red_hot_chili_peppers_be_admin | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Қазақстан мектептерінде экологиялық тәрбие сабағы енгізіледі

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. – Қазақстан мектептері мен балабақшаларына экологиялық тәрбиеге арналған қосымша сабақ енгізіледі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев #birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, барлық мектептер мен балабақшаларда экологиялық сағаттарды іске қосамыз. Өйткені тазалық ұғымын санаға бала жастан бастап сіңіру керек», – деді министр Мағзұм Мырзағалиев.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиеваның айтуынша, «экологиялық сағаттар» қосымша сабақ ретінде енгізілуі тиіс.

«Экология министрі мен білім министрі өзара келісіп, жаңа пәнді енгізу тетіктерін ойластырады деп ойлаймын. Бұл қосымша сабақ түрінде болуы керек. Қоқысты сұрыптап төгу, оған қайта өңделетін шикізат ретінде қарау мәдениетін қалыптастыруды балалардан бастау идеясы – шынымен де жақсы бастама», – деді депутат.

Еске салсақ, бүгін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жариялаған #Birge #TazaQazaqstan акциясына Нұр-Сұлтан қаласынан 1200-ден астам адам қатысқан болатын. Оның ішінде Үкімет басшысы Асқар Мамин де бар.

Ахметжан Пірімқұлов ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болып тағайындалды

Дереккөз: primeminister.kz

ҚР Үкіметінің қаулысымен Ахметжан Әбдіжәмілұлы Пірімқұлов ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Ахметжан Пірімқұлов 1979 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген.

2000 жылы «экономист» мамандығы бойынша М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, 2003 жылы «заңгер» мамандығы бойынша Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған. Заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар.

Еңбек жолын 2001 жылы Жамбыл облысының прокуратура маманы ретінде бастады, сот жүйесінде жұмыс істеген.

2012–2016 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төраға орынбасары, ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің төраға орынбасары қызметтерін атқарған.

2016 жылғы маусымнан 2017 жылғы қараша аралығында ҚР БҒМ  Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.

2017 жылғы қарашадан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ЭМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

Министрлер мен әкімдер су қоймасын қоқыстан тазалады

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоянды су қоймасын қоқыстан тазартуды мақсат еткен «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясының видеосы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Акцияға 1200 адам қатысып, Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Қоянды су қоймасын тазалады. Жалпы көпшілікпен бірге қоқыс жинауға Үкімет мүшелері, елорда мен Ақмола облысының әкімдері, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың, дипломатиялық корпус, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, студенттер мен волонтерлер атсалысты.

#Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясына атсалысқан Премьер-Министр Қоянды су қоймасының жағалауын қоқыстан тазарту жұмыстарына қолғабыс жасады. Үкімет басшысы барлық облыс басшыларын министр Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасын жалғастыруға шақырды.

«Мен бұл акция бүкіл Қазақстан бойынша жалғасатынына сенімдімін. Бұл жобаны Қазақстан аймақтарында дамытуға шақырамын. Акция жалпыхалықтық сипат алып, елдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына жол ашады деп сенемін», – деді Асқар Мамин.

Еске сала кетейік, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңа бастама көтеріп, елорда маңындағы демалыс орындарын бірге тазалауға шақырған болатын. 

Асқар Мамин экологиялық акцияға қатысты

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің үндеуіне Нұр-Сұлтан қаласынан 1200-ден астам тұрғын үн қосты. Арасында ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин де бар, деп хабарлайды ҚазАқпрат тілшісі.

#Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясына атсалысқан Премьер-Министр Қоянды су қоймасының жағалауын қоқыстан тазарту жұмыстарына қолғабыс жасады. Үкімет басшысы барлық облыс басшыларын министр Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасын жалғастыруға шақырды.

«Мен бұл акция бүкіл Қазақстан бойынша жалғасатынына сенімдімін. Бұл жобаны Қазақстан аймақтарында дамытуға шақырамын. Акция жалпыхалықтық сипат алып, елдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына жол ашады деп сенемін», – деді Асқар Мамин.

Өз кезегінде Мағзұм Мырзағалиев қоршаған ортаны таза ұстау – әркімнің міндеті екенін еске салды.

«Күннің ыстықтығына қарамастан, үндеуге үн қосқан әрбір адамға алғыс айтамын», – деді ол.

Елорда тұрғындарының жиі келетін демалыс орнын ретке келтіруге Премьер-Министрден басқа Үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері, экологтар, еріктілер атсалысты. Олардың ішінде вице-премьер Жеңіс Қасымбек, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, әділет министрі Марат Бекетаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және басқалар бар.

Айта кетерлігі, қоқыс тастамауға шақыратын тақтайшаларға қарамастан, су қоймасының жағалауы тұрмыстық және тамақ қалдықтарға толы болды. Акцияға қатысушылар 26 шақырымға созылып жатқан жағалау аумағында 10 тоннадан астам қоқыс жинады.

Аумақта қоқысты бөлек жинау үшін арнайы ыдыстар, қайта өңдеу кешеніне арналған машиналар орнатылды. Тазалық жұмысына ең белсенді қатысқандарға сертификаттар мен символдық жүлделер табыс етілді.

Елордалықтар #TazaQazaqstan акциясын қолдады

Дереккөз: tengrinews.kz

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірге 20 шілдеде Нұр-Сұлтанға жақын маңдағы Қоянды су қоймасының жағасын тазарту жұмыстарына қатысады, – деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі елордалық әкімдік баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мәліметтерге сүйенсек, 500-ден аса адам сенбілікке қатысатынын хабарлады. Олардың арасында ҮЕҰ, түрлі қоғамдық бірлестік өкілдері, қоғам белсенділері, журналистер, сондай-ақ Қазақстанның үкімет мүшелері бар.

Айта кетейік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Твиттерде #Birge #TazaQazaqstan акциясы басталғанын жариялап, барлық азаматтарды, қоғамдық бірлестік өкілдерін, министрлер кабинеті мүшелерін сенбілікке шақырған болатын.

Қатысам деушілерді 20 шілде күні, сағат 8:00-де, Триатлон паркте күтеміз.

Триатлон-парктің автотұрағынан (кіру Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев көшелерінің қиылысы жақтан) экологиялық сенбілік өткізілетін жерге автобус шығарылады. Қажетті барлық жұмыс құралы сенбілік басында үлестіріледі.

Атакент аумағындағы ағаштар оталмайды

Дереккөз: inform.kz

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «EcoAlmaty» ЖШС жетекшісі Жанна Асанова Алматыдағы «Атакент» іскерлік орталығында 9 мың ағаш бұталады деген қауесетті жоққа шығарды. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жасыл экономика басқармасынан 9 мың ағашты отау туралы өтінімнің түскені жайлы ақпарат жалған. Жасыл желек отырғызу мен өсіру ережесі бойынша Алматыда талдар тек жасыл экономика басқармасының рұқсатымен ғана оталады. Мердігер компания оталған ағаштың орнына 5 есе көп шыбық отырғызуға міндеттеледі. Ағашты кесуге рұқсат құжаты E-gov электронды порталы және ХҚО арқылы беріледі. Ал «Атакент» орталығы бойынша әзірге ешқандай өтініш түскен жоқ», – деді Жанна Асанова.

Оның айтуынша, дәл қазір Атакент аумағында ағаштарды санитарлық қысқарту жүргізіліп жатыр. Ол үшін рұқсат құжаттары талап етілмейді.

Көрме кешені паркіндегі жасыл желекті отау туралы қауесет Facebook-те таралған болатын.

Мұның алдында «Atakent» жаңа президенті Мадина Мақыпова кешен территориясында конгресс-орталық ашылатынын хабарлаған еді.

«Конгресс-орталық салынатын аумақ – саябақ, ағаштар. Бізге жасыл экономика басқармасынан мердігер компания хат жазды. Олардың жоспары бойынша конгресс-орталық парк аймағында орналасуы тиіс екен. 54 га аумағымыздың 30 га соларға беруіміз керек. Қазір бұл келісім тіркеліп жатыр», – деді Мадина Мақыпова.

«Atakent» бақылау кеңесінің мүшесі Руслан Хен айтқандай, конгресс-орталық 8 га аумақты алса, қалған 22 га жерде көліктерге ыңғайлы болу үшін жол айрығы жасалады.

БҚО-да Шаған өзенін тазарту жұмыстары басталды

Дереккөз: 24.kz

Батыс Қазақстан облысындағы Шаған өзенін тазарту жұмыстары басталды.  Орал өзенінен келетін су осы 47 шақырымдық  канал арқылы Орал-Көшім сумен жабдықтау жүйесіне келіп құяды.

Биылғы жылы Орал суының аз болуына байланысты жүйеге келетін судың ағымы секундына 30 текше метрден 5-ке дейін төмендеді. Сол себепті суды сілтіден, құмнан және батпақтан тазарту үшін көп функционалды құрылғы іске қосылды. Сондай ақ жарты ғасыр бұрын салынған ескі көпір де жөнделеді. Орал-Көшім жүйесі 3 миллион гектар жайылымды суаруды қамтамасыз етіп отыр. Өңір тұрғындарының айтуынша, Орал өзеніндегі судың төмендеуі осыдан 50 жыл бұрын болған екен.

Шынболат Ермағамбетов, «ҚАЗСУШАР» РММК ОФ Бас гидротехнигі:

– Негізгі мақсатымыз мына осы арнаның бойындағы батып кеткен көпірлерді, құлаған ағаштарды арнадан шығару. Бұрынғы қалқымалы көпір, 30-40 жыл болған болар батып кеткеніне, соны шығарып жатырмыз. Айта кететін жағдай бұл арна соңғы 30-35 жыл тазалнған жоқ.

Ринат Шауенов, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Мына Жайық өзеннен төменге біздің магистралдық каналдарымыз бар ғой, 6-7 ауданды сумен қамтамасыз етіп отырмыз. Ең маңызды осы проток Шаған деп айтамыз 47 шақырым каналымыз бар, основной артерия деп айтқандай, осы жердің бастамасын тазарту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Суды біздер 4 кубтан 14-15 кубқа дейін мүмкімшілік жасаймыз, сонда маны бүткіл су Жайықтан келген төмендегі каналдарымызға толықтай жетеді.

Қазақстанның бас экологы #TazaQazaqstan акциясын жариялады

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев #Birge #TazaQazaqstan акциясын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас эколог өзінің Twitter парақшасында Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы су қоймаларының жағдайы мәз емес екенін жазды.

«Қаламыздың жақын маңдағы су қоймаларының біраз жерін аралап шықтым. Аумақтардың жағдайы мәз емес, айнала қоқыс, адамдардан қалған қалдыққа толы. Аяқ алып жүргісіз қоқыс үйінділері үйреншікті құбылысқа айналған. Проблеманы тек әкімшілік әдіспен шешу мүмкін емес, қоғамның бірлігі қажет», – дейді ол.

Министр бұл проблемаға қоғам назарын аудару үшін #Birge #TazaQazaqstan акциясын бастайтынын хабарлады.

«Осыған орай, #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы жөнінде хабарлағым келедi. 20 шілдеде Қоянды су қоймасын тазалаудан бастаймыз. Қоршаған ортаның тазалығын қалайтын барлық азаматтарды, қоғам қайраткерлерін, Үкімет мүшелері мен экология белсенділерін бірге қатысуға шақырамын», – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Кейін министр акцияға атсалысу үшін қай жерден жиналу қажеттігін де көрсетті.

«Жиын 20 шілдеде 8:00 бен 8:30да Триатлон паркі тұрағынының жанында (кiру Момышұлы мен Қошқарбаев қиылысынан) болады. Сол жерден барлығымыз автобуспен акция орнына жететiн боламыз. Тамақ пен қажетті құралдар ұйымдастырылады. Жақсы көңіл-күймен келiп, игі iске атсалыңыздар», – деп үндеу тастады.

Қатонқарағай тауларындағы құну фототұзаққа түсіп қалды

Дереккөз: inform.kz

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай тауларында сирек кездесетін жануар құну фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл сирек суретті Фейсбуктегі парақшасында ҚР АШМ Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет жариялады.

«Бұл Росомаха фильміндегі Хью Джекман емес. Бұл Қатондағы нағыз құну! Бұл Қатонқарағай мемлекеттік табиғи  паркінде фототұзақтың түсірген кадры!» – деді Сәкен Ділдахмет.

Айта кету керек, құну сусар текті жануарлардың бір түрі.

Қазақстанда Оңтүстік Алтай тауындағы самырсын, майқарағай, қайың өскен ну ормандар мен тау өзендерінің бойындағы тоғайларды мекендейді. Құну терісі бағалы жыртқыш.

Ол әйелдердің қысқы киімінің жағасына, бас киім тігуге пайдаланылады.

Ақтауда Каспий теңізін зерттейтін ғылыми орталық ашылды

Дереккөз: 24.kz

Өңірдегі мемлекеттік университет базасында жұмысын бастаған орталықта теңіздегі балықтар мен өсімдіктер туралы толық ақпарат жинақталып, кешенді талдау жүргізіледі.

Бұл жұмыстарға ел ғалымдарымен қатар, Ресей, Оңтүстік Корея және Әзербайжан мамандары атсалысады. Алдағы аптада Мәскеу мемлекеттің университеті океанология институтының ғалымдары келе жатыр. Олар ақтаулық әріптестерімен бірлесе балықтардың популяциясын зерттеп, олардың жүзу ағысының бағытын анықтайды. Теңіз суы мен ондағы тіршілік иелерінен сынама алынып, жан-жақты тексеріс жүргізіледі.

«Бұл жоба Каспийдегі экологиялық қауіптің алдын алуға және теңіздегі балық қорын молайтуға мүмкіндік береді» дейді ғалымдар.

Ермек Нұрмағанбет, Yessenov Университеті ректорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары:

– Техногенді апаттар болған жағдайда ғана жиналып, ғалымдар шақырылып, соның бір қорытындысы ғана айтылып кететін. Ал нақты оның күнделікті жүргізіп отыратын, зерттеп отыратын орталық жоқ деп айта аламыз. Осыған байланысты осы жоба қолға алынып, қазір өз жұмысын бастап кетті. Алдағы 3 жыл ішінде осы деңгейде бір зерттеулер жүргізіп, осы Маңғыстау өлкесінің, еліміздің балық шаруашылығын көркейтуге, көбейтуге барымызды саламыз деп жоспарлап отырмыз.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика