Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай тауларында сирек кездесетін жануар құну фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл сирек суретті Фейсбуктегі парақшасында ҚР АШМ Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет жариялады.
«Бұл Росомаха фильміндегі Хью Джекман емес. Бұл Қатондағы нағыз құну! Бұл Қатонқарағай мемлекеттік табиғи паркінде фототұзақтың түсірген кадры!» – деді Сәкен Ділдахмет.
Айта кету керек, құну сусар текті жануарлардың бір түрі.
Қазақстанда Оңтүстік Алтай тауындағы самырсын, майқарағай, қайың өскен ну ормандар мен тау өзендерінің бойындағы тоғайларды мекендейді. Құну терісі бағалы жыртқыш.
Ол әйелдердің қысқы киімінің жағасына, бас киім тігуге пайдаланылады.
Дереккөз: 24.kz
Өңірдегі мемлекеттік университет базасында жұмысын бастаған орталықта теңіздегі балықтар мен өсімдіктер туралы толық ақпарат жинақталып, кешенді талдау жүргізіледі.
Бұл жұмыстарға ел ғалымдарымен қатар, Ресей, Оңтүстік Корея және Әзербайжан мамандары атсалысады. Алдағы аптада Мәскеу мемлекеттің университеті океанология институтының ғалымдары келе жатыр. Олар ақтаулық әріптестерімен бірлесе балықтардың популяциясын зерттеп, олардың жүзу ағысының бағытын анықтайды. Теңіз суы мен ондағы тіршілік иелерінен сынама алынып, жан-жақты тексеріс жүргізіледі.
«Бұл жоба Каспийдегі экологиялық қауіптің алдын алуға және теңіздегі балық қорын молайтуға мүмкіндік береді» дейді ғалымдар.
Ермек Нұрмағанбет, Yessenov Университеті ректорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары:
– Техногенді апаттар болған жағдайда ғана жиналып, ғалымдар шақырылып, соның бір қорытындысы ғана айтылып кететін. Ал нақты оның күнделікті жүргізіп отыратын, зерттеп отыратын орталық жоқ деп айта аламыз. Осыған байланысты осы жоба қолға алынып, қазір өз жұмысын бастап кетті. Алдағы 3 жыл ішінде осы деңгейде бір зерттеулер жүргізіп, осы Маңғыстау өлкесінің, еліміздің балық шаруашылығын көркейтуге, көбейтуге барымызды саламыз деп жоспарлап отырмыз.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен бірге тұрмыстық қалдықтарды өңдеу кешеніне барды, деп хабарлайды қала әкімінің ресми сайты.
Қазақстан Республикасының қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясаты «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасында айқындалған және қалдықтарды жеке жинауды енгізуге, қалдықтарды қайта өңдеу секторын дамытуға, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қайта өңдеу өнімдерін өндіруге бағытталған.
Қазақстанның астанасындағы қалдықтарды қайта өңдеу бойынша зауыт – қайталама шикізатты қалпына келтіру арқылы қатты қалдықтарды сұрыптауды жүзеге асыратын, сондай-ақ сұрыпталған пластмассаларды өңдеуге арналған өндірістік нысандары бар қаланың жалғыз кәсіпорны. Елордада 65 қоқыс шығаратын компаниядан кешенге күн сайын 950 тонна ҚТҚ түседі. Қазақстанда өткізілетін іс-шаралар қатты қалдықтарды қайта өндеу үлесін 2018 жылы 11,51% -ға дейін арттыруға мүмкіндік берді, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 9%, 2016 жылы – 2,6% болатын.
Бүгінгі таңда республика бойынша 204 қала мен аудандардан әртүрлі кезеңдерде бөлек жинау 51, ал сұрыптау 30 елді мекенде енгізілген. Сонымен қатар, қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау ірі қалалар мен қоса өңірлерде де жүзеге асырылуда. Сұрыптау кешендерінде мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, қатты қалдықтарды өңдеу саласын одан әрі дамыту үшін қолайлы инвестициялық ахуал, мемлекеттік қолдау шаралары, мемлекеттік және жергілікті бюджеттерден қаражат бөлу, сондай-ақ жеке инвестицияларды тарту қажет. Осыған байланысты қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы проблемаларды жан-жақты шешу және осы салада бірыңғай көзқарас қалыптастыру үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды жеке жинауды табысты жүзеге асыруда халықтың экологиялық санасы мен мәдениеті маңызды рөл атқарады. Сондықтан, экологиялық білімді арттыру мақсатында республикалық және жергілікті деңгейді ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізілуде.
Дереккөз: infrom.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 6 шілде күні 2019 жылғы Халықаралық бағбаншылық көрмесі аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымының күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
“Өткен жылдың маусым айында Циндаода өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті барысында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ынтымақтастығының тұжырымдамасы қабылданған болатын. Аталған тұжырымдама аясындағы өзара іс-қимылдың маңызды бағыты экологиялық қауіпсіздік, климат өзгерістеріне бейімделу, қалдықтарды басқару, экологиялық білім деңгейін арттыру, сонымен қатар “жасыл дамуды” ілгерілету саналады”, -деді Бейжің маңындағы Яньцин қаласында өткен салтанатты шара барысында ШЫҰ бас хатшысы Владимир Норов.
Оның атап өтуінше, 2019 жылдың 14 маусымында Бішкекте өткен ШЫҰ саммиті аясында аталған тұжырымдаманы жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген.
“Мұның барлығы да ШЫҰ және біздің мемлекеттеріміздің көшбасшыларының еуразиялық кеңістіктегі қоршаған ортаны қорғауға күш-жігерлерін шоғырландыруға ұмтылатындығына дәлел бола алады”, – деді дипломат.
ШЫҰ күнінен елшілер, дипломаттар, мүше мемлекеттердің, бақылаушы елдердің ресми тұлғалары, қытай үкіметінің, мәдениет және өнер өкілдері, жалпы 300-ден астам қонақ қатысты. Шараның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін концерт болды.
Естеріңізге сала кетсек, 29 сәуір мен 7 қазан аралығында 2019 жылғы Халықаралық бағбаншылық көрмесі өтіп жатыр. Аталған шараға әлемнің 86 елі мен 24 халықаралық ұйым қатысуда. ШЫҰ-ның бағы жер, ауа және су негізінде әрленген.
Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР АШМ Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында Көлсай көлдерінен медуза табылғанын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, ерекше күзетілетін территорияларда «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС мамандары Орта және Төмен Көлсайдағы фаунаны 2016-2019 жыл аралығында зерттеп келеді.
Атап айтқанда, гидробиология мен гидроаналитика зертханасының қызметкерлері көл түбіндегі микроорганизмдерді бақылауға алған.
«Орта Көлсай суынан тұщы суда өмір сүретін медуза табылғанда таң қалдық. Біздің су қоймаларында бұл жәндіктер өте сирек кездеседі. Алайда соңғы жылдары тұщы суда өмір сүретін жылу сүйгіш медузалардың барлығы жиі айтылып келеді. Бұндай тіршілік иесі Шымкент жанындағы Тоғыз көлінен де табылған», – деді Сәкен Ділдахмет.
Мамандардың пікірінше, Limnocnida tanganyicae және Craspedacusta sowerbii медузаларының суда пайда болуына су температурасының жайлылығы ықпал етеді.
«Көлсайда жазда су температурасы 15-16 градустан аспайды. Бұл медузалар үшін ең шекті температура болып табылады. Олардың Көлсай көлдеріне қалай түскені белгісіз. Бұл медузаны көлге туристердің бірі алып келген болар. Немесе бір құс әкелген болар. Төменгі температурада медузалардың көбеюі ақылға сыймайды. Себебі, Көлсай көлдерінен медузалар қайталап табылып жатқан жоқ», – деді ол.
Алайда мамандар осы ерекше күзетілетін аймақтың фаунасын барынша бақылауға алу керектігін ескертеді.
2019 жылдың 26-28 маусым аралығында ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК-ның Біліктілікті арттыру бойынша басқармасымен Ақтөбе қаласында «Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» тақырыбына семинар өткізілді.
Семинар жұмысына «КазЭкоБиоСистема» ЖШС, «ЭКО Пром KZ» ЖШС, «NEO PLUS» ЖШС, «Ақжар-хром» ЖШС, «Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ, «GREENJAIK» ЖҚ, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті» ШЖҚ РМК өкілдері қатысты.
Семинарда келесі сұрақтар қарастырылды: мемлекеттік аналитикалық экологиялық бақылау саласындағы заңнамалық талаптарды орындау бойынша тәжірибелік ұсынымдар, мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесі, Қазақстан Республикасының орнықты органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясында көзделген міндеттері, қалдықтарды өңдеуге арналған технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді экологиялық реттеу және т.б.
Семинар қатысушылары соңғы өзгертулер мен толықтырулар жасалған Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі және қоршаған ортаны қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық актілер енгізілен дискілермен қамтамасыз етілді.
Семинар куәліктерді табыстаумен аяқталды.
Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Панфилов көшесінде жайқалып тамыр жая алмай қалған ағаштардың орнына күзде басқа ағаштар отырғызылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Панфилов көшесі былтыр қайта жаңғыртылған болатын. Құрылыс жұмыстарынан соң мердігер ұйым мұнда 380 ағаш отырғызған еді. Ағаш көшеттерін тасымалдау және отырғызу кезінде біраз күш түскен. Олар жаңа орынды жерсінбей әрі аязға шыдамай, салдарынан катальпа көшеті жарамсыз болып қалды.
Осыған орай,«Компания АИС Астана» мердігерлік ұйымы кепілдемелік міндеттеме бойынша биылғы жылдың вегетация маусымында жаңа ағаштар отырғызады.
Айта кетерлігі, 2015 жылы қалалықтардың талқылауынан соң қабылданған «Алматы-2020» Бағдарламасы аясында қаланың тарихи орталығының 60% жөнделді. Жайлы қалалық орта қалыптастыру мақсатында энергия жинақтаушы тротуар шамдары, көше жиһаздары, спорт және балалар алаңдары, фонтан кешендері пайда болады. Жасылдандыру жүргізілді және жаңа ағаштар отырғызылды, суарудың автоматты жүйесі тартылды.
«Қала адамдар үшін» концепциясы аясында Алматыда биылғы жазда жаяу жүргіншіге басымдық беру үшін Достық даңғылының, Жібек жолы мен Байсейітова көшелерінің бөліктеріне реконструкция жүргізілуде.
Дереккөз: 24.kz
Қазақстанның батысы мен солтүстігінің кей жерлерінде қатты жаңбыр тудырған биіктегі циклон Батыс Сібірге баяу жылжып, толтырылады.
Тропосфералық ағындар ендікке ауыса бастайды, яғни ауа массалары Атлантикадан келе бастайды. Сондықтан солтүстік облыстарда жаңбыр әлі де сақталып, ал республиканың оңтүстік облыстары жоғары атмосфералық қысымда болады. Сондықтан солтүстік облыстарда жылы ауа райы күтіледі. Оңтүстік облыстарында ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болжанғанымен, 40 градустық ыстық күтілмейді.
Дереккөз: 24.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Дереккөз: 24.kz
Ақтөбе облысында биылғы күзде 11 ауылға көгілдір отын жетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір құбыр тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал келер жылы тағы 4 елді мекенді газ желісіне қосу жоспарда бар. Нәтижесінде алты ауданның 7300-ден астам тұрғыны көгілдір отынмен қамтылады. Жалпы газдандыру жобасын жүзеге асыру үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. 2025 жылға дейін кешенді жоспар бар. Бүгінде аймақ тұрғындарының 88 пайызы көгілдір отын тұтынып отыр. Келер жылдан бастап тағы 15 ауылға газ құбырын тарту көзделуде.
Қаржаубай Ыбраймұлы, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
– 15 жобаға орай сатып алу, тапсырыс жұмыстары жүріп жатыр.Ол да биыл басталады. Бұл дегеніміз, 3 млрд 300 мың теңге ақша. Ол да 15 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге бағытталған. 2020-2022 жылдарға жалпы республикаға біздің тарапымыздан 33 газбен жабдықтау жобаларын іске асыруға, 16 млрд-қа тапсырыс беріліп отыр.