Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Оралда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен іске қосылды

Дереккөз: www.24.kz

85ea56f0ec6469f6e51bd52b429000e7_l

Оралда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен жұмысын бастады. Ол қаладан шығарылған көң-қоқыстарды төгетін орында орналасқан. Арнайы алаңға жиналатын қоқыс автоматты түрде жұмыс істейтін екі конвейер желісіне жіберіледі. Сол жерде жұмысшылар заттарды сұрыптап, арнайы қаптамаларға салып тұрады. Осы арқылы қалдықтардың 60%-ын қайта кәдеге жаратуға мүмкіндік туады. Кешен өндірістік қуатына толықтай көшкен кезде жылына 100 мың тоннадай қалдық сұрыпталмақ.

Бекболат Жұматаев, эколог:

– Жерге орналастырылған қалдықтар әрине, керісінше әсерін әкеледі. Өйткені мына полигондағы әйнектер күннің сәулесімен өрт тудырады. 2015 жылы полигонға 54 мың тоннадай қалдықтар қабылданды. Биыл 43 мың тонна қабылданды. Оны әкеліп, тек полигонға көміліп жатыр.

Ерік Шашбаев, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешенінің басшысы:

– Бұған дейін полигонды ұстап тұру үшін жергілікті бюджеттен жылына 60 миллион теңге қаржы бөлініп келді. Әкімдіктің шешімімен бұл жер бізге сенімгерлік басқару құқығымен берілді. Соған сәйкес енді бұл жұмыстарға тек қана өз қаржымызды жұмсап жатырмыз. Мына кешен қағаз, полиэтилен, металл, әйнек және пластик бұйымдарын сұрыптауға мүмкіндік береді. Кейін оны қайта өңдеуге маманданған кәсіпорындарға жібереміз.

Кариб аймағының елдері EXPO-2017 көрмесіне қатысады

Дереккөз: www.24.kz

d8ae8827980e11fa15a23e4b1f08f328_l

Кариб аймағының 10 мемлекеті EXPO-2017 көрмесіне қатысатын болды. Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев пен Кариб мемлекеттері қоғамдастығының Бас хатшысы Ирвин Ларок кездесіп, осындай келісімге қол қойды. Рәпіл Жошыбаев Ирвин Ларокқа көрме дайындығы жайлы баяндап, 2017 жылдың басында халықаралық қатысушылардың Астанада өтетін кездесуіне шақырды. Баламалы энергия көздерін дамытуды жөн көретін Кариб аймағы үшін EXPO-2017 көрмесінің тақырыбы өте маңызды, – деді Бас хатшы.

Тараптар су, энергия және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша бір-бірімен тығыз қарым-қатынас ұстануға ниет білдірді. Климаттың өзгеруінен зардап шегетін Кариб елдері үшін бұл көкейтесті бағыт.

Айта кеткен жөн, Кариб қоғамдастығы 1973 жылы Кариб еркін сауда қауымдастығының мирасқоры ретінде құрылған болатын. Қазақстан КАРИКОМ хатшылығы тіркеген Орта Азиядағы жалғыз ел.

Ирвин Ларок, Кариб қоғамдастығының Бас хатшысы:

– Кариб елдері үшін EXPO-2017 көрмесіне қатысу өте маңызды, әсіресе көрменің тақырыбы біз үшін көкейтесті. Сонымен қатар көрме біз үшін өз жетістіктерімізді көрсетіп, инвестиция, сауда мен туризмді дамыту мақсатында жақсы байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан мен Кариб қоғамдастығы арасындағы байланыстарды нығайту жолындағы кезекті қадам. Қазақстан біздің аумақтың тұрақты дамуы үшін көмек көрсетуде, соның арқасында біз климаттың өзгеруі туралы Париж конвенциясына қатысу мүмкіндігін алдық. Сондай-ақ біз су мәселесін шешуді көздеп отырмыз. Осылайша, ынтымақтастығымыз дамып, нығаюда.

Рәпіл Жошыбаев, Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесінің комиссары:

– Бүгін біз БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында 14 ел мүше болатын Кариб қоғамдастығының Бас хытшысымен EXPO-2017 көрмесіне қатысу туралы келісімге қол қойдық. Он ел. Жұмысты әрі қарай жалғастырудамыз. Кариб аймағының басқа елдері де қосылады деген үміттеміз. Бүгінгі таңда көрмеге қатысу туралы  келісімге 81 ел қол қоды. Бұл процесс жылдың соңына дейін аяқталады.

Ресми сапар аясында EXPO-2017 көрмесінің комиссары Теңізге шығар жолы жоқ, аз дамыған елдер мен дамып келе жатқан шағын арал мемлекеттері бойынша БҰҰ-ның Жоғарғы өкілі және Бас хатшысының орынбасары Гиян Чандра Ачарьямен және БҰҰ Бас хатшысының тұрақты даму жөніндегі орынбасары Ву Хонбомен келіссөздер жүргізді. Тараптар EXPO-2017 көрмесіне БҰҰ атынан ортақ комиссар тағайындау мәселесін, Астанада көрме барысында БҰҰ құрылымдарының тақырыптық шараларын өткізу және климаттың өзгеруі туралы БҰҰ конвенциясын іске асыру мәселелерін талқылады.

Ақтауда сумен қамту мәселесі «жасыл» технология арқылы шешімін тапты

Дереккөз: www.24.kz

Ақтауда сумен қамту мәселесі «жасыл» технология арқылы шешімін тауып отыр. Қаладағы 3 үйге су жинақтаушы жаңа жүйемен жұмыс істейтін қондырғы орнатылды. Сол себепті 7-9-шы қабаттардағы пәтерлерге су көтерілмеу мәселесі туындамайды. Тұрғындар тіршілік нәрін үздіксіз, тәулік бойы тұтына алады.

Екі баланың анасы Наталья Румянцева су жетіспеушілігінен әбден ығыр болған. Әсіресе жаз мезгілінде құбыр бойымен судың көтерілуі қиын. Амал жоқтықтан үй шаруасының барлығын түнге қалдыратынын айтады.

Наталья Румянцева, қала тұрғыны:

– Көктемде су жинақтаушы жүйені орнатып едік, бірден су қысымы көбейгенін байқадық. Оның алдында суды тасып іштік. Кір-қоңымызды жуу үшін күннің батуын күтіп отыратынбыз. Кір жуғыш машинаны да уақытпен ғана пайдаланатынбыз.

Жаңа жүйенің тиімділігіне тұрғындар жоғары баға беріп отыр. Қондырғының жұмысы қарапайым қағидаға негізделген. Су 7 көлемді құтыға толтырылады. 3 су айдағыш құрылғы көмегімен пәтерлерге жіберілген судың қысымы төмендемейді. Басты орталық су құбыры істен шығып немесе ажыратылғанымен, мұндағы тұрғындар абыржи қоймайды. Өйткені құтыда 150 адамды тәулік бойы сумен қамтуға жетерлік қор жиналады.

Жеңісбек Куванов, «Татьяна» ПИК басқарма төрағасы:

– Бұл қондырғының артықшылығы: біз онлайн режимде су құбырының тесілуін бақылай аламыз. Бұған дейін біз сумен қамтудың түрлі шараларын қолданып көргенбіз. Нәтижесінде тұрғындарды тұрақты ауызсумен жабдықтауға қол жеткізіп отырмыз.

Нұрсұлтан Әубәкіров, «Энерготиімділік, ресурсүнемділік, экотехнология халықаралық орталығы» ҚҰ басқарма төрағасы:

– «Жасыл» технологияда қуат үнемдеуші жаңа қондырғылар қолданылады. Мәселен, мына көлемді құтылар суды сақтап, жинақтап, ішкі желілерге шамадан тыс түсетін жүктемелерді жеңілдетеді. Осындай жобалар арқылы тұрғындарды сумен қамту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. 

Әзірге бағдарламаға 3 көпқабатты тұрғын үй қатысуда. Алдағы уақытта ықшамауданның барлық пәтерлеріне үздіксіз су жеткізілмек.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев

Астанада жалпықалалық сенбілікте 10 мыңнан астам көшет отырғызылды

Дереккөз: www.24.kz

Бүгін «Астана – таза қала!» жалпықалалық сенбілігі барысында 10 мыңнан астам көшет отырғызылды. Жыл сайынғы шара 12 қыркүйектен 12 қазанға дейін өткізілетін қаланы санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі күзгі экологиялық айлық аясында ұйымдастырылды.

«Бәріміз де қаламызды жақсы көреміз, елордамызды тазартуға және көркейтуге үлес қосайық. Сенбіліктер өскелең ұрпақты да, ересектерді де тазалыққа тәрбиелейді. Осылайша, біз қаламызға деген сүйіспеншілігімізді жеткізіп, патриоттық танытамыз», – деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Оның айтуынша, қалалық билік елорданы көгалдандыру, барлық аудандарда және шағын аудандарда гүлбақтар мен саябақтар санын арттыруды өз алдына міндет етіп отыр. Астанада дәстүр бойынша жыл сайын 20 мыңнан артық көшет отырғызылады, биыл Ботаникалық бақтың салынатынын ескерсек, бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаяды. Сенбілікке қатысушылар «Алматы» ауданында ҚР Ұлттық музейі аумағына, «Есіл» ауданында – «Хан Шатыр» СОО айналасына, сондай-ақ, Еңбекшілер көшесінен «Тельман» тұрғын алабына дейін, «Сарыарқа» ауданында – Сарыбұлақ өзенінің жағалауына ағаш екті.

Сонымен қатар, білім, денсаулық сақтау мекемелерінің, кәсіпорындар мен тұрғын үй кешендерінің аумағына да ағаштар отырғызылды.

Жалпықалалық сенбілікке 89 мыңнан астам адам, соның ішінде кәсіпорындар мен ұйымдардың 4 мыңға жуық қызметкері, 45 жоғары және орта арнайы оқу орны, 133 мектепке дейінгі және білім беру мекемесі қатысты, 430 арнайы техника тартылды.

«Бүгінгі сенбілікке қатысқандарыңызға рахмет. Бәріміз бірге қаламызды таза әрі жайлы қыламыз», – деді Әсет Исекешев.

Депутаттар ағаш отырғызды

Дерекөз: www.24.kz

Әсем Астанада жайқалған ағаш түрлері көбейіп келеді. Бүгін депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлер «Астана – таза қала!» жалпықалалық сенбілігіне қатысып, Есілдің сол жағалауындағы Еңбекшілер көшесінен «Нұра» арнасына дейінгі аумаққа тал отырғызды. Халық қалаулыларымен бірге Парламенттің өзге де қызметкерлері осы шараға бір кісідей атсалысты. Айта кетейік, әр Палата шамамен 200 көшеттен отырғызды. Сенбілікке қатысушылардың пікірінше, мұндай шара қаланың көркіне көрік қосумен қатар, тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігін де арттыруы тиіс.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары:

– Жылына бірнеше рет осындай сенбіліктер өткізіледі. Оған міндетті түрде Парламент Мәжілісінің депутаттары белсенді түрде қатысады. Парламент Мәжілісіне 159 түп ағаш бөлінген еді. Біз оны аз болады деп, 200-ден аса ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Депутаттар түгелімен шықты, ауа райы тамаша, көңіл-күйіміз керемет.

Жабал Ерғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

a- Соңғы кезде әлемде орман алқабы азайып келе жатыр. Ал өз қолымызбен осы орманды, көк желекті молайту бүгінгі және келер ұрпақтың борышы екендігін Елбасымыз бізге әрдайым ұғындырып келе жатыр. Тал отырғызу – ол біздің ата-бабаларымыздың ұрпақтарына аманаттаған міндеттерінің бірі.

Қытай мен Литва EXPO-2017 көрмесіне павильондарын рәсімдей бастады

Дереккөз: www.24.kz

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ұйымдастырушылар кеңсесінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ҚХР ұлттық павильонының комиссары Ван Цзиньчжэньмен кездесті.

Басқосу барысында Ахметжан Есімов «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткізілетін көрмеге дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырып кетті.

Сондай-ақ ұлттық компания басшысы Қытайдың баламалы энергия көздерін пайдалану мәселесіне назар аударып жүргендігіне ерекше тоқталды. Айталық, мемлекет «жасыл энергетика» саласына 103 млрд доллар бөлініп, әлем бойынша ең көп қаржыландырғандар қатарынан табылды.

Қытай ұлттық павильоны көрменің ең үлкен павильондарының бірінде орналасатын болады. Сонымен қатар Қытай павильоны мейлінше қызықты павильондарының біріне айналатындығына еш күмән жоқ. Қазіргі таңда жақтар ұйымдастыру мәселелері бойынша тығыз жұмыс істеуде. Қытайлықтардың сұранысы бойынша EXPO қалашығында Қытай ұлттық павильон қызметкерлеріне 50 апартамент бөлінген.

«Көптеген қытайлық энергетикалық компаниялар көрмеге қатысуға үлкен қызығушылық білдіруде. Тіпті олардың кейбірі ұсыным беріп те қойды», – деді өз сөзінде ҚХР ұлттық павильонын комиссары.

«Бүгінгі таңда құзыретті министрлік өкілдерінің қатарынан Қытай павильонының контентін жасау бойынша арнайы комиссия құрдық. Павильон жобасы дайын. Жақын арада іске кірісуге дайынбыз» – деді Ван Цзиньчжэнь.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Басқарма төрағасы барлық павильондар қатысушы мемлекеттерге биылдың қазан айында берілетіндігін және сол уақыттан бастап Қытай павильонының ішкі жұмыстарына кірісіп кете алатындығын айтты.

Қытай павильонының комиссарының сөзінше EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясында Қытай мемлекетінің ұлттық күнін жобамен 5-6 шілдеде өткізіледі.

Сонымен қатар «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Литва делегациясымен кездесті.

«Бүгін біздің көріп отырғанымыз, яғни атқарылып жатқан жұмыс сапасы, жоғарғы деңгейдегі ұйымдастырушылық мәселелер көңіл қуантады. Өз кезегімізде көрме барысында абыройлы болу үшін біздің ұлттық павильонның ішкі мазмұны бойынша белсенді жұмыс жасап жатырмыз», – деді Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасының елшісі Др.Витаутас Наудужас.

Сондай-ақ литвалықтар виза мәселесі бойынша қолдау көрсетуді сұрады. Өйткені Литвадан көрмеге көптеген келушілер болады деп күтілуде.

Ұлттық компанияның Басқарма басшысы барынша жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Оған қоса, Литва павильоны мейлінше мазмұнды болатындығына сенім білдірді. Себебі Литва баламалы энергия көздерін пайдаланудағы үлесін 60%-ға жеткізу бойынша қарқынды жұмыс атқарып жатыр.

Қарағандылық кәсіпорын «Энергиялық тиімділікті арттыру» аталымында үздіктердің бірі болды

Дереккөз: www.24.kz

f63f03d40f01beb40a7c93173493fa87_l

Қарағандының таза металдар зауыты «Online Expo-2017» республикалық байқауында үздік атанды. Байқауға Қазақстанның барлық аймақтарынан 600-ден астам жоба түсті.

Қарағандылық кәсіпорын «Энергиялық тиімділікті арттыру» аталымында үздіктердің бірі болды. Енді ол зауыт металлургиялық кремний өндіреді. Жаңа нанотехнологиялардың көмегімен рексил өнімі де шығарыла бастайды. Бұл ағаш көмірдің бір түрі. Қазір зауыт рексилді сынақ түрінде шығарып жатыр. Кәсіпорын бастапқы кезеңде жылына 2 мың тонна кремний мен 3,5 мың тонна рексил шығаруды жоспарлап отыр. Тиімді жоба қоршаған ортаны сақтауға бағытталған.

Владимир Щебентовский, жобаны басқарушы:

– Рексил өндіру және электр қуатын өндіріп шығару барысында қоршаған ортаға зиянды заттар он есе аз бөлінеді. Бұл кез келген жылу электр орталығынан шығатын залалдан әлдеқайда аз. Біз электр қуатын көмірді жағу арқылы емес, рексилді өндіру барысында алынатын синтезгаздан аламыз. Ауаға бөлінетін залалдың мөлшері аз және күлдің қалдығы болмайды. Болашақта қалдықсыз өндіріске көшеміз.

Баспасөз хабарламасы

Дереккөз: www.energo.gov.kz

2016 жылдың 15 қыркүйегінде Орал қ. «Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ-де Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын іске асыру шеңберінде «Экосфера» ҮЕҰ-мен ұйымдастырылған «Қазақстан Республикасы тұрғындарының арасында негізсіз «радиомазасыздықтың» деңгейін төмендету бойынша іс-шаралар жүргізу» (2015-2017 жж.) тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелдің жұмысына мемлекеттік құрылымдар, білім беру жүйесінің, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдар, ЖОО-ның студенттері қатысты.

Жобаның мақсаты – халықты радиациялық қауіптің нақты деңгейі туралы хабардар ету, тұрғындар арасында негізсіз «радиомазасыздықтың» деңгейін төмендету.

Жобаның міндеті – радиациялық қауіптің нақты деңгейі туралы жұртшылық пен халықты хабарлардар ету; салауатты өмір салтын насихаттау саласындағы мүдделі тараптардың әлеуетін жоғарылату; Республикада «радиомазасыздықтың» деңгейін төмендету мәселесіне білім беру және медициналық мекемелерді, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдарды, журналистер мен жастарды тарту.

Радиация туралы білім деңгейінің жоғарылауы радиациялық қауіптің жөнсіз жоғары субъективті бағалауы себеп болатын ерекше мазасыздану деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Осы себептен халықты хабардар ету жүйесін жетілдірудегі негізгі факторлар қарастырылды: радиация туралы ақпараттың қолжетімділігі, оның нақтылығы, ақпарат көздеріне деген сенімділік.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша резолюция қабылданды.

ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2016 жылдың 14-16 қыркүйегі аралығында Шымкент қаласында «Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» тақырыбына қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мамандар үшін оқыту семинарын өткізді.

Семинарда 25 маман оқытылды, соның ішінде:

  • табиғатты пайдаланушы кәсіпорындардың мамандары – 21 адам;
  • жеке тұлғалар – 4 адам.

Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері: «Қазфосфат» ЖШС; «Байкен-U» ЖШС; «Алтыналмас АК» АҚ; «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС; «Амангелді Газ» ЖШС; «SAS-Tobe Tehnologies» ЖШС; «Русбурмаш-Қазақстан» БК» ЖШС; «Стандарт Цемент» ЖШС; «Бадам Тас» ЖШС; «Южказэкопроект» ЖШС; «Казатомпром-SaUran» ЖШС; «Ордабасы құс» ЖШС; «ОРТАЛЫҚ» өндіруші кәсіпорыны» ЖШС; «Шымкентцемент» ЖШС; «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС.

Семинар соңында білімді бағалауды өткізгеннен кейін ҚР Энергетика вице-министрі Ғ.Қ. Сәдібековпен және «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК бас директоры М.А. Ануаровпен қол қойылған куәліктер табыс етілді.

Қазақстанда «жасыл» оқу орны ашылады

Дереккөз: www.energo.gov.kz

Астана қ., Қазақстан Республикасы, 14 қыркүйек 2016 жыл. – Бүгін, «Жасыл көпір – «жасыл» технологияларға, инновациялар мен қолжетімді энергияға көпір» атты халықаралық конференциясы шеңберінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі және «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КАҚ ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

«Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» негізінде ҚР Энергетика министрлігінің және университеттің ортақ күшімен «Жасыл көпір» институтын құратындығы жөнінде атап өту маңызды.

Сонымен қатар Меморандум шеңберінде тараптар «жасыл» экономика бағыттарына, Жасыл Көпір Әріптестік Бағдарламасы жобаларына зерттеулер жүргізуге және бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру бойынша үйлестірілген жұмысты жүзеге асыруға ниетті.

«Жасыл көпір» институтына «жасыл экономиканы» дамытуға бағытталған бағдарламаларға инновациялық технологияларды тартуға жәрдемдесу жәнеғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз ету үшін жоғары білікті кадрларды және материалдық база тартылады деп күтілуде.

ҚР ЭМ Баспасөз қызметі

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика