red_hot_chili_peppers_be_admin | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

#Birge #TazaQazaqstan: Қарағанды облысында Нұра, Есіл, Жаман Сарысу өзендері тазаланды

Дерекөз – inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында «Бірге-Таза Қазақстан!» экологиялық акциясы жалғасуда, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Екінші апта қатарынан Қарағанды облысының тұрғындары «Бірге-Таза Қазақстан!» акциясына қатысуда. 3 тамызда ауқымды экологиялық сенбілікке аймақтың барлық қалалары мен аудандарында 33 мыңға жуық адам шықты.

Қатысушылар арасында кәсіпкерлер, еріктілер, экологиялық белсенділер және қала тұрғындары болды.

Кеңгір су қоймасының жағалауы қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, сенбілік Балқаш, Нұра, Есіл, Жаман Сарысу өзендері мен су қоймаларында өтті. Акцияға қатысушылар Саран су қоймасында және Балқаш қаласындағы Шығыс өнеркәсіп аймағында, Қылыш су қоймасында, Сәтбаев қаласындағы ҚТҚ полигонында қоқыстар жинады. Сондай-ақ саябақтарда, гүлзарларда және қалалар мен ауылдардың бас көшелерінде тазалық шарасы жүргізілді.

Облыс орталығында осы сенбіде «Бірге – таза Қазақстан!» атты акциясын 3000-нан астам тұрғын қолдады. ДСК маңындағы 15-магистраль мен Саран тас жолының бойында акцияға қатысушылар тұрмыстық қоқыстарды алып тастады. Тазарту жұмыстары Орталық саябақтың аумағында да жүргізілді. Сонымен қатар Гапеев көшесінде гараж алаңы мен Нестеров көшесінде заңсыз қоқыс тастайтын жерлер жойылды. Кіші және үлкен Бұқпа өзендерінің арнасы және қала шегіндегі орман отырғызу аумағы тазартылды.

Полигонға 3 000 тонна қоқыс шығарылды.

#Birge #TazaQazaqstan: Елордалықтар Майбалық көлін тазалауда

Дереккөз – inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- #Birge #TazaQazagstan республикалық экологиялық акциясы аясында елордалықтар Майбалық көлінің жағалауын тазартуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін міне осымен үшінші апта таза Қазақстан экологиялық акциясын жалғастырып жатырмыз. Майбалық көлі қала маңында орналасқандықтан адамдар мұнда демалуға жиі келеді. Тиісінше қалдықта көп. Олай болса бәріміз бірігіп, тазалық жұмысына кірісейік», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Тазалық шарасына 1 мыңнан астам елордалық қатысуда. Оның ішінде бірқатар мемлекеттік ведомство басшылары мен қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қала тұрғындары мен еріктілер бар.
Еске сала кетсек, өткен аптада аталған акция аясында астаналықтар Есіл және Қарасу өзендерінің жағалауын тазалап, 16 тонна қалдық жиналған болатын.

Экология министрі жаңадан құрылатын сарапшылар кеңесiнің құрамына белсенділерді шақырды

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңадан құрылатын сарапшылар кеңесiнің жұмысына қатысу үшін белсенділерді шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Экология, геология, су ресурсы, орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі біздің министрліктiң жұмысы. Біз аталған бағыттар бойынша сарапшылар кеңесiн құратын болдық. Сондықтан үкiметтiк емес ұйымдарды, сарапшыларды, қоғам белсенділерін кеңес жұмысына қатысуға шақырамыз», деп жазды Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында.

Оның айтуынша, министрлік сарапшылармен бірлесіп мәселелерді бірлесіп шешпек.

«Сарапшылар кеңесiнiң жұмысы толғағы жеткен мәселелерді қоғаммен бірге талқылап, нақты шешу жолдарын ұсынатын нағыз алаңға айналмақ. Осыған орай, барлығыңызды белсендi қатысуға шақырамыз», делінген хабарламада.

Министр ұсынысқа қызығушылық танытқандар үшін хабарласатын +7 7017932418 телефон нөмірін көрсетті.

#Birge#TazaQazaqstan: Қазгидромет қызметкерлері 17 тоннадан астам қоқыс жинады

Дереккөз:inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – РМК «Қазгидромет» қызметкерлері #Birge#TazaQazaqstan экологиялық акциясы аясында 17 тоннадан астам қоқыс жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазгидромет» қызметкерлері Ақмола облысындағы Чаглинка су қоймасының жағалауында, Алматы қаласы және Алматы облысында Көкжайлау үстірті мен Қаратал өзенін, Атырауда – Жайық өзенін, Қызылорда облысында – Сырдария жағалауларын, Ақтөбеде – Ілек өзенін, БҚО-да – Жайық өзені маңайларында сенбіліктер ұйымдастырды.

Акцияға 300-ден астам адам қатысып, еліміздің 14 облысында 17 тоннадан астам қоқыс жиналды.

Қазгидрометтің облыстық филиалдары #Birge#TazaQazaqstan экологиялық акциясын қолдауға шақырады.

БҚО-да 4 мың жарым гектар суармалы алқап қалпына келтірілген

Дереккөз:24.kz

Батыс Қазақстан облысында суландыру жүйесін жаңғыртып, суармалы алқаптардың аумағын арттыруда соңғы жылдары ауқымды жұмыс атқарылды.

Киров-Шежін каналын аршудың арқасында биыл Жайықтың суы Қараөзенге жеткізілсе, тағы бес нысанды қалпына келтіру нәтижесінде көлтабандар көлемі 29 мың гектарға көбейген, су барған соң 300 мың гектар жайылым игерілген. Таяу жылдары Жайық өзенінің сол жағалауына су шығару көзделген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жайық өзені арқылы жылына 10 млрд текше метр су ағып өтеді. Өңір шаруалары соның оннан бірін де пайдаланбайды. 600 млн текше метр тіршілік нәрін ұстап қалуға жоспар болғанымен, оны орындаудың өзі оңай емес. Себебі Жайықтан шығар арналар әбден тайыздап, бітеліп қалған.

Махамбет Ықсанғали , облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:

– Көшім су каналына дейінгі 45 шақырым жерді тазалау мәселесі. Онда бұрыннан батып кеткен су нысандары, баржалар, соларды алып тастау мәселесі тұр. Бұл жұмыс қазіргі таңда жүргізіліп жатыр. Осы арқылы біздер Киров су қоймасына секундына 30-35 куб судың келуін қамтамасыз ету керек.

«Киров су қоймасы мен одан төрт тарапқа тарайтын суландыру жүйесінің тіршілік нәріне толуы осы жұмыстарға тікелей байланысты», – дейді мамандар. Сонда ғана суландыру жүйесін қалпына келмек. Соңғы жылдары атқарылған істердің арқасында өңірде 29 мың гектар көлтабанға су шыққан, 4 мың жарым гектар суармалы алқап қалпына келтірілген. Мәселен, Казталов ауданына қарасты Қайшақұдық ауылының маңында биыл мың жарым гектарға жүгері мен жоңышқа егіліпті. 

Рүстем Зұлқашев, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары:

– 11 км канал Фурманов каналы тазартылды, 30 шақты қақпа жөнделді. Сол «Дөңгелек» су қоймасынан мамыр айында су берілді. Енді екінші кезеңі бар осы жобаның. Осы шаралар жақсы істеп кетіп жатса, тағы да 2400 гектардай суармалы жүйелер қалпына келтіру жоспары бар.

 Су келгесін шалғай аудандарға инвесторлардың да қызығушылығы артқан. Осы Талдыапан округінде күні бүгін 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы салынып жатыр.

Андрей Попов, учаске бастығы:

– Күзге қарай құрылыс аяқталады. Жақын ауылдардағы қожалықтар мен тұрғындардан малды сатып алуды бастаймыз. Бұл бордақылау алаңның төбесі ашық болады, жан-жағына желден қорғайтын қоршаулар орнатамыз. Жұмыс жүріп кетсе кешенді кеңейту, 10-20 мың басқа жеткізу ойда бар.

Келешекте Жайықтың сол жағындағы аудандарды да суландыру жоспарланған. Қазір жоба-сметалық құжаттар сараптамадан өтіп жатыр.

Махамбет Ықсанғали, облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:

– Ақжайықтан су алып Шалқар көлі арқылы Солянка су қоймасына дейін су жеткізу. Екінші кезеңі одан Азынабай-Тайпақ каналына жеткізу, одан кейін каналын жөндеген кезде Жайық өзенінің сол жағынан 300 мың гектар жерге су шығаруға мүмкіндік пайда болады. Бұрын су жайылған жерлер, қазір үлкен каналда су болмағандықтан осы жерлер пайдаланылмай тұр.

Су – тіршілік көзі. Суландыру жүйесін жаңғырту – ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына, осы арқылы әлеуметтің әлеуеті артуына ықпал етпек.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы тағайындалды

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Зулфухар Жолдасов ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомоствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комитет ұжымына жаңа төрағаны ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев таныстырды.

Зулфухар Сансызбайұлы Жолдасов, 1976 жылғы 16 маусымда туған. Білімі жоғары – 1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Өзінің еңбек жолын 1999 жылы «Құнарлы» АҚ заңгер қызметінен бастаған.

1999 жылдың маусымы мен 2000 жылдың мамыры аралығында ҚР ҚК қатарында шұғыл әскери қызметін өтеген.

2000 жылдың маусымы мен 2004 жылдың сәуірі аралығында әскери прокуратура органдарында әскери прокурордың аға көмекшісі.

2004 жылдың наурызы мен 2008 жылдың сәуірі аралығында Алматы облысының табиғат қорғау прокурорының көмекшісі болды.

2008 жылдың сәуірі мен 2010 жылдың желтоқсаны аралығында Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қалдықтармен жұмыс істеу басқармасының бас сарапшысы қызметін атқарды.

2010 жылдың желтоқсаны мен 2012 жылдың шілдесі аралығында Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық заңнама және құқықтық қамтамасыз ету департаментінің Құқықтық жұмыс басқармасының бастығы лауазымында еңбек етті.

2012 жылдың шілдесі мен 2014 жылдың қаңтары аралығында Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің бастығы болды.

2014 жылдың қаңтарынан 2015 жылғы желтоқсан айына дейін Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының қызметін атқарды.

2015 жылғы желтоқсанынан бүгінгі күнге дейін Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Төрағасының орынбасары лауазымын атқарып келді.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының «Мемлекеттік басқаруды жаңғырту» тақырыбындағы басқарушы қызметке тағайындалған мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау бағдарламасын табысты аяқтаған.

Атыраулық БАҚ өкілдері Жайықтың жағалауын қоқыстан тазартты

Дереккөз: inform.kz

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы мен «Атырау-Ақпарат» медиа-холдингінің ұжымы бірлесіп, республикалық #Birge #TazaQazaqstan акциясы аясында Жайық өзені жағасын қоқыстан тазартуға атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Atyraý» телерадиокомпаниясының директоры Қанат Әуесбай, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының бірінші орынбасары Ысқақ Егемберді бастаған журналист қауымы мен «Алаш мәдениеті» қоғамдық қорының еріктілері Жайық өзенінің бойында тұрмыстық қалдықтан тазалап, соңын флешмобпен аяқтады.

«Балаларымыздың болашағы, олардың денінің саулығы қоршаған ортамызға, экологиямызға тікелей байланысты. Таза жерде тұрып, таза ауа жұтсақ, денсаулығымыз да жақсы болары сөзсіз. Жайық өзені жағасынан тұрмыстық қалдықты көп көрдік. Әсіресе, су, шырыннан босаған пластикалық құтылар, шыны ыдыстар бей-берекет шашылып жатыр. Бұл пластик құтылар жер бетінде бірнеше он жылдап жата береді. Өздігінен жойылмайды. Керісінше ауа-райының әсерінен түрлі зияды зат бөледі. Ендеше табиғатты таза ұстайық дегім келеді», – дейді «Atyraý» телерадиокомпаниясының директоры Қанат Әуесбай.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының бірінші орынбасары Ысқақ Егемберді бұл акция бір тараптан журналистердің ауызбірлігін нығайтса, екінші жағынан өскелең ұрпақтың бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырудағы қосар үлесін айтты.

Журналистер көбіне мұндай экологиялық акцияларды БАҚ бетінде насихаттаушы ғана. Ал, бұл жолы облыстағы екі бірдей ірі медиа ұжымы кіл жастардан құралған еріктілермен бірлесіп, өзен бойын қоқыстан тазартты. 2 сағаттың ішінде шамамен 200 келідей қалдық жиналды.

Облыстың БАҚ өкілдері қолдаған экологиялық іс-шара 27 шілдеде Атырауда жалғасатын болады. #Birge #TazaQazaqstan акциясы аясында Атыраудағы Жайық өзені және қала аумағындағы барлық су тоғанының жағалауы қоқыс қалдығынан тазартуға барлық мекеме, кәсіпорын, өнеркәсіп ұжымдары шақырылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдап, халықтың экологиялық мәдениеттілігін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына еріктілерді тарту жөнінде тапсырма берген еді.

Артынша министрліктің бастамасымен #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы жарияланып, аталмыш акция аясындағы шараларға Үкімет басшысы Асқар Мамин де қатысқан болатын.

2019 жылғы маусымның 17-нан бастап 19-не дейінгі мерзім аралығында «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» тақырыбына оқыту семинар туралы хабарлама

ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2019 жылдың 17-19 шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Экологиялық кодекс. Құқық қолдану» тақырыбына семинар өткізді. 

Семинарда келесі тақырыптар қарастырылды: 

  • Парниктік газдарды реттеу саласындағы есептілік пен парниктік газдар шығарындыларына қосымша квоталар беру; 
  • Қалдықтармен жұмыс істеуді құқықтық реттеу; 
  • Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар;  
  • Мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесі; 
  • Экологиялық аудит; 
  • Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінде ақпараттық технологияларды қолдану; 
  • Өндіріс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастрын жүргізу; 
  • Экологиялық ақпарат беру; 
  • Қазақстанда табиғатты ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімін енгізу; 
  • Мемлекеттік экологиялық бақылау және т. б. 

Семинарға «Казахдорстрой» ЖШС оңтүстік филиалының, «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В.» компаниясы Атырау филиалының, «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Карачаганак Петролиум Оперейтинг б.в.», ҚР ЭМ «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК, «Теміртау электрметаллургиялық комбинаты» АҚ, «Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалының – «Жезқазғантүстімет» ӨБ  өкілдері қатысты. 

Қатысушыларға соңғы өзгертулер мен толықтырулар жасалған Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы «ЭкоИнфоПраво» нормативтік-құқықтық актілердің локальды базасы ұсынылды. 

Семинар соңында қатысушыларға куәлік берілді.  

Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда. 

Қарағандылықтар экология министрі бастаған эко-челленджге қолдау көрсетпек

Дереккөз: inform.kz

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Twitter-дегі парақшасында экология министрі Мағзұм Мырзағалиев жариялаған акциясын қолдайтынын жариялады.

27 шілдеде Қарағандыда #birge #TazaQazaqstan экологиялық акцияға қолдау ретінде сенбілік өтеді.

«Премьер-министр Қоянды су қоймасын тазалауға қатысты. Бұл челлендж-жақсы іс. Менің ойымша, акцияға қатысуымыз керек. Табиғатты тазартуға үлес қосқанымыз абзал», – деді аймақ басшысы.

Ерлан Қошанов облыстың әрбір қаласы мен ауданында проблемалы орындарды анықтауды тапсырды. Осы сенбі күні, 27 шілдеде қала және аудан әкімдері аппараттарының, басқармалар мен бөлімдердің қызметкерлері аумақты тазалауға шығады. Ерлан Қошанов барлық қарағандылықтарды акцияға қосылуға шақырды.

Акцияны өткізу орны мен уақыты кейінірек жарияланады.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 16 шілдесінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында #Birge #TazaQazaqstan акциясын бастады. Ол еріктілерді, қоғам қайраткерлерін, Үкімет мүшелерін, белсенділер мен қоршаған ортаға жаны ашитын азаматтарды Қоянды су қоймасын тазалауға қатысуға шақырды.

Аталмыш акция Қазақстанның көптеген аймақтарында қолдау тапты.

Алтай Көлгінов қала тұрғындарын экологиялық акцияға шақырды

Дерекөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі тұрғындарды қалалық экоакцияға қатысуға шақырды. Шара 27 шілдеде, осы сенбіде өтеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

«20 шілдеде #Birge #TazaQazaqstan экологиялық қозғалысы басталды. Осы сенбі күні 27 шілдеде біз экологиялық эстафетаны өткізетін боламыз. Есіл және Қарасу өзендерінің жағалауларын айналып өтетін әуежайдан Қарағанды трассасына қарай тазартуды ұсынамыз. Барлық қала тазалығына бей-жай қарамайтын тұрғындарды қатысуға шақырамыз», – деп жазды Алтай Көлгінов twitter-дегі аккаунтында.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика