланудың базалық тәсілдерін қарастыратын Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегінен таза ел болу доктринасын әзірлеп жатқаны туралы айтты. Президент Доктрина, түптеп келгенде, прагматикалық әрі рационалды болуға, ел экономикасының қажеттіліктерін, оның ерекшелігі мен құрылымын ескеруге тиіс деп есептейді.