Дереккөз: EXPO2017
Астана қ., 2 мамыр 2017ж.
Көрме ұйымдастырушысының кеңсесінде “Астана ЭКСПО-2017″ ҰК” АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов пен Сауд Арабиясы Корольдігінің энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі Халид әл Фалихпен кездесу өтті.
Кездесу барысында Ұлттық компания басшысы министрді ЭКСПО-2017 көрмесінің дайындығы мен құрылыс ахуалымен таныстырып өтті.
«Барлық жұмыстар аяқталу кезеңіне таяу. Қазіргі кезде қатысушы мемлекеттер павильондарын толтырумен қарқанды айналысуда. Сіздің елдің павильоны келушілер саны және контенттік мазмұны жағынан тартымды болатынына сенімдімін», – деді А. Есімов.
Халид әл Фалихтің айтуынша, Сауд Арабиясының ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы екі елдің экономикалық қарым-қатынасының күшейюіне септігін тигізбек.
«Біздің ел карбоннан жоғары технологиялық өнімдер шығарады. Көрмеге осы сала бойынша жаңа жобалар алып келеміз», – деді министр.
Дереккөз: Tengrinews
Синоптиктер 2017 жылғы 27-29 сәуірге арналған ауа райы болжамын жария етті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі “Қазгидромет” РМК өкілдеріне сілтеме жасап.
“Кавказ аумағынан жылжып келе жатқан антициклон әсерінен, Батыс Қазақстан аймақтарында алдағы үш тәулікте ауа райы жауын-шашынсыз болады және жылынады деп болжанады”, – дейді синоптиктер.
Еліміздің қалған аймақтарында полярлы атмосфералық фронттар арктиканың суық фронттарға жалғасады. Осы фронттардың әсерінен, Қазақстандықтарды жаңбырлы, найзағайлы ауа райы күтіп тұр. Еліміздің оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ, екпінді жел және ауа райының салқындауы байқалады.
“Егер өткен тәулік, 25 сәуірде ауа температурасы (батыс аудандарды қоспағанда) 4-8ºС нормадан жоғары болса, 28-29 сәуірде еліміздің орталығында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында температура климаттық нормадан 2-5ºС дейін төмендейді”, – деп болжады “Қазгидромет” РМК өкілдері.
Астана қаласы: бұлтты, таңертең және күндіз жаңбыр жауады. Солтүстік-батыстан соққан желдің күші 9-14 м/с. Ауаның температурасы түнде +10+12С, күндіз +16+18°С болады.
Алматы қаласы: көшпелі бұлтты, жауын-шашынсыз. Жел 0-5 м/с. Ауаның температурасы түнде +12+14°С, күндіз +27+29°С болады.
Дереккөз: KAZINFORM
АКТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтау шекара жасағының мемлекеттік шекара бөлімшелеріне барды және жасыл технологияны қолдану арқылы шекара заставаларын электрлендіру мәселесі бойынша жұмыс істеуді тапсырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Осылайша, аймақ әкімі «Суе» техникалық қадағалау бекетінің, «Даля» шекара заставасының, «Темір баба» шекаралық бақылау бекеті автокөлік бөлімшесі қызметімен және әскери қызметшілердің өмір сүру жағдайымен танысты. Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов «Болашақ» және «Үстірт» шекаралық заставаларын күзететін 2018 әскери бөлімінің әскерилерімен кездесті.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Қарақия ауданының әкімдігіне,
энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жасыл технологияны пайдалану арқылы заставалар мен бекеттерді электрлендіру мәселесін зерттеуді тапсырды.
«Суе» техникалық қадағалау бекеті мен «Үстірт» шекара заставасын жасыл технологияны пайдалану арқылы электрлендіру, электр қуатының тапшылығын жою және «Темір баба» шекара бақылау бекетінің барлық нысандарын электр тоғымен үздіксіз қамту аса маңызды», – деді Ералы Тоғжанов.
Тиісті мемлекеттік органдарға «Суе» бекетіне су тұшыту қондырғысын орнату және Қарақия ауданының Болашақ ауылына дейін қиыршық жол салу мүмкіндігін қарастыру тапсырмасы берілді.
Дереккөз: KAZINFORM
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруда ГМО-ны қолдануға тыйым салынады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық аграрлық ғылыми-ағартушылық орталығының басшысы Асқар Наметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Барлық ГМО гибридтермен байланысты. Әлемде гибридтер негізінен майлы дақылдыларды өсіруде қолданылады. Гибридтер біздің елге 10-15 жыл бұрын келген және біздің жағдайларға икемделе алмады. Біздің мемлекет ГМО қолданатын гибридтерге оң көзқарас танытпай отыр. Жақын жылдары оларды қолдануға тыйым салатын белгілі бір кедергілер, нормалар, ережелер енгізілуі мүмкін», – деп атап өтті ол.
Асқар Наметовтің айтуынша, шет мемлекеттер Қазақстанда егін шаруашылығы химиялық қоспаларсыз жүргізілетінін біледі. Олар Қазақстаннан органикалық таза өнімдерді күтеді, сондықтан біздің елде ГМО гибридтерін қолданатын болсақ, олар оны қолдамайды.
«Сондықтан бізге біртендеп органикалық жер және мал шаруашылығын дамытуға көшу керек. Қазір стандарттар жасақталуда. 2017 жылдың екінші жартысында органикалық өнім шығаруға мүмкіндік беретін ережелер шығуы ықтимал», – деп атап өтті Наметов.
Оның сөзінше, Ақмола облысында бірнеше кәсіпорын аккредитациядан өткіп үлгерді, енді олардың шығарған таза өнімдері Еуроодақ елдеріне экспортталуда.
Дереккөз: KAZINFORM
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің басқарма басшысы Нариман Жүнісов Атырауда ұсталған 160 келілік ақсерке балығының қайда жіберілгенін айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сәуірдің 1-і күні ақсеркенің ұрғашысы ұсталған болатын. Салмағы – 160 келі. Барлығы сол балықтың тағдырына қатты алаңдады. Осы орайда сәуірдің 18-і күні ол балықтан 30 келі 600 грамм уылдырық алынды. Ол шамамен 1 миллион 200 мың дана уылдырық болады. Соның барлығын жасанды жолмен ұрықтандырғаннан кейін инкубациялық аппараттарға орналастырды. Енді, шілде айында кәдімгідей балықтарды теңізге жіберетін боламыз», – деді Жүнісов.
Оның айтуынша, бүгінде Батыс Қазақстан облысында ақсеркені өсіретін екі зауыт бар. Ағымдағы жылда ол кәсіпорындар шамамен 7 миллион ақсерке балықтарын теңізге жіберуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, осы айдың басында Атыраудағы «Амангелді» өндірістік кооперативі салмағы 160 келі болатын ақсерке балығын ұстаған болатын. Балықтың ұзындығы – 230 сантиметр. Осыдан төрт жыл бұрын аталған кооператив 300 келілік ақсеркені ұстады деген ақпарат бар.
Айта кетейік, бүгінде Каспий теңізінде балық аулауға тыйым салу мәселесі қаралып жатыр. Атырау мен Маңғыстау облыстарының әкімдіктері бұл бастаны қолдап отыр.
Дереккөз: www.24.kz
Латвия павильоны 365 шаршы метрді қамтиды.
Оның бірінші қабатында қоршаған орта саласында қол жеткен жетістіктер мен инновациялар қойылса, екінші қабатында кездесу орны мен конференц зал орналасады. Ал ең басты безендіру елдің негізгі нышанының бірі – лағыл тастар болмақ. Олар заманауи дыбыстық-көріністік технология арқылы түрленіп тұрады.
Агнесе Ласе, сәулетші:
– Бұл тастардың биіктігі 5 метрге дейін жетеді. Қонақтар виртуалды көрініс арқылы Латвияның көрікті аумақтарын тамашалай алады. Бұл көрнекіліктер түр-түсін өзгертіп, адамға әсер береді. Павильонда сутекті-электрлі локомотив қоямыз. Энергия біздің табиғатымызда – бұл біздің тұжырымдамамыз.
ЭКСПО-2017 көрмесінде Латвия өзін Батыс пен Шығыстың көпірі ретінде көрсетпек мақсат – елдің танымалдығын арттыру. Үш айлық көрме тақырыптарға бөлініп, әр аптада көлік пен логистикадан бастап білім, медицина, интернет-технология, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сияқты экономиканың әр саласы паш етіледі.
Яныс Эндзиньш, Латвиядағы ЭКСПО-2017 көрмесінің комиссары:
– Әр апта сайын көрмеге қатысушылар өздерінің ерекше бір дайындаған шарасын көрсетеді. Біздің жоспарлауымызша оған түрлі өнеркәсіптен 50-ге жуық өкіл қатысады. Олар да өздерінің тың өнімдерін ұсынады.
Латвияның көрмеге жұмсалатын шығыны 1 миллион еуроны құрап отыр. Мұнда өндіріс ошақтары өздерін жарнамалап қана қоймай, Қазақстандағы сауда миссиясына қатысуға мүмкіндік алады.
Ансис Эгле, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Латвия павильонының директоры:
– Біздің Қазақстанмен сауда балансымыз 100 миллион еуроға жеткен. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Ол жылына 15 пайызға өсіп отыр. Менің ойымша бұл көрме екі елдің арасындағы экономикалық қарым-қатынастың дамуына оң ықпалын тигізеді.
Ұйымдастырушылардың болжамы бойынша көрмедегі Латвия павильонын шараға келген барлық қонақтың 10 пайызы көреді. Бұл шамамен 200 мың адам. Халқының саны 2 миллион ғана болатын ел үшін бұл үлкен көрсеткіш. Ал латвиялық көрсетілімдердің шарықтау шегі 9 шілде ұлттық мейрам кезінде болғалы тұр. Бұл күні Балтық Республикасы қонақтарға ауқымды мәдени бағдарлама ұсынады. Онда белгілі әнші Интарс Бусулис өнер көрсетеді.
Авторлары: Марина Петрова, Сергей Самойлов.
Дереккөз: www.24.kz
Қоршаған ортаны қорғау – тек бір елдің ғана емес, күллі әлемнің міндеті.
Бұл туралы Астанада өткен экологиялық проблемалардың алдын алуға арналған жиында айтылды. Сонымен қатар Еуропа одағының қаржылық қолдауымен елімізбен қатар шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың үш жылдық жобасы қорытындыланды. Осы уақыт аралығында бірқатар түйткілдің түйіні шешілген. Атап айтсақ, Ақтаудағы көп жыл бойы қолқаны қабар иісі мен шаң-тозаңы жергілікті тұрғындарды мезі еткен қоқыс үйіндісі жабылды. Сондай-ақ Ақшұқырдағы заңсыз қалдықтар орны жартылай жойылған. Мұнай қалдықтарын далаға тастағаны үшін «Оралэнергоқұрылыс» компаниясына сот шешімімен 671 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Мартин Скальский, Чехияның «Арника» үкіметтік емес ұйымының өкілі:
– Біз Қазақстанмен тәжірибеміздің табысты жақтарымен бөліскенімізге қуаныштымыз. Біздің тәжірибеге сүйене білген сіздің ел қысқа мерзімде жақсы нәтижеге қол жеткізді. Маңғыстау тұрғындарының проблемалары біршама азайды десек болады. Бірнеше экологиялық мәселе жергілікті азаматтардың бастамасымен шешімін тапты.
Дереккөз: www.24.kz
Алматы облысында жылыжайлардың қатары көбейіп келеді. Бұрыннан жұмыс істеп тұрғандарының да аумағы ұлғайтылып жатыр.
Себебі қазір бау-бақша өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Жетісу жеріндегі 80 жылыжай шаруашылығы былтыр 30 мың тоннадай өнім берді. Олар ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, шет елдерге де өз өнімдерін шығара бастады.
Ғалия Тастанова Қапшағай қаласының іргесіндегі аумағы 10 га жерді алып жатқан жылыжай кешенінде 2012 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бастапқыда қарапайым жұмысшы ретінде кірсе, қазір осындағы екі бірдей блокты басқарады. Жылыжайдағы 7 га жерге томат егілсе, қалған 3 гектарында қияр өседі.
Ғалия Тастанова, жылыжай кешенінің блок басшысы:
– Жұмысымыз қиындау, бірақ сол жұмысымызға сай әлеуметтік пакеттеріміздің бәрі бар. Барлығы толық төленеді. 100 пайыз. Айлығымызды екі бөліп береді. Тегін көлік те бар. Түскі ас та тегін.
Мұнда 70 адам жұмыс істейді. Олар жоспар бойынша биыл 4,5 мың тонна қызанақ, 2100 тонна қияр өндіруі тиіс. Жыл басынан бері бұл жылыжай кешенінде 4 мың тоннадай қызанақ пен қияр жиналған. Олар өз өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, экспортқа да шығара бастады.
Мырзабек Бекмұханов, жылыжай кешені бас директорының орынбасары:
– Біздің өніміміз экспортқа Россияға шығады. Барнаул, Новосібір, Омск, Москваға дейін бардық.
Бұл кешенінің аумағы биыл 5 гектарға ұлғайтылды. Жылыжайдың іші сұйытылған газбен және электр қуатымен жылытылады. «Қапшағайға табиғи газ келсе, 25, тіпті 30 гектарды да емін-еркін игере аламыз»,- дейді жылыжай басшылығы. Ағымдағы жылы Іле ауданында аумағы 20 гектар болатын ірі жылыжай кешені салынып, іске қосылады. Мұндай жобалар Талғар, Ұйғыр аудандарында да жүзеге асады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов
Дереккзөз: www.24.kz
Астана қаласын абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша жұмыстарды уақытылы үйлестіру мақсатында 2017 жылдың 15 сәуірінен 15 мамырына дейінгі кезеңде экологиялық айлық өткізіледі.
Оның шеңберінде 29 сәуір мен 13 мамыр күндері елордада «Біз таза қала үшін!» жалпықалалық сенбіліктерді өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, елорда әкімінің тапсырмасы бойынша экологиялық айлықты және жалпықалалық сенбілікті өткізу бойынша штаб құрылып, оның құрамына қала әкімінің орынбасарлары және қалалық басқармалар мен қызметтердің басшылары енді.
Экологиялық айлық өтетін кезеңде білім мен денсаулық сақтау мекемелеріне бекітілген аумақтарды жүйелі түрде тазарту, көгалдандыру ұйымдастырылады. Сондай-ақ, су нысандарының мұнай өнімдерімен, тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен ластануын болдырмау мақсатында аталған нысандарды тұрақты бақылауға алу көзделген.
Экологиялық айлық барысында жеке тұрғын үй орамдарында тұрмыстық қалдықтарды орталықтандырылған жинау жұмыстары қамтамасыз етіледі, қоғамдық көліктің санитарлық жағдайы тексеріледі.
Бұл туралы Астана қаласының ресми сайты хабарлайды.
Дереккөз: www.24.kz
EXPO көрмесіне қатысушы 115 елдің 90-ы павильондарын безендіруге кірісіп кеткен. Ал қалашық аумағындағы құрылыс аяқталуға жақын.
Бұл туралы облыс әкімдерінің орынбасарларымен өткен кездесуде ұлттық компания төрағасы Ахметжан Есімов мәлімдеді. Оның айтуынша, негізгі нысандар қолданысқа беруге дайын. Құрылыстың аяқ алысы, халықаралық маңызды шараға дайындық барысын бүгін облыс әкімдерінің орынбасарлары өз көздерімен көріп, қалашықты аралады. Ахметжан Есімов әкімдік өкілдерін билетті сатып алуға үгіттеп қана қоймай, тұрғындарға EXPO-ның маңыздылығын насихаттауға шақырды.
Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ төрағасы:
– Жалпы мұндай көрме біздің өңірде ТМД мемлекеттерінің ішінде бірінші рет өткізіліп отыр. Осыны түсіндіріп айту керек. Әсіресе жастар, мектеп оқушылары, студенттер. Оларға келешекке ой туғызады. Дүниежүзінде жасалып жатқан еңбектерді көреді.