Дереккөз: KAZINFORM
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің басқарма басшысы Нариман Жүнісов Атырауда ұсталған 160 келілік ақсерке балығының қайда жіберілгенін айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сәуірдің 1-і күні ақсеркенің ұрғашысы ұсталған болатын. Салмағы – 160 келі. Барлығы сол балықтың тағдырына қатты алаңдады. Осы орайда сәуірдің 18-і күні ол балықтан 30 келі 600 грамм уылдырық алынды. Ол шамамен 1 миллион 200 мың дана уылдырық болады. Соның барлығын жасанды жолмен ұрықтандырғаннан кейін инкубациялық аппараттарға орналастырды. Енді, шілде айында кәдімгідей балықтарды теңізге жіберетін боламыз», – деді Жүнісов.
Оның айтуынша, бүгінде Батыс Қазақстан облысында ақсеркені өсіретін екі зауыт бар. Ағымдағы жылда ол кәсіпорындар шамамен 7 миллион ақсерке балықтарын теңізге жіберуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, осы айдың басында Атыраудағы «Амангелді» өндірістік кооперативі салмағы 160 келі болатын ақсерке балығын ұстаған болатын. Балықтың ұзындығы – 230 сантиметр. Осыдан төрт жыл бұрын аталған кооператив 300 келілік ақсеркені ұстады деген ақпарат бар.
Айта кетейік, бүгінде Каспий теңізінде балық аулауға тыйым салу мәселесі қаралып жатыр. Атырау мен Маңғыстау облыстарының әкімдіктері бұл бастаны қолдап отыр.
Дереккөз: www.24.kz
Латвия павильоны 365 шаршы метрді қамтиды.
Оның бірінші қабатында қоршаған орта саласында қол жеткен жетістіктер мен инновациялар қойылса, екінші қабатында кездесу орны мен конференц зал орналасады. Ал ең басты безендіру елдің негізгі нышанының бірі – лағыл тастар болмақ. Олар заманауи дыбыстық-көріністік технология арқылы түрленіп тұрады.
Агнесе Ласе, сәулетші:
– Бұл тастардың биіктігі 5 метрге дейін жетеді. Қонақтар виртуалды көрініс арқылы Латвияның көрікті аумақтарын тамашалай алады. Бұл көрнекіліктер түр-түсін өзгертіп, адамға әсер береді. Павильонда сутекті-электрлі локомотив қоямыз. Энергия біздің табиғатымызда – бұл біздің тұжырымдамамыз.
ЭКСПО-2017 көрмесінде Латвия өзін Батыс пен Шығыстың көпірі ретінде көрсетпек мақсат – елдің танымалдығын арттыру. Үш айлық көрме тақырыптарға бөлініп, әр аптада көлік пен логистикадан бастап білім, медицина, интернет-технология, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сияқты экономиканың әр саласы паш етіледі.
Яныс Эндзиньш, Латвиядағы ЭКСПО-2017 көрмесінің комиссары:
– Әр апта сайын көрмеге қатысушылар өздерінің ерекше бір дайындаған шарасын көрсетеді. Біздің жоспарлауымызша оған түрлі өнеркәсіптен 50-ге жуық өкіл қатысады. Олар да өздерінің тың өнімдерін ұсынады.
Латвияның көрмеге жұмсалатын шығыны 1 миллион еуроны құрап отыр. Мұнда өндіріс ошақтары өздерін жарнамалап қана қоймай, Қазақстандағы сауда миссиясына қатысуға мүмкіндік алады.
Ансис Эгле, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Латвия павильонының директоры:
– Біздің Қазақстанмен сауда балансымыз 100 миллион еуроға жеткен. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Ол жылына 15 пайызға өсіп отыр. Менің ойымша бұл көрме екі елдің арасындағы экономикалық қарым-қатынастың дамуына оң ықпалын тигізеді.
Ұйымдастырушылардың болжамы бойынша көрмедегі Латвия павильонын шараға келген барлық қонақтың 10 пайызы көреді. Бұл шамамен 200 мың адам. Халқының саны 2 миллион ғана болатын ел үшін бұл үлкен көрсеткіш. Ал латвиялық көрсетілімдердің шарықтау шегі 9 шілде ұлттық мейрам кезінде болғалы тұр. Бұл күні Балтық Республикасы қонақтарға ауқымды мәдени бағдарлама ұсынады. Онда белгілі әнші Интарс Бусулис өнер көрсетеді.
Авторлары: Марина Петрова, Сергей Самойлов.
Дереккөз: www.24.kz
Қоршаған ортаны қорғау – тек бір елдің ғана емес, күллі әлемнің міндеті.
Бұл туралы Астанада өткен экологиялық проблемалардың алдын алуға арналған жиында айтылды. Сонымен қатар Еуропа одағының қаржылық қолдауымен елімізбен қатар шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың үш жылдық жобасы қорытындыланды. Осы уақыт аралығында бірқатар түйткілдің түйіні шешілген. Атап айтсақ, Ақтаудағы көп жыл бойы қолқаны қабар иісі мен шаң-тозаңы жергілікті тұрғындарды мезі еткен қоқыс үйіндісі жабылды. Сондай-ақ Ақшұқырдағы заңсыз қалдықтар орны жартылай жойылған. Мұнай қалдықтарын далаға тастағаны үшін «Оралэнергоқұрылыс» компаниясына сот шешімімен 671 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Мартин Скальский, Чехияның «Арника» үкіметтік емес ұйымының өкілі:
– Біз Қазақстанмен тәжірибеміздің табысты жақтарымен бөліскенімізге қуаныштымыз. Біздің тәжірибеге сүйене білген сіздің ел қысқа мерзімде жақсы нәтижеге қол жеткізді. Маңғыстау тұрғындарының проблемалары біршама азайды десек болады. Бірнеше экологиялық мәселе жергілікті азаматтардың бастамасымен шешімін тапты.
Дереккөз: www.24.kz
Аузын айға білеген мемлекеттің жасыл тәжірибесін зерттеуге келдік. Жоғары оқу орындары, ғылыми зерттеу институттары, мектеп, тіпті балабақшаның жасыл тәжірибесін зерттейміз.
Дереккөз: www.24.kz
Алматы облысында жылыжайлардың қатары көбейіп келеді. Бұрыннан жұмыс істеп тұрғандарының да аумағы ұлғайтылып жатыр.
Себебі қазір бау-бақша өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Жетісу жеріндегі 80 жылыжай шаруашылығы былтыр 30 мың тоннадай өнім берді. Олар ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, шет елдерге де өз өнімдерін шығара бастады.
Ғалия Тастанова Қапшағай қаласының іргесіндегі аумағы 10 га жерді алып жатқан жылыжай кешенінде 2012 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бастапқыда қарапайым жұмысшы ретінде кірсе, қазір осындағы екі бірдей блокты басқарады. Жылыжайдағы 7 га жерге томат егілсе, қалған 3 гектарында қияр өседі.
Ғалия Тастанова, жылыжай кешенінің блок басшысы:
– Жұмысымыз қиындау, бірақ сол жұмысымызға сай әлеуметтік пакеттеріміздің бәрі бар. Барлығы толық төленеді. 100 пайыз. Айлығымызды екі бөліп береді. Тегін көлік те бар. Түскі ас та тегін.
Мұнда 70 адам жұмыс істейді. Олар жоспар бойынша биыл 4,5 мың тонна қызанақ, 2100 тонна қияр өндіруі тиіс. Жыл басынан бері бұл жылыжай кешенінде 4 мың тоннадай қызанақ пен қияр жиналған. Олар өз өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, экспортқа да шығара бастады.
Мырзабек Бекмұханов, жылыжай кешені бас директорының орынбасары:
– Біздің өніміміз экспортқа Россияға шығады. Барнаул, Новосібір, Омск, Москваға дейін бардық.
Бұл кешенінің аумағы биыл 5 гектарға ұлғайтылды. Жылыжайдың іші сұйытылған газбен және электр қуатымен жылытылады. «Қапшағайға табиғи газ келсе, 25, тіпті 30 гектарды да емін-еркін игере аламыз»,- дейді жылыжай басшылығы. Ағымдағы жылы Іле ауданында аумағы 20 гектар болатын ірі жылыжай кешені салынып, іске қосылады. Мұндай жобалар Талғар, Ұйғыр аудандарында да жүзеге асады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов
Дереккзөз: www.24.kz
Астана қаласын абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша жұмыстарды уақытылы үйлестіру мақсатында 2017 жылдың 15 сәуірінен 15 мамырына дейінгі кезеңде экологиялық айлық өткізіледі.
Оның шеңберінде 29 сәуір мен 13 мамыр күндері елордада «Біз таза қала үшін!» жалпықалалық сенбіліктерді өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, елорда әкімінің тапсырмасы бойынша экологиялық айлықты және жалпықалалық сенбілікті өткізу бойынша штаб құрылып, оның құрамына қала әкімінің орынбасарлары және қалалық басқармалар мен қызметтердің басшылары енді.
Экологиялық айлық өтетін кезеңде білім мен денсаулық сақтау мекемелеріне бекітілген аумақтарды жүйелі түрде тазарту, көгалдандыру ұйымдастырылады. Сондай-ақ, су нысандарының мұнай өнімдерімен, тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен ластануын болдырмау мақсатында аталған нысандарды тұрақты бақылауға алу көзделген.
Экологиялық айлық барысында жеке тұрғын үй орамдарында тұрмыстық қалдықтарды орталықтандырылған жинау жұмыстары қамтамасыз етіледі, қоғамдық көліктің санитарлық жағдайы тексеріледі.
Бұл туралы Астана қаласының ресми сайты хабарлайды.
Дереккөз: www.24.kz
Америка Құрама Штаттарында үш ірі күн станциясы бар. Солардың бірі Техас штатының Сан-Антонио қаласында орналасқан. Онда 167680 күн модулі бар, 445 шақырым гектар жерді алып жатыр. 8850 үйді күн қуатымен қамтамасыз етеді. Жалпы Техас штатының күн қуаты бұдан да көп электр тоғын өндіруге мүмкіндік береді.
Дереккөз: www.24.kz
EXPO көрмесіне қатысушы 115 елдің 90-ы павильондарын безендіруге кірісіп кеткен. Ал қалашық аумағындағы құрылыс аяқталуға жақын.
Бұл туралы облыс әкімдерінің орынбасарларымен өткен кездесуде ұлттық компания төрағасы Ахметжан Есімов мәлімдеді. Оның айтуынша, негізгі нысандар қолданысқа беруге дайын. Құрылыстың аяқ алысы, халықаралық маңызды шараға дайындық барысын бүгін облыс әкімдерінің орынбасарлары өз көздерімен көріп, қалашықты аралады. Ахметжан Есімов әкімдік өкілдерін билетті сатып алуға үгіттеп қана қоймай, тұрғындарға EXPO-ның маңыздылығын насихаттауға шақырды.
Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ төрағасы:
– Жалпы мұндай көрме біздің өңірде ТМД мемлекеттерінің ішінде бірінші рет өткізіліп отыр. Осыны түсіндіріп айту керек. Әсіресе жастар, мектеп оқушылары, студенттер. Оларға келешекке ой туғызады. Дүниежүзінде жасалып жатқан еңбектерді көреді.
Дереккөз: www.24.kz
Қысы-жазы жайқалып тұратын бақ немесе тропикалық джунгли. Шығыс Қазақстандағы Украинка ауылында орналасқан жылыжайды дәл осылай атауға болады. Таңғажайып өсімдіктер әлемін өз көзімен көруге ықыласы ауғандар қатары күн санап артып келеді.
Хоббиді бизнеске айналдыра білу де өнер. Саналы ғұмырында инженер-техник қызметін атқарған Людмила Земляная зейнет жасына жеткенде өмірінің жаңа белесіне қадам басты. Осыдан 9 жыл бұрын жылыжай ашып, тропикалық және субтропикалық дақылдарды өсіруге ден қояды. Еңбегі нәтижесіз емес. Ойындағы өсімдіктері өсіп, таңғажайып баққа айналды. Енді түрлі өсімдіктерді көру үшін тұрғындарға шетелге барудың қажеті жоқ. Украинка ауылына келсе болғаны.
Людмила Земляная, жылыжай иесі:
– Өсімдіктер өте бейімделгіш келеді. Бастысы лайық жағдай жасау. Бәрі де классикалық үлгі бойынша жарық беру, суару және қоректендіру болды. Мысалы мен лимонды жақсы көремін. Оның күтімі де оңай. Қыста жарықты аз беру керек. Күтім болса өнім де көп алуға болады. Ал төгілген гүл мен хош иіс жанға жайлылық береді.
Жылыжайда өсімдіктің 500-ге жуық түрі бар. Әрқайсысына ерекше күтім мен қамқорлық қажет. Махаббатқа бөленген жемістер өнімді мол береді. Көпшілікті тәнті еткен алып лимондар мен кішкентай банандарды тамашалаушылар еліміздің түкпір-түкпірінен келеді екен. Мектеп оқушылары да осында.
Мәриям Тұрғанбек, оқушы:
– Мына жерге мен бірінші рет келдім. Маған мына жерде өте ұнады. Соншалықты көп ағаштар мен гүлдерді мен ешқашан көрген жоқпын.
Гүлім Сұлтан, оқушы:
– Маған қатты ұнады. Мен гүлдерді жақсы көремін. Менің есімде пальма, лилия өсімдіктері қалды.Содан кейін мен қызғалдақ көрдім.
Жалпы аумағы мың шаршы метрді құрайтын кешен төрт топтан тұрады.
Мерей Мұратханқызы, Twitter@muratkhankyzy:
– Көздің жауын алатын өсімдіктер мекені. Мұнда тропикалық өсімдіктер де және экзотикалық жемістер де бар. Әсемдік пен эстетика үйлесім тапқан жылыжайда 300-ден аса ұрпағымен әйгіленген Шыңғыс хан тұтынған мурайя өсімдігі бар. Денсаулыққа пайдалы өсімдікті жапон императорлары да қорған ретінде тұтынған деседі.
Өңір натуралистері мен флористері де жылыжайдың тұрақты меймандарына айналған. Ғылыми жұмыстар бойынша келісім жасау үшін еліміздің өзге өңірлерінен де мамандар келеді екен.
Айнаш Кітапбаева, биология кафедрасының меңгерушісі:
– Тропикалық өсімдіктер бар, лимон өсіріледі, ауылшаруашылық дақылдары да өсіріліп жатыр екен. Солардың бәрін көрдік. Енді студенттерімізді жылыжайға әкеліп, жұмыс жасап, байланыста болсақ деген жоспарымыз бар.
Жанға ләззат сыйлар хош иіс, жылы леп, таза ауа, көз тартар гүлдер мен бағалы ағаштар жылдың төрт мезгілінде жайқалып тұрады. Бастысы, еселі еңбек жемісін беруде.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов
Дереккөз: www.24.kz
Адам әрекетінен табиғатқа келетін кесірді тиімді технология, бірізді саясат пен энергоменеджмент арқылы азайтуға болады. Бүгінде еліміз «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын жүзеге асырып жатыр. Бұл Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін инструменттердің бірі. Сондай-ақ бұл межеге жету арқылы еліміз 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіре алады.