Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

2016 жылдың 16 мен 18 ақпаны аралығында Атырау қаласында қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мамандар үшін «Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» тақырыбына оқыту семинарын өткізді.

Семинарда табиғатты пайдаланушы кәсіпорындардың 22 маман оқытылды.

Семинар қатысушылары ұсынылғандар:

«АМӨЗ» ЖШС; «Теңізшевройл» ЖШС; «West Dala» ЖШС; «Фирма АТК» ЖШС; «GEO ENERGY GROUP» ЖШС; «Мұнай сервис ЛТД» ЖШС; «Каспийский Трубопроводный Консорциум-К» АҚ; «Сатпаев Оперейтинг» ЖШС; «Матен Петролеум» АҚ.

Дәріс оқығандар:

Бекеев А.Т. – ҚОҚ және табиғатты пайдалану саласындағы тәуелсіз сарапшы;

Нурушев М. Ж.РФ мен ҚР биология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей жаратылыс ғылымдары академиясының академигі;

Изтелеуова Шынар Орманбековна – «Жайық-Каспий Орхус орталығы» директоры;

Саттыкова Гулзада Амитовна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД ҚДБЖБ басшысы.

Семинар аяқталарда білімді бағалауды өткізгеннен кейін ҚР Энергетика вице-министрі Ә. М. Мағауов пен «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК бас директоры М.А. Ануаров қол қойған куәліктер табыс етілді.

Украина мен Беларусь Сарышағанда әскери оқу жаттығу өткізгісі келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Украина мен Беларусь Сарышаған полигонында әскери оқу-жаттығу өткізгісі келеді.  Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров мәлім етті.

Еске сала кетейік, жалпы отырыста Ресей жалға алып отырған Сарышаған полигонынан 1,5 млн. гектарды жалға беруден шығару туралы келісім қабылданған болатын. Аталған келісімнің хаттамасында полигон учаскелерін басқа мемлекеттердің де пайдалану мүмкіндігі қарастырылған болатын. Осыған байланысты депутаттар тарапынан сұрақ туындаған еді.

«Шындығында Сарышаған полигоны ерекше бірегей сынақ алаңы ретінде әлемге әйгілі. Сондықтан да оған сұраныс аса жоғары, біздің полигонымызда ұрыстар өткізу, оқу-жаттығулар жүргізуге ниет білдірген мемлекеттер көп. Мәселен, Украина мен Беларусь елдері де осыны қалайды», – деді Оқас Сапаров.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы полигонды пайдалану туралы келісімде бұған дейін үшінші мемлекетті қатыстыру туралы шарт қарастырылмаған. Ал жаңа хаттамада бұндай арнайы бап енгізілді. «Осыған байланысты біз Ресейдің келісім беруі бойынша үшінші елдерді полигонды пайдалануға тарта алатын боламыз. Олармен жеке келісімшарттар жасалады», – деді Оқас  Сапаров.

Дерек көзі: http://inform.kz/kaz/article/2872157

Сарышаған полигонынан Ресей жалға алып отырған 1,5 млн. га жер қайтарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Сарышаған сынақ полигонын пайдалану мен жалға беру шарттары және Приозерск қаласының тіршілік әрекетін қамтамасыз ету туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңы  қабылданды.

Келісімге сәйкес, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл және Ақтөбе облыстарының аумағында жалпы алаңы 1 млн. гектардан астам полигон жер учаскелері жалдаудан алынады. «Хаттама бойынша жалдаудан бірқатар жер учаскелерін шығару көзделеді. Олар: түсті металды өндіру үшін Қарағанды облысындағы Жаманайбат учаскесі, Бейнеу-Жезқазған теміржолын және Самара-Шымкент автокөлік жолдарын пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстарындағы жекелеген учаскелері бар. Бұдан бөлек, Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы А-313 және А-73 халықаралық авиациялық трассаларды түзету мақсатында 711 мың 290 гектар жер жалдаудан шығарылады », – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров.

 Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Дерек көзі: http://inform.kz/kaz/article/2872146

Қызылорда облысында балық өнімдерінің экспорты 45 пайызға артты – Қ. Көшербаев

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында балық өнімдерінің экспорты  соңғы екі жылда 45 пайызға артты.  Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдында есеп беру кездесуінде айтты.

Қызылорда облысында соңғы 3 жылда балық аулау 2 мың тоннаға немесе  30 пайызға көбейді. 2015 жылы жалпы ауланған көлем 8,4 мың тоннаны құрады. Соңғы екі жылда балық өнімдерінің экспорты 45 пайызға, оның ішінде Еуроодақ елдеріне – 2 есеге өсті.

Аралдың балығы осы күнде Ресей, Украина, Грузия, Дания, Польша, Австрия мен Германияға экспортталды. 2015 жылы құны 4,6 млн. АҚШ долларын құрайтын 867 тонна балық Еуропа елдеріне және құны 202 мың АҚШ долларын құрайтын 920 тонна өнім Ресейге жөнелтілген.

Облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тонна болатын  8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бұл 300-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беруде.

Барлық кәсіпорындар халықаралық талапқа сай құралдармен жабдықталған.

 «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан бұл салаға жақсы қолдау көрсетіліп отыр. Өткен жылы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы балық өндіру, өңдеу және өнімді өткізуге арналған бірнеше жобаға еншілес мекеме ретінде атсалысты. Жобаларды іске асырушы негізгі кәсіпорынның «қанаты қатайғаннан кейін» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өз үлесін әріптес кәсіпорынға қайтарып береді. Қазір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы осы саладағы тағы бірнеше жобалар бойынша, атап айтсақ, Иіркөл шаруашылығы тоғанын қалпына келтіру және Арал балық өңдеу зауытының жұмысын жетілдіруге атсалысуда», – деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есепті кездесуінде.

Арал қаласындағы қуаттылығы жылына 6 мың тонна балық өңдейтін Арал балық өңдеу зауыты қызметін кеңейтіп, жұмыстарын жүргізуде. Зауытты шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін Арал ауданында Қарашалаң балық сервистік-дайындау орталығының құрылысы аяқталды.

Өткен жылдың шілдесінде соңғы 50 жылда тұңғыш рет Арал өңірі балықшыларының бірінші слеті өтті.

Дерек көзі: http://inform.kz/kaz/article/2871903

Павлодар облысында атмосфераға таралатын зиянды заттардың көлемі төмендеді – Қ. Бозымбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірде атмосфераға таралатын зиянды заттардың жалпы көлемі төмендегенін айтты.
«Павлодар облысы индустриясы дамыған өндірістік аймақ. Сондықтан біз үшін экологиялық проблемаларды шешу мәселесі басты орында. 2015 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға таралатын зиянды заттардың жалпы көлемі 8 пайызға төмендеді. Қоршаған ортаның жағдайына мониторинг жүргізу бойынша арнайы бағдарлама жүзеге асырылып келеді»,-деп тоқталды облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, ауаға зиянды заттары таралатын 9 өндірістік кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймақтарында тексеріс жүргізілді.

«Нәтижесінде, ластану көрсеткіші мөлшерлі бақылау деңгейінен асқан үш кәсіпорынға тиісті шаралар қолданылды. Облыстың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының аясында экологиялық технологиялар жөніндегі құзыреттеліктер орталығы құрылды. Табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру жұмысы үнемі бақылауда. Өткен жылы өндірістік кәсіпорындар осы мақсаттарға 15млрд. теңгеге жуық қаражат бөлді. Бюджеттік қаражаттың есебінен 1,2 млрд. теңге жұмсалған 16 іс-шара атқарылды»,-деді Қ. Бозымбаев.

Дерек көзі: http://inform.kz/kaz/article/2868848

Н. Назарбаев қытай халқын ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат –  Қытай Коммунистік партиясының орталық баспа органы  «Жэньминь жибао», Қытай орталық телевизиясы, ҚХР Мемлекеттік кеңес сайты  (http://www.gov.cn), «Синьхуа» агенттігі және тағы да басқа жетекші қытайлық БАҚ ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  қытай халқын ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесімен құттықтауын жариялады.

