Бүгін «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Австрия Ұлттық павильонының комиссары Рихард Шенц кездесті, деп хабарлайды BNews.kz.
«Австрия осы көрмеге қатысып, өз өнімін таныстара алатындай мүмкіндік туғанына қуанышты. Елімді «Болашақ энергиясын» пайдаланатын әлемдік лидерлердің бірі деп санаймын. Бүгінде энергияның 25 %-ын баламалы көздерден аламыз», – деді Рихард Шенц.
Ұлттық павильон жұмысы аясында Австрия экономикалық және туристік байланыстарды дамыту үшін В2В форматында кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, олар екі жақты экономикалық форум ұйымдастыруға ниет білдіріп, үлкен мәдени бағдарлама дайындап жатыр, деп хабарлады көрменің ресми сайты.
Кездесу барысында австриялық тарап өздерінің үздік павильонының тұжырымдамасын ұсынды. Бұдан басқа, комиссар «Үздік тәжірибелер аймағы» контентіне елінің мақтанышы болып отырған үш австриялық компанияның әзірлемелері кіргендігін айтты.
Қыркүйектің ортасында басты тақырыптық павильондардың бірінде көрмеге шығарылатын энергия саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер ішінде байқау аяқталды. Нобель сыйлығының лауреаттарынан тұратын халықаралық комиссия «Үздік тәжірибелер аймағы» үшін 20-дан астам жоба іріктеді.
Қазақстанда жаңа министрлік құрылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kzтілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін құру туралы Қаулы Ақорданың сайтында жарияланды.
Министрлік қызметінің негізгі бағыттары – қорғаныс, аэроғарыш өнеркәсібі және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік), жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, бірыңғай әскери-техникалық саясатты және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүргізуге қатысу, қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылық.
Жаңадан құрылған Министрлікке мынадай өкілеттіктер берілді:
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен – қорғаныс өнеркәсібі саласындағы;
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінен – ғарыш қызметі саласындағы;
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінен – жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласындағы;
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінен – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетін, Аэроғарыш комитетін және Мемлекеттік материалдық резервтер комитетін құруды және осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етуге тапсырма берілді.
Дереккөз: tengrinews.kz
Дереккөз: www.24.kz
Келер жылы «ЭКСПО-2017» көрмесіне Ресейден мыңдаған саяхатшы келеді.
Қазір екі ел арасындағы логистикалық желілер жаңартылып жатыр. Бұл туралы бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясында өткен алқалы жиында айтылды. Оған Ресейдің Омбы, Астрахань, Новосібір облыстары мен Алтай өлкесінің губернаторлары қатысты. Ұлттық компания басшысы Ахметжан Есімов дүниежүзілік шараны өткізу жоспарын таныстырды. Сондай-ақ көрмедегі көрнекті жобалар жайлы жан-жақты ақпарат берді. Қазірдің өзінде 26 мемлекет баламалы қуат көзіне арналған ең үздік тәжірибесін ұсынып та үлгерді.
Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
– Туристердің басым бөлігі Ресей мен Қытайдан келеді. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінен мыңдаған мейман күтеміз. Шекарамызға жақын орналасқан 12 облыста роуд-шоулар өткіздік. Сол секілді шараларды Мәскеу, Санкт-Петербор, Сверлов және Қазанда ұйымдастырдық.
Басқосу барысында, «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы мен шекаралас облыстар арасында ынтымақтастық меморандумы бекітілді. Ресейлік атқарушы органдар енді дүниежүзілік шараға белсенді атсалыспақ
Александр Жилкин, Астрахань облысының губернаторы:
– Астрахань аймағында баламалы қуат көздеріне ерекше екпін беріледі. Бизнес пен іскерлік ортаның қызығушылығы басым. Қазір Астананың туристік фирмаларымен логистикалық мәселелерді реттеп жатырмыз. Атырау мен Астрахань арасында сыйымдылығы жоғары, жайлы автобустарды жолға шығарып, Астанаға қатынау мүмкіндігін молайтсақ деген жоспар бар.
Александр Карлин, Алтай өлкесінің губернаторы:
– Астанадағы көрмені тамашалау үшін жан-жақты жағдай жасаймыз. Алтай өлкесі мен Батыс Қазақстан арасындағы барыс-келісті жақсартып келеміз. Келер жылы туристер дәл осы бағытпен Астанаға келе алады.
Дереккөз: www.24.kz
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов Татарстан Республикасының президенті Рустам Миннихановпен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Құжат Қазақстанға турист тартуға, жетекші туроператорлармен әріптестікке жол ашады. Сонымен қатар инвестиция мен бизнес саласында бірқатар келісімдерге қол жеткізу көзделіп отыр. Ахмет Есімовтің айтуынша, келушілерге арнайы мәдени ойын-сауық бағдарламалар әзірленген. Рустам Минниханов өз кезегінде халықаралық көрменің жемісті өтетініне сенім білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, EXPO-2017 көрмесі 2017 жылы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді.
Дереккөз: www.24.kz
«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы қазірден түрлі мекемеден өтініш қабылдауға әзір.
Коммерциялық қызмет көрсету арқылы қомақты қаржы түседі деп көзделіп отыр. Келер жылы өтетін халықаралық көрмеге кәсіпкерлердің қазіргі дайындығы қандай?
Ел тарихындағы ең ауқымды шараның шымылдығы түрілуіне де аз қалды. Қазірдің өзінде әлемнің 100-ден астам елі көрмеге қатысатындарын растап отыр. Жалпы көлемі 170 гектарды құрайтын ЭКСПО қалашығында 30-ға жуық қызмет түрі көрсетілетін болады. Тізімге ойын-сауық орталығынан бастап сән салоны, ателье, дәріхана, баспа секілді барлық қызмет енген. Ұлттық компания енді кәсіпкерлер арасында іріктеуді бастайды. Талапқа сай болғандар көрмеде кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады.
Илья Оразақов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ Коммерцияландыру департаменті директорының орынбасары:
– Бұл бағдарламаға қатысқысы келетін шағын және орта бизнес өкілдері өтініштерін бізге беруі керек. Арнайы құрылған комиссия 10 балдық жүйемен олардың мүмкіндігін бағалайды. Қазақстан бойынша экскурсия, дизайнерлік қызметтер де болады. Келген туристерге барлық жайлы жағдай жасауымыз керек.
Алдын ала болжам бойынша, ЭКСПО-ны үш айдың ішінде 5 млн адам тамашалайды. Толассыз туристер мен қыдырып келушілер үшін жаңадан 24 қонақ үй бой көтереді. Астанада алғаш рет ашылған бұл тоқыма өнімдерінің шоу-румы ол қонақ үйлерді, мейрамхана, фитнес орталықтарды қажет өніммен қазірден қамтамасыз етуге әзір. Көрпе-жастық, орамал секілді барлық заттары халықаралық стандартқа сай. Бұрын 3 жұлдыздан жоғары отельдер бұл кәсіби тоқыма өнімдерін шетелден алдыратын. Енді алысқа сабылудың керегі жоқ. Әр қонақ үйдің қалауы бойынша тапсырыстарын орындайды.
Ниязи Дадашаев, тоқыма компаниясы сату бөлімінің директоры:
– Ел үшін маңызды шара ЭКСПО-ның алдында Астанада кәсіби тоқыма өнімдерінің шоу-румын ашуды жөн көрдік. Елордаға мыңдаған турист келетінін ескерсек, бұл қонақ үй, мейрамханалардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Уақыттары мен ақшаларын үнемдейді. Бізде таңдау көп. Өнімдеріміз еуропалық брендтердің сапасынан кем түспейді.
Айгүл Сариева, кәсіпкер:
– Астанадағы осы шоу-румда барлық тауар түрлерімен танысып, тапсырыс беруге болатыны қуантады. Осыған дейін шетелдік компания өкілдерінің бізге келгенін күтетін едік. Біз секілді қонақ үй, мейрамхана бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерге ыңғайлы болды.
Көрменің арқасында Астанаға қонақтар есебінен құйылатын қаржының көлемі артады. Күн сайын павильондарды кемі 55 мың адам аралайды. «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы, коммерциялық қызметтен 500 млн еуро пайда түседі деген болжамдарын айтты.
Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Жандос Битабаров, Ануар Тәуекелов
Дереккөз: www.24.kz
Елбасы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады. Кездесу барысында Ахметжан Есімов халықаралық көрмеге дайындық барысын сөз етті. «Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін аяқталады», – деді. Қазан айында павильондар мен делегаттарға салынған үйлер тапсырылатынын жеткізді. Қазір ЭКСПО көрмесіне 103 ел мен 17 халықаралық ұйым қатысатынын растады. 98 секция комиссарлары тағайындалды.
Дереккөз: www.24.kz
Шанхай ынтымақтастық ұйымының EXPO-2017 көрмесінде жеке павильоны болады.
Бүгін осы жұмысты іске асыратын топ өзара әріптестік туралы үш жақты келісімге қол қойды. Қазақстан тарапынан «Жасыл экономиканы дамыту және G-GLOBAL коалициясы» мен «G-GLOBAL халықаралық хатшылығы» атты үкіметтік емес ұйымдары мен Қытайдың «Жаңа Еурпазиялық топ» холдингі осы жобаны жүзеге асыруға атсалысады. «Құрамына 18 ел кіретін оңтүстік-шығыс Азиядағы ірі ұйымның әлеуетін Астанада өтетін көрмеде тиімді пайдалану маңызды жұмыстың бірі», – дейді мамандар. Қазірдің өзінде Қытайдың 100 технопаркі EXPO көрмесіне өз үлестерін қосуға әзір көрінеді. Сонымен қатар мәдениет пен ғылым, түрлі инновациялық тақырыптарға арналған 50-ден аса іс-шара ұйымдастырылатын болады.
Салтанат Рахимбекова, Жасыл экономиканы дамыту және G-GLOBAL коалициясының басқарма төрайымы:
– Бұның ішінде Еуразиялық үлкен инновациялық форумды өткізу, халықаралық әйелдер жасыл форумын өткізу, ШОС мемлекеттерінің жасыл энергия деген форумын өткізу. Осындай бір оншақты форум өткізу, басқа да жан-жақты шараларды өткізу осы павильонның алаңында және осы павильоннан EXPO бағдарламасына ұсыныс жалпы үлкен.
Дереккөз: www.24.kz
Оралда кәдімгі қоқыстан электр қуаты өндіріле бастайды.
Бұл туралы «Хабар 24» арнасының сол өңірдегі тілшісі Талғат Серікқалиұлы хабарлайды. Финляндиядан келген инвесторлар қазір қала іргесіндегі тұрмыстық қалдықтар полигонын зерттеуге кірісті. Қандай да бір қоқыстың құрамында 65-70 пайызға дейін метан газы болатыны дәлелденген. Сондықтан полигонды электр қуатын өндіретін генераторға айналдыруға мүмкіндік мол. Мәселен, Финляндияда тап осындай қоқыс полигонының үстіне гольф алаңы салынған. Оның астында қоқыс көміліп жатқанын біреу білсе, біреу білмейді. Финляндиялық «Доранова» компаниясының экспорт мәселелері жөніндегі директоры Андрей Авериннің айтуынша, алдымен қоқысты жерге көміп, одан метан газын алынады. Осы экологиялық отын түрін пайдалану арқылы электр қуаты өндіріледі. Қондырғы алдағы жылдың көктемінде әкелінеді. Ол сағатына 1 МВт электр қуатын шығаратын күшпен жұмыс істейді екен.
«Алынған өнімді арзан бағамен мемлекетке сатамыз. Ол өз кезегінде тарифті төмендетуге оң әсер етеді. Бұл жобаның тағы бір тиімділігі қоқыс тастайтын полигон көмілген соң оның иісі қалаға келмейді. Ал полигонның үстін абаттандырып, халыққа пайдалы нысандар салуға болады»,- дейді шетелдік инвесторлар.
Дереккөз: www.energo.gov.kz
Астана қ., Қазақстан Республикасы, 22 қыркүйек 2016 ж. – Бүгін, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қазақстан халықтары тілдерінің күні өткізілді.
Мерекелік шара мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және көп ұлтты еліміздегі ұлттар достастығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған мерекелік шара болып табылады.
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев құттықтау сөзінде: «Әр ұлттың елдігін айқындайтын негізгі құралдарының бірі – мемлекеттік тіл болғандықтан, мемлекеттік тілді құрметтеу – көп ұлтты отанымыздың әрбір азаматының абыройлы міндеті екендігі баршамызға анық. Елімізде тыныштық, молшылық болсын, әрқашан да мемлекеттік тіліміздің мәртебесі биік болып, ұлттар достастығы нығая берсін», – деп атап өтті.
Мерекелік шара ҚР Энергетика министрлігінің құрылымдық бөлімшелері, Комитеттері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары арасында жарыс ретінде өткізілді. Жарысқа үш номинациядан тұратын жеті команда қатысты: 1-номинация: «Қазақстан – достық мекені» (ұлттық киім, салт-дәстүр, би және ән, білдіретін ұлттың поэзиясын орындау, ұлттық тағамды қөрсету); 2-номинация: викторина (тарихтан, қазақ әдебиетінен қойылатын сұрақтарға жауап беру); 3-номинация: «Мақал-мәтел айтып жарысу» (қатысушылар төл дыбыстардан алынған жеті әріптен (Ә,Ғ,Қ,Ө,Ү,Ұ,І) басталатын мақал-мәтелдерді айту керек).
Жарыс қорытындысы бойынша үш жүлделі орын берілді (І,ІІ,ІІІ) және дипломдармен марапатталды. Жеке номинациялар бойынша белсенді қатысушыларға ынталандыру дипломы табыс етілді.
ҚР ЭМ Баспасөз қызметі
Дереккөз: www.24.kz
Қостанайлық жастар Астанада өтетін EXPO көрмесінде еріктілер қатарында қызмет көрсетуге дайын.
Бүгінге дейін аймақта 300-ден астам жас өтініш білдірген. Олардың ішінен 120-сы іріктеліп алынды. Үміткерлердің басым бөлігі – жоғары оқу орындарының студенттері. Еріктілер тобын жасақтау барысында алдымен олардың адамдармен тіл табысып, сөйлесуге бейімділігі, икемділігі ескерілген. Келесі кезекте тіл үйрету, ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауға арналған оқу-курстары жүргізіледі. EXPO-ға қатысатын еріктілерге қойылатын басты талап – тәуелсіз Қазақстанның жетістігін паш етіп, әлемдік денгейдегі озық үрдістерді көпке таныстыра білу.
Ақбалқын Есқатова, ерікті:
– Бұл үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Себебі келген қонақтарымызға біз өзіміздің еліміз туралы айтамыз. Біз оны нақты біліп, оларға түсіндіруіміз керек. Біздің қандай салт-дәстүрлеріміз бар, қандай тарихымыз бар екендігін айтуымыз қажет. Оны біз тек қазақ тілінде ғана емес, сонымен бірге орыс тілі, ағылшын тілінде айтуымыз керек болады. Оны бір жыл бойы үйреніп, сол дәрежеге жетеміз деп ойлаймын.