Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев заңсыз үйілген қалдықтар проблемасын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жай-күйі және стихиялық үйінділер санының өсуі де өзекті экологиялық проблема болып саналады. Ғарыш мониторингі 2018 жылы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің саны 8 600 болғанын көрсетсе, 2019 жылы олардың саны 9 200-ге жетті», – деді министр Мәжілісте жаңа Экологиялық кодекс жобасын таныстыра отырып.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қалдықтарды жинаумен, тасымалдаумен, қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындар туралы толық мәліметтер жоқ. Қалдықтармен жұмыс істеу кезінде (рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлер, алдын ала залалсыздандырусыз қауіпті қалдықтарды заңсыз көму) ереже бұзу фактілері кездесуде.
Мысалы, өткен жылдары Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында тиісті түрде өңделмеген құрамында мұнай бар және медициналық қалдықтар табылды.
«Қолданыстағы заңнамамен қалдықтармен жұмыс істейтін кәсіпорындардың қызметі регламенттелмеген. Осыған байланысты жаңа Экологиялық кодексте қауіпті қалдықтар жөніндегі қызметті лицензиялау мен қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша хабарлама тәртібі көзделген. Бұл қалдықтарды жинаумен, тасымалдаумен, қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын мамандандырылған кәсіпорындардың тізілімін жүргізуге мүмкіндік береді»,- деп атап өтті ведомство басшысы.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Еуроодақтың Орталық Азия мен Ауғанстан үшін жаңа стратегиясын іске асыру шеңберінде Германия бастамашылық еткен климатты қорғау мәселелері жөніндегі «Жасыл Орталық Азия» аймақтық интеграциялық жобасын іске қосу жөніндегі жоғары деңгейдегі конференцияға қатысты.
Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға, сондай-ақ, ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррелл, Түрікменстан Вице-премьері – Сыртқы істер министрі Рашид Мередов, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбеков, Өзбекстан Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов, Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Ауғанстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Мирваис Наб, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты.
Конференцияны аша отырып, ГФР Сыртқы істер министрі Хайко Маас Германия үкіметінің жаңа жобасы күшейтілген трансшекаралық ынтымақтастық арқылы су ресурстарын басқаруға көмек көрсету бойынша көпжылдық «Орталық Азия үшін су бастамасының» («Берлиндік процесс» деп аталатын) жалғасы болып табылатынын атап өтті. Осылайша, «Жасыл Орталық Азия» климаттың өзгеруі мәселелері бойынша алты мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы контекстінде жоғары деңгейдегі диалогты қолдауға бағытталған.
Министр М. Тілеуберді өз сөзінде неміс тарапына ұсынған бастамашылығы үшін алғысын білдіріп, оның Орталық Азия аймағы үшін маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы жасыл экономиканы дамыту саласындағы мемлекеттік саясат, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық жасыл технологиялар орталығының қызметі туралы хабардар етті.
«Қазақстан Үкіметі алдында «жасыл экономиканы» дамыту бойынша ұқсас міндет тұрғанын ескере отырып, бізге осы бағыттағы неміс тәжірибесі қызығушылық тудырады. Біздің еліміздің халықаралық деңгейде ұсынған бастамалары Қазақстанның экономиканы экологияландыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға бейілділігін куәландырады», – деді Қазақстан СІМ басшысы.
Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің өкілдері аймақтың Германиямен және ЕО құрылымдарымен экология, қоршаған ортаны қорғау, жасыл экономика элементтерін енгізу және климаттың жылынуына қарсы күрес мәселелерінде ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
Конференция қорытындысы бойынша ресми делегациялардың басшылары нақты жобаларды іске қосуға жақсы негіз болатын Бірлескен декларацияға қол қойды.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда гидротехникалық құрылымдардың техникалық жай-күйіне бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету үшін екі орталық құрылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресрустар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Су саласының өзекті мәселелері ретінде келесі жайттарды айтуға болады. Олар: ескірген инфрақұрылым және соның салдарынан болатын судың ысырапсыз пайдалануы; сапалы судың тапшылығы; тариф есептеуде қолданатын тетіктің әлсіздігі; білікті кадрлардың жетіспеушілігі; көршілес мемлекеттермен су бөлу мәселелері. Жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін Қазақстанның су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу қажет. Осы мәселе бойынша Елбасы мен Мемлекет басшысының тиісті тапсырмалары бар», – деді министр.
