Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Дариға Назарбаева бастаған бір топ сенатор сенбілікке қатысты

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы Дариға Назарбаева бастаған Сенат депутаттары мен аппарат қызметкерлері дәстүрлі жалпықалалық сенбілікке қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жолы көгалдандыру мен абаттандыру орны Мәңгілік ел және Ұлы дала даңғылдарының қиылысы болды. Шара барысында аймаққа жүзден астам терек, қарағай, шаған және бөртегүл көшеттері отырғызылды. Ағаштар мен көшеттер елорданың жасыл белдеуінде орналасқан орман питомнигінен жеткізілді», – деді палатаның баспасөз қызметінен.

Бүгінгі экологиялық шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысқанын жазған болатынбыз.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында 16 қыркүйек-13 қазан аралығында экологиялық айлық өтіп жатыр. Оның аясында 12 қазан күні Нұр-Сұлтанда ағаш отырғызу акциясы өтетіні белгіленген еді.

Бүкіләлемдік жасыл желек отырғызу күніне орайластырылған шара еліміздің барлық өңірінде қолдау тапты.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев атап өткендей, 12 қазан күнгі кампания барысында және жалпы күз айының соңына дейін республикада 1 миллионға жуық ағаш отырғызылады.

Қоршаған ортаға түсетін қауіпті заттардың дерекқоры жасалады

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияға Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімдері туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы Хаттамаға қосылу мақсаты Орхус конвенциясының ережелерімен негізделген. Ауаға шығарылатын, су мен топыраққа төгілетін қауіпті химиялық заттар мен ластағыштардың жыл сайынғы көлемдерін, өнеркәсіптік және басқа да объектілерден алынатын қалдықтар ақпаратын жинау, өндеу үшін кадастрлар немесе Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелім жүйесін біртіндеп енгізу жөнінде шаралар қолдануға міндеттіміз. Бұл тіркелім «ауаға, табиғатқа қай нысандар ластаушы, қауіпті химиялық заттарды шығарып жатыр?» және «қай уақыт аралығында қандай көлемде шығарылады?» деген сұрақтарға толық ақпарат беретін болады», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Белгілі болғандай, 2018 жылы Қазақстанда ластаушы заттардың жалпы көлемі 2,5 млн тоннаны құраған.

«Қазіргі танда халықтың экологиялық жағдайға қызығушылығының өсуіне байланысты, біздің елімізде қоршаған ортаның жай-күйі туралы халықты уақтылы хабардар ету бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі AirKz мобильдік қосымшасы іске қосылып, облыс әкімдіктері жұртшылықты ақпараттандыру үшін

LED-экрандар орнату бойынша жұмыс жүргізуде.

Осы LED-экрандарда ауаның сапасы туралы мәлімет беріліп жатыр. Сонымен қатар, аталған ақпарат біріктірілген сипатқа ие. Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімі сияқты құралдардың болуы – халыққа, кәсіпорындар шығарып жатқан зиянды заттар бойынша деректерді ұсынуға мүмкіндік береді», – деді М. Мырзағалиев.

Осы аталған Тіркелім хаттамасы 64 қызмет түрін және 86 ластаушы заттарды қамтиды. Аталған 64 қызмет түрінің Қазақстанда 32 түрі және оған жататын 26 ластаушы заттар қамтылады.

«Осы Тіркелімді цифрландыру мақсатында ЮНИТАР (БҰҰ оқу және ғылыми-зерттеу институты) қолдауымен 10 миллион теңгеге гранттық қаражат алынып, веб-портал әзірленді. Оны Залалды заттардың шығарылу және тасымалдау тіркелімі деректерімен толықтыру жүргізілді (100 кәсіпорын). Тіркелім веб-порталы тәжірибелік пайдалануға енгізілді. Келешекте осы Тіркелім порталын Бірыңғай мемлекеттік мониторинг жүйесі аясында басқа да ақпараттық жүйелермен өзара интеграциялауды жоспарлап отырмыз. Министрліктің ведомстволық ұйымымен әзірленген Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімінің веб-порталы келесі жылы пайдалануға беріледі», – деді ведомство басшысы.

Қарағанды облысында жаппай ағаш отырғызу акциясы өтті

Дереккөз: inform.kz

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында бір күнде 6 500 жасыл желек пайда болды. Қала мен аудандардың мыңдаған тұрғыны ағаш отырғызу бойынша республикалық акцияға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандыда салынып жатқан триатлон-парк аумағын көгалдандыру туралы шешім қабылданған болатын. Бүгін мұнда 1500 қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар отырғызылды. Оларды егуге облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, оның орынбасарлары, өңірлік басқармалар басшылары, спортшылар, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпорындардың өкілдері, депутаттар қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, триатлон-парк «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Көгілдір тоғандар» мен Оңтүстік-Шығыс шағын аудандарының аралығында салынуда. Бұл нысан жеке құрылыс компаниясының қалаға жасап отырған сыйлығы. Жоба бастамашылары «Триатлон паркін бірге құрамыз» акциясын жариялады. Мұнда кез келген адам өз ағашын отырғыза алады. Аумақты көгалдандыру үшін қарағай, қайың, жөке, шаған ағаштары таңдалды.

«Акцияның мақсаты – өңірді көгалдандыру ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың табиғатқа деген қамқорлығын арттыру. Біз әрбір ағашты, әрбір бұтаны бағалауымыз керек. Экологиялық сенбілікке үш мыңға жуық адам қатысты. Осындай акциялар Қарағанды саябақтары мен гүлзарларында, облыстың басқа қалалары мен аудандарында өтеді», – деді Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаев.

Мұнда футбол, тренажер және street workout алаңдары жабдықталған. Көлдің айналасында жүгіруге және велосипед тебуге арналған жолақтар жасалды.

Ал Олимпиадалық Даңқ аллеясында алғашқы төрт жұлдыз пайда болды. Олар атақты спортшылар – Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Дмитрий Карпов және Эльмира Сыздықованың құрметіне орнатылды.

Триатлон паркінің құрылысы жалғасуда. Алдағы уақытта баскетбол, теннис, шахмат және басқа да спорт түрлері бойынша жаңа спорт алаңдарын жабдықтау жоспарлануда.

Болашақта мұнда триатлоннан әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізуге болады.

Нысан тапсырылғаннан кейін Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасының балансына беріледі.

Алматыда сексеуілді қорғауға шақыратын «4 тонна құм» арт-қондырғысы пайда болды

Дереккөз: inform.kz

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматының Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысындағы саябақта «4 тонна құм» арт-инталляциясы пайда болды.

Бұл – қазақстандықтарды өсімдіктер әлеміне, соның ішінде бірегей ағаш – сексеуілді сақтауға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«4 тонна құм» арт-жобасы экологиялық мәдениет деңгейін арттыруға, өсімдіктердің бірегей түрлеріне қамқорлық танытуға бағытталған. Сондай-ақ, сексеуілді сақтаудың маңыздылығын ұғындыруға және оны отын ретінде пайдаланудан бас тартуға шақырады.

Бұл композицияда 4-тонна құмға батқан тұрғын үй бейнеленген (құм Балқаштың шөлді аймағындағы Бақбақты ауылынан жеткізілген). Инсталляция адамдардың табиғат күшінің алдында дәрменсіз екенін көрсетеді.

Дәл мұнша көлемдегі құмды әкелудің өзіндік символикалық астары бар. Себебі, бір сексеуіл ағаштың тамыры 4 тонна құмды ұстап тұра алады. Сексеуілдің тамырын шабу шөл даланың ұлғайуына алып келеді. Оның ұстап тұрушы тамырынан ажыраған құмдар көшіп, үйінділерге айналады.

«Құммен көмкерілген үй – бұл біздің ауылдың көрінісі. Бұл дәл жанымызда болып жатқан нәрсе. Алматы қаласынан 160 шақырым жерде сексеуілді шабудың салдарынан құм Бақбақты ауылына көшіп жатыр. Осындай инсталляция арқылы біз көрнекі түрде сексеуілді шабудың нәтижесінде шөлейттенудің қандай салдары болатынын көрсеткіміз келді», – дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев.

Қазақстан аумағының 4,74% ғана орман алқаптары, оның ішіндегі барлық орман қорының жартысына жуығы сексеуілден құралады. Өкінішке орай, қолданыстағы заңнамалық тыйымға қарамастан, қазақ даласының символы – сексеуіл жылыту және тағам (кәуап) дайындау үшін отын ретінде кесіліп жатыр. Сексеуілді сату тас жолдардың бойында, жарнама сайттарында іске асырылуда.

Қазақстандағы БҰҰ-ның даму бағдарламасы мемлекеттік серіктестермен бірлесе отырып, аса маңызды экологиялық міндеттерді шешуге бағытталған бірқатар жобаларды іске асыруда.

Сексеуілдің азайуына ықпал етуші факторларға, заңсыз шабудан бөлек, шектен тыс мал жаюды, климаттың өзгеруінің нәтижесінде туындайтын аурулар мен зиянкестерді жатқызуға болады. Осынау экологиялық проблеманы шешу жолдарының бірі ретінде сексеуілді қорғау бойынша шараларды күшейту, сексеуілді шабуға байланысты мораторийді ұзарту, орман тәлімбақтарын дамыту, сексеуілдерді зиянкестерден қорғау үшін жаңа биопрепараттарды қолдану және т.б. іске асыру қажет.

Қазақстанда жаңа экологиялық партия құрылады

Дереккөз: inform.kz

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанда «Табиғат» жаңа экологиялық партиясы құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихаты барысында белгілі эколог Мэлс Елеусізов айтты.

М.Елеусізов басқаратын «Табиғат» экологиялық одағының құрылғанына биыл 30 жыл болған.

«Мемлекет пен партия үшін басты құндылық – адам. Адам тек жайлы ортада ғана өзін бақытты, күшті, бақуатты сезінеді. Су, экологиялық таза тағам, әлеуметтік климат – барлығы қоршаған орта. Біздің партиямыздың басқаларынан айырмашылығы неде? Біздің мүддеміз ең басты құндылық – адаммен байланысты. Біздің мақсатымыз – адамға жайлы орта қалыптастыру. Парламентте қоршаған ортаның тазалығын қорғайтын бір де бір құрылым жоқ. Адамның бір күндік қажеттілігін ойламай, оның болашағын, келешегін ойлаған мемлекетке де пайдалы болмақ», – деді Мэлс Елеусізов.

«Табиғат» экологиялық одағының басшысы сыбайлас жемқорлық пен браконьерлікпен күрес – экологиялық одақтар мен бірлестіктердің бірінші кезектегі міндеті болатынын айтты.

«Адамдар баю мақсатында қоршаған ортаға нұқсан келтірсе оған қарсы күресті қатайтқан абзал», – деді Мэлс Елеусізов.

Заңсыз қоқыс тастайтындарға айыппұлды көбейту қажет – Тоқаев

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың төңірегіне заңсыз қоқыс тастайтындарға салынатын айыппұлды көтеру қажет. Бұл туралы елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордадағы күрделі проблемалардың бірі қоқыстарды жинаудың заңсыз орындары болып отыр. Өте маңызды мәселе. Елорданың төңірегі немесе Ақмола облысының таяу жатқан аумағы құрылыс қоқыстарын жинаудың негізгі орнына айналған», – деді Мемлекет басшысы.

Осыған орай, ҚР Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.

«Орын алып отырған жайтқа байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қоқыстарды заңсыз жинағаны үшін жазаның әкімшілік шараларын қатаңдату бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Бұл ретте азаматтарымыздың да тұрмыстық мәдениеті болуы тиіс. Тұрмыста, пәтерде, подъезде өздерін дұрыс ұстамайды. Олар астаналық сияқты емес, қалалық өркениетке ешқандай қатысы жоқ адамдар сияқты. Осыған орай, түсіндіру жұмыстары болуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдікке қарата айтқан сөзінде.

Президент құрылыс қалдықтарын жинап, қайда өңдейтін нысанның құрылысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Экологиялық сенбілік: Көкшетауда 232,5 текше метр қоқыс жиналды

Дереккөз: inform.kz

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Экологиялық айлық шеңберінде Көкшетау қаласының аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша экологиялық сенбілік өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенбілікке жергілікті кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, коммуналдық кәсіпорындар, ПИК және басқа да бюджетті ұйымдар мен жоғары, орта білім ордаларының студенттері және қала тұрғындары жұмылдырылды.

Сондай-ақ, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев та қолына жұмыс қолғабын киіп, қаланы қоқыстан тазарту жұмыстарына қатысты.

Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, сенбілікте облыс орталығындағы гүлбақша мен гүлзарларды тазалаумен қатар, құл-қоқыстар мен басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазарту, көшеттердің түбі мен көше жиектастарын ақтау сияқты жұмыстар істелді.

Сенбілікте жиналған 232,5 текше метр қоқыс 19 арнайы көлікпен қала сыртындағы қатты-тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигонға тасымалданды.

Асқар Мамин бастаған акция аясында 1 млн астам көшет отырғызылады

Дереккөз: www.inform.kz

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев республикалық ағаш отырғызу акциясын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрлікке сілтеме жасап.

Премьер-министр Асқар Мамин сəрсенбідегі Түркістан облысына жұмыс сапары барысында республикалық ағаш отырғызу акциясын бастады. Премьер-министр мен Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Түркістан қаласындағы аллеялардың біріне ағаш отырғызды. «Осылайша, сəрсенбіде басталған республикалық акция ертең, 3 қазанда еліміздің барлық мектептерінде, содан соң, бүкіл республикада жалғасады. Экология министрлігі басшысы бұдан бұрын хабарлағандай, бұл акция шеңберінде Қазақстанда 1 млн-дай ағаш егіледі» делінген хабарламада. Бейсенбіде Қазақстанның барлық мектебінде министрлер кабинетінің мүшелері мен əкімдер қатысатын экологиялық сағат өтеді. Содан кейін 200 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылады.

 

 

Теңіз деңгейі XX ғасырға қарағанда 2,5 есе тез көтеріліп келеді – БҰҰ

Дереккөз: www.inform.kz

ОСЛО. ҚазАқпарат – БҰҰ-ның мұздардың еруі бойынша жасаған есебіне сәйкес, 2005 жылдан бері теңіз деңгейі XX ғасырға қарағанда 2,5 есе тез көтеріліп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Климат бойынша БҰҰ сарапшылар тобы егер көмірқышқыл газы осы деңгейде (CO2) шығарылатын болса, мұздың еруі 2100 жылға қарай төрт есе артатынын ескертті. Олардың пікірінше, егер ғаламшарымыз жаһандық жылыну деңгейін индустрияға дейінгі деңгейден 2 градусқа жоғары ұстап тұрса, бұл өсу көрсеткішін тұрақтандыруы мүмкін. Жалпы, БҰҰ арнайы баяндамасына сәйкес, теңіз деңгейі соңғы 200 жылда 1 метрге көтерілген.

Сауда Желілері Одағы тегін пакеттерден бас тартады

Дереккөз:www.inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сауда Желілері Одағы Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің полиэтиленді пакеттерді біртіндеп қысқарту туралы бастамасын қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірінші кезекте, Сауда Желілері Одағына кіретін компаниялардың барлық дүкендері полиэтиленді пакеттерді тегін таратудан бас тартып, тек ақылы түрде сататын болады. Баға саясаты және бастаманы жүзеге асыру мерзімін әр компания өздігінше шешеді. Сауда Желілері Одағы өз сатып алушыларына пластик пакеттерге балама түрлерін ұсынуға дайын. Сауда Желілері Одағының кейбір компания-мүшелері, мысалға алсақ, «Technodom Operator» және «ВкусМарт» қазіргі кезде пластик пакеттерді тек ақылы түрде сатады. «КеңМарт» және Magnum компаниялары өз сатып алушыларына балама түрде биоыдырайтын пакеттерді ұсынуда, жуық арада осындай пакеттер «ВкусМарт» компания дүкендерінің сөрелерінде қолжетімді болады. МЕТРО компаниясы ашылған сәттен бастап өз кассаларында тек қана биоыдырайтын пакеттерді сатуда. «КеңМарт», «METPO Кэш энд Керри» қазіргі таңда саудаға арналған көп реттік сөмкелерді ұсынуда, жақын арада «ВкусМарт» және «Magnum Сash&Сarry» (сонымен қоса Magnum қағаз крафтік пакеттерді сатылымға ұсынбақ) желілерінде сатылымға шығарылады. Бұдан басқа, Magnum компаниясы полиэтиленді пакеттердің сатылымынан түскен барлық қаражатты қайырымдылық қорына жұмсайтын болады. Ал, «МЕТРО Кэш энд Керри» компаниясы 5 жылдан бері полиэтиленді пакеттерді сатудан түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсап отыр. Еске саламыз, 2019 жылдың 20 қыркүйегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Қазақстанның Экологиялық Ұйымдар Қауымдастығы» полиэтиленді пакеттерді қолданыстан біртіндеп шығару турады меморандумға қол қойды. Меморандум бойынша, полиэтиленді пакеттерді қолданыстан шығару мақсатында тегін таратудан бас тарту көзделуде. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің хабарлауынша, Қазақстанда жыл сайын 5 миллион тоннадан астам пайда болатын қатты тұрмыстық қалдықтардың кем дегенде 11-15% пластмасса, оның ішінде полиэтиленді пакеттер құрайды. Оларды тегін таратудан бас тарту пластик пакеттерді қолдануды кем дегенде 30% азайтады. «Сауда Желілері Одағы» заңды тұлғалар бірлестігіне «Mon Amie», «ВкусМарт», «Technodom Operator», «Magnum Сash&Сarry», «КеңМарт», «METPO Кэш энд Керри» және басқа компаниялары кіреді. Сауда Желілері Одағының басты мақсаты адал бәсекелестікке жағдай жасау, Қазақстан Республикасының сауда нарығының инфрақұрылымын дамыту, бөлшек сауда саласында озық технологиялар мен қызмет стандарттарын енгізуге ықпал ету болып табылады.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика