Дереккөз: www.24.kz
Энергетика миинистрлігі шағын көлемді баламалы қуат көздерін қолдауға арналған заң жобасын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл туралы бүгін Үкімет сағатынан кейін Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл құжат электр өндіруде және жылу беруде күн құрылғыларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Мемлекет бұл жобаны субсидиялап, қазақстандықтарға жеңілдік ұсынуға әзір. Сондай-ақ министр тілшілерге өзі қалай энергия үнемдейтінін де айтып берді.
Қанат Бозымбаев, ҚР энергетика министрі:
– Мен жарықты да, жылуды да үнемдеймін. Батареяларда арнайы тетік орналасқан. Егер ондағы температура белгілі бір көрсеткішке жетсе, ыстық су тоқтатылады. Бұл коммуналдық шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Ал электр энергиясына келсек, балаларым жарықты үнемі өшіріп жүреді.
Өткізілетін күні мен уақыты: 2019 жылғы 5 маусым
Өткізілетін орны: Қабанбай батыр даңғ., 19, «ҚазМұнайГаз» ғимараты, «А» блогы,
6-қабат, мәжіліс залы
2019 жылдың 5 маусымында, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінде, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінде Қазақстанның соңғы он жыл ішінде экологиялық саясатты жетілдірудегі жетістіктерін көрсеткен және еліміздің болашағына қатысты ұсынымдар беріп отырған Қазақстан Республикасының экологиялық қызметі нәтижелілігінің үшінші шолуының (ЭҚНШ) салтанатты тұсаукесері өтті. Бұл шолу БҰҰ ЕЭК қамқорлығымен жұмыс істейтін Германия, Венгрия, Италия, Португалия, ЭЫДҰ, ЮНЕП және ДДҰ сарапшылар тобының бірлескен күш-жігерінің нәтижесі болып табылады.
ЭҚНШ «жасыл» экономиканы, атап айтқанда энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау секторларын дамыту салаларында Қазақстанмен қол жеткізген нәтижелерді бағалауға бағытталған. Онда атмосфералық ауаның ластануын қысқарту, судың сапасын жақсарту, қалдықтардың түзілу көлемін азайту және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару бойынша Үкіметтің күш-жігеріне баға беріледі.
Тұсаукесерге Парламент өкілдері, Жоғарғы Сот, мемлекеттік органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
Үшінші ЭҚНШ БҰҰ ЕЭК Энергетика министрлігімен, Қазақстанның басқа үкіметтік органдары мен үкіметтік емес ұйымдарымен, Германия, Норвегия, Швейцария және Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен және БҰҰДБ-ның толық қолдауымен дайындалған.
Үшінші ЭҚНШ ағылшын және орыс тілдерінде орналасқан: https://www.unece.org/index.php?id=51819
Дереккөз: www.24.kz
Осылайша жергілікті тұрғындар өңірдегі қуаңшылықпен күреске шыққан. Айта кету керек, биыл облыстағы су қоймалары тек үштен біріне ғана толған. Бұған жауған қардың аз түсуі мен көктемгі жауын-шашынның мардымсыздығы да себеп болды.
Өңірде өткен жылы басталған су қоймаларын тазалау жұмыстарына халық наразы. Еріктілер «жағалауда өскен тал-теректерді тамырымен жұлып қана қоймай, өзен арнасын шектен тыс кеңейтіп жіберген» – дейді. Нәтижесінде су деңгейі тобықтан аспай қалды. Ал, тазартуға салынған ауыр техника бұлақтың көзін бітеген.
Пётр Мурашкевич, қала тұрғыны:
– Тазалау жұмыстарына кіріскен мердігер компанияның ісі ешқандай ақылға сыймайды. Нәтижесінде облыс орталығындағы барлық өзендерден айырылып қалды. Ағаштар 40-50 жылдан кейін қайтадан өсіп шығатын болса, жедел қолға алып, шара қолданбаса судың арнасын жақын арада толтыру екіталай.
Еріктілердің өздері білекті сыбанып іске кірісуді жөн көрген. Бірінші кезекте Сазды өзенін толтыруды назарға алыпты.
Мансұр Есқожин, тілші:
– Сазды өзенінің арнасын зерттеген еріктілер суқойма толығымен дәл осы сияқты шағын бұлақтармен қоректенетінін анықтаған. Сондықтан жағалауды жайлаған бұлақтардың көзін ашса судың деңгейі өсіп, айдынында балық та көбейетіндігіне сенімді.
Бұл маңайдағы 4 үлкен бұлақтың әрқайсысынан тәулігіне 400-500 тонна су ағады. Қолдарына күрек ұстаған еріктілер санаулы сағатта тағы 14 шағын бұлақтың көзін анықтады. Ауыр техниканың бұл жерге келуіне жол бермейміз дейді. Себебі жер асты сулары бір сәтте-ақ жоғалып кетуі мүмкін.
Әлібек Мағауин, қала тұрғыны:
– Қазір міне қараңыз суы тұп-тұнық. Тәтті-ақ суы. Кәдімгідей тап-таза бұлақтың суы нағыз. Мұп-мұздай кәдімгі.
Еріктілер бұл шараны көп болып қолға алу керектігін айтады. Қазір 20-ға жуық азамат қана демалыс күндерін бұл игі іске арнап жүр. Қосымша көмек артық етпейді. Сазды өзенінен соң Жіңішкені де қолға алу ойда бар. Ал, жергілікті биліктен тек су көздерін қоршап, мал-жанның таптамауын ұйымдастыруды өтініп отыр.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков
Дереккөз: www.24.kz
Атырау облысы Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуына себеп болған кәсіпорын анықталды.
Бұл жөнінде «Бекіре-2019» балық қорғау операциясын қорытындылаған құқық қорғаушылар мәлімдеді. Естеріңізде болса, Атырауға жасаған іссапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балықтың жаппай қырылуына себеп болған мекеме қатаң жазаланады деген болатын. Жалпы балықтардың уылдырық шашу маусымында Жайық өзені мен Каспий теңізіне еншілес Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы су айдындары да қатаң бақылауға алынады. Биыл осы үш облыс бойынша заңсыз балық аулаған және балық өнімдерін тасымалдаған азаматтарға қатысты 64 қылмыстық іс тіркелген. Ал Жайық өзеніндегі балықтың қырылуына себеп болған «Атырау су арнасы» мекемесіне жасалған сараптамалар аяқталып, іс сотқа жіберілді. Енді соңғы үкімді сот мүшелері шығаратын болады.
Серік Жанұзақов, ОПД, Су полициясының басшысы:
– Қазір экспертизаның барлығы аяқталды. Қазір айып тағып, істі сотқа жолдау үстіндеміз. Қазір тергеушілер техникалық жұмыстарды аяқтап жатыр. «Атырау су арнасы» мекемесіне келіп тоқталды, оларда хлордың мөлшерінің көптігіне байланысты, бұл енді түпкілікті ақпаратты біздің баспасөзбен байланыс қызметінен түпкілікті алуға болады.
Дереккөз: www.24.kz
Елімізде жеңіл көліктердің небәрі 1 проценті электр қуатымен жүреді.
Экологтар қоршаған ортаға зияны жоқ электромобильдердің көбейгенін қалайды. Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының ұйымдастыруымен «Жасыл жол» алғашқы автошеруі басталды. Әлемдік жетекші компанияларда құрастырылған және Қазақстанда жасалған электромобильдер Нұр-Сұлтан қаласынан Бурабайға дейін жүріп өтеді. Мақсат-экологиялық таза көліктерді насихаттап, халықтың қызығушылығын ояту. Мамандардың айтуынша, елімізде электромобильдерді көбейтпес бұрын арнайы инфрақұрылымын қалыптастыру керек. Осы орайда, бірақатар жобалар іске асып жатыр. 3 жыл бұрын Қостанайда алғашқы электромобиь құрастырылды. Назарбаев университетінің студенттері де электрокар құрастырып, Сингапурде өткен байқауда 14-орын алды.
Әділбек Басекеев, халықаралық жасыл технологиялар орталығының аппарат басшысы:
– Ақкөл қаласында көліктерге арналған шағын электростанция орналастырдық. Автомобильдер сол жерде аялдап, қуатталады. Болашақта сондай стансаларды еліміздің барлық өңірінде ашуды жоспарлап отырмыз. Себебі, коммуналдық, мемлекеттік мекемелер, өзге де кәсіпорындар қоршаған ортағы зияны аз көліктерді қолданса дейміз.
Әсет Мәлік, Назарбаев Университетінің студенті:
– Алдыңызда тұрған автокөлік толығымен Қазақстанда жасалған. Оны бірігіп, Назарбаев университетінің 10 студенті 1 жыл ішінде құрастырып шығарған. Осы көлік 4 сағат ішінде 97 км қашықтыққа дейін жүре алады.
Дереккөз: www.24.kz
Алматы облысында биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған 51 жоба жүзеге асады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Соның 10-ы жаңа, өзгесінің құрылысы өткен жылы қолға алынған. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен 10 миллиард теңгедей қаржы бөлінді. Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 15 жоба жүзеге асырылып, 300 мыңға жуық адамның сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілгенін айта кетейік. Жыл соңына дейін Жетісу өңіріндегі елді мекендердің ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 91 пайызға жетеді. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі.
Сабыр Ахметқали, облыстық энергертика және ТҮКШ басқармасы бөлімінің маманы
– Жалпы, 51 жобаны іске асыруға бізде 9,9 млрд теңге бөлінген. Оның 6,3-і – республикалық, 3,6-сы – облыстық бюджеттен. Аталған бағдарлама аясында 7 жобаны іске асыру, яғни су бұру, канализация желілерін іске асыру үшін 2,3 млрд теңге қаражат бөлінді.
Дереккөз: www.24.kz
Қуаты 5 МВт-ты құрайтын кешен Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылын электр қуатымен қамтамасыз етпек, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сонымен қатар ауыл маңындағы жылыжай, мал шаруашылығы сынды өндіріс орындарына қажетті тоқты өндіреді. Осылайша электр энергиясы тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Станциядағы үш құрылғы да Германияда жасалған. Құны 800 миллион теңге болатын жобаны қазақстандық компания шетелдік инвесторлармен бірлесе жүзеге асырды. Құрылыс кезінде 20, ал іске қосылған соң 12 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. «Жыл бойы жел соғып тұратын аймақ үшін жел электр станцияларын салу тиімді», – дейді жоба авторлары.
Николай Ғабит, компания өкілі:
– Сіздерге келгенше жол тасымалдау бойынша шығын көп. Сол потерияны жабамыз. Келесі жылы кеңейтуге рұқсат алдық. Былтыр күн электр станциясын аштық. Биыл жел энергиясын ашып жатырмыз. Келесі жылдары тағы да жұмыстар болады. Бізде енді 15 мегаваттық жоспар бар.
Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері:
«Казыкурт-Юг» ЖШС,
«Талас ауданы әкімдігінің «Игілік» көпсалалы кәсіпорны» ШЖҚ КМК,
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС,
«Шымкентцемент» АҚ,
«М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті» ШЖҚ РМК,
«Ақбастау» бірлескен кәсіпорны» АҚ.
Семинарда келесі сұрақтар қарастырылды:
• Мемлекеттік экологиялық бақылау және өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша есептемеге қойылатын талаптар;
• Мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесі;
• Экологиялық аудит және оны жүргізудің ерекшеліктері;
• Экологиялық нормалар мен талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік;
• Өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде қоршаған ортаға эмиссиялардың автоматтандырылған мониторингін жүргізу қағидалары және т.б.
Семинар соңында куәліктер табыс етілді
Дереккөз: www.24.kz
Жамбыл облысының Қырғызстанмен шектесетін таулы аймағында қос елдің жастары бірлесіп, сенбілік өткізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар сан ғасырдан бері баға жетпес байлыққа айналған Талас өзенін тазалауға кіріскен. Жалпы ұзындығы 661 шақырымды құрайтын дарияның 453 шақырымы Қазақстанға тиесілі. Ерікті жастар екі күн үшінде Таластан Таразға дейінгі аймақты жүріп өтіп, бір тоннадан астам полиэтилен қалдықтарды шығарды. Ескерту тақтайшаларын іліп, көпшілікті табиғатты таза ұстауға шақырды. «Мұндай игі шара қос ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтып, ортақ қазынаны қастерлеуге үйретеді», – дейді акцияға қатысушылар. Айта кету керек, экологиялық топ шекаралас жатқан Аса, Шу секілді өзендерге де тазарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Дереккөз: ҚазАқпарат
19 сәуір 3 мамыр аралығында Қазақстанда киік санағы жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қорына сілтеме жасап.
Әуеден жүргізілген санақ ҚР АШМ Орман шаруашылық және жануарлар әлемі комитеті тапсырысы бойынша Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қорының (ҚБСҚ) мамандарына жүктелді.
«Киік популяциясын есепке алған ҚБСҚ мамандары үш топқа бөлінді. Бірінші және екінші топ Үстірт және Жайық популяциясын, ал үшінші топ Бетпақдала киіктерін санады.
Санақ барасында қызықты сәттер аз болмады. Айталық ҚБСҚ мамандары бұған дейін 2015 жылдан бері байқалмаған жерлерден тобымен жүрген киіктерді көрді. Сондай-ақ есепке алу күндерінің бірінде киіктің әлемдегі популяциясының 50 пайызы болатындай бөкенге жолықты. Сол күні мамандарға оңай соқпады, өйткені қарасы мол киік жиі кездескен кезде оларды санау да қиын болады», делінген хабарламада.
Қордың хабарлауынша, киіктің нақты саны санақтың соңғы кезеңінде мәлім болады. Оның нәтижесі маусым айының басында жария етіледі.
Киікті санау жұмыстарына ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің және «Охотзоопром» ҚБ» РМҚК облыстық аумақтық инспекцияларының қызметкерлері атсалысты.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай облысының аумағында тікұшақ арқылы арқылы киіктер санағы қалай жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.