Дерек көз – www.egov.kz
ҚР Үкіметінің Қаулысымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрамында Балық шаруашылығы комитеті құрылды. Саланың жеке ведомствоға біріктірілуі жақында қабылданған балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға, балық өсіру, тұтыну және экспорт көлемін жоспарға сай арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы 2020 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында Қазақстанның балық шаруашылығындағы әлеуеті зор екенін ескере отырып, оны дамытуға аса мән бере қажеттігін айтқан.
Еске салайық, елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігіі құрамында болған Балық шаруашылығы комитеті 2014 жылы таратылған. Одан бері балық ресурстарын қорғау, тиімді пайдалану және көбейту саласындағы мемлекеттік саясатты Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті жүргізіп келеді. Салаға қатысты міндеттердің комитет пен жергілікті атқарушы органдардың және балық шаруашылығындағы өзін өзі басқару субъектілерінің арасында бөлінуі орталықтандырылған түрде тиімді жұмыс істеуге кедергі келтіреді.
Ал жұмысты жүйелі түрде жүргізу арқылы мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей су ресурстарындағы балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізуге болады. Балық экспортын 300 мың тоннаға дейін арттыру жоспары да бар. Ол үшін 545 жаңа балық шаруашылығы құрылып, 323 шаруашылық толық жобалық қуатына шығады. Қазіргі уақытта жаңа комитеттің алдында мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуына жол ашатын саланы мемлекеттік қолдау аясын кеңейту, заңнаманы жетілдіру, балық жемі өндірісін жолға қою, кадрлық қамтамасыз ету жұмыстарын атқару міндеттері тұр.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға арналған іс-шаралар туралы брифингте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты.
«Ел аумағын жасылдандыру мақсатында министрлік пен әкімдіктер 5 жыл ішінде орман қорында 2,0 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызады. Бұл үшін министрлік облыстық әкімдіктермен бірлесе жұмыс жүргізіп, аймақтарға егілетін ағаш көлемі белгіленді. Әсіресе, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарының шөлді жерлерінде ағаш санын көбейтуге назар аударылады. Қызылордада 213 мың гектарға 177,5 млн, Түркістан облысында 227,6 мың гектарға 264,9 млн, Жамбылда 112,1 мың гектарға 138,9 млн түп ағаш егіледі. Бұдан бөлек, ұлттық парктер мен автомобиль, теміржол бойларында көшеттер отырғызылады. Қазір Премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасымен ағаш егу және жасыл желекпен ұдайы толықтырып отыру бойынша Кешенді жоспар дайындалуда», – деді министр жасылдандыру шаралары туралы.
Министр Қазақстан орман аумағы аз мемлекет болғандықтан, бұл шаралардың аса маңызды екенін атап өтті.
«Бұл басымдыққа ие тапсырмалардың бірі. Орман – біздің байлығымыз. Оның ресурстарын сақтап, көбейту маңызды. Мемлекеттік орман қорының аумағы 30 млн гектар, ол ел аумағының 11%-ын құрайды. Орман жамылғысы – 4,8%. 2030 жылға қарай ормандылық аумағын 5%-ға дейін көбейтуді жоспарлап жатырмыз», – деді министр.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орман қорында 2,0 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш егу туралы тапсырманы 2020 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында берген болатын.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығымен Жанат Самат Қазақстан Республикасының Экология, неолог «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-сараптамалық орталығы» ШЖҚ РММ Бас директоры болып тағайындалды.
Жанат Самат 1980 жылы Ақтау қаласында туған. 2001 жылы Есенов атындағы Ақтау университетін «Экономист» мамандығы бойынша аяқтады.
Қызметтік жолын 2001 жылы Маңғыстау облысы бойынша Салық комитетінің ірі салық төлеушілерді талдау және мониторинг бөлімінің бас салық инспекторы болып бастады. Әр жылдары өңірдің Салық комитетінде келіспеушіліктер және консультациялар бөлімінің, жер қойнауын пайдаланушылар аудиті бөлімінің, жеке тұлғалар аудиті бөлімінің бас салық инспекторы қызметтерін атқарды.
2005-2006 жылдары Алматы қаласында «Салық консалтинг» ЖШС консультант-аудиторы болып жұмыс істеді.
2008 жылы Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары, 2009 жылы «Маңғыстау облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының Маңғыстау облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жобаларын үйлестіру орталығы» ШЖҚ МКК директоры болып тағайындалды.
2010 – 2012 жылдары аралығында «Каспий «ӘКК «ҰК» АҚ басқарушы директор-аппарат басшысы, Басқарма төрағасының орынбасары қызметтерінде болды.
2014-2016 жылдары Қызылорда қаласында «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК АҚ Басқарма төрағасы болды.
2019 жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
Құрметті достар!
Қазақстанның Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаймын!
Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан өз мемлекеттілігін күшейтті, жаңа нарықтық экономика құрды. Ең бастысы – халқымыздың ынтымақ-бірлігін сақтадық!
Жоспарға негізделген және тұрақты даму стратегиясының арқасында мемлекетіміз әлемдік саяси қауымдастықтың беделді мүшесіне айналып, халықаралық дәрежеде беделге ие болды.
Келесі жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтіледі. Бұл бәріміз үшін үлкен жетістік! Алдымызда прогрессивті даму мен инновациялық шешімдер қабылдауға үлкен мүмкіндіктер бар екеніне сенімдімін.
Бәріңізге зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін
Ізгі ниетпен,
Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі
Мағзұм Мырзағалиев
Ақпарат көзі – www.facebook.com/EcologyofKazakhstan
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үстірт табиғи қорығында фототұзаққа түскен Алдыңғы Азия алабарысының суретімен бөлісті.
“Үстірт табиғи қорығында алабарыс (леопард) фототұзаққа түсіп қалды. Алдыңғы Азия леопарды қорық аумағына көрші Түркіменстаннан келген сияқты”, – деп жазды министр Twitter парақшасында.
“Әлемде популяциясы 870-1,3 мыңнан аспайтын аң Қазақстанда тек Үстіртте ғана кездесіп тұрады. Сондықтан қорықты тиісті күйінде сақтап, оның территориясында және басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда табиғат қорғау шараларын қатаң сақтау өте маңызды”, – деп атап өтті министр.
Қазақстанда алдыңғы Азия алабарысын бақылаумен Үстірт қорығының қызметкерлері мен CADI жобасы аясында Биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы айналысады.
“Қазір мамандар жануарды Қазақстанның Қызыл кітабына енгізу жөнінде негіздеме дайындап жатыр”, – деп жазды Мағзұм Мырзағалиев.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
Қазақстанның Экология министрлігінің басшысы Мағзұм Мырзағалиев сейсенбі күні Үкімет отырысында республиканың эко-белсенділерімен бірлесіп әзірленген өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі жол карталарын таныстырды.
Экология министрлігінің басшысы қоршаған ортаны жақсарту бойынша маңызды шараларды қарастыратын Экологиялық кодекстің жобасы Мәжіліспен мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілгенін еске салды.
«Жаңа экологиялық кодекстің қабылдануын күтпей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сүйене отырып, экологиялық проблемалар мен оларды жұртшылықпен, әсіресе барлық өңірлердегі экобелсенділермен шешу жолдары қаралды. Барлығы он жеті онлайн кездесу өткізілді. Жиырма бес мыңға жуық адам қатысты», – деді Министр.
Жұртшылықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен бірлескен жұмыс нәтижесінде өңірлердің экологиясын жақсарту жөніндегі нақты шараларды көздейтін он жеті жол картасы әзірленді.
Мәселен, Қарағанды облысының экологиялық жағдайын жақсарту үшін дайындалған Жол картасында елу жеті іс-шара қарастырылған. Олардың арасында «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында қазандық және газ тазалау жабдығын қайта жаңарту, әк күйдіру цехын Теміртау қаласынан тыс шығару және Жезқазған қаласында «Қазақмыс» кәсіпорнының жаңа күкірт қышқылы цехын салуды айтуға болады. Бұл шаралар қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Теміртау қаласында өндірістік ағынды суларды тазарту торабын және Балқаш пен Жезқазғанда жаңа кәріздік тазарту кешендерін салу, «АрселорМиттал Теміртау» қалдықтарын кәдеге жарату, Жезқазғанда биоэлектростанция салу және «Дарьял-У» жерлерін қалпына келтіру жоспарланған.
Алматы қаласы бойынша Жол картасында жиырма іс-шара қарастырылған. Олардың ішінде: ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газға ауыстыру, қалаға іргелес жатқан жеке сектор аудандарын газдандыру, коммуналдық қызметтер мен қоғамдық көліктің автокөлігін сығылған табиғи газға ауыстыру, дизель отынымен қоғамдық көлікке кезең-кезеңімен тыйым салу, көгалдандыру және т.б.
Ақтөбе облысының жол картасында отыз үш іс-шара қарастырылған.
Өңірлік эко-белсенділермен барлық талқылаулар Экология министрлігі басшысының қатысуымен өтті.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
Қазақстанда 2020 жылғы өрт қаупі маусымы ресми түрде аяқталды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тарапынан тиісті бұйрық шығарылды.
Айта кетейік, ағымдағы жылы мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 102 135,7 га болатын 694 өрт оқиғасы орын алды, оның ішінде орман алаңы – 41 827 га, орманмен көмкерілген аумақ – 27 618,8 га, оның ішінде жоғарғы орман – 3084,6 га, сондай – ақ орман емес алаң – 60 308,7 га-ға жетіп, жалпы залал 2,1 млрд. теңгені құрады. Өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда орман өрттерінің саны 70 жағдайға артты (2019 жылы – 624 жағдай).
Облыстық атқарушы органдардың және басқа мемлекеттік орман иеленушілердің қарамағындағы мемлекеттік орман қоры аумақтарында жалпы алаңы 56 613,67 гектар жерде өрт болды.
Атап айтқанда 37 350,11 га орманды жерде, оның ішінде 24 704,2 га орманмен көмкерілген аумақта, оның ішінде жоғарғы 2005,51 га, ормансыз 19 263,57 га алқапта орман өрттерінің 389 оқиғасы болды. Орман өрттерінен келген нұқсан 256 413,7 мың теңгені құрады.
Сондай-ақ, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарамағындағы ормандарда жалпы ауданы 45 521,99 га орман өрттерінің 305 жағдайы орын алды, оның ішінде орман – 4476,84 га, орманмен жабылған – 2914,57 га, оның ішінде мініс – 1079,05 га, орман емес алаң-41 045,14 га,. Залал 1 850 226,4 мың теңгені құрады.
Жамбыл (41,8 мың га), Қостанай (28,3 мың га) және Алматы (10,4 мың га) облыстарының орман және табиғат қорғау мекемелерінің аумағында үлкен алаңдарда орман өрттеріне жол берілді.
Айта кетейік, еліміздің мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30,0 млн.га құрайды, оның ішінде Комитеттің қарамағында 32 ведомствалық бағынысты ұйым бар, оларға 7,4 млн. га мемлекеттік орман қорының алаңы бекітілген, бұл республиканың мемлекеттік орман қорының жалпы ауданының 24,6% – ын құрайды.
Облыс әкімдіктерінің қарамағында 120 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі бар, оларға 22,5 млн.га немесе жалпы ауданның 74,7% – ы қарайды. Сондай-ақ 210,3 мың га немесе жалпы ауданның 0,7% – ы басқа ведомстволардың қарамағында.
Өрт қаупі маусымына дайындық шеңберінде облыс әкімдіктерінің орман шаруашылығы құрылымдық бөлімшелерінің, орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің және табиғат қорғау мекемелерінің қатысуымен кеңестер өткізілді. Сондай-ақ орман өрттерімен күресте тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін мемлекеттік орман иеленушілер облыс әкімдіктерінің орман шаруашылығының құрылымдық бөлімшелері, табиғат қорғау мекемелері және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдары бойынша тиісті жоспарлар әзірледі. Сонымен қатар, орман өрт сөндіру қызметтері арнайы нұсқаулықтан өтті.
Сонымен қатар “Қазавиаорманқорғау” РМҚК шағын аудандарында орман өрттерін дер кезінде анықтау және жою үшін бірқатар облыстарда авиациямен қарауылдау жүргізілді, жалпы ұшу уақыты 7811 сағатты құрады.
“Қазақстан ғарыш сапары” АҚ-мен бірлесіп орман өрттерінен өткен орман қоры алаңдарының ғарыштық мониторингі жүзеге асырылды.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
Маңғыстау облыстық экология департаментіне өндіріс орындары аумағындағы 12 түрлі ластаушы көздерді анықтайтын дрондар сатып алынуда. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook парақшасындағы тікелей эфирде өңірлік департаменттің директоры Руслан Төкенов айттты.
«Экология департаментіне соңғы үлгідегі дрон сатып алынып жатыр. Ол 12 түрлі ластаушы көздерді онлайн режимде анықтай алады. Жеті шақырым радиуста, үш жарым шақырым биіктікке ұшыруға болады. Видео, фотофиксациясы бар. Қазір аталған құрылғы сату-сатып алу процесінен өтіп жатыр. Келер жылдан бастап қолданысқа енгіземіз. Дрондарды көбіне өнеркәсіп кәсіпорындарының аумағында, зауыттардың, кен орындарының төңірегінде пайдаланамыз. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда дрон қолданылмайды. Сондықтан шу мәселесі болмауы тиіс», – деп атап өтті Руслан Төкенов.
Айта кетейік, биыл Маңғыстау облысы бойынша кәсіпорындарға қоршаған ортаға келтірген зияны үшін 2,8 млрд теңге айыппұл салынып, оның 90% -ы өндірілген. Тікелей эфирдегі сұхбатта Руслан Төкенов өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу бойынша бекітілген Жол картасына кеңінен тоқталды.
«Жол картасы жеті тараудан, отыз алты бөлімнен тұрады. Шығарындыларды азайту, көгалдандыру, қалдықтарды басқару, тарихи ластану орындарын реттеу, биоалуантүрлілікті қорғау және тағы да басқа экологиялық мәселелердің бәрі осы құжатқа енгізілген. Министрдің тапсырмасы бойынша, біз тоқсан сайын жергілікті халықпен кездесіп, атқарылған жұмыс бойынша есеп беріп отырамыз. Онда шешілген мәселелерді, шешімін таппаған дүниелерді баяндап, себебін де түсіндіреміз», – деді департамент басшысы.
Жақында Қазақстанның Қызыл кітабының сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар тізіміне енгізілген Каспий итбалығының ахуалы да сұхбатқа арқау болды.
«Каспий жағалауынан кейде өлі итбалықтардың табылып жататыны жасырын емес. Көп жағдайда бұған итбалықтың браконьерлік ауға оратылып қалуы себеп болады. Биыл әкімдіктің қатысуымен теңіздегі біраз жер заңсыз аудан тазартылды. Егер бұл жұмыс жалғасса, оң нәтиже болатыны сөзсіз. Ал итбалықтардың Қызыл кітапқа енуі бізге жаңадан ерекше қорғалатын аймақтар құруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Р.Төкенов.
Өңірдегі қоқыс проблемасы туралы айтылғанда соңғы уақытта жұртшылық талқысына түсіп жатқан Бозжыра шатқалының тазалығы да назардан тыс қалмады.
«Есеп бойынша биыл Бозжыраға 2000 адам барған. Оның әрқайсысында өздерімен бір бөтелке су болды десек, жартысы саналы түрде бос бөтелкесін алып кетеді. Қалған мыңынан қалдық су жерде қалады. Алдағы жылы шатқалға он мың турист келеді деп күтілуде. Яғни, біз қоқыс мәселесін қазірден реттеп, оны тастайтын орындарды дайындап, қонақ үй салатын инвесторға міндет жүктеуіміз қажет. Жалпы қонақ үй Бозжыра шатқалынан алыс орналасса, экологиялық талаптар орындалса, жоба дайын болғанда халыққа таныстырылса, сонымен қатар айналада киелі орындар болғандықтан түнгі мезгілде тыныштық режимі сақталса бұл жобаға жұртшылықтың бәрі бірдей қарсы емес», – дейді департамент басшысы.
Сұхбат кезінде 105 млн тонна радиациялық қалдық төгілген Қошқар ата қалдық қоймасы, Шетпе маңындағы карьерлер, экологиялық мәдениет, жаңа Экологиялық кодекстің жергілікті жердегі ахуалды жақсартуға тигізетін септігі және тағы да басқа қордаланған проблемалар сөз болды.
Министрліктің баспасөз қызметі салалық комитеттер мен департаменттер, ведомствалық мекемелер өкілдерімен маңызды мәселелер жөнінде тікелей эфирлерді дәстүрлі түрде күн сайын өткізіп отырады.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
2020 жылғы 19 қараша күні сағат 15.00-де Ақмола облысы жұртшылығымен экологиялық мәселелерді шешу бойынша Жол картасын талқылауға арналған ZOOM-кездесу өтеді.
Қатысамын деушілер үшін тіркелу ашық, ecogeomail@yandex.ru электрондық поштасы арқылы өтінімдер мен сауалдарды жолдауға болады.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
ҚР Парламенті Мәжілісі сәрсенбідегі пленарлық отырыста жаңа Экологиялық кодекс жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Жоба Сенаттың қарауына жіберілді.
Екінші оқылымда Мәжіліс депутаттары редакциялық және нақтылау мәніндегі бірқатар өзгерістер енгізген. Сонымен бірге, ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу бойынша ұлттық анықтамаларды жасау ережелерінің нормалары күшейтілді. Енді мұндай анықтамалар ұлттық стандарт түрінде емес, Үкімет деңгейінде бекітіледі.
Осыған қоса, экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасында тек іс-шаралар күнтізбесі емес, эмиссияларды кезең-кезеңімен төмендету күнтізбесі мен бағдарламаның орындалуын министрлік тарапынан жыл сайынғы тексеру нормалары болуы тиіс. Дей тұрғанмен, іс-шаралардың кей кезеңдерін 1 жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға мүмкіндік бар.
Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының операторы ереже бұзса және оны қалпына келтірмесе, рұқсаты автоматты түрде тоқтатылады. Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын қайта қарау процедурасы ашық болу үшін міндетті қоғамдық тыңдау қарастырылған.
Тау-кен және металлургиялық кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу тәуекелін болдырмас үшін осындай кәсіпорындардың бұрын салынып қойған қалдықтарды орналастыру нысандарына Кодекстің кей нормаларын 2036 жылға дейін қолданысқа енгізуге рұқсат беріледі. Дегенмен мұндай нысандарды кеңейтуге тек қоршаған ортаға әсерді бағалау, экологиялық рұқсаттама және тұрақты мониторинг операторының қоршаған орта компоненттеріне әсерді бағалау процестерінен өткеннен кейін ғана мүмкіндік туады.
Эмиссиялардың автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу 2023 жылға дейін кейінге қалдырылып отыр.
Алдында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Экологиялық кодекс жобасында ластаудың алдын алып, бақылау жүргізуге бағытталған «ластаушы төлейді» принципі бар екенін айтқан.
«Экологияға зиян келген жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына қалта келтіруге міндетті», – деген ол.
Экологиялық кодекстің маңызды нормаларының бірі – ірі кәсіпорындардың ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге міндеттелуі.
Сонымен қатар заң жобасында жергілікті атқарушы органдар экологиялық төлемдерді 100% көлемінде табиғатты қорғау іс-шараларына жұмсайтыны жазылған.
Мәжіліс екінші оқылымда Кодекспен қатар, бірнеше ілеспе заңдарды да мақұлдады. Ілеспе заң жобасы халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін әрекеттерді жою үшін алдын ала ескертусіз тексеруге шығуға мүмкіндік беретін өзгерістерді, қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, утилизациялау және көзін жою қызметінің лицензиялау ережесін енгізуді көздейді. Қалдықтарды тасымалдау бойынша ескерту тәртібі енгізіледі.
Ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуге кешенді экологиялық рұқсат алған жаңа нысандарды эмиссия төлемдерінен босату нормалары да қарастырылған. Осыған ұқсас механизм жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін де көзделіп отыр. Олар эмиссия төлемдерінен босау үшін экологиялық тиімділік бағдарламасын жүзеге асырып, ең үздік қолжетімді технологияларды енгізулері тиіс.