Оның айтуынша, бағдарлама жобасының мақсаты – халықтың тұрмыс-тіршілігі мен елдің экономикасына жеткілікті су көлемімен қамтамасыз ету, су саласындағы экологиялық тепе-теңдікті сақтау.
«Біз бағдарламаның негізгі 10 бағытын анықтадық. Бірінші – халықаралық ынтымақтастық. Көршілес елдерден келетін негізгі су көздері Жайық, Ертіс, Іле, Сырдария, Шу және Талас өзендері болып табылғандықтан, келесідей шараларды іске асыру қажет деп есептейміз: шекаралас елдермен су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін жетілдіру; келіссөздер ұстанымын күшейту мақсатында кәсіби келіссөздер топтарын қалыптастыру. Екінші – құқықтық базаны жаңғырту. Осы бағыт аясында су қауіпсіздік стратегиясы мен заң жобаларын әзірлеу, су ресурстар комитетіне салалық тарифтік реттеуші функциясын беру, және Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарымен су ресурстар бағдарламасын үйлестіру ұсынылады», – деді ол.
Министрдің айтуынша, үшінші – институционалдық реформалау. Инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру мақсатында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны АҚ ретінде жасақталады. Гидротехникалық құрылымдардың техникалық жай-күйіне бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету үшін екі орталық құру көзделген. Төртінші – су шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру және қайта жаңғырту. Бұл ретте қолданыстағы республикалық меншіктегі 182, ал коммуналдық меншіктегі 300 гидротехникалық құрылымдардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін оларды қайта жаңғырту кажет. Жаңа 26 гидротехникалық құрылымдарды салу елдің экономикасы үшін қосымша жерүсті су қорларын жинақтауға мүмкіндік береді.
«Бесінші – су нарығын құру бойынша озық халықаралық тәжірибені зерттеу. Көптеген мемлекеттер сумен жабдықтау, су шаруашылығы инфрақұрылымын салуды қаржыландыру сияқты бірқатар мәселелерді су нарығының тетіктерін енгізу арқылы шешіп отыр. Мысалы, Австралия, Франция сынды мемлекеттерде бұл тәжірибе оң нәтиже көрсетті. Осы тәжірибені қолдану бізге де мүмкін болып отыр. Алтыншы – цифрландыру, «Smart Water» жобасы, суды үнемдеу. Су шаруашылығын цифрландыру, «Smart Water» жобасы мен автоматтандырылған геоақпараттық жүйені енгізу арқылы біз суды үнемдеу саясатын жүргізіп, пайдалану шығындарын төмендетіп және тұтынылатын судың сапасы мен мөлшерін нақты есептей аламыз«, – деді ол.
Мағзұм Мырзағалиевтің атап өтуінше, жетінші бағыт – су ресурстарын экологиялық тұрғыдан оңтайлы пайдалану. Бұл үшін заманауи технологиялар негізінде суды үнемдеудің жан-жақты саясатын енгізу, су мәселесіне азаматтық қоғам мен бизнестің қатысуы мен хабардар болуы, тасқын суды басқару жүйесін құру секілді қадамдар жасалуы қажет. Сегізінші бағыт – су саласының мамандарын даярлау және ғылыми тәжірибиені сүйемелдеу. Осы бағыт бойынша еліміздің жоғары оқу орындарындағы білім беру стандарттарын қайта қарауды, су секторының мамандарын даярлайтын профильді жоғары оқу орнын құру, әлемнің озық оқу орындарына халықаралық гранттар бөлу, ғылым жағынан қамтамасыз ету ұсынылады.
»Тоғызыншы – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту. Су саласындағы инфрақұрылымның инвестициалық тартымдылығын арттыру, су шаруашылығы нысандарын салу, қайта жаңғырту және жетілдіру жұмысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін жан-жақты енгізу керек. Оныншы – еліміздегі су тапшылығы бар аумақтарға басқа өңірлерден суды тарту үшін ұлттық маңызды су жобаларын іске асыру мүмкіндігін зерттеу қажет«, – деді министр
Дереккөз: ecogeo.gov.kz
Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі ұжымы сенбіде министр Мағзұм Мырзағалиевпен бірге Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген қар тазалау акциясына қатысты.
#BizBirgemiz челленджіне министрліктің 200-ден астам қызметкері қатысты.
“Экология министрлігінің ұжымы бүгін астанадағы қар тазалау акциясын қолдады.
Оң жағалаудағы саябақты тазарттық. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында қар қалың жауғандықтан, коммуналдық қызметке көмек керек-ақ. Еріктілер жылында бұл да бір игілікті шаруаның басы болды. Баршаңызға жəрдемдеріңіз үшін мың алғыс!”, – деп жазды ведомство басшысы Twitter-дегі өз парақшасында.
Атап айтқанда, Экология министрлігінің қызметкерлерінің күшімен Кенесары мен Республика көшелерінің қиылысындағы саябақ қардан тазартылды. 3 КАМАЗ қар шығарылды.
Жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық əртіс Тұрсынбек Қабатовтың астана аулаларын қардан тазарту туралы ұсынысын қолдаған болатын.
“Волонтерлер жылындағы орынды бастама”, – деп жазды Тоқаев Twittrr-де. Соңғы күндерде Қазақстан астанасына қалың қар жауғаны белгілі.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Shell басшысы Олимье Лазармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған министрліктің Telegram парақшасында жарияланған ақпаратқа қарағанда, Мағзұм Мырзағалиев кездесу барысында Shell компаниясын Каспий маңы бассейінде геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция салу мүмкіншіліктерін зерделеуге шақырған.
«Shell Kazakhstan басшысы О.Лазармен кездестік. Shell-ді жан-жақты ынтымақтастыққа шақырдым. Каспий маңында және «Еуразия» жобасы деп аталатын аз зерттелген бассейндерге геологиялық барлау жасауға инвестиция салу мүмкіншілігін зерделеуге уағдаластық», – деп жазды министр Twitter-де.
Оның атап өтуінше, тараптар бірлескен жұмыс тобын құру туралы шешімге келген.
Дереккөз: inform.kz
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қалалық сотында өзен арнасын тазарту кезінде ағаштарды заңсыз кескен мердігерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде 8 өзеннің арнасын кеңейту жұмыстары барысында ағаштардың аяусыз кесілгендігі тұрғындардың наразылығын туғызды. Президент тапсырмасына сәйкес Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен өңірге келіп, жұмысты уақытша тоқтатты. Көп ұзамай қорытынды шығарылып, су тасқынының алдын алу үшін бұл жұмыстардың қажет екені айтылды. Кейін мердігерлер жұмысы тексеріліп, Қызыл кітапқа енген ағаштардың заңсыз кесілгені анықталды. Іс сотқа жолданып, бүгін үкім шығарылды.
«Қылмыстық кодекстің «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу», «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» баптары бойынша «Берекелді» ЖШС-нің жетекшісі Н.Өсепов айыпты деп танылып, оған жалпы көлемі 3 миллион 787 мың теңге айыппұл салу жазасы тағайындалсын», – деді Ақтөбе қалалық сотының судьясы Жанас Қуанышев.
Айта кетейік, айыппұл бір ай ішінде өтелуі тиіс.
Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Зерделі–6» шағын ауданындағы қисайған үйдің маңына терек отырғызылады. Бұл туралы Алматы қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз Алатау, Саялы және Зерделі шағын аудандарында терек отырғызуды жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, мұндағы көпқабатты тұрғын үйлер жерасты суының көтерілуінен сәл ғана қисайып тұр. Ал терек – жер асты суын өзіне сіңіріп алатын ағаш, ол жер асты суын төменге түсіруге көмектеседі. Сонымен қатар, терек бәрінен бұрын көмірқышқыл газын сіңіреді және оттегін бөліп шығарады», – дейді Ержан Сейтенов.
«Қаланың ерекше мәртебесі туралы» Заңды түсіндіруге арналған баспасөз конференциясында ол алдағы үш жыл ішінде мегополисте 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Еске салайық, 11 желтоқсанда Алатау ауданындағы «Зерделі» шағын ауданының тұрғындары үйлерінің қисайғанын айтып, дабыл қаққан болатын.
Кейін Бақытжан Сағынтаев қисайған үйдің тұрғындарымен кездесіп, әкімдік оларды көшіруге дайын екенін жеткізді.
Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтенов «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аясында жасыл қорды дамыту перспективалары туралы айып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған Заңға бірқатар жаңа ережелер енгізілді:
– Ағаштарды санитарлық кесу, жасарту Алматы әкімдігінің келісімімен ғана жүргізіледі;
– Әкімдіктің рұқсатымен санитарлық жолмен немесе әдейі кесілген ағаштардың орнына жасыл желек қайта отырғызылады, магистральды көшелердің бойына діңгегі 20-25 см болатын жапырақты ағаш түрлері отырғызылады, қылқан жапырақты ағаштардың биіктігі – кем дегенде 2,5 метр (І немесе ІІ сыныпты сапа) болуы тиіс;
– Кесілген ағаш шығынын өтеудің әдісі жасалды, соның арқасында келтірілген залалдың нақты бағасы анықталады;
– Ағаш апатты жағдайда кесілсе, оның орнына бір ағаш отырғызылады, егер заңсыз алынса, онда бір ағаштың орнына 100 түп отырғызылады;
– Жасыл желектің кепіл мерзімі – 3 жыл;
– Жауапты мекеме ортақ қолданыстағы жерлердегі жасыл желекті көктемгі-жазғы және жазғы-күзгі мезгілдерде зиянкестерден, түрлі аурулардан қорғау үшін залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуі тиіс.
«Бізде Алматы қаласының жасыл желегін күтіп ұстау мен қорғаудың жеке ережелерін әзірлеу және бекіту мүмкіндігі пайда болды. Бұған дейін басқарма қаланың жасыл қорының дамуы мен сақталуына кедергі келтіретін түрлі мәселелермен бетпе-бет келген болатын. Елді мекендер аумағында өсетін жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау мәселелерін реттейтін стандарттардың, регламенттердің, нұсқаулықтардың, әдістемелік ұсынымдардың болмауы, рұқсат беру құжатынсыз ағаштарды кесу үшін өтемдік отырғызу бойынша нормалардың болмауы – мегаполистің жасыл қорының жойылуын жеделдететін себептердің бірі еді», – дейді Ержан Сейтенов.
Басқарма басшысының айтуынша, жаңа ереже жобасы жұртшылықтың талқылауына шығарылады, белсенді қала тұрғындары қатысып, өз ұсыныстарын енгізе алады.
«Барлық мүдделі мекеме және ұйымдармен келісілгеннен кейін жасыл желекті күтіп ұстау мен қорғаудың жаңа ережелері қалалық мәслихатқа бекітуге жіберіледі», – деп қорытындылады Е. Сейтенов.
Источник: 24.kz
Оңтүстік Африка Республикасында қоқысты пайдаға асыру жобасы іске асырылуда. Мұнда пластик бөтелкелер құрылыс материалы ретінде қолданыла бастады.
Идея авторы жергілікті үкіметтік емес ұйым өкілдері. Экологиялық жоба бірнеше мәселені қамтиды. Бастысы қоқысты кәдеге жарату проблемасын шешіп отыр. Өйткені 2017 жылы республикада 42 миллион тонна қалдық өндіріліпті. Соның тек 11 проценті ғана қайта өңделген. Одан бөлек экокірпіштен негізінен әлеуметтік нысандар, соның ішінде мектептер салынып жатыр. Сондықтан жобаға оқушылар да тартылған.
– Экокірпіштер түрлі-түсті шөлмектерден жасалады. Сондықтан әдемі көрінеді. Бұрын мұндай ыдыстарды пайдаланғаннан кейін қоқысқа тастай салатын едік. Енді біраз дүние жасауға болатынына көзіміз жетті.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Шығыс Қазақстанда «қытай иероглифі бар» көгершіндерге қатысты хабарлама таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметке сілтеме жасап.
«Өткен жылдың қазан-қараша айларында Катонқарай ауданында құйрығы мен қанатында иероглиф жазылған көк кептерлер кездесіп, жергілікті халықтың мазасын қашырған еді. Ақсудан Өрелге дейін кездескен көгершіндерге кейбіреулері мән бермесе, кейбір адамдар сондағы Ұлттық паркке жүгінген болатын. Ғылыми қызметкерлер халықты тыныштандырып, жағдайды түсіндірмек болды. Себебі, біз үшін бұл алып бара жатқан жаңалық емес», – деп жазады Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында.
Оның жазуынша, осыдан 4 жыл бұрын Бекалка ауылының маңында өлі кептер табылған. Құстың сирағынан қара пластик сақина мен алты таңбалы нөмір, смартфонмен табуға болатын голограмманың бары анықталған. Оның да қанатында иероглифтер жазылған. Сол жылы Аққайнар мен Жазабы ауылында да осындай көгершіндер кездесіпті.
«Бір қызығы, көгершіндер аулалардағы тауықтарға жем беретін орындарға үнемі ұшып келіп жүрген. Олар адамдардан мүлде қорықпайтын. Біз қытайлық көгершіндерді зерттей бастаған кезде олардың шынымен де маңызды ақпараттың тасымалдаушысы екенін анықтадық. Бірақ олар құпия ақпаратты емес, спорттық сипаттағы жазба. Кейін білгеніміздей, өткен ғасырдың 90-шы жылдары көгершін спорты мен көгершін тотализаторы бизнесі қатты дамып, бұл кәсіп айтарлықтай табыс көзіне айналған. Сондай бизнес дамыған елдің бірі – көршіміз Қытай. Ауқымы жағынан көгершін бизнесі ат жарыстарынан түсетін табыс пен ақшалай ұтыстардан да асып түскен», – дейді ол.
Осылайша, тоқсаныншы жылдары Қытайда көгершін бизнесі қатты дамып, құс өсірушілер жарысқа бейім кептерлерді жаппай өсіре бастайды. 1984 жылы Қытайда көгершіндер жарысы қауымдастығы құрылса, 1990 жылдан кейін онда кептерлер сайысы өткізіле бастаған. Ал 2000 жылдан бастап Бейжіңде және басқа да ірі қалаларда жоғары жүлде қоры бар «Жарыс көгершіндері клубы» іске қосылады. Бүгін де Қытайда ондаған мың көгершін өсіретін орталықтар жұмыс істеп тұрған көрінеді.
Көгершіндер жарысы көгершіндерді ұстауға және жарыстар өткізуге арналған арнайы құрал-жабдықтар өндірісін ынталандырған. Артынша көгершіндерді жеке таңбалауға арналған сақиналар, микрочиптер, сканерлер, көгершіндерге электронды сканерленген сағаттар және құстардың нақты орналасқан жерін ғарыш арқылы анықтайтын және интернет арқылы тікелей таратуды жүзеге асыратын миниатюралық навигаторлар (GPS) шығарыла бастаған.
Көгершіннің спорт тұқымдарын өсіруді арнайы тәлімбақ – көгершін фермалары жүргізеді. Олардың бірі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аөлкесінің орталығы – Үрімжі қаласында орналасқан. Осылайша, сондағы көгершіндер туған мекенінен 700 шақырым жердегі – Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарына дейін ұшып келе бастаған. Құстар осы бағытта мамандандырылған компаниялар ұйымдастырған лотереяларға қатысады. Ол ойындардың бірі – «Миллионға жүгір» деп аталады», – дейді Сәкен Ділдахмет.
Комитет өкілі Катонқарағайда ұшып жүрген «иероглифті» сол көгершіндердің Қытайдан жеткенін айтады.