Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Балық ресурстарын жасанды жолмен молайту

Балық шаруашылығы ел экономикасында табыс көзі және халықты жұмыспен қамту, экономиканың экспорттық әлеуетін арттыру және биологиялық әртүрліліктің жаңартылатын көзі ретінде маңызды.

Осыған байланысты, Қазақтан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің қызметі балық ресурстарын тұрақты пайдалану үшін оларды сақтау мен өсімін молайтуға бағытталған.

Бұл ретте маңызды міндеттердің бірі табиғи өсімді молайту үшін жағдайлар жасау жөніндегі іс-шараларды іске асыру, сондай-ақ қолдан өсіруді жүзеге асыру арқылы балық ресурстарын  ұлғайту болып табылады.

Кейіннен табиғи мекендеу ортасына жібере отырып, балық шабақтарын қолдан өсіру жөніндегі функцияларды Балық шаруашылығы комитетінің мемлекеттік кәсіпорындары: Атырау облысындағы екі бекіре балық өсіру зауыты, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан Қамыстыбас және Петропавл балық питомниктері республикалық бюджет есебінен іске асырады.

Олар өсірген құнды балық түрлерінің шабақтары жыл сайын балық шаруашылығы су айдындарына жіберіледі. Айталық, 2021 жылы құнды балық түрлерінің – бекіре, ақсаха, тұқы және өсімдікжемді балық түрлерінің (ақ амур, дөңмаңдай) 68 млн. дана шабақтары өсіріліп, табиғи мекендеу ортасына жіберілді.

Сонымен қатар, су айдындарын балықтандыру бойынша қызмет көрсетуге мемлекеттік тапсырыс жыл сайын жеке балық өсіру кәсіпорындары арасында бәсекелестік негізде орналастырылады. Ағымдағы жылы Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Есіл, Жайық-Каспий және Нұра-Сарысу бассейндерінің су қоймаларына 6,3 млн. дана құнды балық түрлерінің шабақтары, оның ішінде бір миллион дана бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабақтары жіберілді.

Өсірілген шабақтарды су айдындарына шығару облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциялары қызметкерлерінің, жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық және ғылыми ұйымдар, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен комиссиялық түрде жүзеге асырылды.

Жалпы ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бағалы балық түрлерінің 74,3 млн. дана шабақтары табиғи мекендеу ортасына жіберілді.

Бұдан басқа, балық аулауды балық шаруашылығы су айдындарында балық аулауды жүзеге асыратын балық шаруашылығы субъектілері жүзеге асырады. Мәселен, шарттық міндеттемелерді орындау шеңберінде олар жыл сайын су айдындарын шамамен 200 млн. дана құнды балық түрлерінің шабақтарымен балықтандырады.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоғаммен байланыс департаментінің директоры тағайындалды

Олжас Беркінбаев ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоғаммен байланыс департаментінің директорлығына тағайындалды деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

1991 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Тарих және құқықтану мамандықтары бойынша Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ түлегі. Саясаттану бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі.

Еңбек жолын 2012 жылы ҚР ІІМ «Сақшы» газетінде тілші болып бастаған. 2013-2015 жж. Әскери стратегиялық-зерттеулер орталығында президент көмекшісі, жетекші маман, Nur Otan партиясы елордалық филиалының баспасөз хатшысы лауазымдарында болды.

2016 жылы «Қазконтент» АҚ өткізген республикалық конкурс нәтижесінде National Digital History of Kazakhstan жобасының жетекшілігіне тағайындалған. 2018 жылға дейін аталмыш жобаның бас редакторы, кейіннен «Әдебиет порталының» жетекшілігін қоса атқарған.

2019-2021 жылдары ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының аға сарапшысы, Қарағанды облысы әкімдігінің Saryarqa Aqparat медиа холдингінің директоры болды. Мемлекеттік қызметтегі жұмысын ҚР Сыртқы істер министрлігінің 3-ші хатшысы лауазымынан бастады.

Журналистика саласы бойынша Мемлекеттік «Дарын» жастар және тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығының, Nur Sunqar – 2021 байқауларының лауреаты. Болгария, Ресей елдерінде тәжірибеден өткен.

Түрлі тақырыптағы ғылыми және публицистикалық еңбектері бірқатар отандық басылымдар мен Оңтүстік Корея, Украина, Ресей елдерінде жарияланған. Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы Үкімет Қаулысына енген «Қиырдағы қазақтар» жобасына жетекшілік етіп, 8 елді қамтыған деректі фильмді түсіруге үлес қосты.

«Хабар 24» және «Хабар» арналарында авторлық бағдарлама жүргізген. Отбасылы.

А. Мамин COP26 климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық саммитке қатысты

2021 жылғы 1 қарашада ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Шотландияның Глазго қаласында климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Негіздемелік конвенциясының Әлем көшбасшылары саммитіне (СОР26) қатысты.

Үкімет басшысы өз сөзінде Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып Париж келісімін ратификациялағанын атап өтті (2016 жылғы 6 желтоқсанда). Аталған құжатты жүзеге асыру үшін ҚР 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15%-ға қысқартуға ниетті. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан ұлттық деңгейде айқындалған үлесін (ҰДАҮ) жаңартты, сондай-ақ жаңа Экологиялық кодексті қабылдады.

Саммит қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі үкіметтерінің стратегиялық серіктестік және климаттың өзгеруіне қарсы әрекет ету жөніндегі бірлескен күш-жігер туралы бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Құжат қоршаған ортаны қорғау, экономиканы декарбонизациялау  саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, «жасыл» қаржыландыру, ормандарды сақтау, жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру және т. б. салалардағы Қазақстанның әлеуетін іске асыруды көздейді.

Толық ақпарат: https://primeminister.kz/kz/news/a-mamin-cop26-klimattyn-ozgerui-zhonindegi-zhahandyk-sammitke-katysty-2105942

2021-2023 жылдарға арналған түзетілген бюджеттік бағдарламаларды қоғамдық талқылау

Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2021-2023 жылдарға арналған түзетілген бюджеттік бағдарламаларды жария талқылау үшін “Ашық бюджеттер” порталында жарияланғанын хабарлайды.

ҚР ЭГТРМ-нің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын жария талқылауға қатысу үшін келесі сілтеме бойынша өту қажет: https://budget.egov.kz/budgetprogram/budgetprogram?govAgencyId=7493723

ЭЦҚ-ның болуы міндетті.

Экология министрі Серікқали Брекешев БҚО – да «Ауыл-Ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылу барысымен танысу үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Батыс Қазақстан облысына барды.

Сапар барысында Министр облыстағы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жөнделген және салынып жатқан объектілермен танысты.

Серікқали Брекешев Махамбет ауылындаклуб ғимаратында болып, Жымпиты ауылындағы автомобиль жолының құрылысын бақылады.

100 орындық ауылдық клуб нысанының құрылыс жұмыстары 100% пайызға орындалды.Оған республикалық бюджеттен 81,9 млн теңге қаражат бөлінген. Ал Сырым ауданы Жымпиты ауылындағы жолдардың құрылыс жұмыстары 90-95 пайызға орындалған. Онда республикалық бюджеттен 148,1 млн теңге қаражат бөлінді. Жолдың ұзындығы 1,5 шақырымды құрайды.

Сондай-ақ, министр Киров-Шежін магистральды каналын Орал-Көшім жүйесінен «Үлкен Өзенге» бассейнаралық су жіберу үшін реконструкциялау жобасының құрылыс барысын тексерді.

Объектіге 7 бірлік техника және 10 адамнан тұратын жұмыс бригадасы жұмылдырылған. Су қабылдағыш бойынша дайындық жұмыстары 80% – ға, бөгеттің еңісін бекіту бойынша 80% – ға, пайдалану жолымен біріктірілген бөгетті жөндеу бойынша және кюветті толтыру бойынша 35% – ға дайындық жұмыстары жүргізілді.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру қорытындылары бойынша кеңесте министр Батыс Қазақстан облысындағы жобаның қарқыны туралы мәлімдеді.

«Әрине, жоба аясында өңірде көп жұмыс атқарылып жытр. Бағдарламада 24 перспективалы ауыл қамтылып, бірқатар әлеуметтік сала нысандары жөнделді.Ондаған шақырым жол, электр беру желілері қайта жаңартылды. Сонымен қатар, барлық нысандар белгіленген мерзімде тапсырылғанына назар аудару қажет. Бұл ретте сапа мәселесі ерекше бақылауда болуы тиіс. Сондай-ақ шекаралас ауылдардың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, бағдарламаға қосу мәселесі де өзекті болып табылады», – деді министр.

Жалпы, 3 жыл ішінде өңірде 107,2 км астам жол салынды, қайта жаңартылды және жөнделді. 7,1 км су құбыры желісіне, 11 мектепке, 10 мәдениет және спорт объектісіне күрделі жөндеу жүргізілді. Көшелерді жарықтандыру үшін 6,1 км электр беру желісі салынды.

Айта кетейік, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы 2019 жылдан бері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты-ауылдардағы өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту, оны жаңа өңірлік стандарттарға сай ету болып табылады.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы мақұлданды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы жануарларға жауапкершілікпен қарауды құқықтық реттеуді және оларға ізгілік танытуды мақсат етеді. Бұл құжат жануарларды ұстауда азаматтардың адамгершілік тәрбиесін қалыптастыруға ықпал етеді.

«Осы принциптерді іске асыру үшін талаптар мен қағидаларды белгілеу арқылы құқықтық қатынастардың мемлекеттік реттеу механизмдері де бекітілді. Оның ішінде жануарларды асырауға, тасымалдауға және ветеринариялық қызметтер көрсетуге қойылатын жалпы талаптар мен жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салу қарастырылған», – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Сондай-ақ, заң жобасында жекелеген санаттағы жануарларға қарау және асырау кезіндегі талаптар анықталған.

«Бұл құжатта үй жануарларын есепке алу өнімін (құралын) иелері есебінен ақылы негізде пайдалана отырып, үй жануарларын міндетті есепке алу қарастырылған», – деді министр.

Ведомства басшысының айтуынша, құжат жануарларды жазықсыз өлтіру, жануарларды әлсірету, оларға анестезиясыз операция жасау, иттерді төбелестіру сияқты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды.

«Бүгін біз жануарларды қорғау міндетін шешіп қана қоймай, болашақ ұрпақ үшін вектор орнатамыз», – деп атап өтті С .Брекешев.

2060 жылға қарай Қазақстан бүкіл экономика ауқымында нөлдік шығарындарылардың таза теңгеріміне қол жеткізеді

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев 2060 жылға дейін ҚР көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Доктринасы шеңберіндегі көміртегі бейтараптығының сценарийі туралы хабарлады.

Министр Серікқали Брекешевтің айтуынша, доктрина TIMES, CGE және System Dynamics сияқты ең жақсы озық модельдер арқылы нақты экономиканы модельдеу негізінде жасалған. Бұл ең аз инвестициялық шығындар және ең үлкен экономикалық тиімділікке қол жеткізу тұрғысынан Қазақстан экономикасын декарбонизациялаудың неғұрлым оңтайлы жолын айқындауға мүмкіндік береді.

«2060 жылға қарай Қазақстан бүкіл экономика ауқымында нөлдік шығарындарылардың таза теңгеріміне қол жеткізеді. Олардың көп бөлігін болдырмауға болады, ал қалған еріксіз шығындар тікелей көздерде пайдаланылады, сақталады немесе өсімдіктер мен топыраққа сіңіп кетеді»,- деді Серікқали Брекешев.

Сонымен бірге көрсеткіштер мен көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мақсаттарды қамтамасыз ету тұтастай алғанда ұлттық шығындарға әсер ететін салалық саясатты реформалауды талап етеді. Есептеулер көрсеткендей бұл үшін 40 жыл ішінде төмен көміртекті технологияларға шамамен 650 млрд. АҚШ долл жұмсалуы тиіс.

Доктрина халықаралық инвесторларды қоса алғанда, мемлекеттік және жеке сектор үшін экономика дамуының ұзақ мерзімді бағдарына айналады. Айта кету керек, экономиканың әлеуметтік әділ трансформациясы және жаңа жұмыс орындарын құру Доктринаның ажырамас бөлігі.

Ахметжан Пірімқұлов Словакия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Милан Коллар мырзамен кездесті

2021 жылғы 26 қазанда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов Словакия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Милан Коллар мырзамен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Словакия Үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысын өткізу барысын, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Ахметжан Пірімқұлов қазақстан тарапы 2022 жылғы 10-11 наурызда Братислава қаласында Қазақстан-Словакия Үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысын өткізу жөніндегі словакия тарапының ұсынысын қолдайтынын және Үкіметаралық комиссия шеңберінде іскерлік делегацияларды тарту мәселесін пысықтауға дайын екендігін жеткізді.

«Осыған байланысты Словакияда перспективалы серіктестер табу үшін Қазақстаннан іскерлік миссияға қатысушылардың құрамын бірлесіп әзірлеуді ұсынамын», – деп атап өтті вице-министр.

Тараптар бұл екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде елші Милан Коллар бұл істе ынтымақтастық танытуға оң ниетті екенін, екі ел арасындағы әріптестікті жоғары бағалайтынын айтты.

Сондай-ақ, А. Пірімқұлов алдағы отырыс аясында Қазақстан мен Словакия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа салаларын (қоршаған ортаны қорғау, геологиялық барлау және энергетика) қарастыруды ұсынды.

Айта кетейік, Қазақстан-Словакия Үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысының хаттамасына сәйкес екі ел арасында өнеркәсіп, энергетика, білім беру, туризм, сондай-ақ метрология және сәйкестікті бағалау саласындағы ынтымақтастық бойынша уағдаластыққа қол жеткізілген болатын.

Сонымен қатар, А. Пірімқұлов қазақстандық тарап ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен СР қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасында қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасы жаңа редакцияда пысықталғанын хабарлады.

«Бүгінгі таңда словакия тарапының ұсыныстары мен ескертулерін ескере отырып, біз СР қоршаған ортаны қорғау министрлігінің құзыреті шеңберінде келісім жобасының жаңартылған мәтінін әзірледік және дипломатиялық арналар арқылы жібердік», – деді экология вице-министрі.

Бұл ретте елші мырза Үкіметаралық комиссия отырысы шеңберінде одан әрі қол қою үшін Келісім жобасын словак тарапымен келісуге жәрдем көрсететінін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінгі күні құрып кету қаупі жоғары Пржевальск жылқыларын табиғи мекендеу ортасына (Қазақстан Республикасының аумағына) қайтару мәселесі пысықталуда.

Вице-министр А. Пірімқұлов қазақстан тарапы словакия тарапының атына осы мәселені шешу үшін қажетті Құжаттар тізбесін жібергенін және словак тарапынан жауапты тұлғаны белгілеу қажет екенін тілге тиек етті.

Миллан Коллар мырза Пржевальский жылқысын реинтродукциялау мәселесін пысықтауды және одан әрі өзара іс-қимыл жасау үшін жауапты адамды белгілеуді словакия тарапына жеткізетінін мәлімдеді.

Кездесу соңында тараптар Братислава қаласында 2022 жылғы наурызда өткізілуі жоспарланған Үкіметарлық комиссия шеңберінде екі ел ынтымақтастығының басым бағыттарын неғұрлым егжей-тегжейлі талқылайтына келісті.

Құрметті IT-компаниялар мен стартаптар!

Сізде 28 қазан Digital Bridge форумы аясында өз жобаларыңызды таныстыруға және оларды одан әрі іске асыру, ілгерілету және инвестициялар тарту мүмкіндігі мақсатында бізге ұсынудың тамаша мүмкіндігі бар.

Біз Сіздерді 28.10.2021 ж.сағат 14.00-де Сауран көшесі, 44 мекен-жайы бойынша орналасқан Конгресс-орталық ғимаратында күтеміз.

digitalbridge.kz сайтында тіркелу.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын жүзеге асырудың арқасында 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасын таныстырды.

Серікқали Брекешевтің айтуынша, жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленді. Ол халықтың өмір сүруіне қолайлы орта құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

«Ұлттық жоба «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат», «Экология болашағы» атты төрт негізгі бағыттанжәне 11 тапсырмадан тұрады. Олар бойынша 19 көрсеткіш және 48 іс-шара қарастырылған. Жобаны іске асыру халықтың нақты кірістерін арттыруға, ЖІӨ-ні 231 млрд.теңгеге ұлғайтуға ықпал ететін болады. Ұлттық жобаны іске асырудың арқасында 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады», – деді Серікқали Брекешев.

Сондай-ақ, министр барлық бағыттар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Мысалы, «Үнемді Қазақстан» бағыты аясында 401 арнаны қайта жаңарту және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезінде су шығынын 4 км3 азайту жоспарлануда.

«Ұлттық жобада суармалы жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту бойынша іс-шаралар көзделген, қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жинақтау көлемі 1,7 км3 болатын 9 жаңа су қоймасын салу жоспарлануда», – деп атап өтті министр.

Министрдің айтуынша, ұлттық жобаны жүзеге асыру көлдердегі судың сапасын жақсартуға, суаруға су беру кезінде шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, орманды еліміздің жалпы аумағын 5%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика