Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Астанада Мемлекет басшысының төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының XVII съезі өтуде

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс XVII съезі өтіп жатыр.

Алқалы жиынға 2 мыңнан аса делегат қатысуда. Съезді ашқан Мемлекет басшысы 17 жылда партия халық алдындағы міндеттерін мерзімінен бұрын орындағанын атап өтті. Өткенге көз жүгірткен Президент осы жылдар ішінде партия көш жаршысына айналғанын, ел экономикасы, мемлекет пен қоғамның нақты жетістіктеріне сүбелі үлес қосқанын тілге тиек етті. Елдің экономикалық көрсеткіштерін саралаған Елбасы ұлттық экономиканың ауқымы 23 есе ұлғайғанын, соңғы 6 жылда жаңа 28 саланың пайда болғанын, 890 өндіріс іске қосылғанын жіктеп берді. Бүгінгі съезд барысында партия алдына жаңа бағдарлама аясында нақты міндеттер жүктелмек. Сонымен қатар бүгін жетекші ұйымның «Қазақстан-2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты жаңа сайлауалды бағдарламасы қабылданбақ. Бағдарлама қабылданғаннан кейін 20 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына үміткерлердің партиялық тізімі бекітілетін болады.

Дерексөз: 24.kz

ЖАСЫЛ ТЕХНОЛОГИЯ: Қазақстандықтар арасында жаңғыртылатын қуат көздері танымал бола бастады – Н. Жиенбаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар арасында жаңғыртылатын қуат көздері танымал бола бастады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне энергетикалық тиімділігі жоғары үй жобасының авторы, инженер-энергетик Нұрлан Жиенбаев мәлім етті.

Алматының жоғары жағында орналасқан бұл тұрғын үй, шатырында орнатылған күн батареясы арқылы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Одан басқа, бұл үй арнайы технология бойынша ағаштан салынған және оны жылытуға көп энергия жұмсалмайды. Қыстың күндері үй 1-2 градусқа ғана салқындайды екен. Үй ішіндегі барлық тұрмыстық техникалар күн энергиясы арқылы жұмыс істейді.

«Күндізгі уақытта үйдегі барлық жүйе 15 КВт/сағат қуат өндіреді, ал электр тоғын өңдегіштердің қуаты 9 КВт. құрайды. Үйде барлық электр құралдары – тоңазытқыш, газ қазандығы және басқа да техникалар жұмыс істеп жатса, үйге әрі кетсе 2 КВт/сағат электр қуаты жұмсалады. Бұл жағдайда үш энергия түрлендіргіштің тек біреуі ғана жұмыс істейді. Ол 100 вольт тұрақты тоқ және 230 вольт ауыспалы тоқты өңдейді. Мысалы, кір жуғыш машина да электр желісіне қосылған жағдайда, қалған екі түрлендіргіш те іске қосылады. Өйткені, оларға түсетін салмақ ұлғая түседі», – деді осы үйдің иесі, «ND&Co» ЖШС жетекшісі Нұрлан Жиенбаев.

Ол сондай-ақ, артық энергияны жинауға гелий аккумуляторы қолданылатындығын жеткізді.

«Олар экологиялық жағынан таза және ауаға зиянды заттар шығармайды. Бұл, аккумляторлардың жаңа түрі. Олардың қолданылу мерзімі он есеге ұлғайтылған. Бұл жүйе АҚШ-та жасалған және әлемдегі ең үздік жүйе болып саналады», – деді ол.

Сондай-ақ, Н. Жиенбаев бұл үйдің қалалық энергия желілеріне тәуелді еместігін және қосалқы стансаларда апат орын алып, көршілерде жарық сөнген жағдайда оларға көмектесіп тұратындығын айтты.

Айта кетелік, ол экологиялық жағынан таза, энергетикалық тиімділігі жоғары үй салып, оны қолданып жатқаны үшін U.S. GREEN BUILDING компаниясы сарапшыларының платиналық LEED (Leadership in energy & environmental design) сертификатына ие болған алғашқы қазақстандық азамат.

«Тау бөктерлеріне күннің көзі жақсы түседі, бірақ мұнда электр сымдарын тарту қымбат тұрады ғой. Сондықтан күн батареялары – таптырмайтын энергия көзі. Әрине, бұл жүйені сатып алып орнатудан көрі, дайын энергетика желілеріне жалғанған әлдеқайда арзанырақ болар еді. Бірақ, бұл жүйе өзін толық өтейді. Алматыда мұндай үйлер қазір танымал бола түскен. Дегенмен, шынын айту керек, мұндай жабдықтар қымбат тұрады. Өйткені олар шет елде өндіріледі. Ол аздай, оған кедендік баж салығы салынады. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына енді. Енді жағдай жақсы жағына өзгеретін шығар деген үміттемін», – деді жоба авторы.

Оның айтуынша, бұл үйдің орнатылып, пайдалануға берілгеніне төрт жыл болған. Осы жылдар ішінде орасан көп отын үнемделген.

«Дағдарыс энергетика саласында да жаңа мүмкіндіктердің ашылуына себеп болып жатыр. Қазақстанда жаңғыртылмалы қуат көздерінің болашағы зор. Әрине, бұл жүйеде энергия тек күндізгі уақытта ғана өндіріледі. Сондықтан, энергия сақтау – өзекті мәселеге айналған. Бұл бағытта қазір жапондық мамандар белсенді жұмыс атқарып жатыр.  Олар үлкен аккумуляторлық стансаны жасап шығарды. Бұл станса бір кішігірім елді мекенді электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Мұндай технологиялар, әсіресе әлеуметтік нысандарда қосымша қуат көзіне айнала алар еді. Қазіргі таңда Қазақстанда да, біздің компанияда да осы бағытта зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірқатар жаңа әзірленімдер арнайы тестерде оң нәтиже беруде. Сондықтан, зерттеу жұмыстары одан әрі жалғаса беретін болады», – деді Н. Жиенбаев.

Ақпарат көзі: inform.kz

Қытай компаниялары Қазақстанға инвестиция салуға дайын

Бүгін еліміздің Инвестциялар және даму министрі Әсет Исекешев бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Қытайға барды.

Отандық делегаттар Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті, Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі, Қытай инжиниринг академиясы және Өнеркәсіптің дамуын зерттейтін институт басшыларымен кездесу өткізбек. Сондай-ақ, Әсет Исекешев 20-дан астам компания басшыларымен бас қосады. Осылайша, Қазақстан мен Қытай арасындағы индустриаландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастық бойынша өтетін VIII отырысқа қатысады. 4 күнге созылатын жұмыс сапары кезінде биыл жүзеге асырылатын 52 бірлескен жобаны қаржыландыру мәселелері қаралмақ. Бүгін түске дейін қазақстандық делегация бірқатар компания басшыларымен кездесіп, авиация, тау-кен өнеркәсібі, инфрақұрылымдық құрылыс, ауыл шаруашылығы, энергетика салаларындағы жобаларды талқылады. Ал Қытай тарапы Қазақстан экономикасына инвестиция салуға қызығушылық танытып отырғандарын мәлімдеді.

Шю Тауо, AVIC international корпорациясы бас менеджерінің орынбасары:

– Біздің Қазақстанда жұмыс істеп жатқанымызға 2 жылдай болды. Келешекте әуе өнеркәсібі, өндірісі және қызмет көрсету саласында жұмыстарды дамытқымыз келеді. Қазақстан нарығын таңдау себебіміз, елдің дамуы жылдам, инвестиция салуға қолайлы. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығайып келеді. Біз мемлекет қармағындағы компаниямыз, сондықтан Қазақстанмен әріптестік орнатуға үкіметіміз де мейлінше қолдау көрсетеді деп сенемін.

Ли Лянли, Shenyang LianLi корпорациясының бас менеджері:

– Біз Қазақстанның металл өнеркәсібі, соның ішінде мыс өңдеу саласына қызығушылық танытып отырмыз. Қытай-қазақ бірлескен кәсіпорнын құру ойымызда бар. Егер келіссөздер нәтижелі болса, алдағы 5 жылда бірлескен кәсіпорын толықтай іске қосылады.

Дерексөз: 24.kz

EXPO-2017 құрылысына жұмсалатын қаржы үнемделмек

ЕХРО қалашығының құрылысына жұмсалатын қаржы тағы да бірнеше миллиардқа қысқартылмақ.

Бюджет қаражатын үнемдеуге бағытталған ұсынысты басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Елбасыға жеткізеді. Бұл туралы ЕХРО компаниясының жанынан құрылған қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында мәлім болды. Ахметжан Есімовтің айтуынша, қаржы оңтайландырылғанымен, жұмыс барысы жоспар бойынша жүргізіледі. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін көрме құрылысына бөлінген 78 млрд теңге де мемлекет қазынасына қайтарылған еді. Қыркүйек айында қолданысқа берілетін нысан құрылысына соңғы 5 айда 243 отандық кәсіпорын тартылды. 32 млрд теңгеден көп қаржыға тауар алынды. Айта кетейік, қазіргі таңда Астанада өтетін көрмеге 70 мемлекет пен 13 халықаралық ұйым қатысатындығын растап отыр.

Ахметжан Есімов, «Астана ЕХРО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

– Өткелі тұрған көрмеге деген қызығушылық өте жоғары. Қазірдің өзінде 70 мемлекет қатысуға ниет білдірді. Олардың қатарында Ұлыбритания, Франция, Италия, Германия, Швейцария бар. Қатысушылар саны биыл 100-ден асады деп ойлаймыз. Тақырыптың өзектілігіне байланысты әлем назары Қазақстанға ауып отыр.

Дерексөз: 24.kz

Давос-2016: Дүниежүзілік экономикалық форумның қорытындылары

Швейцарияның Давос қаласында Дүниежүзілік экономикалық форумның 46-сессиясы өз мәресіне жетті.

Кеңеске 2,5 мың адам қатысқан. Соның ішінде 40-тан астам елдің басшылары да бар. Форумның басты тақырыбы өнеркәсіптік революция болғанына қарамастан, қатысушылар өзге де өзекті мәселелерді назарсыз қалдырмады.

Давос тау-шаңғы шипажайында жылына бір рет экономистер бас қосады. Бұл жолы саясаткерлер, ғалымдар мен кәсіпкерлер төртінші өнеркәсіптік революцияны талқылауға жиылған болатын. Алайда жаһандық проблемалар аясында жаңа технологиялар мәселесін ысырып қоюға тура келді.

Карлос Моедас, Еуроодақтың зерттеулер, ғылым және инновациялар жөніндегі комиссары:

– Ғылым дамымайынша, ешқандай бастама алға баспайды. Даму болмайды. Өкінішке орай, мұны әлемдік саясаткерлердің барлығы бірдей түсіне бермейді.

Қазір саясаткерлер мигранттарға қатысты туындаған ахуалдың шешімін табумен бас қатырып жүр.

Осы ретте Норвегия, Швеция және Австрия билігі шекарасын шегендеп жатса, Германия сириялық босқындарды құшақ жая қарсы алуда.

Йоахим Гаук, Германияның федералдық президенті:

– Сырттан немістер эмоцияға көп берілетін, аңқау халық болып көрінуі мүмкін. Алайда біз үшін болып жатқан оқиғалардың маңызы зор. Еліміздегі қарт адамдар үшін босқындарды қабылдау ксенофобия мен нәсілшілдікке қарсы тұрумен бірдей.

Моральдік тұрғыдан бөлек Германия бұл мәселенің материалдық жағын да қарастырып отыр. Өйткені мыңдаған мигранттың болашақта мыңдаған жұмыс күшіне айналуы да ғажап емес. Ең бастысы, біріктіру процесі сәтті өтуі тиіс.

Кристин Лагард, ХВҚ директоры:

– Егер босқындардың интеграция үдерісі дұрыс ұйымдастырылса, жуық арада жағдай өзгеріп шығуы мүмкін. Еуроаймақ үшін жалпы ішкі өнім 0,2 пайыздан, ал Германия мен Швеция үшін бұл көрсеткіш 0,5 пайыздан артуы мүмкін деп топшылап отырмыз.

Давостағы 4 күндік форум аясында экономикалық дағдарыстан бастап, климаттың өзгеруі секілді барлық жаһандық проблема талқыланды. Жеке бір сессия Ресейге қатысты болжамдарға арналған.

Юрий Трутнев, РФ Үкіметі төрағасының орынбасары:

– Батыспен қарым-қатынасымыздың жақсаруына қос стандарттардың жойылуы өз септігін тигізуі тиіс. Меніңше, осы кезде біз бір-бірімізді түсіне бастайтын шығармыз.

Қытайға келетін болсақ, әлемдік дағдарыс оның экономикасына әсер етпей қоймады. Осы уақытқа дейін оны «әлемнің ең басты үміті» атап келген. Алайда аспан асты елінің жалпы ішкі өнімінің өсу қарқыны 1990 жылдардың деңгейіне дейін бір-ақ төмендеді. Соған қарамастан, Давос сарапшылары алаңдауға еш негіз жоқ деп отыр.

Харухико Курода, Жапония банкінің басшысы:

– Меніңше, Қытай экономикасының дамуы күрт баяуламайды. Аспан асты еліндегі жағдайды қайта құру үдерісі деп бағалауға болады.

Швейцариядағы форумда мұнай бағасының төмендеуі тақырыбы назардан тыс қалмады. Делегаттар нақты сандар айтудан бас тартты. Дегенмен биылғы жылдың екінші жартысында жағдай күрт өзгеріп, қара алтын құны қайта өсуі мүмкін деген болжамдар айтылды. Олар сондай-ақ «Өнеркәсіптік революция» форумына өзге елдер де қосылса, мұнайға тәуелділік мүлде байқалмай қалуы мүмкін деген пікір де білдірді.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Артем Истомин

Дерексөз: 24.kz

Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі – дүниежүзі елдеріне үлгі

Қазақстан Орта Азия аймағының жетекші елі ретінде өңірде тұрақтылықтың кепіліне айналды.

Ал оның ұлтаралық татулық пен жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі дүниежүзі елдеріне үлгі болып табылады. Сондықтан қазақ елі Қауіпсіздік кеңестің бірден-бір мүшесі болуға әбден лайық. Ыстамбұлда өткен алқалы отырыста Түркияның белгілі саясаткерлері мен стратегиялық зерттеу орталықтарының сарапшылары пікірлерін айтып, еліміздің бастамасына қолдау білдірді.

Аймақтық және халықаралық маңызы зор іргелі ұйымдардың тізгінін ұстап, төрағалық міндеттерін табысты атқарған Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынып отыр. Бұл – қазақ елі үшін жауапкершілігі зор стратегиялық бағыт. Ал оның мәніне тоқталған Елбасы: «Қазақстан Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болуға, бейбітшілікті орнықтыруда және халықтар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде сенімді әріптес болуға ұмтылады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынудың негізінде де дәл осы мақсат жатыр», – деген еді. Алқалы отырыста сөз алған сарапшы-мамандар Қазақстан көтеріп отырған бастамаларды кеңінен талдап, оларды өміршең әрі күн тәртібінде өзекті екендігін тілге тиек етті.

Ілияс Топсақал, Ыстамбұл университетінің профессоры:

– БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігіне ұмтылу – Қазақстан сияқты дамушы ел үшін батыл қадам. Өйткені ол мәртебелі орынға бәсеке жоғары. Дегенмен халықаралық қауымдастықта Қазақстанның беделін үстем ететін артықшылықтары жетерлік. Мен түркі тілдес елдердің ықпалдастығына қосқан үлесін ерекше бағалаймын. Өйткені қазақ елінің тікелей бастамасымен Түркі кеңесі, одан қалды мәдени мұраларамызды зерттеп, зерделейтін Түркі академиясы сынды іргелі ұйымдар құрылды. Яғни таңдау жасар алдында бұл бағыттағы Қазақстанның қыруар еңбегі, мол тәжірибесі, ғаламдық мәселелерді шешу бойынша ұсынып отырған маңызды бастамалары ескеріледі деп ойлаймын.

Жиында сондай-ақ Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем үшін күресте қосқан үлесі мен көшбасшы рөлі де сөз болды. Бұл ретте сарапшылар, мемлекеттер арасында алауыздық өршіген тұста Елбасының БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясының жалпы пікірсайысында айтқан ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларация қабылдау туралы ұсынысы уақытылы көтерілді дейді.

Өмер Өзкая, саяси сарапшы:

– Қазақстан – Түркияның Еуразия аймағындағы стратегиялық маңызы зор әріптесі. Сол себепті Түркия бауырлас елдің бұл бастамасын қолдайтынын білдірді. Егер Қазақстан ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланып жатса, кеңестің жұмысы жандана түсетін еді. Ал ең бастысы қазақ елі халықаралық ұйым шеңберінде ядролық қаруды таратпау, терроризмге қарсы күрестің бірыңғай әлемдік жүйесін құру сынды жаһандық мәселелердің тиімді шешілуіне өлшеусіз үлес қоспақ. Бұл бастамалар адамзат үшін өте маңызды.

Қауіпсіздік Кеңес 15 мемлекеттен тұрады. Олардың бесеуі тұрақты. Ал қалған он мүшесі БҰҰ Бас Ассамблеясы арқылы екі жылда бір сайланып отырады. Еліміз бұл мәртебелі орыннан көріну үшін ұйымға мүше 193 мемлекеттің кем дегенде 129-ының сеніміне ие болуы керек. Қорытынды шешім биыл БҰҰ Бас Ассамблеясының 71-сессиясында белгілі болады.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли
Дерексөз: 24.kz

Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптар

Источник: «bnews.kz»

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптарды атады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін азамат Қазақстан Республикасының Конституциясы белгілеген талаптарға сай келуі тиіс. Атап айтқанда, еліміздің Ата заңының ережелеріне сәйкес, Мәжіліс депутаты болып 25 жасқа толған, ҚР азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жыл тұрақты тұратын азамат бола алады. Соттің шешімімен іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған, сондай-ақ, сот Үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға құқығы жоқ», – деп мәлімдеді ОСК төрағасы.

Қ.Тұрғанқұловтың айтуынша, Мәжіліс депутаттығына сайлану үшін партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғарғы органы мүшелерінің басымдығымен жүргізіледі. Саяси партиялар партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшесі емес адамдарды енгізуге құқығы жоқ.

«Жергілікті Мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды ұсынуды белгіленген тәртіпте тіркелген республикалық немесе жергілікті қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ, олардың құрылымдық бөлімшелері және өзін-өзі ұсыну жолымен азаматтар жүзеге асырады», – дейді Қуандық Тұрғанқұлов.

 

Қазақстан әлемдегі үздік 55 елдің қатарына кірді

Дерексөз: «tengrinews.kz»

U.S. News нұсқасы бойынша Қазақстан әлемдегі үздік елдердің ретингінде 55-орын алды. Тізімге 60 ел кірді.

Рейтинг елдің туризміне, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне, мәдениетіне, инновациясы мен тарихи мұрасына, бизнес ашу мүмкіндігіне, әлемдік аренадағы қуаттылығына негізделіп жасалды. Тізімде алғашқы орынды Германия алды, одан кейін Канада, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция мен Австралия тұр. Соңғы үш орын Иран, Украина және Алжирге бұйырды.

Сипаттамада Қазақстанда пайдалы қазбалар қоры, соның ішінде уранның көп екені айтылған. Сонымен қатар, елдегі ауылшаруашылықтың дамығаны айтылады. Мамандардың пікірінше, ел экономикасы мұнай секторымен байланысты.

Тізіммен толығырақ мына жерден танысуға болады.

Елбасы Қазақстан халқына үндеу жолдады

Дерексөз: «today.kz»

Мен Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және жаңа сайлау тағайындау туралы ұсынысын талдап қарадым

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 5-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісін тарату туралы Жарлыққа қол қоюына, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты

ХАЛЫҚҚА ҮНДЕУІ

Мен Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және жаңа сайлау тағайындау туралы ұсынысын талдап қарадым.
Бұл күндері менің атыма бастамаға қолдау көрсеткен көптеген хаттар мен жеделхаттар келіп түсті. Кезектен тыс сайлау өткізу қажеттігі туралы пікірді саяси партиялар мен кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпорындардың, мекемелер мен оқу орындарының еңбек ұжымдары құптады. Сондай-ақ оған ардагерлер мен жастардың ұйымдары, бизнестің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, көптеген жеке азаматтар қолдау білдірді. Менің атыма келіп түскен бұл үндеулерде келтірілген барлық дәлел-дәйектемелер маған түсінікті. Оларда елге деген қамқорлық, саяси науқанды тездетіп аяқтауға және қойылған міндеттерді іс жүзіне асыруға кірісуге деген қажетсіну бар.
Бүгінде біздің ел күрделі жаһандық саяси және экономикалық үдерістерге тартылып отыр. Энергия қуатын беретін өнімдер бағасының құлдырауы нәтижесінде көптеген елдерді жайлаған экономикалық дағдарыс бүкіл әлемдік экономикаға және оның ажырамас бөлігі ретінде біздің елімізге де елеулі ықпал етуде. Осы бір қиын уақыт ел алдына өте күрделі міндеттер мен сын-қатерлерді тосып отыр
Халықаралық ахуал да күрделене түсті. Жетекші мемлекеттер арасындағы қайшылықтар ұлғайып, олардың санкциялық текетіресі күшейе түсуде. Сарапшылардың көпшілігі әлемдік державалар арасындағы келіспеушілік “қырғиқабақ соғыс” аяқталғаннан бері дәл қазіргідей ушығуға жетпеген еді деген пікірде. Осындай жағдайда өңірлік жанжалдардың жаңа ошақтары пайда болуда. Террорлық қатер де ұлғайып келеді. Босқындардың жаһандық толқыны планетаның жаңа өңірлерін бірінен соң бірін басып қалуда. Әлемдік сауда көлемі төмендеп, қор нарықтары құлдырауда. Іс жүзінде әлемнің барлық валюталары девальвацияға ұшырады. Осының бәрі өңірлік және ұлттық экономикаларға теріс ықпалын тигізеді.
Әлемнің жаңа бет-бейнесі қалыптасып келеді, ол жөнінде мен халыққа таяудағы Жолдауымда айттым. Бұл дегеніміз индустрияландыруды, шағын және орта бизнесті дамытуды белсенді жалғастыра отырып, шикізат бағасы төмен жағдайда өмір сүруге бейімделуді білдіреді. Осы бір күрделі ахуалда біздің бәріміз үшін ең маңыздысы – ысырапсыз өмір сүру, ресурстарды үнемдеу, жұмыс орындарын сақтау екенін түсіну. Үкімет пен Парламентке бұл жағдайда бірлесіп, жинақы жұмыс істеп, жедел шешім қабылдау қажет. Біздің халқымызға бұрынғыша бірігіп, осы күрделі уақытта кез келген ықтимал арандатуларға, қажет болса, заңнамалық тұрғыдан тойтарыс беру керек. Ол жағдайдың нашарлауына кінәлілерді іздеп, саясиландырғысы келетіндерге де қатысты. Бұл – жаһандық үдеріс, оған бірде-бір ел, соның ішінде Қазақстан да ықпал ете алған жоқ. Сондықтан бәріміз топтасып, бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Қазір елдің әрбір азаматының патриоттығы сынға түсуде. Бізде тағдырға мойынсұнып, әйтеуір бір уақыттары бәрі орнына келетініне, мұнай бағасы көтеріліп, жағдайдың жақсаратынына үміттеніп отыруға уақыт жоқ.
Бүгінде кез келген жаһандық сын-қатерге үнемі жүйелі әрі алдын ала жауап беру және тиісті шаралар қабылдау маңызды. Бізге “Қазақстан-2050” Стратегиясының бағытын жалғастырып, дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыру, Ұлт Жоспарын орындау керек. Мыңдаған азаматтарымызға жұмыс бере отырып, “Нұрлы жол” бағдарламасын белсенді жүзеге асыру қажет. Үкімет, министрлер мен барлық деңгейдегі әкімдер бұрынғы дағдарыс тәжірибесі мен инфрақұрылымдық құрылыс мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жұмыс орындарын ұсыну арқылы шығындарды қысқарту, аппаратты оңтайландыру үшін резервтер іздестіруі тиіс.
Халыққа Жолдауда мемлекетті, экономика мен қоғамды терең жаңғырту, бюджет саясатын үнемдеу, ұсынықтылық және қайтарымдылық қағидаттары негізінде оңтайландыру жөнінде ауқымды міндеттер қойылды. Парламенттің қазіргі құрамы Ұлт Жоспарына сәйкес, өнімді және ауқымды заң шығару жұмысын атқарды. Ендігі жұмыс Үкімет пен елдің барлық атқарушы органдарына, сондай-ақ бизнес-қоғамдастыққа тиесілі. Дағдарысқа қарсы шаралар мен Ұлт Жоспарын дер кезінде және сауатты жүзеге асыру солардың тиімді жұмысына байланысты болады. Бұл біздің елімізді әлемдік қоғамдастық алдында тағы да биіктетіп, инвестиция тартады, елімізге деген сенімді нығайтады. Біз мұны жасауға тиіспіз.
Қазір біздің қоғамымыз 1991 жылы мүлдем бейтаныс ахуалға тап болған кездегідей абдыраған адамдар тобы емес. Біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырға жуық абыройлы жолын жүріп өттік. Біз жасампаз еңбекте шыңдалып, табысты, қалыптасқан және әлемге сыйлы мемлекет құрған біртұтас халыққа айналдық. Мен депутаттардың бастамасын Қазақстан мен қазақстандықтардың тағдырына отаншылдық тұрғыдан қамқорлық танытудың көрінісі деп қабылдаймын. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы (оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының да депутаттары бар) және өңірлік мәслихаттардың кезекті сайлауы бірге өтуі уақытты да, қаржыны да үнемдейді. Барша депутаттарға мемлекетшіл ұстанымы мен аса жоғары тарихи жауапкершілік танытқаны үшін алғысымды айтамын.
Ел Конституциясының талаптарына сәйкес, мен Парламент Палаталары төрағаларымен, Премьер-Министрмен және Конституциялық Кеңес төрағасымен кеңестім. Ақылдаса келіп депутаттардың бастамасын қолдау туралы шешім қабылданды. Билік саласы өкілдері құрамының жаңартылуы еліміз бен халқымыздың мүддесіне сай келетіндігіне сенімім кәміл. Саяси партиялар күн тәртібіндегі міндеттерді түсіне білетін сауатты, іскер және ел мүддесіне адал кандидаттарды ұсынуға тиіс. Бүгін мен Бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойдым. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға белгіленді.
Бүкіл қазақстандықтарды, қоғамның барлық әлеуметтік топтарын уақыт талап еткен шешімді қолдауға үндеймін. Баршаңызды сайлауға белсене қатысуға, еліміздің болашағы жолындағы тұтастығымыз бен бірлігімізді тағы да танытуға шақырамын. Конституцияның кепілі ретінде Орталық сайлау комиссиясына және барлық өкілетті мемлекеттік органдарға алдағы сайлауда заңдылықты, ашықтықты және әділеттілікті қамтамасыз етуді тапсырамын. Дауыс беру науқаны және сайлау күрделі кезеңде ұлтты ұйыстырып, біздің Қазақстанымызды жаңа белестерге алып шығуға көмектеседі деп сенемін.
Баршамыздың бір ғана мақсатымыз бар, ол мақсат – халық пен елдің игілігі! Бәріміз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп, бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Біз бірлесе отырып, бүгінгі заман алдымызға тосып отырған барша қиындықтар мен сын-қатерлерді міндетті түрде еңсеретін боламыз. Мен барша қазақстандықтарды, барлық саяси партияларды біздің ортақ шаңырағымыздың тағдырына жауапты қарауға және Отаншылдығымызды нығайта түсуге шақырамын. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейлі белесін мызғымас бірлікпен қарсы алайық!

​Биыл Павлодар облысында 2500-ден астам нысан заңдастырылады

Дереккөз: «bnews.kz» 

2016 жылы Павлодар облысында 2527 нысан заңдастырылады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде тұрғын үйлер – 481 және тұрғын үйге жатпайтын нысандар саны – 2046, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Олжас Шарапиденовтің айтуынша, өңірде мүлікті жария ету науқаны 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

«Осы жылдың 12 қаңтарындағы жағдай бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне жалпы құны шамамен 4 193,3 миллион теңгені құрайтын 2 093 жылжымайтын мүлік нысаныын жария ету туралы 1003 өтініш келіп түскен. Оның ішінде жалпы құны 1 378,3 миллион теңгенің 577 тұрғын үй нысандары және 2 815,0 миллион теңге болатын 1516 тұрғын үйге жатпайтын нысандар бар», – дейді басқарма басшысы.

Жалпы, облыс бойынша құны 3 454,9 млн теңгені құрайтын 1731 нысан жария етілді, оның ішінде 462 тұрғын үй нысаны, 1269 тұрғын үй емес нысан бар.

Ведомство басшысының мәліметінше, облыста жария етілген тұрғын үй нысандарының орташа құны 2 502,0 мың теңгені, ал тұрғын үй емес нысандардың орташа құны 1 811,0 мың теңгені құрап отыр. Жүргізілген сараптама кезінде бұл көрсеткіш республикалық деңгейден төмен екені белгілі болды.

Павлодар облысы Әділет департаментінің хабарлауынша, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге 1 212 өтініш келіп түскен. Осы мәселе бойынша облыс әкімі Қанат Бозымбаев қалалар мен аудандардың әкімдеріне мүлікті жария ету науқаны аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық қолдау жасауды және мүлікті жария ету бойынша өкілетті комиссиялар мен жұмыс органдарының сапалы қызмет етуін қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика