Дереккөз: www.astana.gov.kz
Елордада гүл егу жұмыстары басталды. Қаланың барлық аудандары көгалдандыру жұмыстарына кірісіп кетті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
«Аудан әкімдері мердігерлерді анықтау бойынша жұмысты күшейтуі керек. Сондай-ақ, қала аудандарының 30 мамырға дейін гүл егу жұмыстарын аяқтап, барлық қажетті шараларды қабылдауы керектігін атап өткім келеді», – деді әкімдіктегі кезекті отырыста Арман Тұрлыбек.
Қала әкімі орынбасарының атап өтуінше биыл гүлдердің рекордтық саны егіледі деп жоспарлануда. Оның мәліметіне қарағанда, олардың саны 8,6 миллионды құрайды.
Жоспарға сәйкес көктемгі кезеңде қалада 14 мың ағашты отырғызылмақ. Мәселен, өткен жылы көктемде 13234 тал егілді. Бүгінге дейін елорданың барлық аудандары 6 688 ағашты (47%), сондай-ақ бұталы қоршаудың 1 450 погонды метрін екті.
Сонымен қатар, аудан басшыларына шөп шабу жұмыстарын ұйымдастыру қажет.
«Ауа-райына байланысты шөптің қарқынды өсуі байқалады. Осыған байланысты барлық саябақтарда, гүл бақтарында, жол жиегіндегі учаскелерде және гүлзарларда алғашқы шөп шабу шаралары 10 күн ішінде аяқталуы керек», – деді А. Тұрлыбек.
Мұнымен қоса, елорда әкімі Бақыт Сұлтанов жиналғандардың назарын үйлердің маңындағы гүлзарлардың жағдайына аударды.
«Алайда, алаңдататын тағы бір сұрақ бар. Бұл үйлердің арасындағы газондар. Қазiргi уақытта бұлардың басым көпшілігіне ешкім карамайды. Шаң мен қоқыс жиналатын орынға айналған.
Мұны ойластыру қажет, жобалау кезінде бетон немесе брусчатка төсеудi қарастыру қажет»,– деп түйіндеді ол.
Дереккөз: www.24.kz
2022 жылы Алматы облысында өсірілген қарақат пен таңқурай экспортқа шығарылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұндай межеге жету үшін инвесторлар Райымбек ауданында жеміс көшеттерін отырғыза бастады. Оған Қақпақ ауылының 40 шақты тұрғыны жұмылдырылған. Биыл 500 гектар алқап игерілсе, келесі жылы оның көлемін мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Тамшылатып суару әдісі қолданылатын бақтың әр гектарынан 12-17 тонна аралығында жеміс-жидек алу көзделген. Тіл үйіретін табиғи тәтті өнім отандық нарық пен көршілес Ресей мен Қытай елдеріне жөнелтіледі.
Азамат Әбішов, шаруашылық жетекшісі:
– Өнім бере бастағаннан кейін сыртқы нарыққа шықсақ. Енді 1 млн тоннаға көбейсе, сыртқа шығарамыз. Шағын цех саламыз, зауыт саламыз. Елге біраз жұмыс жасаймыз.
Дереккөз: www.24.kz
Арал теңізінің қарақалпақтар тұратын аумағындағы ахуал қандай?
Өзбекстан Арал теңізі мен оның аймағындағы ахуалды жақсарту мақсатында күні бүгінге дейін 230-дан астам бағдарлама қабылдапты.
Кешенді жобалардың жалпы қаржы көлемі 2 миллиард АҚШ долларынан асып жығылады. Оның 40 пайызын яғни 8 триллион сум қазынадан жұмсалған. Қосымша донорлық көмек көрсетілген. Соның негізінде теңізге жақын орналасқан елді мекендерге инфрақұрылым тартылып, ауылдағы медициналық мекемелерге қажетті құралдар сатып алынған. Экологтардың келтірген мәліметіне жүгінсек, климаттың өзгеруінен теңіз ұлтанындағы қалған судың өзі тез тартылып, жаңа құм аралдар пайда болған. Соның салдарынан Арал аумағынан жылына 100 мың тонна тозаң ауаға көтеріліп ұшады екен. Амудариядан ағып келген суды барынша үнемдеу мақсатында арнайы бөгеттер мен су қоймаларын салу жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бұл өзен суын Аралдың құмына сіңіп кетпей сақтап қалуға көмектеседі. Оған қоса балық және мал шаруашылығын дамытуға болады екен.
Вадим Соколов, халықаралық Аралды құтқару қорының өзбекстандық агенттігінің басшысы:
– Су қоймасының негізгі бөлігі Әмударияның теңізге құятын тұсында орналасқан. Өзен осы жерге келгенде екіге айрылады. Тиімді болған соң қойма осы жерге салынған. Әмудариямен ағып келген суды жинап, сол арқылы өзге көлдерге жіберіп отыруға болады. Атап айтқанда Мойнақ қоймасы 15 жыл бұрын қордың қолдауымен салынды. Оған су тұрақты жетпейді. Балықшы қоймасы тағы бар. Су көп болған жылдары құрылыс бітпегендіктен су теңіз ұлтанына ағып үлкен жарлар пайда болды. Теңіз ұлтанына ағып жатқан су тек залалын тигізеді. Қосымша тұздықтар пайда болады. Сосын желмен өзімізге ұшып келеді. Сондықтан суды осында қоймада сақтауымыз қажет.
Дереккөз: www.24.kz
Гидроакустикалық қондырғы САРАТС жобасы аясында салынған 17 шақырымдық 9 өткізгіштен су маржанының өлі теңізге кетіп қалуына кедергі болады.
Жалпы бүгінде Арал балықшылары жылына жеті мың тоннадай балық аулап, оның екі мың тоннасын экспорттайды.
Қазірде айдын 18 аумаққа бөлініп, табиғат пайдаланушыларға бөлініп берілген. Арал ауданында жылдық қуаттылығы он тоғыз мың тонна балық өңдеуге қауқарлы жеті кәсіпорын бар. Зауыттар Қытай мен ТМД елдерінен бөлек Еуропаға су маржанын саудалайды. Теңізге жылына он бес миллион дана шабақ жіберіледі. Бірақ Көкарал бөгеті арқылы мол сумен бірге балық ұлы теңізге қарай кетіп жатыр. Осы ретте Аралды құтқару қоры арқылы гидроакустикалық қондырғы орнатылмақ.
Тынысбек Барақбаев, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» Арал бөлімшесінің директоры:
– Егер осы жобаны жылдың аяғына дейін бітіретін болсақ, келер жылдан бастап, балық құтқару гидроқұрылғысы тұратын болады. Яғни гидроакустика дегеніміз балықтың сенсорлық органдарына әсерін тигізеді. Әсерін тигізгенде тек үркіту ғана. Басқалай еш зиянын келтірмейді. Ол тек қана төменгі жиілікте балықтардың үлкен-кішісін үркіту арқылы біз ол жерге жақындатпаймыз.
Ауданда теңізден бөлек жиырма көл бар. Олардан да балықтың он төрт түрі ауланады. Тәжірибелі балықшылар мен сала мамандары енді су маржаны қорын молайту үшін көлдер жүйесін әлі де жетілдіре түсу керектігін айтады.
Құдайберген Саржанов, сала ардагері:
– Ақбасты мен Құландының ортасында өзек бар. Сол жерге шлюз қойып, соған шейін су деңгейі көтерілсе, артық су үлкен теңізге кетпей, өзек арқылы Тұщыбас деген жерге барады. Тұщыбасты толтырып алсақ, Қамбаш көлінен кем болмайды. Қазір лимит бойынша Қамбаш көлінде 400-300 тоннадай балық беріп отыр. Ал мынадан жылына мың тонна балық аулауға болады.
Жалпы 2000 жылдан бері Аралдан балық аулау көлемі жиырма есеге өсті. Қазіргі таңда 31 бригада құрылып, мыңға жуық балықшы өз нәпақасын теңізден теріп жүр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов
Дереккөз: www.24.kz
Осы айда Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы 10 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды «Хабар 24»
365 шақырымды құрайтын газ құбыры желісі аяқталуға жақын. Ресеймен шекаралас орналасқан Азғыр өңірінің тұрғындары бұл жаңалықты ондаған жылдар бойы күткен болатын. Аймаққа іс-сапармен барған Мәжіліс депутаттары да газ тарту және оның жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар шекара маңындағы ауылдар бос қалмас үшін атқарылатын жобалар және әлеуметтік көмек, көп балалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау және жалақыны көбейту шараларымен де көпшілікті таныстырды. Бұл аймақтағы 10 елді мекенде 8 мыңнан астам тұрғын бар.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Үлкен жұмыс сәтті аяқталғалы жатыр. Егер кемшіліктер болмаса, мамыр айының аяғына дейін іске қосылуы тиіс.
Дереккөз: www.24.kz
4-5 шілдеде Бурабай курорт аймағында «Solar Fest Qazaqstan» іскерлік фестивалі өтеді.
Бұл шараға баламалы энергия көздері саласын дамытуға мүдделі барлық компаниялар мен инвесторлар қатысады деп күтілуде. Бұл туралы энергетика министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Олар келтірген ресми деректерге сүйенсек, былтыр Қазақстанда жалпы көлемі 1,35 млрд кВт «жасыл энергия» өндірілген. Сондай-ақ осы секторға 283 млрд доллар инвестиция салынған. Нәтижесінде биыл жыл басынан бері баламалы энергия көзін өндіретін 7 нысан салынды. Жалпы республика бойынша күннен және желден тоқ өндіруге қауқарлы 70-тен астам станция бар. Айта кетейік, елімізде баламалы энергия көздері саласын дамыту жұмыстары 2009 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүріп жатыр.
Абай Құланбай, ҚР ЭМ ЖЭК Департаментінің басқарма басшысы:
– Жаңартылатын энергия көздері соңғы 10 жылда жалпы 8 есеге ұлғайды. Кезінде 2009 жылы 140 мВт болатын сегіз ғана су электр станциялары болатын болса, қазіргі таңда жалпы қуаты 680 мВт 72 ірі нысандарымыз бар. Кезінде тек қана су электр станциясы болатын болса, қазірде су электр станцияларын күн электр станциялары басып озды. Жалпы қуаты 250 мВт-қа жетті. Бұл 72 объектімен жылына 1,3 млрд кв/сағатты құрайды. Бұл Қызылорда облысының 1 жылдық тұтынған энергиясына тең.
Дереккөз: www.24.kz
Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесіне орай Ботаникалық бақта алма ағаштары отырғызылды, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен шараға Премьер-Министр Асқар Мамин мен елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қатысты. Жас көшеттерді отырғызған этномәдени орталықтарының белсенділері өздері еккен алма ағаштарының тұсына естелік ретінде бірлестіктің атын жазып қойды.
Жалпы, шара барысында Ботаникалық бақтың Қабанбай батыр даңғылы жағындағы кіре беріс қақпасының алдына Атыраудан әкелінген 800 түп алма ағашы отырғызылды. Оның 700 түбі бұрыннан белгілі сұрыптар болса, қалған 100 түп – жаңа сұрып.
Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері: «Промэкология» ЖШС, «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС, «ҚР-нда БИЮИ Қазақстан лимитед» филиалы, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті КЕАҚ, «Таза бұлақ» ҮЕҰ» РҚО, «Атырау жылуэлектрорталығы» АҚ, «РИП-газ» ЖШС, «Компания Монтажспецстрой» АҚ, «Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг & Прокьюрмент С.А.Л. – Офшор» компаниясының филиалы.
Семинарларда келесі мәселелер қарастырылды:
· Өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша есептілікке мемлекеттік экологиялық бақылау және талаптар;
· Мониторингтің автоматтандырылған жүйесі;
· Қоршаған ортаны қорғау және есептілік бойынша іс-шаралар жоспарының нұсқасы;
· Аналитикалық мемлекеттік экологиялық бақылау саласындағы заңнамалық талаптардың орындалуы бойынша тәжірибелік ұсынымдар;
· Жойылуы қиын органикалық ластауыштар туралы Стокгольм конвенциясында қарастырылған ҚР міндеттемелері;
· Қалдықтарды қайта өңдеу, қалпына келтіру. Халықаралық тәжірибе;
· Қауіпті қалдықтар бойынша экологиялық талаптар;
· Экологиялық кодекс жобасы.
Семинар соңында тыңдаушыларға куәліктер табыс етілді.
Дереккөз: www.24.kz
Орал қаласында «Экосақшы» қоғамдық бақылау акциясы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қаладағы тазалықтың сақталуына енді ерікті жастар да атсалыспақ. Қазір бірнеше топқа бөлінген еріктілер қаланың әр бөлігін бақылауға алды. Олар қоқысты тиісті орнына тастамаған тұрғындарды жасырын камераға түсіріп, әлеуметтік желілерге салмақ ниетте. «Мақсат – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоқысты кез келген жерге тастауға болмайтынын ескерту», – дейді тазалық сақшылары.
Назерке Құрамысова, «Орал жастары» еріктілер қозғалысының мүшесі:
– Акцияның нәтижесінде кейбір қала тұрғындары қоқыс, тұрмыстық қаладықтарды немесе құрылыс материалдарының қалдықтарын қоқыс жәшігіне емес, оның жанына тастап кететіндігі анықталды. Мұндай жағдайларға қала тұрғындарын бей-жай қарамай бірге атсалысып, қала тазалығы үшін бірге күресуге шақырамыз.
Дереккөз: www.24.kz
Қарағанды облысының Гүлшат елді мекені маңында қуаты 40 мегаваттық күн электр станциясы іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мамандардың айтуынша, бұл Балқаш секілді 5 бірдей қаланы тоқ көзімен қамтуға жеткілікті. Алып нысан шетелдік инвесторлардың қаржысына салынған. Жоба құны – 46 миллион доллар.
Күн электр станциясының аумағы 100 гектарды алып жатыр. Құрылыс жұмыстары небәрі 8 айда аяқталған. Жобаны жүзеге асыруға 46 миллион доллар қаржы жұмсалыпты. Мамандар нысанды салмас бұрын бұл жердің климатын әбден зерттеген.
Нұрлан Қапенов, жоба жетекшісі:
– Баламалы қуат көзін көптеп өндіру үшін тек қана күн сәулесінің болуы жеткіліксіз. Ауа қысымы, ылғалдылық, барлығы да сәйкес келуі керек. Ал Гүлшат елді мекенінің климаты еліміз бойынша ең қолайлысы болып тұр. Сондықтан таңдау осы жерге түсті.
Қарағанды өңірі баламалы электр қуатын өндіруден еліміз бойынша көш бастап тұр. Бұл – кенді өңірде ашылған екінші нысан. Ал жазда 50 мегаваттық тағы бір күн станциясы іске қосылмақ.
Мұндағы 123 мыңнан астам күн панелі жылына 58 миллион киловатт тоқ береді. Ал жылу энергия орталықтары дәл осындай көлемде электр қуатын өндіретін болса, қоршаған ортаға шамамен 80 мың тонна газ тарайды екен. Демек бұл – экологиялық жағынан аса тиімді жоба.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:
– Жылдың аяғына дейін Қазақстан бойынша 85 нысан болады, ал 2020 жылы ол 95-100-ге жетеді де, 3 пайыздық көрсеткішке жетеміз деп ойлаймын.
Ал 2030 жылға дейін елімізде өндірілетін баламалы тоқ көзінің үлесін 10 процентке жеткізу жоспарда. Айта кету керек, бұл күн панельдерінің кепілдік мерзімі – 25 жыл.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин