Дереккөз: www.24.kz
Семей қаласының маңынан тұрмыстық қалдықтар жиналатын жаңа полигон салынады.
Қазірдің өзінде жергілікті әкімдік жер телімін бөліп, алдағы уақытта инфрақұрылымдық желілер тарту жұмыстары басталады. Бұл – еліміздегі экологиялық кодекстің биылғы жылдан күшіне енген талаптарына сәйкес болып жатқан өзгеріс. Қала басшылығы тұрмыстық қалдық шығарумен айналысатын 12 кәсіпорынның жұмысымен таныса келе, кейбіріне қатаң ескертулер берді. Өйткені жаңа талаптарға сәйкес, қоқыстар арнайы сұрыптаудан өтіп, бөлек-бөлек жинақталуы тиіс. Әзірге 5 мекеме жұмысы сынға алынып, оларға жағдайды түзеуге бір ай уақыт берілді.
Ермак Сәлімов, Семей қаласының әкімі:
– Жаңа полигон қаладан 15 шақырым қашықтықта орналасады. Оған озық технологияларға бағытталған заманауи жобалық сметалық құжат жасалуы тиіс. Яғни тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинайтын арнайы қондырғылар, көліктер болады. Еуропалық даму және Қайта құру банкі қаржыландыратын жоба болғандықтан, жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асады. Биыл құжаттарды реттесек, келесі жылдан бастап нақты іске кірісеміз.
Дереккөз: www.24.kz
Дереккөз: www.24.kz
Жамбыл облысында Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясының екінші кезеңінің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Нысанды бүгін жалпы ұлттық телекөпір кезінде іске қосу жоспарланып отыр. Қазір күн сәулесінен қуат өндіретін станция аумағында қызу дайындық.
Мұндай инновациялық алпауыт жоба тек Қазақстанда емес, Орталық Азия бойынша жоқ. Аумағы 224 гектар жерді алып жатыр. Ал жылына 100 мегаватт электр қуатын өндіретін қауқары бар. Қарапайым өлшеммен айтар болсақ, бұл бір жылда 70 мың үйді, яғни бүтін бір ауданды күн сәулесінен өндірілген электр энергиямен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Негізі жоба екі кезеңде жүзеге асырылып отыр. Алғашқы кезеңі Индустрияландыру картасының екінші бес жылдығында салынған. Ол уақытта жылдық қуаты 50 мегаватт еді. Ал екінші кезеңі іске қосылысымен қуаты екі есеге артады. Заманауи станция толықтай автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Мамандар биыл 150 миллион киловатт сағат электр энергиясын өндіруді көздеп отыр. Құрылыс жұмыстарына 300-ге тарта жұмысшы тартылды.
Арман Асылхан, жоба менеджері:
– Бұл – баламалы энергия көзінен қуат өндіретін бірегей алып станция. Экологиялық жағынан 100 пайыз таза әдіспен өндіріледі. Қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Ауа райы қолайлы болып, күн сәулесі жақсы түскен жағдайда, тәулігіне 680 киловатт өнім өндіре алады. Бұл жоба еліміз бойынша электр энергия тапшылығын жоюға септігін тигізбек. Соның ішінде Жамбыл өңірі де бар.
Күн электр станциясы Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылының маңына салынған. Тура Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомагистралінің бойында тұр. Екінші кезеңде салынған нысанның аумағы 74 гектар жерді алып жатыр. Оған 25 миллиард теңге жұмсалыпты.
Жуалы ауданының таңдап алынуы бекер емес екен. Мына орнатылған панельдер ауа райы ысып, күн сәулесі шамадан тыс түссе, қызып, күйіп кетуі мүмкін. Сондықтан бұл жердің климаты арнайы тақтайшаларды салқындатып тұруға қолайлы көрінеді. Мамандар мұны алдын ала зерттеп, анықтаған. Сөз соңында айта кетейін, жалпы Жамбыл облысында тұтынатын электр энергияның 16 пайызы баламалы энергия көздерінен өндіріледі. Бүгінде өңірде 4 су, 3 жел және 3 күн электр станасы тұрақты жұмыс істеп тұр. 2020 жылға қарай аймақ өз қажеттілігінің 60 пайызын осындай қуат көздерінен өндіреді деген жоспар бар.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы
Дереккөз: www.energo.gov.kz
Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен бірлесіп «Қазақстанның ОҚТ принциптеріне көшуі: қазіргі жағдайы және келешегі» атты халықаралық конференция өткізеді.
Конференцияның негізгі мақсаты – өнеркәсіптік кәсіпорындардың ең озық қолжетімді технологиялар (ОҚТТ) принципіне көшуі және олардың Қазақстан Республикасына бейімделуі бойынша іс тәжірибелерді таныстыру және талқылау.
Ең озық қолжетімді технологиялар (ОҚТ)- бұл қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін қамтамасыз етуге, шаруашылық қызметтің қоршаған ортаға теріс әсер ету деңгейін төмендетуге бағытталған ұйымдастырушылық және басқару шараларын қамтамасыз етуде пайдаланылатын және жоспарланып отырған салалық технологиялар, техника мен жабдықтар.
Конференцияда Қазақстанның энергетикалық саласы кәсіпорындарының ОҚТ принциптеріне көшуі бойынша дайындығына талдау жасалды, сондай-ақ халықаралық тәжірибе қаралып, ұсыныстар әзірленді. Энергетикалық секторды зерттеуге 45 электр станциясынан ақпарат жиналды. Талдауға энергетикалық саланың 13 кәсіпорны іріктелді. ХЖТИЖО болжамдары бойынша ОҚТ принциптеріне көшу үдерісі 2020 жылдан бастап 2030 жылға дейін 10 жыл ішінде жүзеге асырылатын болады.
Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының жетекшісі Рәпіл Жошыбаев атап өткендей, ҚР өнеркәсіптік және энергетикалық секторы үшін, Қазақстан 2013 жылы қабылдаған Жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдаманы ескере отырып, қазіргі таңда ОҚТ іс жүзінде енгізу сәті өзекті мәнге ие. Энергия сыйымдылығын төмендету, энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесін ұлғайту, қалдықтарды қайта өңдеу, су сапасы бойынша белгіленген түйінді көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жасыл реформалардың негізі қаланатын Экологиялық кодексті жаңарту қажет.
Сондай-ақ, конференция барысында Қазақстан экологиялық ұйымдар Қауымдастығы Басқарма төрағасының орынбасары Асхат Сүлейменов өз ойын білдірді: «Біріншіден, біз ірі бизнестің ең озық қолжетімді технологияларды бірлесіп қаржыландыру арқылы немесе басқа да қолдау әдістері арқылы енгізуді ынталандыруды ұсынамыз. ЕО, АҚШ, Жапония, Қытайда кейбір елдерде кредиттер бойынша пайыздарды ішінара немесе толық жабатын ПДТ-ға ауысатын кәсіпорындарға 1% – дан 6% – ға дейінгі мөлшерлеме бойынша арнайы жаңғырту қорлары арқылы кредиттер беріледі. Экологиялық-жауапты инвестициялау немесе жасыл қаржы құралдары ұғымын енгізу ұсынылады.
Екіншіден, жергілікті жерлерде жергілікті атқарушы органдар экологияның жай-күйіне ортақ жауапты болуға тиіс. Барлық іске асырылып жатқан табиғат қорғау іс-шараларының түпкі есептелінетін мақсатты әсері болуы тиіс».
Іс-шараның қорытындысы бойынша Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы мен Ресей Федерациясының ОҚТ бюросы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстандағы экологиялық жағдай.
ҚР-да атмосфералық ауаның негізгі ластаушылары- өңдеу өнеркәсібінің салалары, электр энергетикасы өндірісінің кәсіпорындары, сондай-ақ тау-кен өндіру, құрылыс, химия, мұнай-газ өңдеу салалары саналады.
Талданатын станциялардың көпшілігінде (70% – дан астам) 30-дан 60 жылға дейінгі ескірген жабдық бар. Ең үлкен шығарындылармен көмірді пайдаланатын жабдықтардың едәуір тозуы бар станциялар сипатталады.
Қазақстанның он бес қаласында атмосфералық ауаның зиянды шығарындылармен ластану деңгейі артқан. Қарағанды облысындағы қоршаған ортаның жағдайы ең ауыр – 2016 жылы атмосфераға шамамен 593 мың тонна ластаушы заттар шығарылған. Бұл дегеніміз -Қазақстан бойынша барлық көлемнің 26,1% – ы.
Талдаудың негізгі қорытындылары.
– Қазақстандық станциялардағы ластаушы заттар шығарындыларының нақты шоғырлануы еуропалық директиваның рұқсат етілген мәндерінен едәуір асып түседі, сонымен қатар олар қазақстандық техникалық регламент талаптары мен ресейлік ОҚТ көрсеткіштері шегінде болады.
– Өнеркәсіп үшін ОҚТ принциптеріне көшу қоршаған ортаға әсерін төмендетуге және негізгі қорларды жаңарту, энергия тиімді өндірістік қуаттарды құру арқылы қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік санкцияларды қысқарту.Қазақстан Республикасының жылу электр станцияларының технологиялық жабдығына айтарлықтай салымдар болған жағдайда шығарындылардың (неғұрлым жоғары еуропалық стандарттарға қол жеткізу үшін) елеулі қысқаруы мүмкін.
– Өнеркәсіп үшін ОҚТ принциптеріне көшу негізгі қорларды жаңартуға, энергия тиімді өндірістік қуаттарды құруға, жоғары өнімді жұмыс орындарының санын ұлғайтуға, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл төлеуді азайтуға мүмкіндік туғызады.
– Халықаралық стандарттардың ОҚТ талаптарын талдау ОҚТ бағалау процесінде энергетикалық секторды жаңғыртудан түсетін табыстар мен пайдаға ерекше назар аударылуы тиіс екенін көрсетеді.
– Технологиялық нормалаудың негізгі міндеті- саланың барлық кәсіпорындары ұмтылуы тиіс «жоғарғы планканы» белгілеу емес, барынша «лас» және ескірген өндірістерді біртіндеп ығыстыру болып саналады.
Дереккөз: www.24.kz
Ағашты Испания мен Ресейдің бірлескен кәсіпорыны Жетісай ауданында егетін болды. Шетелдік мамандар өткен жылдың күзінде ауданға арнайы келіп, топырақтан сынама алған.
Олар Жетісай жері зәйтүн ағашын отырғызуға ең қолайлы аймақ екенін айтып отыр.
Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың айтуынша, жергілікті халық тек мақта шаруашылығымен ғана шектелмей, болашақта зәйтүн мен тағы басқа дақылдарды егумен айналысуы керек. Жалпы зәйтүн ағашы субтропикалық аймақтарда өседі. Көрші Өзбекстанның Жызақ облысы да оны егіп, мол өнім алуда. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары Жызақ пен Жетісайдың арасы жақын екенін айтады. Майлы дақылдың жаңа егілген жас көшеті 5-6 жылда жеміс береді. Бір түптен жылына 20-40 кг дейін өнім алуға болады. Және басқа жеміс ағаштарына қарағанда ұзақ жасайды, әрі 150-200 жылға дейін өнім береді. Зәйтүн құрамының 50-ден 75 пайызға дейіні май болады.
«Егер жоба сәтті жүзеге асса, болашақта өзіміз егуді қолға аламыз», – дейді жергілікті басшылар.
Жамантай Бейсенбаев, Жетісай ауданының әкімі:
– Өткен айда біз оларды тағы да шақырып, екі жерді ұсындық. Бірі 40, екіншісі 30 гектар жер бердік. Көктемде келіп егеді. Егер өнімдері жақсы болатын болса, келешекте оның көлемін арттырып, шағын цехтар мен зауыт салып, зәйтүннен түрлі өнім шығаруға толық мүмкіндік бар.
Дереккөз: www.24.kz
Алматы облысында алма өсіруге арналған бақтардың көлемін 4 мың гектарға жеткізу көзделуде, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олардан алынатын өнім де қазіргіден 4 жарым есе көп болмақ. Бағбандардың мақсаты – отандық алманы шетелге шығарып, брендке айналдыру.
Көлемі 80 гектар болатын алқапта алманың 14 түрі өседі. Арасында жергілікті тұқымдары да бар, америкалықтары да бар. Жемістер тамшылатып суару әдісімен өсіріледі. Күннің ерекше ыстығы мен бұршақтардан сақтайтын арнайы торлар қойылған. Өнімдер заманауи үлгіде салынған қоймаларда сақталады. Содан кейін сауда орындарына шығарылады. Таза шырын дайындайтын қондырғылар бар. Өнімге сұраныс көп. Сондықтан келешекте шет елдерге сату жоспарланып отыр. Тағы бір жоба – аңызға айналған Алматы «апортының» даңқын қайта шығару.
Бекежан Күнтаев, жеміс өсіру компаниясы бас директорының орынбасары:
– Осыған байланысты Алматы қаласының әкімдігімен арнайы меморандумға қол қойдық. Бағдарламамызға байланысты 3 жерден бақшалық алқап бөлінді. Оған 30 мың түп «апорт» тұқымының көшетін отырғыздық.
Мына кәсіпорындағы қоймалардың барлығында температураны қадағалап тұратын жабдықтар бар. Соның арқасында жемістерді жылдап сақтауға болады. Қарқынды бақтарды бетон тіреуіштерсіз елестету мүмкін емес. Алма ағаштарының құламай тұруы және мол өнім беруі осыған байланысты. Олардың барлығы Польша мен Италиядан әкелінген.
Жетісу өңірінде алма өсірілетін қарқынды бақтардың көлемін 4 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, әр гектардан 52 тонна өнім алынатын болса, аймақта алма жинау қазіргіден 4,5 есе көбейеді.
Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев.
Дереккөз: www.24.kz
Объекті бойынша іздеу
Объекті деңгейінде іздеу пайдаланушыға оның барлық параметрлерін пайдаланып, E-ЛШТТ деректерін іздеуге және таңдауға мүмкіндік береді. Бұл іздеу опциясының нәтижесі – пайдаланушымен таңдалған критерийлерге сәйкес келетін нысандардың тізімі және бұл нысандардың картада көрсетілуі. Объектінің атын немесе оның оның орналасқан орнын басқан кезде картада таңдалған объекті туралы толық ақпарат, оның ішінде олар туралы хабарланған шығарындылар мен ластауыш заттардың тіркелімі көрсетіледі. Құпиялылық талап етілсе, оның себебі көрсетіледі.
Өнеркәсіптік түрі бойынша іздеу
Өнеркәсіптік түрі бойынша іздеу Еуропалық ЛШТТ регламентіне, КДЕС экономикалық классификациясына және IPPC Директивасының I қосымшасына енгізілген қызметтің санаттарын пайдалана отырып, деректерді іздеуге мүмкіндік береді. Осы іздеу опциясының нәтижесі өндірістің белгілі бір түрінің немесе секторының жиынтық шығарындылары мен тіркелімін (ластауыш заттар мен қалдықтар) және пайдаланушымен белгіленген критерийлерге сәйкес құралдар тізімін көрсететін есеп болып табылады.
Ластауыш заттар шығарындылары бойынша іздеу
Ластауыш заттардың шығарындысы опциясы пайдаланушыға ластауыш заттар тобының негізгі критерийлерін немесе E-ЛШТТ регламентінің II-қосымшасындағы әрбір 91 заты ретінде пайдалана отырып, деректерді іздестіруге мүмкіндік береді. Осы іздеу опциясының нәтижесі нақты ластауыштың жиынтық шығарындылары туралы есеп болып табылады. Ақпарат қызметтің әрбiр түрi үшiн таңдалған ластауыштың шығарындыларының жиынтығын, осы деректер бар кестелермен, әрбiр елдегi әр ластауыш заттың (кесте және сызба) жалпы шығарындысы және тиiстi ластауышты өндiретiн кәсiпорындардың тiзiмiн көрсететiн бірнеше парақта көрсетiледi.
Көзі: https://prtr.eea.europa.eu/#/faq
Дереккөз: www.energo.gov.kz
Қазақстан 2000 жылдан бастап ақпаратқа қол жеткізу, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы Конвенцияның (бұдан әрі – Орхус конвенциясы) қатысушысы болып табылады, оның мақсаты адамның денсаулығы мен әл-ауқаты үшін қоршаған ортаға құқықтарын қорғауды қолдау, ақпаратқа қол жеткізу, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу болып табылады.
Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімдері туралы хаттама (бұдан әрі – Хаттама) Орхус конвенциясының бөлігі болып табылады.
Хаттама 2003 жылдың 21 мамырында Киевте өткен «Еуропа үшін қоршаған орта» министрлердің бесінші конференциясы шеңберінде Орхус конвенциясы тараптарының кезектен тыс кеңесінде қабылданды.
Хаттама ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімдері (ЛШТТ) туралы бірінші заңдық міндетті халықаралық құжат болып табылады. Оның мақсаты жұртшылықтың ақпаратқа қол жеткізуін кеңейту, жұртшылықтың қатысуына жәрдемдесу және ластанудың алдын алуға және қысқартуға үлес қосу болып табылады. ЛШТТ-ға атмосфераға, суға және жерге шығарындылар, сондай-ақ ластаушы заттарды/қалдықтарды өңдеу және көму объектілеріне көшіру туралы ақпарат енгізілген.
Хаттама 2018-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың перспективалық жоспарына енгізілген.
Хаттамаға қосылу жұртшылықтың ақпаратқа қол жеткізуін кеңейтуді қамтамасыз етеді, қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуына ықпал етеді және Ақпаратқа қол жеткізу, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы Конвенцияны (Орхус конвенциясы) іске асыру шеңберінде Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше басқа елдермен Қазақстан Республикасының ынтымақтастығын нығайтудың жалғасы болып табылады.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі «Қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша ақпаратқа қол жеткізу, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияға ластаушыларды шығару және көшіру туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын (бұдан әрі – заң жобасы) әзірледі.
Заң жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен келісу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен, “Атамекен” Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасынан оң қорытындылар алынды, сондай-ақ ғылыми, құқықтық және заң сараптамасының сараптамалық қорытындылары алынды.
Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі комиссиясы Қазақстанның хаттамаға қосылуы туралы Энергетика министрлігінің ұсынысын мақұлдады.
ҚР Энергетика министрлігінің Баспасөз қызметі
ЛШТТ саласында қоғам өкілдерін хабардар ету деңгейін арттыру үшін «Орнықты дамуға жәрдемдесу» орталығының сарапшысы 2018 жылдың 21 желтоқсанында Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерінде Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімін дамыту мәселелері бойынша вебинарда баяндама жасады.
Баяндаманың тақырыбы келесідей болды: «ЛШТТ туралы Хаттаманың негізгі қағидалары. Қазақстанда ЛШТТ ендіру тәжірибесі» вебинар барысында сарапшымен ЛШТТ туралы Хаттаманың негізгі талаптары анықталды, оның ішінде: Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының ұлттық тіркелімін жұртшылық үшін қол жетімділікті жүргізу, І санаттағы объектілердің жыл сайынғы міндетті есептілігі мен электронды байланыс құралдары арқылы тіркелімге жұртшылықтың қол жетімділігін максималды жеңілдету.
Сонымен қатар баяндамалар шеңберінде ЛШТТ Хаттамасының есептілік талаптары толығырақ түсіндірілді, сонымен қатар ЛШТТ Хаттамасына сәйкес есептілікті кім және қалай ұсынуы қажет екендігі көрсетілді.
Вебинар барысында сондай-ақ «Қазақстан үшін таратуды және хабарлар етуді арттыру, ЖҚОЛ есептілігіне арналған құрал ретінде ЛШТТ жүзеге асыру бойынша жаһандық жоба» түсіндірілді, сонымен қатар Қазақстанда ЛШТТ дамыту құралы бойынша жобаның негізгі нәтижелері атап өтілді. Вебинардың басты сәттерінің бірі Қазақстанда табиғат пайдаланушылар туралы ақпаратты қалай ұсынатынын көруге болатын Қазақстандағы ЛШТТ сайтының тұсаукесері өтті.
Баяндама соңында сарапшы Қазақстандағы ЛШТТ тиімді іске асырудың негізгі қиындықтары және Қазақстандағы ЛШТТ жүйесін дамыту бойынша болашақтағы қадамдарды белгіледі.