Дереккөз: www.24.kz
Бурабай ауданындағы бірнеше жылу қазандығына алдағы кезде отынды 30 пайызға үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңа жүйе орнатылуы мүмкін.
Мұндай тың жобаны астаналық ғалым Владимир Ким ойлап тапқан. Алғашқы қондырғы Щучинск қаласындағы №3 қазандыққа қойылыпты. Нәтижесі жаман емес. Су-мазут эмульсиясымен жұмыс істейтін жүйе бір айдан астам уақыттың ішінде өзінің тиімділігін дәлелдеген.
Жаңа жүйенің жаңа отыны, ол – су-мазут эмульсиясы. Жанғанда, ешқандай түтін шықпайды. Осылайша қоршаған ортаны да ластамайды. Атмосфераға таралатын зиянды заттар жоқтың қасы. Әрі мұржалар да бітелмей, таза болып тұрады. «Енді жылда жағатын 18 мың тонна мазуттың көлемі 14-15 мың тоннаға дейін азаяды», – деп отыр коммуналдық мекеме.
Қазақстан Ыдырысов, коммуналдық мекеме директоры:
– Мазутты алыстан алып жатырмыз. 18 мың тоннадай мазут Атыраудан келеді. Соны түсіріп, 90 градусқа дейін қыздырамыз. Көбіне ол қатып, сапасы нашар болады. Осы жүйені қосқаннан кейін жағуы да сапасы да жақсарды. Сосын жылуды да молынан береді. Ауаға зияны жоқ.
Жаңа жүйені ойлап тауып, оны қолданысқа шығаруға басында 20 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Өнертапқыш ғалымды инвесторлар да қолдап отыр. Қандай да бір елді мекендегі атқарушы билік өкілдері осы жүйені орнатуға келісім берсе болғаны. Жаңа қондырғыны қойып беруге қаржыны қалталы азаматтар құймақшы.
Владимир Ким, жоба авторы:
– Егер біз су-мазут эмульсиясын жағып, осы арқылы мазут үнемдесек, үнемделген отынның әр тоннасы ауаға 3 тоннаға жуық парник газдарын тарататын еді. Яғни экологиялық тиімділігі өте зор. Бұл жүйеге бюджет немесе жеке тапсырыс берушілер шығын шығармайды. Барлығын инвесторлар көтеруге әзір.
Игорь Ляшенко, инвестициялық компанияның басшысы:
– Біздің нысан көптеген қаржы институтымен іскерлік байланыста. Сондықтан біз Қазақстандағы осындай жобаларға 2 млрд доллар шамасында қаражат дайындап отырмыз. Ал инвесторлар өздерінің құйған қаржысын үнемделген отынның есебінен алып отырады.
Енді ғалым осы жобасын жер-жерде таныстырып жүр. Айтуынша, жаңа жүйеге қызығушылық танытып жатқандар көп. Бурабай ауданынан кейін Қарағанды және Көкшетау қалаларының қазандықтарына да осындай үнемді қондырғы орнатылуы мүмкін.
Авторлары: Д.Берікұлы, А.Полянный