«4 ақпан күні Ақордада CITIC Group және басқа да қытайлық компания өкілдерімен кездесу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қытай халқына «Чуньцзе» мерекесімен құттықтауын жолдады. Қазақстан Президенті алғаш рет ҚР-дағы қытай компания өкілдерімен жеке кездесу өткізіп,  қытай халқын ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесімен құттықтады», – деп жазады ҚХР бұқаралық ақпарат құралдары.

Сондай-ақ кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін қытай кәсіпорнына алғысын білдірді. Сонымен бірге ол Қазақстан үкіметі екі ел арасындағы прагматикалық ынтымақтастықты кеңейту саясатын одан әрі жалғастыра беретінін атап өтті.

«Н. Назарбаев  «Жібек жолы» экономикалық белдеуі мен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатты бірлесіп жылжытуға үлес қосу  үшін қытайдың ірі кәсіпорындары Қазақстанға  инвестиция салатынына сенім білдірді, – деп жазады қытайлық БАҚ.

Басылымда Н. Назарбаевпен бірге қытай халқын Жаңа жыл мерекесімен Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон, Пәкістан Президенті Мамнун Хусейн мен  Кения Президенті  Ухуру Кениата да құттықтағаны жазылған.

Айта кетейік, Қытай халқы биылғы Мешін жылында ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесін 8 ақпан күні тойлайды. «Көктем мерекесі» («Чуньцзе») елдің ең басты мейрамы болып саналады.

Дерек көзі: http://inform.kz/kaz/article/2868331

Елбасы Қазақстанның дипломатиялық қызметіне жоғары баға берді

Бүгінгі заманның беталысы бізге басқа талап қойып отыр.

Сондықтан бәріміз үшін дипломатиялық қызмет жұмысын жүйелі жүргізіп, жақсарта түсудің маңызы зор. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде осылай деп мәлімдеді. Шекарамызды шегендеп, ішкі-сыртқы саясатты саралауда дипломаттарымыздың еңбегі ерен. Президент Қазақстанның бүгінде шетелдерде 94 елшілігі бар екенін және 169 мемлекетпен қоян-қолтық араласып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ елімізде 50-ден астам елшілік пен дүниежүзілік ұйымдардың өкілдері бар. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан елордаға жиналған елшілермен Елбасы дипломаттардың алдында тұрған мәселелерді талқылады. Көптеген халықаралық саммитті елімізде өткізуі Қазақстанның беделін арттырып, дүние жүзін мойындатқаны баршаға аян. Ендігі мақсат алға қойылған міндеттерді мінсіз атқару болмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биыл Қазақстанның тәуелсіздігіне ширек ғасыр толайын деп тұр. Осы жылдар ішінде сіз бен біздер ең алғашқы буын ретінде Қазақстанның тәуелсіздігін орнатуға атсалыстық. Қазақстан деген мемлекет дүние жүзінің картасында жоқ еді. Біз оны дүние жүзінің картасына қойдық. Жаңадан бұрын болмаған министрліктерді құрдық. Сыртқы саясаттың жаңа үрдісін Қазақстанға алып келдік.

Дерексөз: 24.kz

Қазақстанда ақпан айы жылы болады – синоптиктер

Қазақстанның басым бөлігінде ақпан айында жылы, нормадан 1 градусқа жоғары болады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі “Қазгидромет” республикалық-мемлекеттік кәсіпорнына сілтеме жасап. Тек оңтүстік-шығыс өңірлерде ауа температурасы климаттық норма шамасында болатыны айтылады.

Елдің батысында шамадан тыс жауын-жашын, ал қалған территорияда норма шамасында болады. Айдың бірінші декадасында жауын-шашын күтіледі, бұл жиі келетін белсенді циклондарға байланысты. “Екінші декадада солтүстік бөлікте түнде ауа температурасы 7-17 градус аязға дейін, күндіз 2-10 градус аязға дейін түседі, оңтүстік бөлікте жылымық, күндіз 0-8 градус жылы, ал соңында температура аздап түседі”, – деп хабарлады “Қазгидромет” өкілдері.

Ақпанның екінші декадасы орташа деңгейде жауын-шашынды болады. Ауа температурасы солтүстік бөлікте 25-32 градусқа дейін түседі, республиканың шығысында 32-38 градус аязға дейін, күндіз 12-20 градус аязға дейін, оңтүстік бөлікте түнде 15-22, күндіз 6-15 градус аяз болады делінеді. Ал үшінші декадада республиканың басым бөлігінде түнде 15-22, күндіз 6-15 градус аяз күтіледі екен. Бірақ үшінші онкүндікте республиканың басым бөлігінде белсенді циклондардың өтуіне байланысты қар жауып, жел тұрып, оның жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін, сонымен қатар ауа температурасы солтүстікте күндіз 3-8 градус аяз, ал оңтүстікте 7 градус жылы болады.
Дерексөз: kaz.tengrinews.kz

​Қазақстан мен Чехия арасында визасыз режим орнатылды

Бүгін Парламент Сенатындағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі мен құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында Қазақстан мен Чехия арасында заңсыз келген тұлғаларды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы құжат талқыланды, деп хабарлайды BNews.kz.

«Заң жобасының күшіне енуі екі ел арасындағы жалпы азаматтық ұлттық паспорт иелері үшін визасыз режим орнатуға негізгі шарт болмақ»,- деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Владимир Божко.

Сонымен қатар, реадмиссиялау туралы келісім «ЭКСПО-2017» көрмесінде өте өзекті болғалы отыр. Халықаралық деңгейде өтетін шараға шетелдік азаматтар лег-легімен келері анық. Аталмыш құжат мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтауға атсалысып, заңсыз көші-қонға тосқауыл бола алады.

Дерексөз:bnews.kz

 

Еліміздің онкодиспансерлерінде 1-10 ақпан күндері ашық есік күндері өтеді

1-10 ақпан аралығында қазақстандықтар онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында бейінді мамандардың кеңесін тегін ала алады.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бүкіләлемдік обырға қарсы күрес күні шеңберінде 1-10 ақпан аралығында еліміздің барлық өңірлерінде «Біздің қолымыздан келеді! Менің де қолымнан келеді!» ұранымен онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте кезеңде анықтауға арналған онкүндік өтеді. Шара шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек (әрі қарай – МСАК) ұйымдарында және онкологиялық диспансерлерде ашық есік күндері ұйымдастырылады. Азаматтар тегін медициналық тексеруден өтіп, бейінді мамандардың кеңесін ала алады.

Онкүндік мақсаты – онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте кезеңде анықтау мәселелерінде тұрғындардың және медициналық қызметкерлердің хабардарлығын арттыру, сондай-ақ скринингтік тексерулерді уақытылы өтудің қажеттігі жөнінде халықты ақпараттандыру болып табылады.

Шара шеңберінде республиканың барлық өңірінде МСАК ұйымдарында онкоқырағылықты арттыру және онкологиялық аурулардың алдын алу мәселелері бойынша медициналық қызметкерлерге семинарлар және халық көп жиналатын орындарда кең ауқымды іс-шаралар өткізіледі. МСАК ұйымдарында және онкодиспансерлерде ашық есік күндері ұйымдастырылып, кардиолог, эндокринолог, пульмонолог, акушер-гинеколог, уролог және онколог мамандар кеңес береді.

Айта кеткен жөн, аталған іс-шаралардың барлығы өңірлерде 1-10 ақпан күндері аралығында өткізіледі. Толық ақпаратты азаматтар МСАК ұйымдарынан және онкодиспансерлерден ала алады.

Онкологиялық аурулармен күресу – ҚР денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Отандық денсаулық сақтау ұйымдарында обырды диагностикалау және емдеуге қажетті барлық озық технологиялар бар. Әсіресе, ауру ерте кезеңде анықталған жағдайда науқас үшін обырдан толықтай айығып кетуге мүмкіндік бар. Скринингтік медициналық тексерістер қатерлі ісіктің алдын алуда және ерте кезеңде анықтауда ең тиімді тәсіл болып табылады. 2015 жылы республикада онкологиялық скринингтер аясында ересек тұрғындардың мақсатты топтарына 1,5 млн-нан астам тексеру жүргізілген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық обырға қарсы одақтың бастамасымен Бүкіләлемдік обырға қарсы күрес күні жыл сайын 4 ақпанда атап өтіледі. Өткен жылы шара «Бұл қолымыздан келеді!» ұранымен өткен болатын.

Дерексөз: 24.kz

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика