Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Қазақстанда су құстарының санағы жүргізіліп жатыр

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау қауымдастығы (ҚБСА) Халықаралық суда жүзетін және су маңында мекен ететін құстарды тіркеу есебіне (International Waterbird Census) қосылып, еліміздегі су құстарының санағын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық есеп бір мезетте әлемнің 100 елінде жүргізіледі.

«Бірінші болып ҚБСА клубының мүшелері құстардың есебін жүргізуге Ақтау қаласына аттанды. Маңғыстау облысында негізгі орнитологиялық аумақтардың бірі – Қаракөл орналасқан. Оқушылар ол жерден мыңдаған құстың барын анықтаған. Оның ішінде қоқиқаз да бар», – делінген ҚБСА-ның Facebook-тегі парақшасында.

Сонымен бірге, клуб мүшелері Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында мекен ететін құстарды санауда.

«Қатарымызға қосылуға ниетті кез келген азамат халықаралық шараға атсалысып, өзіне жақын маңдағы су айдындарындағы құстардың санағын жүргізе алады», – делінген хабарламада.

Алматы зообағы кішкентай теңбілшерді Аустралия деп атады

Дереккөз: inform.kz

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы зообағы жаңадан туған теңбілшердің төлін Аустралия деп атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жануардың атын әлеуметтік желі қолданушылары ұсынған болатын.

Зообақ басшылығы көп есімнің ішінен екі адамның ұсынысын қабылдады.

«Кішкентай ягуарымызға жаңа есім таңдадық!

Құттықтау жолдап, өз пікірін білдірген Құрал Лесбековтың, @rominalamour ұсынысы бойынша біз кішкентай ягауарды Аустралия деп атайтын болдық.

Алыстағы құрлықта соңғы күндері орын алған қиын жағдайға байланысты біз бұл ұсынысты көпшіліктің ойын ескере отырып, қабыл алдық», – деді зообақ басшылығы.

Аустралия есімді кішкентай жануар – қоршаған табиғатымызды қорғау баршамыз үшін қаншалықты маңызды екенін еске салып тұрмақ.

Мұның алдында зообақта теңбілшер күшіктегенін жазған болатынбыз.

Ақмолада екі тәулікте табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 19 әрекеті анықталды

Дереккөз: inform.kz

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында арнайы құрылған мобильді топ екі тәуліктің ішінде табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуына қатысты 19 оқиғаны анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, облыс аумағында қаңтардың 6-сы мен ақпанның 5-сі күндері табиғатты қорғау заңнамасының қорғалуын қамтамасыз ету, биологиялық ресурстар өнімі мен нысандарының заңсыз айналымын, экологиялық қылмыстарды ашу бағытында «Браконьер» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр.

«Акцияның алғашқы екі тәулігінің ішінде табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуына қатысты 19 оқиғаны анықталды, оның 13-і аңшылық ережесінің бұзылуы, 3-і балық аулау ережесінің бұзылуына қатысты. Бұдан бөлек, аңшылық мылтықты бірге алып жүру, тасымалдау бойынша 3 әкімшілік хаттама толтырылды және 2 мылтық тәркіленді.

Айта кету керек, табиғатты қорғау заңнамасының бұзылу оқиғалары көбіне Астрахан, Атбасар аудандары мен Көкшетау қаласы аумағында тіркелді», – дейді ведомстводан.

Ақмол облысының табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері аңшылықты арнайы бекітілген аңшылық жерлерде ғана жүргізуге болатынын ескертеді. Ол үшін аңшының қолында рұқсат құжаттары болуы тиіс.

ШҚО-да шекарашы Қызыл кітапқа енген бүркітті құтқарды

Дереккөз: inform.kz

КАТОНҚАРАҒАЙ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарай ауданында шекарашы Қызыл кітапқа енген бүркітті құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметке сілтеме жасап.

«Өрел» шекара комендатурасының ефрейторы Родион Абрамов Берел ауылына жақын жердегі мемлекеттік шекараны күзету кезінде жолдың бойында жараланған құсты көрген. Ол жаралы құсты ұстап, оны Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне тапсырған. Aquila heliaca тұқымдас жас бүркіттің Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілгені де белгілі болды», – деп жазды Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында.

Родион Абрамов табиғат деген қамқорлығы мен Катонқарайдың биоәртүрлігігін сақтауға қосқан үлесі үшін ұлттық парктің алғыс хатымен марапатталды.

Атырауда қоршаған ортаны ластанғаны үшін мыңнан астам адам жауапқа тартылды

Дереккөз: inform.kz

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – 2019 жылы полиция қоршаған ортаны ластаушылармен ерекше белсенді жұмыс жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Гүлнәзира Мұхтарованың хабарлауынша, 2019 жылы рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағаны және кәрізден шығатын қалдықтарды ағызып жібергені үшін қала тұрғындарына 1 мың 72 хаттама толтырылған.

Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, осындай әрекетті тұрғындар үш рет қайталайтын болса, олар 15 тәулікке қамауға алынады.

БҰҰ жаңа киімді көп алмауға кеңес береді

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бір джинсы жасап шығару үшін мақта жинау, өндіріс, тасымалдау мен жууды қосқанда, төрт мың литр су қажет. Мұнда табиғатқа келетін залал 33,4 кг көміртегі эквивалентін шығарумен бірдей. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы (ЮНЕП) ескісін тоздырмайынша, жаңа джинсы сатып алмауға кеңес береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Киім толы шкаф – өткен заманның белгісі. Ескі киімді жаңа тәрізді кию «Кішкентай қара көйлек» секілді сәнге айналып келеді. Біз сән индустриясының экологиялық тұрғыда таза болғанын қалаймыз», -дейді Париж қаласының вице-мэрі Антуанетта Ги.

Сән индустриясы өзінің ауқымды өндіріс көлемі арқылы климаттың өзгеруіне қарсы күреске айтарлықтай үлес қоса алады. Бұл салада 300 миллион адам жұмыс істейді және оның жылдық айналымы 1,3 трлн доллардан асады. Экологиялық қозғалыс белсендісі Лоуренс Мила Каналс өндірістік тізбектегі қоршаған ортаға зиян келтіретін процестерді анықтауға және шара қолдануға шақырады. «Киім шығарудың барлық қатысушылары тоқыма өнеркәсібіндегі өндіріс пен табыс процестерін қайта қарастыруға және қоршаған ортаға зиянды әдістерден бас тартуға күш салуы керек», – дейді ол.

Ал тұтынушылар экологиялық тазалыққа үлес қосу үшін аз киім сатып алуы тиіс. Статистикаға сәйкес, адамдар бір киімді шамамен он рет киеді. Әрине, елге және адамның әлеуметтік жағдайына байланысты бұл көрсеткіштер өзгеруі мүмкін. ЮНЕП орташа деректерді ұсынған.

«Дегенмен, жыл сайын киімге деген сұраныс екі пайызға артып отырады, екі мыңыншы жылдардың басымен салыстырғанда, бұл киімдерді үштен бір бөлігіне аз киеміз. Бұл сән-салтанат үшін планетаның қосымша ресурстары жұмсалады. Пайдаланылған киімнің 87 пайызы қоқысқа түседі: әлем бойынша бір секундта тұтас қоқыс тасушы көлікті киіммен толтыруға болады. ЮНЕП киім сатып алғанда, оны ұзақ кию үшін материалдың сапасына назар аударуға кеңес береді. Сондай-ақ, киілген киімдерді сатып алып, жалықтырған киімдерді «секонд хэнд» дүкендерге жіберу ұсынылады. Киімді мұқият киіп, заттарды сирек жуып, көп талшықты шайып тастайтын ұнтақтың орнына концентрленген арнайы сұйықтықпен жуу керек», – делінген БҰҰ хабарламасында.

Шара қабылдамасақ ластаушы заттардың эмиссиясы тағы бір тоннаға өседі – министр

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев тиісті шара қабылданбаса, 2030 жылы болжам бойынша ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн тоннаға дейін өсетінін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға ластаушы заттардың қалдықтары 2,5 млн тоннаны, ал жыл сайынғы өсімі 100 мың тоннаны құрап отыр. Оның ішінде электр энергетикасына (көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары) 940 мың тонна, тау-кен металлургия секторына – 760 мың тонна, мұнай өндіруге – 520 мың тонна, көлік пен ауыл шаруашылығына – 320 мың тонна тиесілі. Өңірлердегі қалдықтардың негізгі үлесі Қарағанды және Павлодар облыстарында – шамамен 56 пайызды құрайды. Егер тиісті шара қабылданбаса 2030 жылы болжам бойынша ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн. тоннаға дейін өседі», – деді министр Үкімет отырысында.

Министр осы тақырыпты жалғастыра отырып, парниктік газдардың шығарындыларына тоқталды.

«Париж келісімі бойынша Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға қарай 1990 жылмен салыстырғанда 15 пайызға төмендетуге міндеттеме алған. Алайда бүгінгі күні еліміздегі парниктік газдардың шығарындылары бұл деңгейден жоғары. Бұл ретте, экономикалық өсімді ескере отырып, парниктік газдар шығарындыларының өсетінін болжауға болады. Парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша қажетті шаралар қабылдау үшін министрлік герман тарабының қолдауымен 2050 жылға дейінгі төменкөміртекті даму стратегиясын әзірлеуге кірісті», – деді ол.

Мағзұм Мырзағалиев елдегі қоқыс мәселесі қалай шешілетінін айтты

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, ел аумағындағы полигондарда 120 млн тоннадай қоқыс өңделмей жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоқысты қайта өңдеу мәселесі еліміз үшін өте өзекті болып тұр. Елдегі полигондарда 120 млн тоннадай қоқыс жиналған. Сонымен қатар, полигондарға жыл сайын 5-6 млн тоннадан қосыла береді. 14 пайызын ғана қайта өңдеуге барады. Бұл ретте ең басты мәселе – тарифтің төмен болуы. Ашық әрі анық айтсақ, тарифті көтеруге мүмкіндігіміз жоқ. Себебі, оны бір дегенде 20-30 есе көбейту керек болады. Тариф төмен болғаннан кейін салаға инвесторлар келмейді», – деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрлік еуропалық тәжірибені зерттеп, қоқысты жағу арқылы өндірілетін электр энергиясын жеке сату амалы барын зерделеп көріпті.

«Біз осындай тетікті енгізейін деп жатырмыз. Жаңа экологиялық кодексте ол тетіктер бар. Кодекс күшіне енгеннен кейін салаға инвесторлардың келетініне ешқандай күмәніміз жоқ. Себебі, олар өз табысын тарифтердің емес, электр энергиясының есебінен табады. Жаңа айтылып отырған 180 млрд теңге – біздің есебіміз бойынша 6 қалаға тиесілі. Жалпы, осы механизм арқылы бүкіл ірі қалада қоқыс мәселесін шешеміз деген ойдамын. Әрине, қазіргі таңда біздің елімізде қоқыс өңдейтін мекеме жоқ. Сұрыптау кешендері ғана бар. Сондықтан, осы салаға инвесторлар керек», – деді ол.

Өскеменнің экологиялық мәселесі қалай шешіледі – министрдің жауабы

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауасы ластанған қалалар қатарындағы Өскеменнің экологиялық мәселелерінің шешімі бар ма? Бұл сұраққа ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде бірнеше проблемалық қала мен облыс бар. Сондықтан, әр облыс пен әр қалаға қатысты мәселені шешу жолын іздедік. Экологиялық мәселесі бар өңірлердің бірі – Өскемен қаласы. Жалпы, Шығыс Қазақстанның экологиялық ахуалын білеміз. Шығыс Қазақстандағы ең ірі кәсіпорындардың бірі – «Казцинк» компаниясы. Ол Риддер мен Өскемен қаласында жұмыс істейтін ірі мекеме. Біз сол мекеменің басшысын шақырып алып, мына мәселені қалай шешуге болады деп ақылдастық. Бір жағынан жаңа Экологиялық кодекс күшіне енгеннен кейін 2025 жылға дейін ең озық қолжетімді технологиялар ұғымы пайда болады. Дегенмен, Өскемен қаласының проблемасын 2025 жылды күтпей, шешу керек деп ойлаймыз», – деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министр «Казцинк» металлургиялық компаниясының басшысымен кездесіп, нақты келісімге қол жеткізілгенін айтады.

«Сол келісімге сәйкес, «Казцинк» компаниясы қателеспесем, 300 млн доллар қаражат салғалы отыр. Олар осы сома арқылы фильтрді емес, технологияны өзгерткісі келеді. Ең озық қолжетімді технологияларды 2025 жылды күтпей, келесі жылдан бастап енгізбек. Біздің есебіміз бойынша бұл технология 3-4 жылдың ішінде ауаға таралатын шығарындыларды 20-30 пайызға азайтады. Бұл – өте жақсы нәтиже, меніңше», – деді ол.

Мағзұм Мырзағалиев «Казцинк» басшылығынан неліктен 2025 жылды күтпей, озық технологияларды тезірек енгізуге асығып отырғанын сұраған.

«Біздің алған жауабымыз мынадай болды: «Казцинктің» қазіргі қожайыны – еуропалық компания. Еуропада нарық пен экологиялық талаптар жоғары. Егер біздің компаниялар еуропалық деңгейге шықпаса, онда «Казцинк» компаниясы өндіретін өнімдерді еуропалықтардың сатып алуы екіталай. Сондықтан, кәсіпорын аталмыш мәселеге қазірден бастап назар аударып отыр», – деді ол.

Министр Өскемен қаласында ауаны ластайтын негізгі үш ірі кәсіпорын барын, «Казцинк» компаниясымен бірге тағы екі кәсіпорын тиісті талаптар бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.

Семейде 40-қа жуық қарағайды заңсыз сатқандар анықталды

Дереккөз: inform.kz

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде жаңа жыл қарсаңында «Шырша» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінде табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты ММ мемлекеттік инспекторларымен бірлесіп орман қорын күзету бойынша рейд жүргізетінін хабарлады. Жедел алдын алу шарасы барысында ағаш пен ағаш материалдарын тасымалдайтын көліктер тексеріледі. Қаладағы қылқан жапырақты ағаштар сататын сауда нүктелерін анықталды.

«Сатушылардың айтуынша, барлық шыршалар мен қарағайлар Ресейден әкелінді. Базардағы бір қарағай мен шыршаның ең төменгі бағасы – 4000 теңге. Олар ұзақ уақытқа шыдамайды, жылы бөлмеде олардың инелері тез бұзыла бастайды. Рейд барысында тиісті құжаттары жоқ 38 қылқан жапырақты ағаш тәркіленді», – деп түсініктеме берді Семей қаласының ПБ баспасөз қызметінде.

Сонымен қатар, полиция кесілген қарағай үшін жаза бар екенін ескертті және бұл қылмыстық жауапкершілікке жататынын айтты.

«Зиянкестерге 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады (303000 теңге) немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынады, егер жойылған және кесілген ағаштар орман қорының бөлігі болса, онда айыппұл 160 АЕК-ке дейін (404 000 теңге) болады немесе 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 40 тәулікке дейін қамалады», – деп атап өтті ПБ баспасөз қызметінде.

Айта кетейік, «Шырша» жедел алдын алу шарасы аймақта 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика