Дерек көз – gov.kz
Ол – бұдан әрі су ресурстары мәселелеріне жетекшілік ететін Серік Салауатұлы Қожаниязов.
Серік Қожаниязов 1965 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Кузбас политехникалық институтын, 2002 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы жөндеу-механикалық зауытында инженер-технолог болып бастады. Әр жылдары жеке секторда жұмыс істеген. 1999-2000 жылдары – Инвестиция тарту және қор нарығын дамыту орталығының директоры.
2001-2005 жылдары – Қызылорда облысы әкімі аппаратының индустриялық-инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі. 2005-2007 жылдары – Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры. 2007-2008 жылдары – Қызылорда қаласының әкімі.
2008-2014 жылдары ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.
2014-2019 жылдары – Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі.
2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді.
Серік Қожаниязов «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен және 2 мерейтой медалімен марапатталған.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің сұхбатына сілтеме: https://egemen.kz/article/262355-su-salasyndaghy-diplomatiyanynh-manhyzy-zor
Дерек көз – gov.kz
Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қоғамдық бақылау және мониторинг» республикалық қоғамдық бірлестігі экология, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау саласында ұзақ мерзімді әріптестік орнату, кеңейту және нығайту туралы Меморандумға қол қойды.
Қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде жүзеге асып отыр.
Келісім аясында тараптар әртүрлі табиғат қорғау акцияларына жұртшылықты тартып, халықтың экологиялық мәдениетін арттыру бойынша жұмыстар атқарады. Экология, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың бірлескен шараларын жүргізеді.
Меморандумға қол қою аясында ұйым төрайымы Саида Таукелева ел арасындағы экологияға қатысты резонансты проблемалармен министрлікті хабардар етіп, бірге шешімін табуға атсалысуға дайын екенін жеткізді. Алматы қаласы ауасының ластануы, жылу электр станцияларын газға көшірудің тиімділігін жұртшылыққа түсіндіру, Ақтөбе облысы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасына халықтың наразылығы сияқты өткір тұрған мәселелерді атап өтті.
Министр Мағзұм Мырзағалиев ұйым өкілдерінің азаматтық позициясы үшін алғыс білдіріп, халық пен Үкімет арасында көпір болатын бірлестікпен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
Дерек көз – gov.kz
«Караганда Энергоцентр» ЖШС-Қарағанды облысы үшін жылу және электр энергиясының негізгі өндірушісі саналатын «Караганда Энергоцентр» ЖШС 2020 жылы қоршаған ортаға 39 мың тонна лас шығарындылар шығарған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі өңірге жұмыс сапары барысында кәсіпорынның ауаны ластауды азайтуға бағытталған шараларымен танысты.
Атап өтейік, Қарағанды ЖЭО-1 және ЖЭО-3 жыл сайын 3 миллион тоннадан астам көмір жағады. Жылу электр орталықтары атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын азайту мақсатында 2013-2016 жылдар кезеңінде күлтұтқыш қондырғыларын қайта жаңартқан. Бұл энергия өндірісінің ұлғаюымен атмосфераға шығарындылардың шоғырлануын 76% – ға азайтуға мүмкіндік берді. 2013-2014 жж. кезеңінде Қарағанды ЖЭО-3-те атмосфераға ластаушы заттар шоғырлануының шығарындыларына мониторинг жүргізу үшін нақты уақыт режимінде бақылауға болатын стационарлық газоаналитикалық кешен орнатылды.
Дегенмен ауаға шығарындыларды одан әрі азайта түсу үшін энергоорталық техникалық мүмкіндікті қарастыруы тиіс. Сонымен бірге жаңа күл қазандығы (золоотвал) салынуы керек.
Мағзұм Мырзағалиев жылу электр орталығы шығарындыларды азайту мақсатындағы шараларды үздіксіз жалғастыруды тапырды.
Атап өтейік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қарағанды облысына іс-сапармен барып, Экологиялық кодексті түсіндіру жөніндегі кеңес өткізген.
«Кодекстің маңыздылығы оның адам өмірі мен денсаулығы, қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету, ірі және шағын бизнестің қызметін, олардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмысын реттеу сияқты қоғамның барлық мүдделерін әсер ететіндігінде», – деген ол Мағзұм Мырзағалиев жергілікті жұртшылықпен кездесуде
Дерек көз – gov.kz
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қарағанды облысына іс-сапармен барды. Теміртау қаласында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары, саладағы сарапшылар және жергілікті қоғам белсенділерінің қатысуымен жаңа Экологиялық кодексті түсіндіру жөніндегі кеңес өтті.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз жаңа экологиялық кодекстің нормаларын қалай іске асырылып, өңірдің экологиялық жағдайын қалай жақсартатынын түсіндіру үшін Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесуді ұйғардық. Соңғы екі жыл ішінде Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын дайындау бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Ол экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің тәжірибесін ескере отырып әзірленді. 2021 жылғы 2 қаңтарда жаңа Экологиялық кодекске Мемлекет басшысы қол қойды. Кодекстің маңыздылығы оның адам өмірі мен денсаулығы, қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету, ірі және шағын бизнестің қызметін, олардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмысын реттеу сияқты қоғамның барлық мүдделерін әсер ететіндігінде», – деді Мағзұм Мырзағалиев жиын басында.
Министрдің сөзінше, Экологиялық кодекс Қазақстандағы, сондай-ақ Қарағанды облысындағы экологиялық жағдайды жақсартудың негізгі құралына айналады. Министрдің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов Кодекстің негізгі бағыттары ретінде «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидатын іске асыру, ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, табиғат қорғау іс-шараларына бюджет қаражатын мақсатты жұмсау, үздік халықаралық тәжірибе негізінде экологиялық талаптарды қатаңдату, мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізу және өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру, оның ішінде «Waste to Energy» енгізу және тағы басқаларды атап өтті.
«Қарағанды облысында 2019 жылы қоршаған ортаға эмиссия үшін бюджетке 16,7 млрд.тенге түсті. 2020 жылы да солай болды. Жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар көрсетілген барлық соманы, яғни 100% түсімді табиғатты қорғау шараларына жұмсауға тиіс. Ал ірі кәсіпорындарды экологияландыру үшін олар 10 жыл ішінде ең озық қолжетімді технологияларды енгізеді. Бұл уақытта олар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер кәсіпорындар ЕОҚТ-ға көшпесе эмиссия төлемдері 2025 жылдан 2 есеге, 2028 жылдан бастап 4 есеге, 2031 жылдан 8 есееге өседі », – деді вице-министр.
Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы ең озық қолжетімді технологиялар бюросының бас сарапшысы Серік Нұркенов ЕОҚТ анықтамаларын дайындау мақсатында орталық еліміздегі негізгі ластаушы саналатын 50 кәсіпорынға кешенді кешенді технологиялық аудитті бастап кеткенін хабарлады.
«18 кәсіпорынға барып аудит өткіздік. Енді 32-сі қалды. Ақпан айынан бастап халықаралық және ұлттық сарапшылардың қатысуымен Қарағанды облысындағы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, «Kazakhmys» ЖШС кәсіпорындары, (ЖМБЗ, БМБЗ), Арселор Митталға қарасты ЖЭС-2, ЖЭС-бу-ауа үрлейтін станциясы, «Карцемент» АҚ, «Караганда-Энергоцентр» ЖЭС, ЖЭС-3, «ГРЭС-2» (Топар) және тағы басқа кәсіпорындарындарға тексеру жоспарланып отыр. Кешенді технологиялық аудит өнеркәсіптің ЕОҚТ-ға көшу дайындығын бағалауға, қуат үнемдейтін, қалдықсыз технологияны енгізудің мақсаттылығын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ЕОҚТ анықтамаларын дайындауға негіз болады», – деп түсіндірді маман.
Жергілікті жұртшылық атынан сөйлеген Қарағанды облыстық экологиялық музейінің басшысы Дмитрий Калмыков Кодекс халық үшін экологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз еткеніне тоқталды. Заңнаманы жетіліріп отыру үшін Министрлік жанында қоғамнан ұсыныстар жинайтын тұрақты жұмыс тобын құруды ұсынды.
«Экологиялық қоғамдастық жаңа кодексті ол қабылданбай тұрып-ақ қолдап, барлық талқылауларға қатысқан. Қоғамдық экологтар тарапынан, әсіресе, қоғам мен мемлекетке шығарындылар бойынша экологиялық рұқсат ережесінің сақталуын бақылауға мүмкіндік беретін ірі кәсіпорындардың ластаушы көздеріндегі автоматтандырылған мониторинг жүйесі, шағын және орта бизнес кәсіпорындарының экологиялық рұқсатнамадан босатылып, назардыі ірі ластаушыларға ауғаны, ЕОҚТ-ның енгізілуін экономикалық механизмі, қоғамдық тыңдаудың жиі өткізілуі тиістігі сияқты пункттер қолдау тапты»,- деді Д.Калмыков.
Тек өңірдегі емес, еліміздегі ең ірі ластаушылардың бірі саналатын «Арселор Миттал Теміртау» басшысы Биджу Наир Экология министрлігімен ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу бойынша бірге жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
«Қазіргі уақытта біз жаңа Экологиялық кодексті ЕОҚТ енгізу бойынша сараптап жатырмыз. Экологиялық шығарындыларды 30%-ға азайту бойынша жаңа стратегия әзірленуде. 2025 жылға дейінгі уақыт бәріміз үшін бірге жұмыс істеуге аса маңызды. Біз министрлік экологиялық жобаларды жүзеге асыруда қолдау көрсетеді деген сенімдемін», – деді ол.
Атап өтейік, экологиялық кодекс шеңберінде кәсіпкерлік, қылмыстық, су кодекстерінің және т.б. бірқатар заңнама нормалары қайта қаралады, сондай-ақ заң жобасын іске асыру шеңберінде 140-қа жуық нормативтік- құқықтық актілер қабылдау жоспарлануда. Мысалы, эмиссия нормасынан асқан жағдайда кәсіпорынға салынатын айыппұл 10 есе, атмосфералық ауаны қорғау мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау бойынша айыппұл 5 есеге өсті. Жеке тұлғаны әкімшілік жазаға тарту ұзақтығы 2 айдан 1 жылға, заңды тұлғаға 1 жылдан 3 жылға көбейді.
Дерек көзі – gov.kz
Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев азаматтарға жеке қабылдау өткізді.
Атырау облысының белсенді тұрғыны Жанат Есмағамбетова жергілікті тұрғындарды өз аулаларында ағаш егуге көптеп тарту қажеттігі туралы ұсыныс білдірді.
«Мен 1-ші топтағы мүгедек болсам да өткен жылы өз ауламда 57 ағаш отырғыздым. Біздің тұрғын үйде 80 пәтер бар. Оларды да қолдауға шақырдым. Ерекше балаларды осы іске араластырып, олар өз есімдері ілінген көшеттер екті. Әлеуметтік роликтер түсірдік. Ағартушылық бағыттағы видеоларды көбірек дайындау қажет. Әйтпесе аулаға егілген ағаштарға жұрт киімдерін жайып тастап, зиян тигізіп жатыр. Осындай шараларды қаланың басқа да тұрғындары өткізгенін қалаймыз. Осы ретте «Табиғат» деп аталатын қор құруды ұсынамыз», – деді қала тұрғыны.
Министр Мырзағалиев бұл бағыттағы жұмыстарды толығымен қолдайтынын, ағаштарға зиян келтіруге қатысты Заң қатайып жатқанын жеткізді.
«Ағашты заңсыз кесуге, көшет отырғызуға қатысты түсіндіру, ағарту жұмыстарын көбейтуіміз керек. Бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Өткен жылдың соңында заңсыз ағаш кесуге қатысты Заңға нормалар енгізіліп, жаза күшейтілді. Оның үстіне Президентіміз қыркүйектегі Жолдауында 5 жыл ішінде орман алқабында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуға тапсырма берген. Әр облыс үшін жеке жоспар әзірледік. Атырауда алдымен Жайық өзені айналасын қамтимыз», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Жеке қабылдауға жазылған Атырау облысының тұрғыны, дәрігер Гүлнар Талманова клиникалық экология орталығын ашуға ұсыныс берді. Министр елімізде экология мен денсаулықтың арасындағы байланысты терең зерттеу қажеттігін атап өтті.
Ал Маңғыстау облысының тұрғындары металл қалдықтарға, Қызылорда облысы тұрғыны Аралбай Құзбақов эмиссиялық төлемдерге қатысты мәселелер көтерді.
Министр әр сұрақ бойынша тиісті басшыларға тапсырма берілетінін жеткізді.
Дерек көзі – gov.kz
«Қазсушар»РМК 2021 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Осы бағытта нақты қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook-тегі парақшасындағы тікелей эфирде «Қазсушар» РМК Бас директорының орынбасары Ерлан Сәдуақасов мәлімдеді.
Оның айтуынша, су тасқыны қаупінің алдын алу үшін кәсіпорын өткен жылдың күзінен бастап су қоймаларында бос сыйымдылықтар құру бойынша жұмыс жүргізуде.
«Біз бұл бағытта 2020 жылдың күзінен бастап жұмыс істеп келеміз. Сондай-ақ, бассейндік инспекциялармен, ТЖ өкілдерімен және әкімдіктермен бірлесіп гидротехникалық құрлыстарды көзбен шолып тексеру жүргіздік. ТЖ туындаған жағдайда құрлыс және басқа да инертті материалдардың, қаптардың қажетті қорлары дайындалды, тиісті арнайы техника бар, ЖЖМ дайындалды», – деп атап өтті спикер.
Ерлан Сәдуақасов хабарлағандай, «Қазсушар» РМК балансында республикалық меншіктегі 4953 су шарауашылығы және гидромелиоративтік объектілер бар, оның ішінде: 86 су қоймасы, 84 су торабы, 36 бөгет, 103 сорғы станциясы, 46 бас құрылыс, 3298 канал және басқа да су шаруашылығы объектілері.
«Барлық су қоймалары бекітілген кестеге сәйкес іске қосу режимінде жұмыс істейді және көктемгі су тасқынын қабылдауға арналған сыйымдылық қоры бар. Оларды жобалық көлемге дейін толтырған және үлкен тасқын сулар келген жағдайда олар транзиттік режимде жұмыс істейтін болады», – деп хабарлады Қазсушар басшысының орынбасары.
Ерлан Сәдуақасов Қазақстанда су тасқыны кезеңі оңтүстік өңірлерді қоспағанда, наурыз айының басында басталатынын, ал еріген су ақпанның басында келетін екенін атап өтті.Су тасқыны маусымының сәтті өтуі ауа-райы жағдайларына және су тасқынына қарсы уақытылы қабылданған шараларға тікелей байланысты.
«Ақпан айында Қазгидромет ылғал қорының көлемі мен топырақтың қату тереңдігі туралы ақпаратты ұсынады. Бұл көктемгі су тасқыны қаупі бар аймақтарды анықтайды. Сондай-ақ, олардың мәліметтері негізінде біз су қоймаларының жұмыс режимін түзетеміз. Бұл қауіпті гидрологиялық құбылыстарды дер кезінде анықтау, гидротехникалық құрылыстардың жағдайын бақылау үшін жасалады», – деп түйіндеді ол.
Дерек көздер – egov.kz
Қазақстан туристік асссоциациясының (ҚТА) басшысы Рашида Шәйкенова «Іле-Алатау» МҰТП-да экотуризмді дамыту жобасына қолдау білдірді. Бүгін Аюсай шатқалындағы ұлттық паркте туристер үшін Қазақстандағы алғашқы сапар орталығының ашылуында ол экологиялық талаптарға сәйкес елдің ұлттық парктерінде қажетті инфрақұрылым құрудың маңыздылығына назар аударды.
«Біз мұндай жобаларды, ең алдымен, адамдармен және олардың саяхаттау қажеттілігімен байланыстырамыз, – деді Рашида Шәйкенова. – Аюсай – алматылықтар үшін танымал бағыт, сондықтан мұнда туристер саны өте көп. Олардың осында болуы экологиялық туризм тұрғысынан өркениетті, сауатты, ұстамды болуға тиіс».
ҚТА басшысы волонтерлікті дамыту бойынша ұлттық парктермен ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.
«Ұлттық парктерге осындай көмек қажет, қаладан қашық орналасқандықтан онда кадрлармен байланысты үлкен проблема бар, оған туристік білімі, маркетинг және IT саласындағы білімі бар мамандар баруы тиіс,- деп атап өтті Рашида Шәйкенова. – Сондықтан біз бұрын студен жастармен волонтерлікті дамыту бойынша жұмыс істей бастадық. Ол кезде біз аз адамдарды ғана тарта алдық, қазір жағдай өзгеруде, адамдар мұндай қоғамдық жұмысқа дайын. Азаматтық қоғам табиғатты, біздің ұлттық байлығымызды сақтауға қызығушылық таныта бастады. Мұндай жұмысқа атсалысқысы келетін адамдардың тобы пайда болды. Сондықтан біз қазір адамдар жинайтын жер таза емес, қоқыс тастамайтын жер таза екенін түсіну үшін «Тамыр» жабайы табиғатта болу мектебімен бірлесіп, туризм мен еріктілікті дамыту, ұлттық саябақтарды қолдау, экологиялық ойлауды қалыптастыру саласында белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз».
Рашида Шәйкенованың айтуынша, қазақстандықтар пандемия болғандықтан ғана емес, туған табиғатының құндылығын түсінгеннен кейін де Қазақстан ішінде саяхаттауға көбірек қызығушылық танытуда.
«Өткен жылдың наурыз айында карантин, авиаұшуларды шектеу, шекараларды жабу жағдайларында біз ішкі туризмді дамытуға сүйендік және бізде өте жақсы динамика бар. Қазақстандықтар басында амалсыздан, содан кейін туған елінің тамаша табиғи көрікті жерлеріне қуана-қуана барды. Оларға демалыс күнгі турлардың көмегімен табиғатқа шығып, отбасымен демалуға, таза ауамен тыныстау арқылы жаңа орындарды танып-білуге болатындығы жайлы түсінік қалыптасты. Шынын айту керек, әзірге туркомпаниялар қызметінің құндылығын барлығы бірдей түсіне бермейді, дегенмен демалысты кәсіби ұйымдастыра алу соған тұрарлық», – деп атап өтті Рашида Шәйкенова.
Дерек көз – egov.kz
Алматыдағы «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі алғашқы визит-орталық жұмысын бастады. Аюсай шатқалында орналасқан орталық келушілерге ұлттық парк жайлы толық ақпарат ұсынатын, білім берумен және ағарту жұмысымен айналысатын кешенге айналмақ.
Бүгін оны таныстыру шарасына ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Асхат Қайнарбеков, қоғам белсенділері, ұлттық паркте экотуризмді дамыту бойынша құрылған Қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Жалпы Іле-Алатауға 2019 жылы 300 мыңға жуық адам келді. Әрине, былтыр пандемияға байланысты туристер аздау болды. Инфрақұрылымды дұрыстау арқылы осы туристер ағынын реттеу керек. Ал визит-орталықтың салынуы экологиялық туризмді өркендетіп, табиғат ескерткіштері туралы ақпарат беріп, дұрыс бағыт сілтеуге, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға мүмкіндік ашады. Флора мен фауна туралы туралы балаларға көбірек түсіндіруге, сабақтар өткізуге мүмкіндік туып отыр», – деді нысанның маңыздылығы туралы «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бас директоры Дамир Малгелдиев.
Визит-орталықтың модулі экологиялық материалдардан – отандық ағаш конструкциядан жасалған. Ғимараттың негізіне бетон құйылмай, оның орнына металл байлауы бар геобұрандалардан қойылды. Жобаны танымал сингапурлық архитектор дайындаған. Ғимарат Аюсай шатқалының ландшафтына үйлесіп тұр. Визит-орталық WI-FI интернет желісіне қосылған.
«Аюсай» визит-орталығы үш модульден тұрады. Әр модуль шамамен 200 шаршы метрден тұрады. Ғимарат толығымен ағаштан және әйнектен тұрғызылды. Американдық технологияны қолдана отырып, жеңіл конструкция түрінде құрастырдық. Іле-Алатаудағы экотуризмді дамыту жобасы аясында тағы да 4 шатқалда 6 визит-орталық салынбақ. Осы жылы үшеуін Үлкен Алматы көлін маңында, Бутаковкада және Түрген шатқалында тұрғызуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті «Turanga Group» компаниясының басшысы Александр Гужавин.
Аюсай шатқалына инфрақұрылым жасалмас бұрын ұлттық парк қызметкерлері Қазақ ұлттық университетімен және Зоология институтымен бірлесіп экологиялық мониторинг жүргізіп, қоршаған ортаға түсетін рекреациялық жүктемені есепке алған. Әзірге техникалық режимде жұмыс істеп тұрған визит-орталық қаңтар айынан басынан бері 300-ге жуық адам қабылдап үлгерді.
Шатқалда қоршаған ортаға зиян келтірмей әрі қауіпсіз демалудың негіздерін түсіндіру үшін «Тамыр» жабайы табиғатта болу мектебі жұмыс істеп жатыр. Онда волонтерлер мен кәсіби альпинистер тегін лекциялар жүргізеді. Визит-орталық ішінде экологиялық сабақтар үшін арнайы зал да ашылды.
Визит-орталық қызметінің негізінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экотуризмді орнықты дамыту идеясы туралы мәлімдемесі жатыр. Себебі оның салынуын парк аумағында эко-туризмді өркендетуге бағытталған инфрақұрылымның алғашқы баспалдағы деп атауға болады. Жалпы «Turanga Group» экотуризмді дамыту жобасы аясында төрт жыл ішінде 155 км жаяу жүру соқпағы жөнделіп, 17 жаңа жаяу және велосипед жолдары ашылмақ. Бұдан бөлек 10 глэмпинг, 2 кемпинг, 1 этноауыл мен 1 караванинг тұрғызылады.
Осы тәжірибені пайдалана отырып, Алматы облысындағы өзге де ұлттық парктерде визит-орталықтар тұрғызу жоспары бар.
Дерек көз – www.gov.kz
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қарағанды облысының Теміртау қаласы бойынша мемлекеттік экологиялық инспекторы Абылай Қабдырашты қабылдады. Жас маманға өңірдегі экологиялық проблемалар мен қоршаған ортаға қатысты құқықбұзушылықтар туралы мәліметтерді жедел жеткізіп отыру қажеттігін айтты.
«Теміртаудың халқы, қоғам өкілдері өте белсенді. Сол халықпен, БАҚ-пен жұмыс істеу керек. «Арселор Миттал» сияқты ірі кәсіпорындармен тығыз байланыста болып, жұмыстарын қадағалауы керек. Сондықтан бұл өте жауапты жұмыс»,- деді министр кездесуде.
Айта кетейік, Қазақстанда бұрын жекелеген қалаларда экологиялық инспектор қызметі болмаған. Теміртауда бұл қажеттілік қаланың нашар экологиялық жағдайы әсерінен туындап отыр. 2020 жылы Теміртау қаласының экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол картасы қабылданған. Ауаға ластаушы заттарды негізгі шығарушы – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шығарындыларды азайту бойынша 23 іс-шара атқаруы тиіс. Сонымен бірге қалада 500 мың ағаш отырғызу туралы келісім жасалған.