Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Маңғыстаулық өнертапқыштың жобасы ЕХРО көрмесіне қойылады

Дереккөз: www.24.kz

3456

Маңғыстаулық өнертапқыш ойлап тапқан жел электр станциясы ЕХРО-2017 көрмесіне қойылатын болды. «Болашақ энергиясы» республикалық байқауының жеңімпазы өңірдегі жеке шаруа қожалығының біріне алғашқы құрылғыны орнатып, сынақтан сәтті өткізді. Облысты электр қуатымен қамтып отырған кәсіпорын мамандары тың жобаға жоғары баға берді. Құрастыруға небәрі 100 мың теңге жұмсалатын құрылғы сағатына 10 киловатт қуат көзін өндіреді. Мұндай станцияны қала үйлерінің үстіне де орнатуға болады.

Айта кетерлігі, ғимаратқа қосымша екі қабат салынуы керек. Жел модульдері сонда қойылады. «Самал соққан бағытқа қарай өздігінен бұрылып тұратын станция желден қуат алатын өзге құрылғыларға қарағанда энергияны екі есе артық жинайды», – дейді Қазақ Еңбек академиясының профессоры. Қымбат материалды қажет етпейтін инновациялық бастамаға жергілікті фермерлер зор қызығушылық танытып отыр.

Марат Исекеев, өнертапқыш:

– Суға платина қояды ғой, дәл сол сияқты біз желдің жолын жауып, желді стансаның ішінен өткізіп, жел энергиясын электр энергиясына ауыстырамыз. Өтпе жел арқылы алған желдің жылдамдығы көбейеді.

Алматыда заңсыз ағаш кескендерге салынатын айыппұл көлемі артады

Дереккөз: www.24.kz

4fde7843eea578da016b39339f103714_l

Жасыл желекке оранған Алматыда ағаштарды заңсыз кесу дерегі азаймай тұр.

Сондықтан табиғат жанашырлары: «Рұқсатсыз тал кескендерге айыппұл көлемін көбейту керек», – деп санайды. Бұған қоса, табиғатқа келтірген зиянның орын толтыру үшін 10 тал отырғызу міндеттелмек.

Қала орталығында мынадай жағдай жиі кездеседі. Әсіресе жауын-шашын болып, дауыл тұрған сәттерде теректер теңселіп, қарағаштың бұтақтары құлап жатады. Бұл адам өміріне қауіп төндіретіндіктен, ескірген ағаштарды дер кезінде кесу керек. Алайда ол үшін тиісті мекеменің рұқсаты қажет. Көше бойындағы ағашты бұталап немесе түбірінен араласаңыз көлемді айппұл төлейсіз. Мысалы, жыл басынан бері Медеу ауданында бірнеше ағаш заңсыз оталған.

Мақсат Ескендіров, Медеу аудандық экология және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы:

-Жаңадан қосылған териториялар бар. Сол аумақтағы адамдардың көбі біле бермейді. Осы былтырдан бері ауданда ағаш кесу азайды.

Рұқсатсыз кесілген ағаш үшін айыппұл көлемі – 90 мың теңге. Бұған қоса, табиғатқа келтірген зиянның орын толтыру үшін 10 тал отырғызу міндет. Бірақ мұндай талапты кейбір кәсіпкерлер елемейді де. Сондықтан қалалық қоғамдық кеңес мүшелері: «Қатаң шара қолданып, айыппұл көлемін өсіру керек», – деп есептейді.

Думан Қапасов, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

-Ол айыппұл өте аз. Кәсіпкерлерді, заңсыз ағаш кесіп жатқандарды тоқтатпайды. Сондықтан да ол айыппұлдарды өзгерту керек. 10 есе көбейту керек деп ұсыныс бердік.

Көше бойындағы ағаштар инфрақұрылым жүйесіне кедергі келтірсе немесе өмірге қауіп төндірген жағдайда ғана кесіледі. «Бірақ бәрі заңды болу керек», – дейді мамандар. Жыл сайын қалада 32 мың ағаш араланады екен. Қоғамдық кеңес айппұл көлемін артыру туралы ұсынысын қалалық мәслихатқа жолдаған. Оның жауабы осы айдың соңында белгілі болу керек.

Авторлары: Алмас Сәдуақас, Полина Чихичина, Әбен Нарымбаев, Сержан Жұмабаев

Елімізде көгілдір отынға деген біркелкі тариф орнатылуы мүмкін

Дереккөз: www.24.kz

b7eb48611fd65b61e9a970ef49c48ef0_l

Бүгін Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ақмола облысындағы «Арнасай» «жасыл» технология орталығында өткен көшпелі қоғамдық кеңес отырысында осылай деп мәлімдеді.

Бұған қоса, сала басшысы дүниежүзілік ЕХРО көрмесіне дейінгі дайындық барысын баяндады.

Арнасай ауылының тыныс-тіршілігі «жасыл» технологиямен тікелей байланысты. Елді мекендегі тұрғындар инновациялық өнертабыстарын күнделікті тұрмыста қолданып жүр. Көрмеге қойылған көрнекі құралдың көбі коммерциялық тұрғыда толағай табыс әкелген. Ал бензинді сумен алмастыратын жаңа қондырғыны ойлап тапқан елордалық Диас Оралов өзінің тың туындысын алғаш рет көпшілік назарына ұсынды. Айтуынша, сутегі генераторы көліктің жанар-жағармайға деген сұранысын 40%-ға дейін өтеп, ауаға тарайтын зиянды затты азайтады. Ендігі жерде бұл жобаға мемлекет тарапынан қолдау тапса, дүниежүзілік ЕХРО көрмесіне қойылуы мүмкін.

Данияр Әзімханов, қоғамдық кеңес мүшесі:

– «Жасыл» технологияға көшу жөніндегі тұжырымдамада 2017-2018 жылдарда жұмсалатын қаржы мөлшері 1 млрд доллар деп көрсетілген. Осыншама қаржы қалай және қандай мақсатта жұмсалып жатыр?

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

– Тұжырымдама дүниежүзілік дағдарыс басталмай тұрып жазылған еді. Жыл сайын баламалы қуат өндіретін нысандар іске қосылып жатыр. Қазір елдегі 50 станция осы мақсатта жұмыс істейді.

Энергетика саласының биылғы бюджеті 85,8 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржы өткен жылмен салыстырғанда біршама көп. Министрдің айтуынша, бюджеттің басым бөлігі энергетика, көмір және уран салаларын қаржыландыруға жұмсалады. 11%-ы мұнай-газ секторы мен химия өндірісіне, ал 9,7%-ы қоршаған ортаны қорғау ісіне бағытталады.

Алмас Құдайберген, қоғамдық кеңес мүшесі:

– Геологиялық зерттеу бойынша елімізде қатпарлы мұнай-газдың қомақты қоры бар. Өзіңіз білесіз, АҚШ осы шикізатты өндіріп, қыруар пайда тауып келеді. Бізде осы мұнай түрін өндіруге қашан көңіл бөлінер екен?

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

– Біздің мәлімет бойынша, еліміздегі қатпарлы мұнай қоры белгісіз. Геологтар бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Бірақ барлау нәтижелеріне сүйенсек, шикізаттың бұл түрі табылған жоқ.

Басқосуда еліміздің солтүстік аймақтары мен Астананы көгілдір отынмен қамту мәселесі де көтерілді. Бұл бағытта министрлік бірқатар түйткілдің түйінін реттеуді көздеп отыр. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Қызылордадан елордаға қарай газ құбыры тартылуы тиіс. Ол үшін еліміз бойынша көгілдір отынға біркелкі тариф орнату жоспарда бар.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

– Келесі аптада бұл мәселені қарастыратын боламыз. Астана қаласының әкімімен бірге қараймыз. Сонан кейін келесі айда Премьер-Министрге баяндайтын боламыз.

Қоғамдық кеңес кезінде министр отандық өнертапқыштарды ЕХРО көрмесіне белсенді қатысуға шақырды. Себебі, дүниежүзілік шарада еліміздің тарапынан технологиялық тұрғыда 28 тың туынды ұсынылады. Көрнекі құралдар 30 мамырда арнайы павильонға қойылады. Ал ел аузында «жасыл» ауыл атанып кеткен «Арнасай» ЕХРО қонақтарын қарсы алып, инновациялық жетістіктерді паш етуге дайын.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Асхат Қарақойшиев

Халықаралық энергетикалық хартия EXPO-2017 көрмесіне қатысады

Дереккөз: www.24.kz

b062cf3f73293aabb6bfcc57371024e0_l

Халықаралық энергетикалық хартия Астанадағы «ЭКСПО-2017» жұмысына қатысады.

Әлемдік көрме аясында өтетін БҰҰ-ның энергетикалық конференциясына беделді ұйымның өкілдері де келеді. Бұл туралы Брюссельде өткен форум барысында айтылды. Онда қатысушы елдердің сарапшылары тұрақты энергетиканың инвестициялық дамуын талқылады. 1991 жылы құрылған ұйым Еуропа, Африка және Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты үйлестіруге атсалысып келеді. Ал Қазақстан алғашқылардың бірі болып, энергохартия процесіне қосылып, 2014 жылы табысты төрағалық еткен.

Андрис Пиебалгс, Еуропалық Одақтың бұрынғы комиссары (2004-2010):

– Қазақстан – қуат көзін өндіруді әртараптандыруға баса көңіл бөлетін елдердің бірі. Бұл халықаралық процестің дамуына септігін тигізеді. Өйткені аталған Хартияға Қазақстанның үлкен көмегімен қадам жасалды.

Урбан Руснак, Халықаралық энергетикалық хартияның бас хатшысы:

– Халықаралық ұйым және өз басым «ЭКСПО» жұмысына және БҰҰ-ның конференцияларына, көрменің ашылуында өтетін шараларға қатысамын. Бұл мамандандырылған көрме жаһандық климаттың өзгеруіне септігі тиетін түрлі технологияларға жол ашады. Қазақстан көмірсутегі ресурстарына бай, екінші жағынан, әлеуетті және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға болатын ел ретінде ерекше мүмкіндік сыйламақ. Таза қуат көзіне инвестиция тарта отырып, бірте-бірте көшу маңызды шешім деп ойлаймын.

ШҚО-да тұқымбақ ашылды

Дереккөз: www.24.kz

a6a4fd6c496db1201c27ed1c02bdd8f4_l

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында тұқымбақ ашылды.

Онда қарағай, қайың, самырсын сияқты ағаш түрлері өсіріледі. Басты мақсат – облыстағы елді мекендерді көгалдандыру әрі бұл сала бойынша бюджетке салмақ салмау. Биылдың өзінде 30 мың түп еліміздің Риддер мен Күршімдегі орман шаруашылықтарынан жеткізілді.

Жалпы, ауданда соңғы 4 жылда 10 мың түп шырша егілген. Осы жылы да Ақсуат және Ақжар ауылдарына шырша отырғызу жоспарда бар. Алдағы 3 жылда облыста тұқымбақ өндірісін әрі қарай дамыту көзделіп отыр.

Ділдәбек Оразбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:

– Облыстық табиғи ресурстар басқармасы арқылы орман шаруашылығы бізге мұны тегін босатып жатыр. Себебі 1-2 жылдық кезінде бұлардың бәрін бізге тегін беріп, жеңілдік жасап жатыр. Ал үлкендерін алатын болсақ, оның бәрі қаражат, оның әрқайсысы 3-5 мың теңге тұрады. Ал біз мұны өзімізде 1-2 жыл жақсылап күтіп-баптап, өскеннен кейін ары қарай дамытамыз.

ЕХРО-2017: немістер несімен таңқалдырмақ?

Дереккөз: www.24.kz

8bd4574db2d017ed7e5831cb00dd1309_l

Немістер біздің елде өтетін ЕХРО қонақтарын «елден ерек қайран қалдырамыз», – деп қауырт қамданып жатыр.

Бұл туралы осы елдің павильонын таныстыру кезінде Федеративтік Республиканың Қазақстандағы елшісі мәлім етті. Рольф Мафаэльдің айтуынша, олардың көрме алаңы көлемі жағынан ең үлкен павильондардың бірі болмақ. Ауқымды нысан бірнеше алаңқайға бөлінген. Мәселен, бірінші залда әлем картасы көпшілік назарына ұсынылады. Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар қонақтарға арнайы электронды кілт таратпақ. Сол арқылы кез келген экспонат туралы мәлімет алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ павильонның бір бөлігінде дүкендер ашылады. Онда келушілерге немістің ұлттық тағамдары ұсынылады. Естелік ретінде сатылатын кәдесыйлар да көп болмақ.

Андреас Хорбельт, креативті директор:

– Германия ЕХРО алаңындағы ең үлкен павильонның біріне ие. Сондықтан нысанды барынша тартымды әрі көпке пайдалы етіп дайындауға тырысып жатырмыз. Өйткені «Болашақтың энергиясы» тақырыбы біздің ел үшін де маңызды. Германия соңғы 20 жылда энерготиімділік, қоршаған ортаны қорғау саласындағы күрделі мәселелердің күрмеуін шешуге атсалысып келеді. Астанада өтетін ауқымды шараға айрықша ынта-ықылас білдіруіміздің бір себебі осы.

EXPO көрмесіне Нобель сыйлығының иегерлері қатысады

Дереккөз: www.24.kz

dd7553a6e6b5bbb2e39f49292e91a978_l

Нобель сыйлығының иегерлері EXPO көрмесі аясында өтетін 19-20 маусымдағы Дүниежүзілік инженерлер мен ғалымдар конгресіне қатысатынын мәлімдеді.

«Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер және оларды жүзеге асыру әдістері» тақырыбында өтетін бұл жиынға әлемнің 50 елінен 1000-ға жуық делегат қатысады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ Нобель сыйлығының төрт иегері Чунг Рэй Квон  (Rae Kwon Chung), Мохан Мунасингхе (Mohan Munasinghe), Ражендра Кумар Пачаури (Rajendra K.Pachauri), Данкан Майкл Холдейн (Duncan Haldane) келеді.

Бұл шара тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Зиянды қалдықтар шығарындыларына квота бөлінеді

Дереккөз: www.24.kz

0100df755c4501a5fa01bd395487878b_l

Келер жылдан бастап парниктік газдарды атмосфераға шығаруды шектеуге квота беріледі. Қазір осы мәселені реттейтін ұлттық жоспар әзірленіп жатыр.

Жоба бүгін Мәжіліс комитетінің отырысында талқыланды. Квота бөлудің 2 түрлі әдісі қарастырылып отыр. Бұған дейін қолданылған тәсілмен қатар жаңа жүйе де енгізілетін болады. Кәсіпкерлер өздеріне ыңғайлысын таңдай алады.

Айта кетейік, зиянды қалдықтар шығаруды азайтуға квота бөлу тетігі былтыр тоқтатылды. Себебі оны беру барысында бірқатар олқылықтар анықталған еді. Енді мамандар: «Бұл кемшіліктерді ескеріп, жыл соңына дейін ұлттық жоспарды қабылдаймыз», – деп отыр.

Олжас Ағабеков, ҚР Энергетика министрлігі департамент директорының міндетін атқарушы:

-Ұлттық жоспардың негізгі мақсаты зиянды қалдықтар шығарындыларын азайту болып табылады. Ол үшін біз квота беру жүйесін енгіземіз. Кәсіпкерлер квотаны тікелей немесе биржа арқылы сатып ала алады. Біз осылайша парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылмен салыстырғанда, 2030 жылға дейін 15 пайызға азайтуды көздеп отырмыз. Ұлттық жоспарды ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына дейін әзірлеп, Үкіметтің қарауына ұсынатын боламыз. 

