Фариза Налекова | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Шығыс Қазақстанда егін науқаны аяқталуға жақын

Дереккөз:  www.24.kz

18bd8462d1cdfa02a4c3b10e6e2c42c6_l

Биыл аймақта 1 млн 320 мың гектар жерге дәнді-дақыл егілді.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың гектарға артық. Бір ғана Зырян ауданында 69 мың гектар жер игерілген әрі ауданда қарақұмық егу тәжірибесі оң нәтиже беріп отыр.

Топырағы құнарлы Зырян ауданында биыл егін егу жұмыстары әдеттегіден кеш басталды. Бұған себеп – ауа райының қолайсыздығы. Десе де өңір аграрлары науқанды дер кезінде аяқтауды жоспарлап отыр.

Жанат Бұғыбаевтың шаруа қожалығында 11 мың гектар жер бар. Дәнді-дақылдың түр-түрін егіп жүрген олар бабы қиын қарақұмықтан да гектарына 30 центнер өнім алып үйренген.

Жанат Бұғыбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Үлкен пайданы көріп отырмыз. Сол өнімдерді себеміз. Бәрі де керек. Сол үшін себеміз.

Аудандағы ең ірі шаруа қожалығы заманауи техникамен қамтылған. Импорттық комбайндар механиктердің жұмысын барынша жеңілдеткен. Ал ардагер тракторшылар жаңа техникалардың мүмкіндігіне қызыға да қызғана қарайды.

Әукен Маусымбаев, Зырян ауданының тұрғыны:

– Бұрынғы кезде тракторда істегенде тракторлар нашар болатын. Күштері аз ғана болатын. Қазіргі техника күшті. 

Зырян ауданында биыл 69 мың гектар жерге дәнді-дақыл егілді. Шаруалар көл-көсір өнім алуға ниетті. Арнайы тыңайтқыш қолдану тәжірибесі нәтижесін беріп келеді.

Жалпы, Зырянда 200-ден аса қожалық егін шаруашылығымен айналысады. Бүгінде ұсақ шаруа иелері бірігуді көздеп отыр.

Мамай Бұтабаев, Зырян аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:

– 2000-3000 гектарлық 10-15 шаруашылық бар. Қалғандары кішірек. Олардың басын біріктіріп, кооператив ашқалы жатырмыз. Бүгінде 4 кооператив ашылды. Алда тағы 10-12-ге жеткіземіз деп отырмыз.

Аудан ауылшаруашылық техникасымен толық қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде науқанды абыроймен аяқтауға зор мүмкіндік береді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов

Жамбыл облысында өрт қауіпсіздігіне байланысты оқу-жаттығу шарасы өтті

Дереккөз:  www.24.kz

aa93d60ba9d97e839f8bb01b35e8c185_l

Жайнаған жаз мезгілінде өрт шығу қаупі еселеп арта түседі.

Соның ішінде егіс алқаптары мен ормандардың отқа орануы орасан зор шығынға әкеліп соқтырып жатады. Тілсіз жаумен күресте қолда бар әдіс-тәсілдердің нәтижелілігін тексеріп, техниканың мүмкіндігін байқау мақсатында Жамбыл облысында оқу-жаттығу шарасы өтті. Байқау барысында мамандардың іс-қимылы сыналып, кәсіби біліктілігіне баға берілді.

Жаттығу жоспары бойынша Жамбыл ауданындағы Ақбұлым ауылы маңында таулы аймақты қызыл жалын шарпыған. Төтенше жағдай қызметкерлері лезде іске кірісіп, отпен күресті бастап кетті. Өрт сөндірушілер бірінші кезекте қазіргі таңда қолданып отырған құралдарының мүмкіндігін көрсетті. Барлығы күреске 42 техника түрі тартылды. Олардың қатарында тікұшақтар да бар.

Якубжан Ибрагимов, авиатоп жетекшісі:

– Облыс бойынша 3 млн 74 мың гектар аумақты қорғаймыз. Қарамағымызда 10 орман шаруашылығы бар. Жұмысымыз – өрттің алдын алу, кең аумаққа жібермеу.

Мамандарды жарақтандыру ісіне көңілді көбірек бөлу көзделуде. Заманауи техника алынып, олардың көмегімен жедел жұмыс атқару ойластырылып отыр.

Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімі:

– Жыл басынан бері барлық аудандарда жаттығу өткіздік. Дала өртінің қаупін ескере отырып, облыстық деңгейде қолға алып отырмыз. Табиғатты пайдалану басқармасы мен төтенше жағдай қызметіне жаңа техникалар алу қажеттілігін ескеріп, алдағы уақытқа жоспарлап отырмыз.

Жаттығуда медицина мамандарының жұмысына ерекше көңіл бөлінді. Олар алғашқы көмек көрсетіп, жедел әрекет ете алатындықтарын байқатты. Өрт сөндірушілер де шұғыл қимылдап, қысқа уақытта қойылған тапсырманы орындап шықты.

Мақсат Қосыбаев, облыстық «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің басшысы:

– Барлығы өзінің алдына қойылған міндеттерді ойдағыдай атқарып, бірлесе әрекет етудің арқасында шартты өртті дер кезінде өшіре білді. Атап өтетін жағдай, облыстағы өрт сөндіру бөлімдері биылғы жазғы өрт қауіпті кезеңге дайындыққа келтірілді.

Мұндай шаралар төтенше жағдай қызметі мамандарының біліктілігін арттыруға өз үлесін қосады. Оқу-жаттығу жұмыстарынан бөлек олар өз іс-қимылдарын кәсіби өрт сөндірушілер мектебінде де шыңдап тұрады.

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2017 жылдың 07-09 маусым мерзімі аралығында Астана қаласында «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару» тақырыбына қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мамандар үшін оқыту семинарын өткізді

Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері: «Монтажарнаулықұрылыс» компаниясы» АҚ, «Торғай-Петролеум» АҚ,  «Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша экология департаменті» РММ, «Экосфера» ҮЕҰ мекемесі,  «Павлодар облысының Қазақстан жастарының конгресі» ҚҚ, «Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті» ШЖҚ РМК, «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ, «Катко» БК» ЖШС, «Тұлпар-Тальго» ЖШС, «Kazakhmys Smelting (Казахмыс Смэлтинг)» ЖШС, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС.

 Семинарда келесі сұрақтар қарастырылды:

  • ҚОӘБ және жобалық құжат құрамындағы қалдықтарды басқару бағдарламасы жобаларын әзірлеу;
  • Қалдықтарды басқару бойынша өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы;
  • Қауіпті қалдықтар бойынша сақтандыру;
  • Қалдықтарды орналастыру бөлігінде эмиссияларға рұқсат алу қажеттілігі;
  • Өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу кезіндегі негізгі экологиялық талаптар;
  • Қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясат және т.б.

Дәріс оқығандар:

Досмакова Бизара Жакиевна – ҚР ЭМ Қалдықтарды басқару департаменті  директорының орынбасары;

Токтасынова Тоты Клышбековна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;

Ингербаева Жанат Умбетовна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;

Журынова Сауле КонысхановнаҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД директоры;

Абилова Ляйа Толегеновна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;

Садвокасова Алия Малаевна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД басқарма басшысы маманы.

Семинар соңында тыңдаушыларға куәліктер табыс етілді.

 

Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасында балалардың болашақ энергиясына арнаған көрмесі ашылды

Дереккөз:  www.24.kz

7e95ce70e216e1bb9c1e5bae9d94ae2f_l

Болашақ энергиясы балалар көзімен. Осындай атаумен Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы музейінде өнерлі балалардың көрмесі ашылды.

Көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12-16 жас аралығындағы жеткіншектердің 100-ден астам үздік сурет туындылары қойылды. ЭКСПО  тақырыбына арналған жас суретшілердің өнерін кәсіби мамандар бағалады.

ЭКСПО тақырыбына арналған көрмеге  байқауда жеңген үздік оқушылардың суреттері қойылды. Солардың ішінде ақтөбелік Диана Өтетілеуованың еңбегі ерекше бағаланды. Ол туған елдің табиғатын, қылқаламмен сөйлеткен.

Диана Өтетілеуова байқау жеңімпазы:

– Өз суретімде мен өз ел-жерімнің көрікті жерлері бар екенін көрсетіп салдым. Осыған графика техникасын қолдандым. СКЛ. 03,16,10 Осы суреттерім альбомға енгізіледі. Оны шетелдік қонақтар да көре алады деп үміттенемін.

Еліміздің болашақ энергиясын әр суретші өзінше бейнелеген. Жеткіншектер туындылары арқылы қоршаған ортаны қорғау баршаның міндеті екендігін көрсеттік дейді.

Күлайша Ақтаева «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директорының орынбасары:

– Біздің қоршаған ортамыздың жағдайы, оған қолдау көрсету, адамзат табиғатына мәдениетіне байланысты сурақтар ортаға салынды. Өздерінің адамзаттық және азаматтық сезімдерін осы туындылар арқылы көрсетіп жатыр. Сондықтан бізге бағалы.

Көрменің көркін келтірген 100-ге тарта суретті  Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы музейінен бір апта бойы тамашалауға болады. Тақырыбы ерекше туындылар болашақта бір альбомға жинақталып басылып шығады.

Авторлары: Айнур Қуатқызы, Жандос Битабаров

Бүгін Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің шымылдығы ашылады

Дереккөз: www.24.kz

e138d015659e6702c56cbefaad7ba15a_xl

Көрмеде 100-ден астам елдің және 22-халықаралық ұйымның өкілдері шараға келушілерді болашақ технологиясымен таныстыруға әзір.

Ал қазақстандық өнертапқыштар жаһан назарына тың жобаларын ұсынып, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмаса алады. Елордаға күніне 20 мың турист келеді деп күтіліп отыр. Еске сала кетейік, осынау ауқымды шараға дайындық соңғы 5 жыл бойы бір сәтке тоқтаған емес.

Жасыл экономика. Астананың коммуналды мекемесі жасыл энергияны қолдайды

Дереккөз: www.24.kz

– Астананың коммуналды мекемесі  жасыл энергияны қолдайды. “Астана су арнасы” күн станцияларын орнатты.

  – Күн қуатының әлеуеті қандай? Барлық мәліметті жаңадан ашылған интерактивті атлас арқылы білуге болады.

– Швейцария елі ЭКСПО қонақтарын несімен таң қалдырмақ?

Шығыс Қазақстан облысында сүт өндіру кәсібі дамып келеді

Дереккөз: www.24.kz

9e2679b2a4d1ad1e1e5ba9d0526167fc_l

Шығыс Қазақстанда Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бағдарламасы жүйелі жүзеге аса бастады. Өңірде бүгінде 240 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның 23-і сүт өндіруге бағытталған. Облыста сүт қабылдау пункттерін жасап шығаратын кәсіпорын да бар.

Сүт қабылдау пункттері мен сүтті суыту танктерін шығаратын «Үлбі модуль комбинаты» 2014 жылы іске қосылған. Еліміздегі бірегей кәсіпорынның өнімдері бір жылдың ішінде күллі республикаға тарай бастады. Шикізат Фин және Франция елінен алынғанымен, дайын өнім толықтай отандық. Ал қолдануға жеңіл, жабдықталған модульдер арнайы вагондарда шығарылады.

Вадим Быков, кәсіпорын басшысы:

-Қазіргі таңда 1000 литрден 5 тоннаға дейін сүт суытуға арналған танктерді  шығарып жатырмыз. Мемлекеттік бағдарлама аясында 300-ге дейін сүт қабылдау пунктін жасап шығарамыз. Дайын өнімді жеткізіп беретінімізді де айта кетейін.

Өнімнің сапасында мін жоқ. Оған отандық модульдерге өңірдің түкпір-түкпірінен сұраныс түсіп жатқаны дәлел. Бүгінде ауыл шаруашылығы кооперативтерімен 37 келісім жасалған. Бесқарағай ауданындағы Маловладимировка ауылдық округінің әкімі де отандық өнімнің әлеуетімен танысуға келіпті.

Юрий Слоницкий, Маловладимировка ауылдық округінің әкімі:

-Бұл кәсіпорын өнімдері сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде ауданда 5 кооператив құрылған. Сүт қабылдау пункттеріміз бар, бірақ оларды отандық өніммен алмастыру тиімді деп ойлаймын.

Облыста құрылған 240 ауыл шаруашылығы кооперативінің 23-і сүт бағытына негізделген. Күзде тағы 12 бірлестікті іске қосу көзделіп отыр.

Ринат Молдаханов, облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

-Мемлекеттік қолдаулар көрсетілген. Бұл жағынан кооперативке бәрі түсіндіріліп жатыр, яғни модульный пункті сатып алған жағдайда кепілсіз, алғашқы жарнасыз сатып алуға болады. Бұл үлкен көмек. 50 пайыз мемлекеттік көмек қарастырылған. Бұған қоса сүт бағыттары бойынша алатын болсақ, әрбір өндірілген сүтке 10 теңгеден субсидия төленетін болады. Кооператив аккредитациядан өткенде қосымша құн салығын 100 пайыз мемлекет өтейтін болады. 

Өңірде жеке қосалқы шаруашылықтар санын 15700-ге жеткізу көзделіп отыр. Барлығы да агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов

Солтүстік Қазақстан облысында гүл өсіру бизнесі өркендеп келеді

Дереккөз: www.24.kz

4ab0f6431fe749548e4fbd9d1244b104_l

Солтүстік Қазақстан облысында жылыжай кәсібін дамыту жақсы жолға қойылған. Аймақтағы бір ғана Айыртау ауданының Имантау ауылының өзінде жүзден астам жылыжай бар.

Бүгінде мұнда көкөністермен қатар гүл өсіру ісі де өркен жайып келеді. Имантауда жайқалып өскен гүлдерге қазірдің өзінде Көкшетау мен Астанадан басқа, еліміздің өзге де ірі қалаларынан сұраныс көптеп түсіп жатыр.

Петунья, газания, циния, гайлардия, тунберги. Бұлар – Гүлфия Омарованың Имантаудағы жасыл жылыжайындағы гүл аттары. Жалпы мұнда 50-ден аса гүл түрі өсіріледі. Әр күн түрлі-түсті, хош иісті гүлдердің арасында жұмыс істейтін олар күн соңында үйлеріне шаршап емес, көтеріңкі көңіл-күймен қайтатындарын айтады.

Юлия Григорьева, гүл өсіруші:

-Осы жердегі әр гүлде менің жан дүнием жатыр. Осылардың ішінен өзіме ең жақыны – портулак. Ол сондай әдемі әрі үнемі ашылып тұрады. Сонымен қатар гүлзарларда да әсерлі көрінеді. Ақ, сары, қызыл, ашық қызғылт түстері де болады.

Гүл өсіру ісімен Гүлфия 16 жылдан бері айналысып келеді. Кезінде бұл істі әкесі бастапты, қазір Гүлфия оның ізін жалғастырып жатыр. Гүл өсіру – машақаты көп іс. «Басты ереже – өз уақытында суару және дұрыс баптау», – дейді ол.

Гүлфия Омарова, жеке кәсіпкер:

-Қазіргі жоспарымыз – тұқым түрлерін көбейтіп, сапалы нәтижеге қол жеткізу әрі нарықтағы орнымызды кеңейту. Сонымен қатар алдағы уақытта тропикалық гүл түрлерін де өсіргіміз келеді. Бір сатып алушымыз: «Сіздер тек қана гүл өсіруші емес, сонымен бірге адам жанын емдеушісіздер. Себебі жұпар аңқыған, әсем гүлдеріңізбен бізге бақыт сыйлайсыздар», – деген еді.

Имантау үлкен ауыл емес. Бар болғаны 1026 отбасы тұрады. Солардың 150-і жылыжай кәсібімен айналысады.

Любовь Сердюк, Имантау ауылдық округінің әкімі:

-Ауылда 50 отбасы «Жасыл ел» келісімі бойынша жұмыс істейді. Яғни олар Астана, Алматы және басқа облыстарды көгалдандыру мақсатында 50 мыңнан 200 мыңға дейін көшет отырғызады. Бұл кәсіп ауыл тұрғындарының материалдық жағдайларының оңалуына да оң әсер етіп отыр.

Жылыжай кәсібі ауылдықтарға жақсы пайда әкеліп отыр. Жыл сайын әр маусым соңы тұрғындардың ауылдарын көркейтіп, жаңа үйлер салуы соның айғағы болса керек.

Авторлары: Мейрамгүл Құспан, Анатолий  Полянный

Энергетика министрлігінде экологтар күні өтті

Дереккөз: www.energo.gov.kz

%d0%b1%d0%b5%d0%b7%d1%8b%d0%bc%d1%8f%d0%bd%d0%bd%d1%8b%d0%b9

2017 жылдың  5 маусымында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күніне арналған салтанатты шара өткізілді. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан экологтарын кәсіби мерекелерімен құттықтап өтті.

Ведомство басшысы ҚР Энергетика министрлігінің 2016 жылы іске асырған жұмыстарның нәтижелері, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған шаралар, ҚР Экологиялық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, экология және төмекөмірсутекті «жасыл экономикаға» көшу мәселелеріне кеңінен тоқталып өтті.

ҚР Экологиялық кодексіне әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, нәтижесінде табиғатты қорғауды жобалау және нормалау бойынша қызметті лицензиялау міндеті алып тасталынды, мемлекеттік экологиялық сараптаманы өткізу мерзімі ұзарды және қоршаған ортаға эмиссияларды алуға өтінімдерді қарастыру мерзімі қысқартылды.

Сонымен қатар салтанатты  шара шеңберінде министрліктің қызметкерлері, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері, ғылыми қызметкерлер, ұстаздар және жоғарғы оқу орындарының студенттері қоршаған ортаны қорғауға және бірлескен жобаларды іске асыруға қосқан үлестері үшін грамоталармен, алғыс хаттармен, сондай-ақ 7 эколог «Экология саласының үздігі» атты ведомстволық медальдармен марапатталды.

 ҚР Энергетика министрлігі

Астанада көгалдандыру аумағы ұлғаяды

Дереккөз: www.24.kz

123

Биыл Астанада көгалдандыру аумағы біршама артып, 170 мың шаршы метрге дейін жетті. Сала мамандары ЭКСПО көрмесінің қарсаңында елорданы абаттандыру үшін барын салып жатыр. Бұрын-соңды болмаған экспозициялар көшелерге көрік беріп тұр. Басты мақсат – елорданың ажарын ашып, алыс-жақыннан ағылған қонақтарды қайран қалдыру.

Шырайгүл, ценирария, барқыт гүлі және раушандар. Биыл Астананың көшелері мен саябақтарының көркін келтіретін гүлдер осы. ЭКСПО көрмесіне қатысуға келетін қонақтардың таңдайын қақтырып, қыздыру үшін сала мамандары тек гүлзар жасап қана қоймай, таңғажайып экспозициялар ойлап тауып жатыр.

Дариға Ташенова, тілші:

-Аңқыған жұпар иісті гүлдерден әзірленген мынадай көрініс кез келген адамды таң қалдырады. Жақында қаламызда 90-ға жуық осындай композиция пайда болады. Ал оны күзге дейін баптап күту үшін көгалдандыру қызметінің 70-ке жуық қызметкері жұмылдырылады.

Әлемнің 100-деген елінен келетін азаматтарды еліміздің тарихымен таныстыру үшін дизайнерлер ұлттық нақыштағы көріністерді дайындады.

Бибігүл Бектемісова, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ басшысының орынбасары:

-Биыл қалаға басқа халықтар келетін болғандықтан, өзіміздің дәстүрімізді көрсету үшін жақсы қазақтың қыздарын шығарып жатырмыз. Өзіміздің қазақтың аспаптарын шығарып жатырмыз .Енді бір-екі күнде қобыз, домбыраларды қаланың бұрыштарынан көре аласыздар.

Бір шаршы метрде бой көтерген экспозицияның әрқайсысын әзірлеу үшін 2 мың дана гүл қажет болды. Ол үшін мамандар өз жұмысын әдеттегіден ерте бастап кетті. Егер бұрын бір жылдық гүлдерге басымдық берлісе, биыл шаһар аумағына  көп жылдық өсімдіктер отырғызыла бастады.

Бибігүл Бектемісова, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ басшысының орынбасары:

-Қала биыл үлкен мереке өткізеді. Біздің де үлесіміз болсын деп қолдан келетін істерді көрсету үшін көктем шықпай жатып іске кірісіп кеттік. Сондықтан да мына істеп жатқан жұмыстарымыз бір ай бұрын ағашы жоқ көше еді. Енді өздеріне орын тауып, жасыл желекке айналды.

Осындай еңбекті атқару үшін 2 мыңға жуық жұмысшы екі қолға бір күрек тауып, маңдай терін төгіп жатыр. Бұл жұмыстың нәтижесі де жоқ емес. Қала саябақтарын аралап жүрген халықтың пікірінше, айналадағы көрініс демалып, тынығуға серпін береді.

Осы жазда төрткүл дүние еліміздің бас қаласы Астанаға көз тігіп отыр. Жұртшылықтың көңілінен шығу үшін мамандар аянбай еңбек етуден бас тартпайды. Сол себепті  абаттандыру жұмыстары қоңыр күз түскенше жалғасады.

Авторлары: Дариға Ташенова, Дәурен Үмбетәлиев

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика