Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жасыл ел» еңбек жасақтарының Республикалық штабы «ECO Pack» экологиялық науқанын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұйымның баснпасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен өткен жобаның аясында 700-ден 1000 жылға дейін ыдырайтын полиэтиленді пакеттер көп мәртелік эко-дорбаларға ауыстырылды.
«Биыл біз «ECO Pack» жобасын алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Бұл экологиялық науқанды ұйымдастырудағы мақсатымыз – жаһандық жылыну, қоршаған ортаның ластануы, қоқыстардың табиғатқа тигізетін зияны сынды экологиялық мәселелерге жұртшылықтың назарын аудару. Эко-дорбалар планетамыздың экологиясын жақсартуға көп үлес қосады. Полиэтиленді пакеттерге қарағанда, табиғи матадан жасалған эко-дорбалар бірнеше айдың ішінде ыдырап, топырақты органикамен байытады. Осы сынды экологиялық науқандар тек қана Елордамызда емес, Қазақстанның барлық өңірлерінде жүзеге асып келеді», – деді «Жасыл ел» еңбек жасақтары Республикалық штабының жетекшісі Азамат Данияр.
Айта кетсек, ECO Pack – бұл экологияның көкейкесті мәселелері мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне қоғамның назарын аудартуға бағытталған экологиялық науқан. Бұл науқанның мақсаты – экологиялық мәдениет қалыптастыру, қоршаған ортаға құндылық ретіндегі қарым-қатынас орнату мен табиғат ресурстарын тиімді қолдануға назар аудару.
Дереккөз: inform.kz
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқапарт – Парламент Мәжілісі депутаттарының бір тобы Теміртау қаласында болды. Олармен бірге ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев те келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің көшпелі отырысында ірі кәсіпорындардың техногендік әсерін төмендету, өндірісті жаңғырту секілді өзекті мәселелер қаралды.
«Біз Теміртауға кездейсоқ келген жоқпыз. Мұнда ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі – «АрселорМиттал Теміртау» жұмыс істейді. Компания қала құраушы кәсіпорын ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны ластаудың негізгі көзі болып табылады. Біздің комитет бейінді министрлікпен бірлесіп осы жерде ластаушы кәсіпорындардың заманауи технологияларға көшу мәселелерін талқылауды шешті», – деді комитет төрағасы Глеб Щегельский.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіпке экологиялық таза технологияларды енгізу бойынша міндеттер қойды, деп атап өтті кездесуге қатысушылар.
Өткен жылы Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Елбасы өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуды тапсырған болатын. Облыс әкімдігі тиісті кешенді жоспарды бекітті. Өңірде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Кеңес құрылды. Билік өкілдері Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығымен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Отырыста облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров Кешенді жоспардың орындалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, 2023 жылға дейін қоршаған ортаны сауықтыру шараларын жүзеге асыру үшін барлық көздерден 121 млрд теңгеден астам қаржы салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, экология, геология және табиғатты пайдалану министрлігінің ақпараты бойынша, «АрселорМиттал Теміртауға» облыс бойынша зиянды қалдықтардың төрттен бір бөлігі және 80%-дан астамы Теміртауға келеді.
«Компания соңғы алты жылда жалпы сомасы 11 млрд теңгеге табиғат қорғау шараларын жүзеге асырды. Былай қарап отырсақ, бұл сома үлкен және нәтиже болуы тиіс. Алайда ластаушы заттардың шығарындылары тек 13,5 мың тонна шаңға қысқарды, бұл шығарындылардың жалпы көлемінің 6,5%-ын ғана құрайды. Осыған байланысты атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуын қысқарту бойынша тұжырымдамалық техникалық шешімдерді қайта қарау қажеттігі туындады», – деді министр.
Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, министрлік пен «АрселорМиттал Теміртау» 2023 жылға дейін эмиссия көлемін бес жыл ішінде 30%-ға төмендету туралы келісті. Отырыста екі жақты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
«30% көлем жайдан жай алынған жоқ. Жүргізілген нақты есептеулер. Біз екі ай бойы меморандумды қол қоюға дайындадық. Және де біз оның орындалуын қатаң қадағалап, бақылайтын боламыз. 30% – бұл шекті сан емес. Осының барлығы бетінде жатқан мәселелер. Әлі де төмендеу резервтері бар», – деп түсіндірді министр.
Ол меморандум бойынша компания қалада 500 мың ағаш отырғызуға міндеттенетінін айтты.
Мәжіліс депутаттары сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртауға» барып, өндіріс жұмысымен танысты. Көшпелі отырыс нәтижелері бойынша Комитет мүшелері экологиялық жағдайды жақсартуға байланысты өз ұсынымдарының топтамасын дайындайды.
Дереккөз:inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылдың қорытындысында елімізде қуаты 1042 МВтты құрайтын 87 жаңартылатын энергетика нысаны жұмыс істейтін болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта жаңартылатын энергетиканы дамытуға айтарлықтай инвестициялар құйылуда. Бұған Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің мол әлеуеті себеп болып отыр. Сонымен қатар, заңнамалық база мен қабылданған нысаналы индикаторлар жағдай жасауда. Мәселен, мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарында жаңартылатын энергетика үлесін 2020 жылға қарай 3, 2025, ал 2030 жылға қарай 10 пайызға дейін жеткізу мақсаты қойылған. Сондай-ақ, 2050 жылға қарай жалпы энергия тұтынудың кем дегенде жартысы жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесінде болуы тиіс», – деді Қ.Бозымбаев.
Осы орайда министр Қазақстанда осы саланы дамытуға ниетті инвесторларға айтарлықтай жағдай жасалып отырғанын айтты. «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заңда инвесторларға электр энергияны сатып алуға 15 жылдық келісімшарт ұсынылатындығын, сонымен қатар бірқатар преференциялар берілетіндігін еске салды.
«Тіркелген тарифтер жүйесі дамудың бастапқы кезеңінде «жасыл» энергия нарығын тез іске қосуға мүмкіндік берді. Мысалы, 2014 жылы белгіленген қуаты 178 МВт-тық 26 нысан болса, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде қуаты 1042 МВтты құрайтын 87 нысан жұмыс істейтін болады. Жыл басынан бері 1,65 млрд.кВт/сағ энергия өндірілді. Бұл 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 65 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін жоспарлы көрсеткіш 2,4 млрд.кВт/сағ орындалатын болады«, – деді ол.
Оның дерегінше, қуаттарды ұлғайтуға қатысты жоспарлы жұмыстың арқасында 2020 жылдың қорытындысы бойынша жүйеде қуаты 1610 МВтты құрайтын 108 нысан жұмыс істейтін болады. Ал, 2024 жылдың соңына қарай энергожүйеде кемінде 3000 МВт жаңартылатын энергия қуаты болады деп жоспарлануда.
ҚР ЭГТРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2019 жылдың 16-18 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Экологиялық кодекс. Құқық қолдану» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарда келесі мәселелер қарастырылды:
Іс-шараға Троицк ҚАЭС «ОГК-2» ААҚ, «Кazcentrelectroprovod» (Казцентрэлектропровод) ЖШС, «Каспиймұнайгаз» филиалы арқылы әрекет ететін «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ, «Bazis Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы, «Алматыгаз» абоненттік есептеу орталығы» ЖШС, «Қазақстан ASELSAN инжиниринг» (Казахстан Аселсан инжиниринг) ЖШС, Астана қаласындағы «Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығы» мекеме филиалы, «Атырауинжстрой» сауда үйі» ЖШС, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» («Казахстан Петрокемикал Индастриз Инк.») ЖШС, «Русская медная компания» АҚ өкілдері қатысты.
Семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының соңғы өзгерістерімен және толықтыруларымен, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы «ЭкоИнфоПраво» нормативтік-құқықтық актілердің локальды базасымен танысты.
Семинар соңында қатысушыларға куәлік берілді.
Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭГТБРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
біліктілікті арттыру басқармасы
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылдың 17 қыркүйегінен 6 қазанына дейінгі аралықта «Алты сай» экосаябағының көшпелі тобы Науырзым қорығының қызметкерлерімен бірге қасқырларға зерттеу жүргізді. Бұл туралы Қазақстанның Био әртүрлілікті сақтау қауымдастығы Фейсбукте мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Зерттеу тобы бір ұрғашы қасқырды ұстап, оған жерсерік арқылы жүрген жолын аңдып отыратын хабарлағыш орнатты.
Фотоқақпандар арқылы әрі жаяу жүріп, автомобильмен жүріп қасқырлардың тіршілігі, қоректік базасы зерттеледі. Зерттеушілер жиырма күн бойы қорықта қасқырдың екі тобын аңдып, елік, бұлан, қабандарды жейтінін анықтады.
Мамандардың айтуынша, ұрғашы қасқырға орнатылған GPS хабарлағыш дұрыс жұмыс істеп тұр әрі қасқырды аңдып отыруға көп көмегі тиіп отыр.
Қауымдастық дала қасқырының популяциясын 2012 жылдан бері тұрақты түрде зерттеп келеді. Оған ҚР Экология, геология және табиғатты пайдалану министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, шетелдік және жергілікті донорлар қолғабыс етуде.
Былтырдан бері зерттеулерге «Қазхром» компаниясы қаржылай көмек беріп келеді.
Қасқыр тіршілігінің зерттелуі туралы толығырақ «Жасыл әлем» хабаршысының күзгі нөмірінен оқуға болады (jasylalem.acbk.kz).
Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстан Халықаралық ілбіс күнін атап өтуде. Қызыл кітапқа кіргізілген жануардың Қазақстанда нешеуі қалғанын ҚазАқпарат тілшісі анықтады.
Ілбіс – Қызыл Кітапқа кіргізілген көп жануардың бірі ғана емес, ол – тәуелсіз Қазақстанның ұлттық символы. Жалпы, әлемде, сарапшылардың айтуынша, шамамен 4000 шақты ілбіс қалған.
Қазақстандағы саны 130-150 айналасында. Олар негізінен Тянь-Шань, Жетісу Алатауы, Тарбағатай, Сауыр, Алтай тауларын мекендейді.
Экологтар барыс популяциясын сақтаудың басты шарттарының бірі оларды жұртшылыққа насихаттау екендігін айтады. БҰҰ Даму бағдарламасының жоба менеджері Талғат Кертешевтің айтуынша, Қазақстандағы барыс популяциясын қадағалау бағдарламасының аясында 290 фототұзақ сатып алынған. Олар Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы қорықтар мен ұлттық парктерге қойылды.
БҰҰ Даму бағдарламасы өкілдерінің сөзіне қарағанда, соңғы үш жылда ілбіс аулаған бірде-бір браконьер болмаған.
Айта кетейік, 2013 жылы ілбісті сақтап қалуға арналған Бішкек дүниежүзілік форумында 12 ел — Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан, Моңғолия, Қытай, Үндістан, Непал, Бутан және Ресей өкілдері бас қосқан.
Еске салайық, ілбіс популяциясын сақтау мен браконьерлікке қарсы шаралардың маңыз туралы БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің ілбісті сақтау мәселелері жөніндегі орынбасары Виталий Времиш айтып берген болатын.
Дереккөз: inform.kz
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанды жел эрозиясынан сақтау, көгалдандыру мақсатында қаланың айналасында «Жасыл белдеу» қалыптастырылып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жоспарға сәйкес «Жасыл белдеу» аймағында 2019-2021 жылдар аралығында көшеттер отырғызылып, орман алқабын көбейту арқылы жасыл аймақ қалыптастыру жоспарланған.
Осы орайда, 2019 жылдың көктемінде 160 мың көшет отырғызылса, күзгі мезгілде 2000 га жерге 478 мың көшет және 300 га тәлімбақта 400 мыңға жуық сеппе көшет отырғызу жоспарда бар.
Жасыл белдеудің жалпы аумағы 7 700 гектар. Соның ішінде 7 500 гектар жерге 3,5 млн екпе ағаш пен 500 мыңға жуық бұта егілмек.
Атап айтқанда, ұсақжапырақты шегіршін, үлкенжапырақты шегіршін, қарағай, жіңішкежапырақты жиде, терек, үйеңкі, қытай шағаны, сүйелді қайың, емен, сарғылт қарақат және т.б егіледі.
«Жасыл белдеу» аймағына кіретін жерлердің орманға жарамсыздығын ескере отырып, алдағы уақытта 7700 га жерде жобалау-іздестіру жұмыстарының төрт кезеңі жүзеге асырылмақ.
2020 жылдан бастап, ғылыми зертханаларды тарта отырып, облыс әкімдігі тарапынан «Жасыл белдеудегі» тәлімбақта Түркістан қаласының климатына тез бейімделетін екпе көшет және көпжылдық гүлдейтін шөптерді сұрыптау бойынша жұмыстар атқарылатын болады.
Келер жылдың көктемінде тәлімбақта облыста және елімізде жоқ, өзге мемлекеттерде өсетін өсімдіктерді жерсіндіру бойынша тәжірибе жасау жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде кейбір қылқанжапырақты тұқымдас түрлерін Түркістан қаласының айналасындағы «Жасыл белдеуде» өсіру үшін бейімдеу мақсатында жүзеге аспақ.
Дереккөз: inform.kz
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында 1,3 млн-нан астам көшет отырғызылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдан бастап Түркістан қаласын жасыл қалаға және ауа-райын қолайлы климатқа айналдыру мақсатында Түркістан қаласының айналасында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстары жүруде.
Осыған орай, облыс әкімдігінің бастамасымен облыс орталығында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Сенбілікке өңір басшылығы, облыс әкімдігіне қарасты басқармалар мен департаменттер қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Бұдан бөлек, сенбілік аясында 16 аудан, қала халқы да ауылдарын тазартуға атсалысты.
Айта кетейік, Түркістан қаласын көгалдандыру мақсатында қала 16 секторға бөлінген. Әр секторға жауапты аудан, қала өз аумағында ағаш отырғызу және абаттандыру жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Биыл Түркістан қаласы бойынша 197 мың көшет отырғызу жоспарланса, осы секторлардың жұмысы нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 49 мың көшет егілген. Ал бүгінгі жалпыхалықтық сенбілік аясында облыс орталығында 24 мыңнан астам тал егілді. Шараға 33 техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ Түркістан қаласында 268 су ұңғымасын жасау жоспарланса, соның ішінде 57 су ұңғымасы іске қосылған.
Жалпы облыс бойынша 1304,9 млн көшет егу жоспарланып, бүгінде 609,2 мың көшет отырғызылған.
Жергілікті тұрғындар да көне шаһардың жасыл қалаға айналуына белсене қатысты.
ҚР ЭГТРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2019 жылдың 9-10 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Экологиялық сараптама және табиғат пайдалануды реттеу» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарда келесі мәселелер қарастырылды:
Іс-шараға «ТузкольМунайГаз Оперейтинг» ЖШС, Көкшетау қаласы әкімдігінің жанындағы “Көкшетау жылу” ШЖҚ МКК, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ, «Инновациялық Еуразия университеті», Астана қаласындағы «Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығы» мекеме филиалы, «Қазақ технология және бизнес университеті» АҚ өкілдері қатысты.
Семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының соңғы өзгерістерімен және толықтыруларымен, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы «ЭкоИнфоПраво» нормативтік-құқықтық актілердің локальды базасымен танысты.
Семинар соңында қатысушыларға куәлік берілді.
Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭГТРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
біліктілікті арттыру басқармасы
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың желтоқсан айында Парламентке қаралатын Жаңа экологиялық кодекс жобасы қолданыстағы заңнамаға қандай өзгерістерді енгізуді көздейді. Бұл жайлы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов толығырақ айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл желтоқсан айында Экологиялық кодекстің жобасы Парламент қарауына енгізіледі. Кодекс жобасын әзірлеуді 2018 жылдан бастаған едік. Бүгінгі күні экологиялық проблемаларды тұрғысынан бірнеше жаңа бастаманы атап өткім келеді. Қауымдастықтың, өнеркәсіптік компаниялардың және басқа да мүдделі органдардың өкілдері кіретін жұмыс тобы қазір жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жұмыс тобы 2018 жылдың қыркүйек айында құрылған. Жаңа Экологиялық кодексті әзірлеу кезінде экологиялық реттеудің халықаралық тәжірибесі ескерілді. Экологиялық заңнаманы жетілдірудің басты бағыты – «ластаушы төлейді» экологиялық қағидатын іске асыру», – деді Ахметжан Пірімқұлов.
Вице-министрдің айтуынша, бұл бағыт жаппай экологиялық реттеуден бас тартуды көздейді. Толып жатқан табиғат пайдаланушыны тәртіпке шақырмай-ақ, ірі ластаушы кәсіпорындарға көңіл бөлінбек. Яғни, бұл ретте заң жобасын әзірлеу кезінде барлық ірі ластаушы кәсіпорындарды қамту үшін осы санатты неғұрлым дәл анықтау көзделген.
«Қолданыстағы Экологиялық кодекс бойынша, қоршаған ортаға келтірілетін залалды бағалау – кәсіпорынның деңгейіне (1,2,3,4, санатына) қарамастан, бірыңғай тәртіпте жүргізіледі. Мұндай әдістің тиімсіз екенін түсініп отырмыз. Сондықтан, жаңа Экологиялық кодексте мұндай талапты тек «Бірінші санаттағыларға» қатысты қолдану ұсынылып отыр. Яғни, ауаға келтірілетін зиянды заттардың 80 пайызын шығарып отырған ең ірі ластаушы кәсіпорындарға назар аударылады», – деді ол.
Вице-министр атап өткендей, құжаттың жаңа жобасында таза технологияға көшіру мақсатында бірінші санаттағы кәсіпорындардың ластаушы заттар эмиссиясы үшін төлемақы мөлшерлемесін едәуір көтеру ұсынылып отыр.