Дереккөз: inform.kz
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы мен «Атырау-Ақпарат» медиа-холдингінің ұжымы бірлесіп, республикалық #Birge #TazaQazaqstan акциясы аясында Жайық өзені жағасын қоқыстан тазартуға атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Atyraý» телерадиокомпаниясының директоры Қанат Әуесбай, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының бірінші орынбасары Ысқақ Егемберді бастаған журналист қауымы мен «Алаш мәдениеті» қоғамдық қорының еріктілері Жайық өзенінің бойында тұрмыстық қалдықтан тазалап, соңын флешмобпен аяқтады.
«Балаларымыздың болашағы, олардың денінің саулығы қоршаған ортамызға, экологиямызға тікелей байланысты. Таза жерде тұрып, таза ауа жұтсақ, денсаулығымыз да жақсы болары сөзсіз. Жайық өзені жағасынан тұрмыстық қалдықты көп көрдік. Әсіресе, су, шырыннан босаған пластикалық құтылар, шыны ыдыстар бей-берекет шашылып жатыр. Бұл пластик құтылар жер бетінде бірнеше он жылдап жата береді. Өздігінен жойылмайды. Керісінше ауа-райының әсерінен түрлі зияды зат бөледі. Ендеше табиғатты таза ұстайық дегім келеді», – дейді «Atyraý» телерадиокомпаниясының директоры Қанат Әуесбай.
«Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының бірінші орынбасары Ысқақ Егемберді бұл акция бір тараптан журналистердің ауызбірлігін нығайтса, екінші жағынан өскелең ұрпақтың бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырудағы қосар үлесін айтты.
Журналистер көбіне мұндай экологиялық акцияларды БАҚ бетінде насихаттаушы ғана. Ал, бұл жолы облыстағы екі бірдей ірі медиа ұжымы кіл жастардан құралған еріктілермен бірлесіп, өзен бойын қоқыстан тазартты. 2 сағаттың ішінде шамамен 200 келідей қалдық жиналды.
Облыстың БАҚ өкілдері қолдаған экологиялық іс-шара 27 шілдеде Атырауда жалғасатын болады. #Birge #TazaQazaqstan акциясы аясында Атыраудағы Жайық өзені және қала аумағындағы барлық су тоғанының жағалауы қоқыс қалдығынан тазартуға барлық мекеме, кәсіпорын, өнеркәсіп ұжымдары шақырылды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдап, халықтың экологиялық мәдениеттілігін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына еріктілерді тарту жөнінде тапсырма берген еді.
Артынша министрліктің бастамасымен #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы жарияланып, аталмыш акция аясындағы шараларға Үкімет басшысы Асқар Мамин де қатысқан болатын.
ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2019 жылдың 17-19 шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Экологиялық кодекс. Құқық қолдану» тақырыбына семинар өткізді.
Семинарда келесі тақырыптар қарастырылды:
Семинарға «Казахдорстрой» ЖШС оңтүстік филиалының, «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В.» компаниясы Атырау филиалының, «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Карачаганак Петролиум Оперейтинг б.в.», ҚР ЭМ «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК, «Теміртау электрметаллургиялық комбинаты» АҚ, «Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалының – «Жезқазғантүстімет» ӨБ өкілдері қатысты.
Қатысушыларға соңғы өзгертулер мен толықтырулар жасалған Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы «ЭкоИнфоПраво» нормативтік-құқықтық актілердің локальды базасы ұсынылды.
Семинар соңында қатысушыларға куәлік берілді.
Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда.
Дереккөз: inform.kz
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Twitter-дегі парақшасында экология министрі Мағзұм Мырзағалиев жариялаған акциясын қолдайтынын жариялады.
27 шілдеде Қарағандыда #birge #TazaQazaqstan экологиялық акцияға қолдау ретінде сенбілік өтеді.
«Премьер-министр Қоянды су қоймасын тазалауға қатысты. Бұл челлендж-жақсы іс. Менің ойымша, акцияға қатысуымыз керек. Табиғатты тазартуға үлес қосқанымыз абзал», – деді аймақ басшысы.
Ерлан Қошанов облыстың әрбір қаласы мен ауданында проблемалы орындарды анықтауды тапсырды. Осы сенбі күні, 27 шілдеде қала және аудан әкімдері аппараттарының, басқармалар мен бөлімдердің қызметкерлері аумақты тазалауға шығады. Ерлан Қошанов барлық қарағандылықтарды акцияға қосылуға шақырды.
Акцияны өткізу орны мен уақыты кейінірек жарияланады.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 16 шілдесінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында #Birge #TazaQazaqstan акциясын бастады. Ол еріктілерді, қоғам қайраткерлерін, Үкімет мүшелерін, белсенділер мен қоршаған ортаға жаны ашитын азаматтарды Қоянды су қоймасын тазалауға қатысуға шақырды.
Аталмыш акция Қазақстанның көптеген аймақтарында қолдау тапты.
Дерекөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі тұрғындарды қалалық экоакцияға қатысуға шақырды. Шара 27 шілдеде, осы сенбіде өтеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
«20 шілдеде #Birge #TazaQazaqstan экологиялық қозғалысы басталды. Осы сенбі күні 27 шілдеде біз экологиялық эстафетаны өткізетін боламыз. Есіл және Қарасу өзендерінің жағалауларын айналып өтетін әуежайдан Қарағанды трассасына қарай тазартуды ұсынамыз. Барлық қала тазалығына бей-жай қарамайтын тұрғындарды қатысуға шақырамыз», – деп жазды Алтай Көлгінов twitter-дегі аккаунтында.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. – Қазақстан мектептері мен балабақшаларына экологиялық тәрбиеге арналған қосымша сабақ енгізіледі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев #birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, барлық мектептер мен балабақшаларда экологиялық сағаттарды іске қосамыз. Өйткені тазалық ұғымын санаға бала жастан бастап сіңіру керек», – деді министр Мағзұм Мырзағалиев.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиеваның айтуынша, «экологиялық сағаттар» қосымша сабақ ретінде енгізілуі тиіс.
«Экология министрі мен білім министрі өзара келісіп, жаңа пәнді енгізу тетіктерін ойластырады деп ойлаймын. Бұл қосымша сабақ түрінде болуы керек. Қоқысты сұрыптап төгу, оған қайта өңделетін шикізат ретінде қарау мәдениетін қалыптастыруды балалардан бастау идеясы – шынымен де жақсы бастама», – деді депутат.
Еске салсақ, бүгін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жариялаған #Birge #TazaQazaqstan акциясына Нұр-Сұлтан қаласынан 1200-ден астам адам қатысқан болатын. Оның ішінде Үкімет басшысы Асқар Мамин де бар.
Дереккөз: primeminister.kz
ҚР Үкіметінің қаулысымен Ахметжан Әбдіжәмілұлы Пірімқұлов ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ахметжан Пірімқұлов 1979 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген.
2000 жылы «экономист» мамандығы бойынша М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, 2003 жылы «заңгер» мамандығы бойынша Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған. Заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар.
Еңбек жолын 2001 жылы Жамбыл облысының прокуратура маманы ретінде бастады, сот жүйесінде жұмыс істеген.
2012–2016 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төраға орынбасары, ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің төраға орынбасары қызметтерін атқарған.
2016 жылғы маусымнан 2017 жылғы қараша аралығында ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.
2017 жылғы қарашадан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ЭМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің үндеуіне Нұр-Сұлтан қаласынан 1200-ден астам тұрғын үн қосты. Арасында ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин де бар, деп хабарлайды ҚазАқпрат тілшісі.
#Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясына атсалысқан Премьер-Министр Қоянды су қоймасының жағалауын қоқыстан тазарту жұмыстарына қолғабыс жасады. Үкімет басшысы барлық облыс басшыларын министр Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасын жалғастыруға шақырды.
«Мен бұл акция бүкіл Қазақстан бойынша жалғасатынына сенімдімін. Бұл жобаны Қазақстан аймақтарында дамытуға шақырамын. Акция жалпыхалықтық сипат алып, елдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына жол ашады деп сенемін», – деді Асқар Мамин.
Өз кезегінде Мағзұм Мырзағалиев қоршаған ортаны таза ұстау – әркімнің міндеті екенін еске салды.
«Күннің ыстықтығына қарамастан, үндеуге үн қосқан әрбір адамға алғыс айтамын», – деді ол.
Елорда тұрғындарының жиі келетін демалыс орнын ретке келтіруге Премьер-Министрден басқа Үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері, экологтар, еріктілер атсалысты. Олардың ішінде вице-премьер Жеңіс Қасымбек, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, әділет министрі Марат Бекетаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және басқалар бар.
Айта кетерлігі, қоқыс тастамауға шақыратын тақтайшаларға қарамастан, су қоймасының жағалауы тұрмыстық және тамақ қалдықтарға толы болды. Акцияға қатысушылар 26 шақырымға созылып жатқан жағалау аумағында 10 тоннадан астам қоқыс жинады.
Аумақта қоқысты бөлек жинау үшін арнайы ыдыстар, қайта өңдеу кешеніне арналған машиналар орнатылды. Тазалық жұмысына ең белсенді қатысқандарға сертификаттар мен символдық жүлделер табыс етілді.
Дереккөз: tengrinews.kz
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірге 20 шілдеде Нұр-Сұлтанға жақын маңдағы Қоянды су қоймасының жағасын тазарту жұмыстарына қатысады, – деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі елордалық әкімдік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәліметтерге сүйенсек, 500-ден аса адам сенбілікке қатысатынын хабарлады. Олардың арасында ҮЕҰ, түрлі қоғамдық бірлестік өкілдері, қоғам белсенділері, журналистер, сондай-ақ Қазақстанның үкімет мүшелері бар.
Айта кетейік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Твиттерде #Birge #TazaQazaqstan акциясы басталғанын жариялап, барлық азаматтарды, қоғамдық бірлестік өкілдерін, министрлер кабинеті мүшелерін сенбілікке шақырған болатын.
Қатысам деушілерді 20 шілде күні, сағат 8:00-де, Триатлон паркте күтеміз.
Триатлон-парктің автотұрағынан (кіру Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев көшелерінің қиылысы жақтан) экологиялық сенбілік өткізілетін жерге автобус шығарылады. Қажетті барлық жұмыс құралы сенбілік басында үлестіріледі.
Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «EcoAlmaty» ЖШС жетекшісі Жанна Асанова Алматыдағы «Атакент» іскерлік орталығында 9 мың ағаш бұталады деген қауесетті жоққа шығарды. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жасыл экономика басқармасынан 9 мың ағашты отау туралы өтінімнің түскені жайлы ақпарат жалған. Жасыл желек отырғызу мен өсіру ережесі бойынша Алматыда талдар тек жасыл экономика басқармасының рұқсатымен ғана оталады. Мердігер компания оталған ағаштың орнына 5 есе көп шыбық отырғызуға міндеттеледі. Ағашты кесуге рұқсат құжаты E-gov электронды порталы және ХҚО арқылы беріледі. Ал «Атакент» орталығы бойынша әзірге ешқандай өтініш түскен жоқ», – деді Жанна Асанова.
Оның айтуынша, дәл қазір Атакент аумағында ағаштарды санитарлық қысқарту жүргізіліп жатыр. Ол үшін рұқсат құжаттары талап етілмейді.
Көрме кешені паркіндегі жасыл желекті отау туралы қауесет Facebook-те таралған болатын.
Мұның алдында «Atakent» жаңа президенті Мадина Мақыпова кешен территориясында конгресс-орталық ашылатынын хабарлаған еді.
«Конгресс-орталық салынатын аумақ – саябақ, ағаштар. Бізге жасыл экономика басқармасынан мердігер компания хат жазды. Олардың жоспары бойынша конгресс-орталық парк аймағында орналасуы тиіс екен. 54 га аумағымыздың 30 га соларға беруіміз керек. Қазір бұл келісім тіркеліп жатыр», – деді Мадина Мақыпова.
«Atakent» бақылау кеңесінің мүшесі Руслан Хен айтқандай, конгресс-орталық 8 га аумақты алса, қалған 22 га жерде көліктерге ыңғайлы болу үшін жол айрығы жасалады.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев #Birge #TazaQazaqstan акциясын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бас эколог өзінің Twitter парақшасында Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы су қоймаларының жағдайы мәз емес екенін жазды.
«Қаламыздың жақын маңдағы су қоймаларының біраз жерін аралап шықтым. Аумақтардың жағдайы мәз емес, айнала қоқыс, адамдардан қалған қалдыққа толы. Аяқ алып жүргісіз қоқыс үйінділері үйреншікті құбылысқа айналған. Проблеманы тек әкімшілік әдіспен шешу мүмкін емес, қоғамның бірлігі қажет», – дейді ол.
Министр бұл проблемаға қоғам назарын аудару үшін #Birge #TazaQazaqstan акциясын бастайтынын хабарлады.
«Осыған орай, #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы жөнінде хабарлағым келедi. 20 шілдеде Қоянды су қоймасын тазалаудан бастаймыз. Қоршаған ортаның тазалығын қалайтын барлық азаматтарды, қоғам қайраткерлерін, Үкімет мүшелері мен экология белсенділерін бірге қатысуға шақырамын», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Кейін министр акцияға атсалысу үшін қай жерден жиналу қажеттігін де көрсетті.
«Жиын 20 шілдеде 8:00 бен 8:30да Триатлон паркі тұрағынының жанында (кiру Момышұлы мен Қошқарбаев қиылысынан) болады. Сол жерден барлығымыз автобуспен акция орнына жететiн боламыз. Тамақ пен қажетті құралдар ұйымдастырылады. Жақсы көңіл-күймен келiп, игі iске атсалыңыздар», – деп үндеу тастады.