Дереккөз: «today.kz»
Кездесуге Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.
Астана қаласы аудандары әкімдерінің есеп беру кездесулері аясында “Есіл” ауданының әкімі Сабила Мұстафина Республикалық диагностикалық орталықта медициналық холдинг пен аудандық медицина мекемелерінің еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуге Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.
Өткен жылдың қорытындысына тоқталған Сабила Мұстафина пайдалануға берілген денсаулық сақтау нысандарын атап өтті.
– 2015 жылы 4 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліп, өз жұмысын бастады: сол жағалауда бір ауысымда 500 келушіге арналған амбулаториялық-емхана кешені, Қабанбай батыр даңғылы мен №30 көшенің бойындағы 250 кереует-орындық қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, бір ауысымда 150 келушіге арналған емханасы бар 250 кереует-орындық медициналық-әлеуметтік оңалту орталығы, сондай-ақ, “Үркер” тұрғын алабында бір ауысымда 150 келушіге арналған бастапқы медициналық әлеуметтік көмек көрсету орталығы, – деді С. Мұстафина.
Кездесуге келушілер аудан аумағын абаттандыру, жол салу, коммуналдық қызметтер мен кәсіпорындар жұмысы, қауіпсіз қозғалыс, құрылыс, сондай-ақ, жолаушылар көлігі мәселелерін көтерді.
Тұрғындардың сұрақтарына жауап бере отырып, Сабила Мұстафина биыл аудан аумағында үш гүлбақ салынатынын жеткізді: №2 қалалық аурухананың жанында, №1 перинаталдық орталықтың жанында және “Тельман” тұрғын алабында.
Еске салайық, “Есіл” ауданының әкімі Сабила Мұстафинаның келесі кездесуі ертең сағат 15:00 ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде өтеді. Оған студенттер мен оқу орнының еңбек ұжымы қатысады. Ал 22 қаңтарда сағат 11.00 “Қазақстан” орталық концерт залында соңғы халықпен есеп беру кездесуі өтеді.
Қала аудандары әкімдерінің есеп беру кездесулерінің толық кестесімен astana.gov.kzсілтемесі бойынша танысуға болады.
Дереккөз: «today.kz»
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Палата Төрағасы Қабиболла Жақыпов әріптестерін Парламент қызметінің айтулы күндерімен құттықтады.
Мәжіліс Сипкері бүгін осыдан тура 20 жыл бұрын Қазақстанның қос палаталы Парламенті, сондай ақ, төрт жыл бұрын дәл осы күні Мәжілістің бесінші сайланымы өз жұмысын бастаған ерекше күн екенін атап өтті.
Ал, жалпы отырыстың күн тәртібі бойынша халық қалаулылары талқысына бірқатар ратификациялық құжаттар ұсынылды. Соның бірі – 1999 жылғы 18 қарашадағы Ресеймен “Байқоңыр” ғарыш айлағынан зымырандарды жіберу кезінде авариялар болған жағдайдағы өзара іс-қимыл тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы үкіметаралық хаттаманы ратификациялауға байланысты.
Заң жобасы аясында аварияның зардаптарын жою жөнінідегі бірлескен штабтың қызметі нақтыланды. Бірлескен штаб орындалатын жұмыстардың көлемі мен мерзімін, тартылатын күштер мен құралдардың құрамын және міндеттерін, тартылатын күштердің өзара іс-қимылдар тәртібін айқындайды және жұмыстардың жүргізілу барысын бақылауды жүзеге асырады. Штаб бастықтарының шешімдерімен бір тәулік ішінде қызметтің тиісті бағыттары бойынша нысаналаы жұмыс топтары құрылатын болады.
Осы күні Мәжіліс депутаттары Германиямен Адамдарды қабылдау және транзиттеу туралы үкіметаралық келісімді (реадмиссия туралы келісім) ратификациялады.
Келісімге сәйкес әрбір тарап сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында қолданыстағы келу немесе болу қағидаларын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан адамды, егер осы адам сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылатыны дәлелденсе, қабылдайды.
Жалпы отырыста Палата Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің шекара мәселелері бойынша ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобаларын жұмысқа қабылдады.
Дереккөз: «bnews.kz»
Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу мырзаның айтуынша, Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісімнің жүзеге асуына өз үлесін қосты. Бұл туралы ол баспасөз мәслихатында журналистерге айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Айта кетейік, 16 қаңтар Халықаралық атом энергиясы агенттігінің басшысы Юкия Амано Иранның атом бойынша келісімдерді жүзеге асыруға қажетті талаптарды орындағанын мәлімдеген еді. Осыдан кейін Еуропа Одағы мен АҚШ билігі Тегеранға қарсы санкцияларды алып тастағанын жариялады.
«Аталмыш тарихи оқиға келіссөздердің нәтиже беретінін көрсетті. Бұл ынтымақтастық, өзара сыйластық пен келісім арқылы өте күрделі мәселелерді шешуге болатынының айғағы болып отыр», – дейді М.Дамирчилу.
Иран Елшісі өз сөзінде осы келісімнің жүзеге асуына Қазақстанның үлес қосқанын атап өтті.
«Мен бұл келісімнің ілгерілеуіне және оның орындалуына үлес қосқан елдерді атап өткім келеді. Осы мемлекеттердің бірі – Қазақстан, ол келіссөздер жүргізу процесін өткізді. Сондай-ақ, Қазақстан табиғи уранды Иранға беру процесінде осы келісімді жүзеге асыруға қатысты. Осы жағдайлар және Иранға қатысты санкциялардың күшін жоюы біздің елдердің ынтымақтастығы одан әрі нығайтуға ықпал етеді деген ойдамын», – дейді Елші.
Жалпы, оның пайымдауынша, Ираннан санкциялардың алынуы елдегі қазіргі экономикалық ахуалды жақсартуға, мұнымен қатар өңірлік деңгейде қарым-қатынасымызды дамытуға көмектеседі.
Сонымен қатар, Иран мұнай экспортын санкция салынған уақытқа дейін болған көлемге жеткізбек. Яғни, бұл мемлекет тәулігіне 2,1 млн баррель мұнай экспорттауды көздеп отыр. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу айтты.
«Санкция салынғын жылдары Иран мұнай экспортына шектеу енгізілді. Санкция салынғанға дейін Иран тәулігіне 4 млн баррель мұнай өндіретін, оның 2,1 млн баррелін экспортқа шығаратын. Санкция салдарынан тәулігіне 1 млн баррель мұнай экспортқа шығарылатын болды. Қазір Иран санкцияға дейінгі өндіріс көлемін қалпына келтіруді көздеп отыр», – деп хабарлады Елші.
Оның айтуынша, алты ай ішінде Иран экспорт көлемін тәулігіне 1 млн баррелге, ал бір жылда тәулігіне 2,1 млн баррелге жеткізуді жоспарла отыр.
«Маңызды жайтқа тоқталсам, санкция салынған жылдары біз мұнай экспортын қысқартуды көздейтін бағдарлама әзірледік. Бағдарлама бойынша экспорттан түсетін табыстың көп бөлігі бюджетке түспей, арнайы құрылған қорда сақталады. Бірақ, Иран мұнай өндіруші елдер арасындағы қазіргі ахуалына байланысты бұрынғы жағдайына қайта оралуды көздеп отыр», – деп атап өтті М.Дамирчилу.
Айта кетейік, 16 қаңтар Халықаралық атом энергиясы агенттігінің басшысы Юкия Амано Иранның атом бойынша келісімдерді жүзеге асыруға қажетті талаптарды орындағанын мәлімдеген еді. Осыдан кейін Еуропа Одағы мен АҚШ билігі Тегеранға қарсы санкцияларды алып тастағанын жариялады.
Дереккөз: «24.kz»
Елбасы Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен консультация өткізді.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Кездесуге сондай-ақ Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин қатысты.
Консультация барысында кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу туралы Мәжіліс депутаттарының бастамасы қаралды.
Қазақстан Президенті бұл бастама қазақстандықтар арасында кеңінен қолдау тапқанын және мемлекет жүзеге асырып жатқан терең реформалар мен әлемдік нарықтағы ахуал тұрғысынан өзекті болып отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бастаманың Мәжіліс пен мәслихат сайлауын біріктіруге, қаржылық және ұйымдастырушылық шығыстарды оңтайландыруға мүмкіндік беретініне назар аударды.
Қ.Тоқаев кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі бастама дер кезінде көтерілгенін, өйткені Мәжіліске бүгінде ел алдында тұрған міндеттерді нақты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа мандатын алу қажет екенін айтты.
Дереккөз: «24.kz»
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «ҚазТрансОйл» АҚ пен «ҚазТрансГаз» АҚ біріктірілмейтінін мәлімдеді.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға бұқаралық ақпарат құралдары мен акционерлерден келіп түскен ҚМГ компаниялар тобының екі еншілес кәсіпорны «ҚазТрансОйл» АҚ пен «ҚазТрансГаз» АҚ-ның біріктірілу мүмкіндігі туралы сұрауларға байланысты ҚМГ мұндай біріктірудің экономикалық тұрғыдан орынсыз екенін ресми түрде мәлімдейді.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ – көмірсутектерді барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдаумен айналысатын қазақстандық ұлттық оператор. ҚМГ акцияларының 90%-ы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға тиесілі. ҚМГ акцияларының 10%-ы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкіне тиесілі.
«ҚазТрансОйл» АҚ – «ҚазМунайГаз» АҚ ҰК еншілес компаниясы, Қазақстан Республикасының магистралдық мұнай құбыры жөніндегі ұлттық операторы. Компания ұзындығы 5,4 мың шақырым. Магистралдық мұнай құбырлары мен ұзындығы 2 мың су құбыры желілерін бақылап отыр, 8 мыңнан астам адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
«ҚазТрансОйл» АҚ-ның өндірістік нысандары Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан. «ҚазТрансГаз» АҚ – Қазақстанның газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы. «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының құрамына газ және оны қайта өңдеу өнімдерін өндіретін, тасымалдайтын және өткізетін кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.
Дереккөз: «bnews.kz»
АҚШ ұсынған Nuclear Security Index ядролық қауіпсіздігінің жаңартылған рейтингінде Қазақстан 17-орынға жайғасты, деп хабарлайды BNews.kz.
Рейтингтегі мемлекеттер екі топқа бөлінген: оның біріншісіне бір және одан көп келі ядролық материалы бар 24 ел кірсе, екінші топқа бір келіден аз материалы бар немесе мүлде жоқ 152 мемлекет алынған.
Австралия, Швейцария, Канада, Польша, Бельгия, Германия және Норвегия алғашқы 7 орынды алып отыр.
24 мемлекеттің тізіміне Беларусь (8-орын), Ресей (18-орын), Қытай (19-орын), Израиль (20-орын) кірген.
Дереккөз: «24.kz»
Ақтауда жаңа технологиямен салынған тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл – толықтай отандық өніммен бой көтерген аймақтағы алғашқы көпқабатты баспана. Оның құрылысына индустриалды құрылыс комбинатындағы инновациялық әдіспен шығарылған темірбетон өнімдері қолданылып отыр. Қазақстанда жасалған материалдардың арқасында қысқа мерзімде әрі қабырғасы берік ғимараттар тұрғызылуда. Мамандар «Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылғандай құрылыс саласына «бір терезе» қағидасы енгізілсе, елімізде тұрғын үй көптеп салынар еді деп отыр. Сырттай қарасаң, бұл тұрғын үйдің өзгелерінен еш айырмашылығы жоқ. 9 қабатты, 134 пәтері бар. Ерекшелігі – инновациялық өніммен қаланған қабырғаның беріктігінде. Темірбетонды құрастыру әдісі бойынша салынған баспана жер сілкінісіне шыдайды. Мұндағы 90 пәтер кезекте тұрған азаматтарға беріледі, қалғаны сатылып жатыр. Отандық өнімнің сапасын жақсы білетін құрылысшы Мұса Беймырзаев та осы үйді таңдапты.
Мұса Беймырзаев, жаңа пәтер иесі:
– Ақтау қаласына көшкіміз келіп, үй қарадық. Көптеген үй салынып жатыр ғой. Бәрі де ұнайды, бірақ осы үйді ұнаттық. Бұл – қазіргі таңда өзіміздің отандық өніммен салынып жатқан үй. Плита бәрі де осы жерден шығады. Бөлмелерінің кеңдігі, жылылығы, салынған құрылыс материалдары бәрі де көңілімізден шықты.
Модульді тұрғын үй технологиясы бойынша баспаналар «Лего» ойыншығы тәрізді құрастырылады. Жаңа әдістің арқасында жылдың кезкелген мезгілінде ғимараттардың қабырғасын қалай беруге болады. Отандық темірбетон өнімдері қысқа мерзімде арзан баспаналардың бой көтеруіне ықпал етуде. «Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылғандай, құрылыс саласына жаңа жүйе енгізілсе, жұмысымыз бұдан да жеңілдей түседі», – дейді құрылысшылар.
Марат Аушахманов, құрылыс компаниясының директоры:
– «100 нақты қадам» жоспарының 47 қадамында жобалық-сметалық құжаттарды сараптамадан өткізу процесін бәсекелестік ортаға беру туралы өте орынды айтылған. Жаңа жүйенің арқасында нысанды сараптамадан өткізу жеңілдеп, оның бағасы да арзандай түседі деген сенімдеміз. Бұл құрылысшылар үшін өте тиімді. Құрылыс саласына енгізілген өзгерістер елімізде баспаналардың көптеп салынуына тікелей ықпал етеді деп ойлаймын.
Аймақтағы индустриалды құрылыс комбинатының арқасында жылына 100 мың шаршы метр баспана салуға болады екен. «Зауытта шығарылатын темірбетон өнімдері өңірдегі тұрғын үйдің бағасын төмендетуге де ықпал етеді», – дейді мамандар. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорын өткен жылы 30 мыңнан астам темірбетон өнімдерін өндірген. Инновациялық өнімдердің сапалы құйылуына зауыттағы 80 адам жауапты.
Сағадат Сәлімова, зертхана меңгерушісі:
– Біз әрбір бетон өнімінен шағын үлгі алып, оны әр 7 күн сайын тексеріп отырамыз. Оның мықтылығын, сапасын. 7 күнде 30-дан артық көрсетеді. Ол деген сөзіміз, біздің бетон өнімдеріміздің мықтылығын, сапалылығын көрсетеді. Жұмысымызда жақсы жағдайлар жасалған. Асхана, жатақхана бар. Жалақымызды уақытында алып отырамыз.
Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақта керамзитті материалдар шығаратын тағы бір зауыт бой көтеруде. Бұл кәсіпорын өндіретін өнімдер баспаналардың жылы болуын қамтамасыз етеді екен. «Жаңа зауыт іске қосылғанда құрылыс саласындағы отандық өнімдердің үлесі 95 пайызға жетеді», – дейді мамандар.
Авторлары: Мөлдір Мұсаева, Саламат Бекбаев
«Қазақ елі Иранның ядролық мәселелерін шешу жолында үлкен рөл атқарды».
Біздің мемлекеттің белсенділігін Қытай Халық Республикасы осылай жоғары бағалады. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хун Лэй «Қазақстан Иранның ядролық мәселесіне байланысты жан-жақты келісімге келу процесін алға жылжытуда саяси-дипломатиялық күш салды» деп отыр.
Хун Лэй, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
– Қазақстан тарапы екі мәрте Иранның ядролық мәселесі бойынша келіссөз ұйымдастыруға бастамашыл болды. Жақында ғана Қазақстан Иранда байытылған уран қорының мәселесін шешуде белсенділік танытып, маңызды рөл атқарды. Біз осы жасалынып жатқан жұмыстарды жоғары бағалаймыз.
Дереккөз: ИА “Казинформ”
Қазақстан үкіметі бюджетке қатысты қатаң шешімдер қабылдауды жоспарлауда деп хабарлайды Қазақпарат.
Бұл туралы бүгін президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
«Мұнай бағасының қарқынды құлдырауы мен әлемдік нарықтағы келеңсіздіктерді ескере келе, мемлекет басшысы үкіметке мұнайдың әлемдік бағасы барреліне жиырма долларға құлдыраған жағдайда да Қазақстан экономикасын дамытудың мүмкін сценарийін әзірлеуді тапсырды. Осынау сценарийлік болжамдар бейсенбі, 19 қаңтар күні үкімет жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысында қаралады. Бюджет бойынша қатаң шешімдер қабылдауға тура келуі де мүмкін. Шығыстарға тексеру жүргізіліп, қаржыландырудың тиімсіз бағыттары айқындалады», – деді Сағынтаев.
Осы ретте үкімет басшысының бірінші орынбасары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен әлеуметтік сала шығыстары еш қысқартылмайтындығын баса атап өтті.
«Қабылданған шешімдерді ескере отырып, қосымша шаралар қалыптастырылатын болады», деді ол.
Дереккөз: «ҚазАқпарат»
«Ертic орманы» мемлекеттік табиғи резерватында кез келген ағаш түрін, оның ішінде санитарлық кесуге үш жылдық мораторий жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі бөлімінің басшысы Мұрат Әлижикеевтің айтуынша, мораторий туралы шешімді облыстық әкімдік ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныспен жүгінген кезден, яғни өткен жылдың көктемінен бастап күткен. – Қазіргі таңда тыйым салу туралы бұйрыққа қол қойылды және барлық сатыдан келісімнен өтіп, Әділет министрлігінің тіркеуіне тапсырылған. ҚР Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің бұйрығында 2016 жылға «Ертic орманы» үшін ағаш кесу нормасы белгіленбеген. Орман және күзет инспекциясының қызметкерлері өздерінің жұмыс орындарында қалады. Штат қысқартылмайды. Олар өрттен кейін орманды сөндіру және тазалау жұмыстарымен айналысады, – деді Мұрат Әлижикеев.
Ал, облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инпекциясы бөлімінің басшысы Құмар Құсайынов атап өткендей, ведомствода былтырғы жылғы «Ертіс орманы» резерватында мемлекетке заңсыз ағаш кесудің нәтижесінде келтірілген шығын есептелген. – Былтырғы жылы 16 562 текше метр ағаш кесу, 102 заңсыз орман отау фактісі орын алған. 16 562 текше метр тіркеліп, 814 миллион теңге шығын келтірілгені анықталды. 17 көлік құралы ұсталып, 102 қылмыстық іс қозғалды және 10-ы сотқа берілді, – дейді Қ. Құсайынов. Ведомствода енгізілген мораторий бірегей қарағай орманын сақтап қалуға септігін тигізбек.
Еске сала кетейік, орман қорының Павлодар облысындағы мемлекеттік табиғат резерваты 478,7 мың. га құрайды. Оның 277,9 мың га аумағын Лебяжі және Шарбақты аудандарындағы «Ертіс орманы» резерватының қылқан жапырақты орманы алып жатыр.