Теміртауда жауған қар қара түске боялды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Теміртауда жауған қар қара түске боялды

Дереккөз: www.24.kz

4a7e0c1941a3486675cbb357f32ba626_l

Теміртауды қара қар басты. Оның нақты себебін әзірге ешкім айта алмай отыр. Тұрғындардың талабынан соң қала әкімі тексеріс жүргізуді сұрап, экология департаментіне хат жолдаған. Бірақ әлі жауап келмепті.

Қаланың байырғы тұрғыны Серік Теміров бұл көріністің жылда қайталанатынын айтады.

«Бірақ биылғы жағдай тіптен ушығып тұр», – дейді ол. Соңғы күндері әппақ қардың беті қара күйеге айналған.

Серік Теміров, Теміртау қаласының тұрғыны:

– Кейінгі күндері көбейіп кетті бұл жағдай. Қазір бүкіл қала тұрғынын осы мәселе алаңдатып отыр. Қазір мына алаңға балаларды шығарып ойнатудың өзі қиын. Себебі үйге балалар кіргенде үсті-басы лас болып кіреді. Бұл мен ойлаймын қазір күн суық, қыс, аяз, онша білінбей тұр. Ертең жазда ерігенде шаң болып көтеріледі. Бұның зияны сол кезде екі есе көп болады деп ойлаймын.

Денсаулығына алаңдаған тұрғындар дабыл қағып, жергілікті әкімге хат жазған. Ал қала билігі болса, экология департаментінен жоспардан тыс тексеріс жүргізуді сұрап отыр. Бірақ әзірге ешқандай жауап жоқ. Сондықтан оның себебін дөп басып айту әзірге мүмкін емес. Шенділер осылай дейді.

Владислав Цай, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:

– Қара күйенің қайдан пайда болғанын сараптама қорытындысынан кейін ғана айта аламыз. Соңғы екі апта бойы жел терісінен соғып тұр. Бәлкім содан болар. Құбырдан шыққан түтін қалаға келіп жатыр. Себебі комбинат жақтағы қаланың батыс аудандарында қар мүлдем қап-қара.

Әкім орынбасарының айтуынша, өндіріс ошақтары экология талаптарын үнемі сақтай бермейді екен. Тек өткен жылдың маусым айында ғана комбинат қожайындары қоршаған ортаны ластағаны үшін қомақты айыппұл төлеген.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика