Дерек көз – gov.kz
Бүгін – экологиялық білім күні. Оның маңызы туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өз Твиттер парақшасында жазды.
«Бүгін көптеген елдерде Экологиялық білім күні аталып өтуде. Бұл өте маңызды күн деп есептеймін. Қоршаған ортаға, экологияға қатынасымыз білім мен тәрбиеге тікелей байланысты. Алдымызда қоршаған ортаны қорғау саласындағы білім беруді жетілдіріп, ғаламшарымыздың тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндеті тұр. Ағартушылық жұмыс азаматтарымыздың, өскелең ұрпақтың жауапкершілігін күшейтіп, актуалды экологиялық проблемаларға назар аударуға мүмкіндік береді», – деп жазды М. Мырзағалиев.
Ведомство басшысы экологияны жақсарту бағытындағы жұмыстар мен шаралар туралы халықты ақпараттандырып отырудың маңызы туралы да атап өтті.
«Бүгінде елімізде экология мәселелерін шешу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, төменкөміртекті даму Тұжырымдамасы дайындалуда, Ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамыту Тұжырымдамалары әзірленді, өңірлердегі экологиялық мәселелерді шешуге негізделген Жол карталары жұмыс істеп тұр. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы азаматтарымызды ақпараттандыру да өте маңызды, себебі жоспарларымызды біз қоғамның қатысуынсыз сәтті жүзеге асыра алмаймыз», – дейді министр.
Дерек көз – gov.kz
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов пен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев елорданың шекара маңындағы аумақтарында су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізу мақсатында әуеден бақылау жасады.
Ұшу барысында 42-разъезд, Қажымұқан, Қоянды, Талапкер, Қараөткел, Жібек жолы, Қосшы, Тайтөбе, Қызылжар елді мекендерінің аумақтарына аэровизуалды барлау жүргізілді. Астана су қоймасы мен Нұра өзені арнасының бойындағы Преображенск су торабының жағдайы тексерілді.
Бақылау кезінде қардың еру процесі тұрақты жүріп жатқаны байқалды. Су шайған аймақтар жоқ. Тәулік бойы жерден және жер серігі арқылы қашықтан зондтау мониторингін жүргізу жалғасуда. Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының кейбір өзен аумақтарында сең жүру үдерісі басталды.
Қауіптің алдын алу үшін Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының өзендері мен көлдерінде мұз жару жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының су қоймаларында су жинауға қажетті орындар әзірленуде.
дерек көз – gov.kz
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Түркістан облысына іс-сапары барысында су каналдарын цифрландыру жұмысымен танысты. Пилоттық жоба ретінде автоматтырылған Жетісай ауданындағы К-19 каналындағы жұмыс нәтижесін тексерді.
«Бұл жоба 2019 жылдың қыркүйек-қазан айларында жүзеге асырылды. Технологияның артықшылығы – суды да, қаржыны да үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы тәжірибені ескере отырып, алдағы бес жылда «Қазссушар» мекемесінің Түркістан филиалындағы 25 су каналы автоматтандырылады. Нәтижесінде суармалы суды 20%-ға үнемдеуге қол жеткізу жоспары бар. Сол кезде егістікке су беруде адам факторы орын алмайды», – деп түсіндірді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы автоматтандыру бөлімінің жетекшісі Қалдархан Мейірманов.
Каналда бүгінге дейін су қарапайым жолмен есептеліп келді, сондықтан су шығынын дұрыс бақылау қиынға соғып, ресурсты тиімді пайдаланылмау жағдайлары орын алды.
«Біздегі ең үлкен проблеманың бірі – артық су жоғалту. Cу жоғалту көлемі қазір 40%-ды құрайды. Сондықтан республикалық бюджет пен шетелдік банктерден қаржы тарту арқылы судың есебін цифрландыру жұмысы жүріп жатыр. Жаңа технология үш ай ішінде-ақ өз нәтижесін беріп, су шығыны азая бастады. Ендігі жоспарымыз – 5 ішінде еліміздегі 119 ірі каналдарды цифрландыруз», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Министр аудандардағы су каналдарын аралау кезінде жергілікті халықтың арыз-шағымын да тыңдады, Тұрғындар суару кезеңінде суды уақытылы жеткізу бойынша өтініш білдірді. Ведомство басшысы елімізде 30-ға жуық су қоймасы жөндеуді талап ететінін, қазір каналдардың біразы жөнделіп, қалғанында жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқанын түсіндірді. Сонымен бірге су үнемдеу мәселесі диқандардың өзіне де қатысты екенін атап өтті.
Дерек көз – gov.kz
Алдағы вегетациялық маусымға дайындықты бағалау және магистральдық арналарды цифрландыру жөніндегі жұмыстармен танысу үшін Түркістан облысына ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев келді. Ведомство басшысы жергілікті тұрғындармен, фермерлермен, су мамандарымен кездесті. Министр суармалы суды ұтымды пайдалану мәселесіне ерекше назар аударды.
Түркістан облысы суды есепке алу және бақылау жүйесін орнатумен К-9 магистралды каналын цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске асырылған алғашқы өңір. Бұрын суды есепке алу әдеттегідей жүргізілген, сондықтан суды тиімсіз пайдалану жағдайлары болған. Айтпақшы, автоматтандырудың арқасында суару режимінің 45% – на дейін суармалы судың артық шығыны анықталды. Мұндай жұмысты осы маңызды ресурстың жоғалуын болдырмау үшін аймақтағы басқа арналарда жүргізу жоспарлануда. Жалпы, 5 жыл ішінде республика бойынша 119 арнаны цифрландыру қажет.
Экология министрлігінің басшысы барлық су шаруашылығы нысандарын аралады, олардың ішінде Көксарай контрреттегіші, үлкен Келес магистралды каналы, «Зах», «Ханым» трансшекаралық магистралды каналдары бар.
«Вегетациялық маусым жақындап келеді. Фермерлерді сумен қамтамасыз ету – біздің негізгі және стратегиялық міндетіміз. Маусымның сәтті өтуі осыған байланысты. Облыста ауданы 300 мың гектардан асатын суармалы жерлер бар, жұмыстар тәулік бойы жүргізілуі тиіс, су үнемдеу технологияларын пайдалану маңызды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өздері де суды ұқыпты және тиімді пайдалануы қажет», – деп атап өтті министр ауыл тұрғындарымен кездесуде.
Сондай-ақ, өңірде тозығы жеткен су шаруашылығы инфрақұрылымын қайта құру бойынша ауқымды жоба іске асырылуда. Көптеген нысандар өткен ғасырдың басында пайдалануға берілген, сондықтан олар жөндеу мен қалпына келтіруді қажет етеді. Жоба аймақтағы 62,3 мың га суармалы жерді қамтып, суармалы судың жыл сайынғы шығынын жылына 199 млн.м3 дейін азайтуға, егістіктерді сумен қамтамасыз етуді 100 %-ға дейін арттыруға және ауыл тұрғындары үшін 12,4 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Мағзұм Мырзағалиев осы жұмыс сапарында Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес аудандарындағы каналдарды аралап, Шардара су қоймасынан машина су беру станциясындағы вегетацияға дайындықты зерттеді.
«Қазақстан жыл сайын көршілес елдермен трансшекаралық су ресурстарын пайдалану жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны белгілі. Алдын ала қабылданған шаралар өте маңызды. Алайда, сумен қамтамасыз етуде су шаруашылығы объектілерінің жай-күйі де маңызды орын алады. Сондықтан олардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін жұмысты күшейту маңызды», – деп атап өтті министр.
Дерек көз – gov.kz
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ку Хонг Сок мырзамен кездесті.
Кездесу барысында су және орман шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың, сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік жасыл өсу институтына (GGGI) кірудің өзекті мәселелері талқыланды.
Тараптар Оңтүстік Кореяның су менеджменті саласындағы табысты тәжірибесін ескере отырып, сумен жабдықтауды цифрландыру саласында кореялық «K-Water» компаниясымен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою туралы келісімге келді. Бұл Меморандум Нұра топтық су құбыры нысандарын ауыз сумен қамтамасыз ету процестеріне цифрландыру және автоматтандыру технологияларын орнату бойынша жобаны іске асырудың негізін қалайды.
Сондай-ақ, министр корей тарапына биоалуантүрлілікті сақтау қорымен және Корея Республикасының Орман қызметімен ынтымақтастық аясында «Қызылорда облысындағы Арал теңізінің құрғаған табанын Фито-орманды қалпына келтіру» жобасын іске асырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, министр Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік жасыл өсу институтына (GGGI) кіруінің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ку Хонг Сок қазақстандық тарапты 2021 жылдың мамырында онлайн форматта өткізу жоспарланған «2030 жылға дейінгі жасыл даму және жаһандық мақсаттар үшін әріптестік» атты екінші Саммиттіне қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Министр Қазақстан Республикасының аумағында 2 млрд. ағаш отырғызу мәселелері бойынша қосымша кездесу өткізуді ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша министр М.Мырзағалиев пен Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ку Хонг Сок экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу, консультативтік қызметтер мен техникалық қолдау көрсету тәжірибесімен алмасу бойынша ынтымақтастықты жандандыруға келісті.
Дерек көз – gov.kz
Бүгін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының төртінші отырысына қатысты. Талқылау тақырыбы экология, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және тұрақты даму мәселелері болды.
Жас сарапшылар еліміздің қалаларындағы ауа сапасы, су ресурстарын басқару, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерін сақтау сияқты экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы түрлі мәселелерді көтерді.
Мысалы, Ұлттық биотехнология орталығындағы адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, профессор Мақсат Жабағин биоалуантүрліліктің ұлттық биобанкін құруды ұсынды.
«Қазақстанның флорасы мен фаунасының биоалуантүрлілігін сақтау үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтармен қатар ғылыми мақсаттар үшін биологиялық үлгілерді жинау, сақтау, өңдеу және тарату және ұтымды пайдалану жөніндегі бірыңғай оператор ретінде биологиялық ресурстардың ұлттық орталығын немесе Биоалуантүрліліктің Биобанкін құру қажеттілігі пісіп-жетілді. Бұл ғылыми зерттеу мақсатында жиналған және сақталған биологиялық үлгілерге басқа ұйымдардың ғылыми топтарына жүгінуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Төменкөміртекті даму жөніндегі сарапшы, Dornier Consulting консультанты Гүлжамал Исаева саяси шешімдер қабылдау және халықты хабардар ету үшін цифрлық талдамалық платформаны орнату арқылы мониторинг станцияларының желісін кеңейту қажет деп санайды. Оның пікірінше, бұл қала аудандары бойынша атмосфераның ластану деңгейін онлайн режимде және графикалық форматта бақылауға мүмкіндік береді.
Мағзұм Мырзағалиев отырыс барысында айтылған сұрақтар мен ұсыныстарға жауап бере отырып, Жас сарапшылар клубын министрліктің жүргізіп жатқан жұмысы мен болашаққа жоспарлары туралы хабардар етті.
«Сіз көтерген барлық мәселелер өте маңызды және өзекті. Барлық осы бағыттар бойынша біз тұрақты негізде мониторингтер, зерттеулер жүргіземіз және алынған деректер негізінде біздің іс-қимылымызды жоспарлаймыз. Әрине, экологиялық мәселелерді бірден шешу мүмкін емес. Бірақ кезең-кезеңмен біз тиімді өзгерістерге қадам басып келеміз», – деп атап өтті министр.
Ведомство басшысы жаңа экологиялық Кодекстің қабылдануын, сондай-ақ әрбір өңір бойынша Жол карталарын бекітуді экологиялық сауалдарды шешудің пәрменді құралы деп атады. Сонымен қатар, әзірленіп жатқан «2021-2025 жылдарға арналған Жасыл-Қазақстан» ұлттық жобасы туралы да айтылды.
«Қазір біз Су ресурстарын басқару бойынша ұлттық жобаны құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жоба су теңгерімін сақтауға, жаңа ирригациялық жүйелерді салуға, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік береді және су үнемдеуге көмектеседі», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар, министр елді көгалдандыру шаралары туралы да хабарлады.
«Кешенді жоспарлар бекітілді, өңірлер бойынша қону көлемі анықталды. 2 млрд. ағаш отырғызуды мониторингтеу бойынша интерактивті карта жасалады. Наурыз мейрамында Мемлекет басшысының аталған бастамасын іске асыру басталды, «Таза табиғат» жобасы бастау алды. Сондай-ақ, ағаштарды кесу жауапкершілігін қатаңдату бойынша заңнамалық шаралар бекітілді, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы Мәжілісте», – деді ол.
Мағзұм Мырзағалиев сондай-ақ жас сарапшыларды тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін экология мәселелерін шешу саласындағы бірлескен жұмысты күшейтуге шақырды.
Дерек көз – gov.kz
«Мемлекет басшысы наурыз мейрамымен құттықтауында елімізде «Таза табиғат» жобасы қолға алынғанын хабарлады. Ертең – 21 наурызда бұлақтардың көзін ашу, ағаш егу, елді-мекендер мен су айдындарын қоқыстан тазарту шаралары өтеді. Киелі Түркістан қаласында Президенттің орман алқаптарында 2 млрд. елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындауға «старт» береміз.
Ағаш көшеттерін отырғызу жұмысы «Мекенім-жасыл елім», «Менің ағашым» акциялары аясында жүзеге асады. Айналаны қоқыстан тазарту мақсатындағы «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасады. Ұлттық парктер мен басқа да табиғи аумақтарда «Парктер шеруі» өтеді. «Таза су айдындары» акциясы шеңберінде өзен-көлдер жағасы тазартылады.
Президент айтқандай, мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуға тиіс. Барша қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күні қарсаңында табиғат ананы аялау жұмысына белсене атсалысуға шақырамын. Наурыз құтты болсын!”.
Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Дерек көз – gov.kz
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «ҚазМұнайГаз Ұлттық компаниясы» АҚ және «Қазгеология» Ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ ел аумағының геологиялық зерттелуін арттыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Осылайша, тараптар Қазақстанның аз зерттелген шөгінді бассейндеріндегі көмірсутек қорларын бағалау мақсатында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін инвесторлар тарту бойынша күш-жігерді шоғырландыруды жоспарлап отыр. Шаралардың өзектілігі Қазақстанның жер қойнауы бүгінгі күні толық зерттелмегендігімен және жаңа ашылулар үшін елеулі перспективалардың болуымен байланысты.
Мысалы, көмірсутектер бойынша геологтар болжамды баламалы отын қоры шамамен 76 млрд.тоннаны құрайтын 15 шөгінді бассейнді анықтады, оның ішінде алдын ала бағалау бойынша шамамен 4,5 млрд. тоннасы аз зерттелген шөгінді бассейндерде.
Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Келісімге қол қою саланың одан әрі дамуына ықпал етеді.
“Министрлік Президент пен Үкіметтің елдің геологиялық зерттелуін арттыру және шетелдік инвестицияларды тарту арқылы минералдық-шикізат базасын толықтыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде жұмысты белсенді жүргізуді жалғастыруда. Келісім бұл жұмысқа жаңа серпін береді”, – деп атап өтті министр.
Сәтті нәтижеге қол жеткізу үшін Келісім шеңберінде геологиялық зерттеу және барлау үшін аумақтар айқындалады, “Роуд-шоу” және “Дата-рум” – ге қолжетімділік ұйымдастырылады, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану құқығын одан әрі алу үшін тиісті құжаттар қабылданады.
Айта кетейік, бұл шаралар Мемлекет басшысының шетелдік инвесторлар кеңесіне мүше мұнай-газ компанияларының басшыларымен жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша берген тапсырмаларын іске асыру болыи табылады. Сол кезде министрлік инвестициялық тартымдылықты жақсарту және геологиялық барлау саласын дамыту бойынша бірқатар маңызды бастамаларды ұсынған еді.
Жұмыс кездесуі қорытындысы бойынша шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелерімен бірлесіп, жер қойнауын геологиялық зерттеуден ұлттық компаниялардың үлестік қатысуымен барлауға/өндіруге кепілді көшу үшін тікелей келіссөздер жүргізу құралы ретінде қолданылатын жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған келісімді әзірлеуге және қолдануға негізделген тұжырымдамалық тәсіл қалыптастырылды.
Бұл тәсіл инвесторларға инвестициялардың неғұрлым жоғары құқықтық қорғалуын және тұрақтылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ кейіннен жақсартылған модельдік келісімшартта көрініс табатын белгілі бір салықтық және басқа да преференцияларды алуға мүмкіндік береді.
Дерек көз – gov.kz
Бүгін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов жұмыс сапарымен Павлодар облысында болып, жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын түсіндіру жөніндегі жиын барысында ірі кәсіпорындар қабылдайтын табиғатты қорғау шараларын да талқылады.
«2020 жылғы қыркүйекте экология министрлігі мен Павлодар облысының әкімдігі өңірдің экологиялық проблемаларын шешу бойынша Жол картасын бекітті. Ондағы эмиссияны төмендету, көгалдандыру және қалдықтарды қайта өңдеу бөлігінде экологиялық проблемаларды шешу бойынша нақты іс-шаралар көзделген. Министрлік Жол картасының орындалуына ерекше көңіл бөледі. 2020 жылғы құжатта Павлодар қаласында жыл сайын 2 гектар өсіммен көгалдандыруға жер телімдерін бөлу қарастырылған», – деді экология министрлігі басшысының орынбасары.
Ахметжан Пірімқұлов ERG компаниясын ағаштардың үлкен көлемін отырғызу арқылы өңірдің жасыл қорын ұлғайтуға шақырды.
«Өткен аптада министрлікте жиналыс өткіздік, онда ERG компаниясы мен облыстың басқа да кәсіпорындары ағаштардың үлкен көлемін отырғызуға дайын екендіктерін білдірді, тек жер телімдерінің жоқтығы туралы мәселе туындады», – деп атап өтті экология вице-министрі.
Ол облыс басшылығына компания басшылығымен кездесу өткізіп, ағаш отырғызатын жер телімдерін анықтауды ұсынды.
Вице-министр көтерген тағы бір маңызды мәселе – автожолдар құрылысы кезінде күл мен шлак қалдықтарын пайдалану.
«Электр энергиясын өндіру нәтижесінде «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-де жыл сайын 4,5 млн.тоннаға дейін күл-шлак қалдықтары шығарылады. Жалпы, күл үйіндісіне 166 млн. тоннадан астам күл-шлактар көмілген. 2020 жылы Екібастұз ГРЭС-1-нің күл-шлак қалдықтары автожолдар құрылысына тартылмаған. Облыс әкімдігіне осы қалдықтарды облыстық маңызы бар жолдарды салу үшін неғұрлым белсенді тарту қажет. Бұдан басқа, табиғатты қорғау шараларында күл-шлак қалдықтарын қайта пайдалану жолымен қысқарту бойынша ұтымды шаралар көзделмеген», – деп атап өтті Ахметжан Пірімқұлов.
Сондай-ақ, вице-министр жұмыс сапары барысында өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарына барып, қалдықтарды қайта өңдеу, ластаушы заттардың шығарындыларын өлшеуді автоматтандыру, құрғақ жағажайлардың пайда болуын жою және т.б. бойынша қабылдаған шараларымен танысты.
Дерек көз – gov.kz
Қазақстанның су қоймалары еріген суды қабылдауға дайын. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook парақшасында тікелей эфир барысында “Қазсушар” РМК Эксплуатация және су пайдалану бөлімінің басшысы Ербол Салықбаев хабарлады.
Оның айтуынша, тасқыны кезеңі оңтүстік аймақтарда қаңтардың айының соңынан басталып, наурыздың басына дейін, ал қалған аймақтарда наурызда басталып, сәуірдің аяғына дейін жалғасады. Республика бойынша су тасқыны кезеңі орта есеппен 4-5 айға созылады.
Көктемгі су тасқыны кезеңінің өтуіне бірнеше факторлар әсер етеді. Бұл ауа-райы, қар қоры, объектілердің тасқын суларды өткізуге дайындығына байланысты. Сондықтан, «Қазгидромет» алдағы көктем мезгіліне болжам жасап отырады.
«Ақпан айында «Қазгидромет» көктемгі су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталатын ылғал қорының көлемі мен топырақтың қату тереңдігі туралы хабарлай бастайды. Сондай-ақ, су тасқыны кезеңінде қауіпті гидрологиялық құбылыстарды уақтылы анықтау, гидротеникалық құрлыстар жағдайын бақылау үшін «Қазгидромет» деректерді алдын ала жіберетін болады, соның негізінде су қоймаларының жұмыс режимі түзетіледі», – деді Ербол Салықбаев.
2020 жылы қар қоры өткен жылдармен салыстырғанда 2-2,5 есе көп болды. Ылғал қоры мен топырақтың ылғалдану көлеміне жасалған талдау көктемде ШҚО, СҚО, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарындағы елді мекендерді, экономика объектілерін су басу қаупі болуы мүмкін екенін көрсетті. Бірақ, алдын ала қабылданған шаралар нәтижесінде былтырығы көктемгі су тасқыны кезеңі төтенше жағдайсыз өткен болатын. Эфир қонағы биылғы жылы да су тасқынының алдын алу мақсатында қандай шаралар қабылданғанына да тоқталды.
«Қазіргі таңда ірі су қоймаларының жұмысы жоспарлы түрде келісілген режимде жүріп жатыр. Төтенше жағдай туындаған жағдайда қажетті құрылыс және басқа да инертті материалдар, қаптар қоры дайындалды, сондай-ақ тиісті арнайы техника дайындалды және ЖЖМ дайындалды. Су тасқынынан өтуге осал объектілерде ерекше көңіл бөлінді», – деп атап өтті спикер.
Ербол Салықбаев бүгінгі күні «Қазсушар» РМК балансында республикалық меншіктегі 5749 су шаруашылығы және гидромелиоративтік объектілер, оның ішінде 86 су қоймасы, 83 су торабы, 36 бөгет, 102 сорғы станциясы, 1 бас құрылыс, 3448 канал және басқа да су шаруашылығы объектілері бар екенін де тілге тиек етті.
«Бүгінгі күні барлық су қоймалары бекітілген кестеге сәйкес іске қосу режимінде жұмыс істейді және көктемгі су тасқынын қабылдауға арналған сыйымдылық қоры бар. Егер оларды жобалық көлемге дейін толтырған және үлкен тасқын сулар келген жағдайда олар транзиттік режимде жұмыс істейтін болады», – деп атап өтті «Қазсушар» РМК Эксплуатация және су пайдалану бөлімінің басшысы.
Айта кетейік, су тасқыны кезеңінде ЭГТРМ, Қазсушар филиалдарымен қоса ТЖМ, ЖАО, аймақтық ТЖД сияқты мемлекеттік органдар іске қосылады. Төтенше жағдай кезінде әр мемлекеттік орган функционалдық міндеттері бойынша жұмыс істейтін болады.