2017 жылдың 26-28 сәуір аралығында «Парниктік газдарды түгендеу» тақырыбына өткізілген семинар туралы баспасөз хабарламасы

ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2017 жылдың 26-28 сәуір аралығында Астана қаласында «Парниктік газдарды түгендеу» тақырыбына қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мамандар үшін оқыту семинарын өткізді.

Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері: «Каустик» АҚ; «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының «Ғылыми-Техникалық Орталық» филиалы; «Қуатамлонмұнай» БК ЖШС; «Алтыналмас АК» АҚ; «Кнауф Гипс Қапшағай. ДЭГ-Дойче Инвестиционс унд Энтвиклунгсгезельшарф мбХ улесті қатысатын кәсіпорны» ЖШС; «Цесна-Астық» Концерні» ЖШС; «Техбұлақ» ЖШС; «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» ШЖҚ РМК; «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ.

 Семинарда келесі сұрақтар қарастырылды:

  • Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулері саласындағы мемлекеттік реттеу;
  • Өндіріс және тұтыну қалдықтарынан парниктік әсер;
  • Парниктік газдарды түгендеу туралы есептілік;
  • Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды беру, өзгерту және өтеу;
  • ҚР заңнамасының парниктік газдар шығарындылары және т.б. реттеу бөлігіндегі өзгерістер мен толықтырулар және т.б.

Дәріс оқығандар:

Журынова Сауле КонысхановнаҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД директоры;

Досмакова Бизара Жакиевна – ҚР ЭМ Қалдықтарды басқару департаменті  директорының орынбасары;

Токтасынова Тоты Клышбековна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;

Садвокасова Алия Малаевна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД басқарма басшысы;

Асербаева Гаухар Ризабековна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД басқарма басшысы.

Семинар соңында куәліктер табыс етілді.

Астана әкімдігі EXPO көрмесі өтетін кезеңге арналған мәдени бағдарлама ұсынады

Дереккөз: www.24.kz

996feab4f490601ef342f83d03ab03a0_l

EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезіндегі мәдени бағдарлама мен концерттердің 70 пайызы барша азаматтарға қолжетімді болады.

Ол негізінен қаланың түрлі аудандарында ашық алаңдарда, саябақтарда, сондай-ақ қала маңындағы тұрғын алаптарында өткізіледі. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Маусымнан қыркүйек айына дейін түрлі форматтағы 647 мәдени-бұқаралық шара ұйымдастырылады: халықтық серуен, мәдени-бұқаралық, отбасылық демалыс, фестивальдер, көрмелер, театрландырылған және цирк қойылымдары және т.б.

EXPO-2017 көрмесінің ресми ашылу және жабылу салтанатын қаланың үш ауданында тікелей эфирден тамашалауға болады. Үлкен LED экрандар «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда, қалалық алаңда және «Студенттік» саябақта орнатылады.

Жаздың үш айында қала саябақтарында «Саябақтың жеті кереметі» атты шара өткізіледі. Қазақ ертегілерінің, танымал мультфильмдер кейіпкерлерінің, диснейлік кейіпкерлер мен роботтардың қатысуымен 7 тақырыптық бағдарлама көпшілік назарына ұсынылады. Жалпы алғанда, саябақтарда балалар мен ересектерге арналған мыңнан аса ойын-сауық шарасы өтеді.

Сулы-жасыл желектік ІІ Astana Art Fest халықаралық фестивалі ұйымдастырылады. Бұдан басқа халық аспаптары оркестрлерінің «Серпер» фестивалі, үрмелі аспаптар оркестрлерінің «Астана самалы» фестивалі  өтеді.

Демалыс күндері тұрғын алаптарында қазақстандық артистер мен елорданың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Думанды Сарыарқа» концерті өтеді.

Сонымен қатар жазда «Астана жұлдызы» ұлттық кәсіби музыкалық сыйлығын табыстау салтанаты өтеді. Шараға отандық эстраданың танымал өкілдері қатысады және «Үздік жыл орындаушысы» анықталады.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика