Дереккөз: www.24.kz
Шығыс Қазақстан өңірінде 320 шаруа қожалығы бірігіп, 13 пилоттық кооператив құрған. Сөйтіп 61 шаруа мемлекеттен несие алып, іске кірісті.
Әсіресе Жарма ауданында бірқатар сүт қабылдау пункттерінің жұмыс істей бастауы арқасында тұрғындар да өнімдерін өткізіп, табыс таба бастаған.
Малды жесең азық, кисең киім. Бұл төрт түлігі сай Қаратөбе ауылы тұрғындарының пікірі. Ата кәсіпті өркендетуге ден қойған олардың әрқайсысы бірнеше сиырдан ұстап отыр. Мұғалім Арайлым Түсіпжанова да ауылда ашылған сүт қабылдау пункттеріне күніне 10 литр сүт өткізіп, отбасы қазынасын толтырады.
Арайлым Түсіпжанова, ауыл тұрғыны:
-Ауыл шаруашылығына байланысты малмен айналысқандықтан, осындай сүт пункттері ашылғанына қуаныштымыз. Отбасымыздың кірісіне пайдасы бар деп ойлаймын.
Ауданда құрылған «Жарма-сүт» кооперативі де ауылдың берекесін арттыруға сеп. Ұжымның 23 мүшесі бар. Күніне 2,5 тонна сүт жинайтын кооператив тынысы кеңеюде. Жерлестерін жұмыспен қамтып, сапалы өніммен қуантуға ниетті.
Амангелді Ысқақов, кооператив төрағасы:
-Өмірдің ағысы сол кооператив болған дұрыс қой. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей. Жаңғыз адам не істей алады. Кооператив мүшелері бірге жұмыс атқарсақ, мақсаттар мен жетістіктерге жетеміз деп сенімдімін.
Шағын қожалықтардың бірігуі жергілікті сүт өңдеу зауытының жұмысына да оң әсер еткен. Мекеме күніне 20 тонна сүт қабылдайды. Бұл жеткілікті емес. Мұнда бүгінде 40 түрлі өнім өндіріледі. Өнім көлемін арттыру үшін кооперативтер қатарын еселеу маңызды.
Виктор Кропп, сүт өңдеу зауытының бас инженері:
-Біріккен қожалықтардың жетістігіне қарап, үлгі алғандар баршылық. Адамдар бірігудің болашағына көз жеткізген. Жергілікті тұрғындар үшін де сүтті сарп етпей, бізге өткізгені тиімді ғой. Міне, олар да ақша таба бастады.
Өңірде жыл соңына дейін 33 кооператив құрылмақ. Оларды мемлекет қаржыландыруға дайын. Бұл үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 5 млрд теңге қарастырған.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов
Дереккөз: www.24.kz
Мал басын арттыра білген ауыл азаматтары техниканы лизингке де алып жатыр. Ал әр басқа берілетін субсидияға шаруашылықтар қой қырқу бекеттерін ашты.
Біріккен істе бірлік бар. «Аққозы» ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметі осы тәмсілдің дұрыстығын растай түседі. Екі жыл бұрын құрылғанда оған 50 отбасы мүше болса, бүгінде олардың қатары 68-ге дейін жетті. Мемлекеттік қолдау бойынша берілген 3 млн 618 мың теңгеге 200 сиыр алынды. Екі жылда тиянақты жұмыс атқарылып, шаруашылықтағы мал саны да артты. Бүгінде 630 бас ірі қара бар. Шаруашылықта 10 адам еңбек етеді. Мал азығын әзірлеуге қажет техника да жетерлік. Ең бастысы кооператив сиыр басына берілген субсидияны ұтымды пайдаланып, ауылда қой қырқу бекетін ашты.
Серікқали Нұрәділов, кооператив жетекшісі:
– 4 қой қырқушы күніне 200 бас қой шығарады. Алдағы күзгі қырқымда 6 қой қырқушы аламыз деп отырмыз. Сосын осы ауылда 4 мыңдай қой бар, соның 3 мыңдайын қырқамыз.
Қоныс Мұқанов, Аққозы ауылдық округінің әкімі:
– Қой қырқым жұмыстары жүріп жатыр. Басқа да шаруа қожалықтары еңбекақысын төлеп отыр, бұл енді бір жағынан ауыл үшін тазалыққа жақсы, жүнді шашып тастамай, жинап жүреді. Ертең престеп, келісімшарт бойынша Орал немесе Атырау қаласына өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге тері өнімдерін, қойдың, ірі қараның терілерін жинап, тұздап, сапасына сай етіп жинауды көздеп отырмыз.
Биылғы Жолдауында да Елбасы ауыл шаруашылығына аса мән берді. «Саланы экономиканың драйверіне айналдыруды тапсырды», – деді арнайы ұйымдастырылған семинарда сала мамандары. Расымен де бүгінде шаруашылықтар аудан халқын азық-түлікпен қамтып қана қоймай, негізгі жұмыс берушіге де айналып отыр. Бұл агроқұрылымдарды жүйелі қолдаудың нәтижесі.
Нұрболат Мақашев, ҚР АШМ департамент директорының орынбасары:
– Үкімет тарапынан бүкіл мемлекеттік қолдаулар көрсетілген, атап айтар болсақ, ет, сүт, тағы басқа өнімдердің көлемдеріне субсидия беру көзделген және де сатып алған техника бағасының 50 пайызына дейін төлеп беру жеңілдігі көрсетілген.
Семинар-кеңесте министрлік өкілі ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап қатты. Сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мүмкіндіктерді жан-жақты түсіндірді.
Авторлары: Серік-Ибраһим Орынбек, Серік Қоңырбаев
Дереккөз: www.24.kz
Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының өрт сөндірушілері бірлескен оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді.
Кәсіби шеберлікті шыңдау үшін Шығыс Қазақстан облысындағы Риддердің ең биік таулы-орманды алқап таңдап алынды. Екі елдің өрт сөндірушілері және орман шаруашылығы мамандары арнайы тапсырма бойынша жер-көктен бақылау жасаудан өзара тәжірибе алмасты.
Қазақстан мен Ресей өрт сөндірушілерінің бірілескен жаттығу жұмыстары жыл сайын өткізіледі. Тек биыл ауыр техника және әуеден бақылау тәрізді ауқымы мен берілетін тапсырма күрделенген. Биыл құтқарушы десанттар бригадасы да қатысты.
Жаттығудың жоспары бойынша өрт сөндірушілерге Батыс Алтай қорығында жалпы аумағы 25 гектар болатын 5 жерде бірден өрт шыққаны туралы дабыл түседі. Тілсіз жау тұтанған жерге бірінші болып қазавиаорманкүзетінің десанттық тобы жетті.Олар өрт өршімес үшін әуелі арнайы көбікті септі.
2008 жылы күзде дәл осы аумақта алапат өрт шығып, бірнеше сағатта 5 мың гектар қылқан жапырақты орман күлге айналған. Сол кездегідей келеңсіз жағдай қайталанбас үшін биылғы жаттығуда МИ-8 және МИ-26 тікұшақтары бір жолда әуеден 20 тоннаға дейін су бүрікті.
Шынайы жағдайға бейімделген жаттығу 40 минутқа созылды. Оған орман шаруашылығы саласындағы барлық мекемелер қатысты.
Марлен Айнабеков, ҚР АШМ орман шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
– Бұл жаттығуды өткізу үшін барлық ведмстволармен келісім жасалды. Сондақытан алда-жалда өрт бола қалған жағдайды бәріміз бірлесіп қимылдауға мүмкіндік береді.
Ресей шекарасынан 2 шақырым жерде өткен жаттығуды көрген осы елдің өрт сөндірушілері қазақстандық әріптестерінің кәсіби шеберліктері жоғары екенін мойындады.
Михаил Губачев, орман шаруашылығының директоры (Ресей):
– Ресейде дәл мынадай шынайы жағдайға беймделген жаттығу өтпейді. Бұл өте қажет. Сондықтан мен осындай жаттығудың бізде де өтуіне ұсыныс жасап, фото және видеоларды көрсететін боламын.
Таулы аймақта және авиациялық техника жұмылдырылған оқу шараларын өткізуге өте көп қаршы шығады. Тек тікұшақтың жанармайына ғана 1 миллион теңге жұмсалады. Дегенмен мамандардың айтуынша, дәл осындай жаттығулардың арқасында- Қазақстандағы 15 миллион гектар орман алқабы өрттен сақталып келеді.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин
Дереккөз: www.24.kz
Астананың сол жақ жағалауында аумағы 100 гектар дендрарий пайда болады, – деп хабарлады Астана әкімдігінің медиа-орталық тілшісіне «Астана Зеленстрой» АҚ өндірістік мәселелер жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Бибігүл Бектемісова.
Қабанбай батыр даңғылында орналасатын ботаникалық бақтың құрылысы 2017 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Қазіргі таңда көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Бұл жерде жабық оранжерея, жасанды су тоғаны, жүгіру мен велосипедке арналған жолдар болады. Оранжереяда экзотикалық өсімдіктер және пальманың 55-ке жуық түрі өсіріледі, – деді Б.Бектемісова.
Бұдан бөлек Астананың климаттық жағдайына сай ағаштар мен бұталардың жаңа түрлерін өсіру мен баптауға байланысты түрлі тәжірибелер өткізіліп, оқу-ағартушылық және экологиялық шаралар арқылы ботаникалық бақ ғылыми зертханаға айналмақ.
– Жыл соңына дейін ботаникалық баққа 35 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар Қазақстанда ешқашан өсірілмеген Еуропадан 600 түп ағаш түрі әкелінеді, – дейді Бектемісова.
Ботаникалық баққа Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары жыл бойы келіп, тамашалай алады.
Ақпарат көзі: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері: «Алматы электр станциялары» АҚ, «АВ Petroleum Capital» ЖШС, «Nova Цинк» ЖШС, «Институт Карагандинский Промстройпроект» ЖШС, «Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті» ШЖҚ РМК, «Экосфера» ҮЕҰ мекемесі.
Семинарда келесі сұрақтар қарастырылды:
Дәріс оқығандар:
Досмакова Бизара Жакиевна – ҚР ЭМ Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары;
Токтасынова Тоты Клышбековна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;
Ингербаева Жанат Умбетовна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;
Журынова Сауле Конысхановна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД директоры;
Абилова Ляйа Толегеновна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;
Садвокасова Алия Малаевна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД басқарма басшысы маманы;
Асербаева Гаухар Ризабековна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД басқарма басшысы.
Семинар соңында куәліктер табыс етілді.
Дереккөз: www.24.kz
Астықты аймақ Қостанайда егіс науқаны бел ортадан ауды.
Қазіргі таңда жоспарланған 4 млн 700 мың гектар алқаптың 60%-дан астамына тұқым себілген. Әсіресе облыстың оңтүстігі, Арқалық өңірінде қарқын жоғары.
Арқалық өңірінде биыл 277 500 гектар алқапқа дән сіңірілмек. Соның 43 мыңы Таңат Естайлақов жұмыс істейтін шаруашылыққа тиесілі. Қуатты, заманауи техникамен жарақтанған механизаторлардың машақаты азайған.
Өңір диқандары егіс жұмыстарын сәл кешігіп бастаған-ды. Әйтсе де еңбек өнімділігі қарқынды.
Таңат Естайлақов, механизатор:
– Тұқымның нормасын компьютерге енгіземіз. Күніне 120 гектар шығарады.
Қазір Арқалық бойынша күндік меже – 18 мың гектар. Бұл көлемді олар еркін еңсеріп келеді. Танаптарды өңдеу, күтіп-баптау жұмыстарын уақтылы жүргізіп үйренген диқандар мол өнімнен үмітті.
Ғалымбек Нұрлыбеков, Арқалық қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:
– Былтырғымен салыстырғанда биыл ылғал көлемі де көп. Былтыр орта есеппен алғанда гектарына 9,5 центнерден алдық, биыл 12 центнерден аламыз деп ойлап отырмыз.
Өткен жылы егін алқаптарының төрттен бір бөлігі тат ауруына шалдығып, шаруалардың дені шығынға батқан болатын. Бұл келеңсіздік биыл да қайталанбасына кепіл жоқ. Сондықтан қостанайлық диқандар астық ауруының алдын алуға барынша тырысып жатыр.
Ғалым Ысқақов, бригадир:
– Егер жер ылғалды болмаса, ол қайтадан желмен ұшып, басқаларына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан биыл 6 мың гектар жерді өңдеп қойдық.
Қазір облыста алқаптарды өңдеуге қажетті химикаттар жеткілікті. Және оның 50% ақысын мемлекет өз мойнына алып отыр. Егер ауа райы кедергі келтірмесе, диқандар егіс науқанын 1 маусымға дейін толық тәмамдамақ.
Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров
Дереккөз: www.24.kz
Осы шара аясында мемлекетттік қызметкерлер, прокурорлар, экологтар, құтқарушылар мен студенттер бір ай бойы тыным таппай өзен-көлдердің маңын тазартумен келеді. Жиылған көпшілік таяуда арнасынан асқан Есіл өзенінің жағалауын қолға алды.
Мемлекеттік қызметкерлер кабинеттен, ал студенттер емтиханнан шығып, Есіл өзенінің жиегіне жиналды. Барлығы бірге жағаны күл-қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны ретке келтірді.
Алмагүл Шәймерденова, Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
-Табиғатты тазарту, қорғау – ол біздің ең басты міндетіміз. Мен 4 жыл бойы осы акцияға қатысып жүрмін. Бөтелкелер, қоқыс, қағаз көп айналада.
Биыл Есіл өзені арнасынан асып, 9 шақырымға жайылды. Сондықтан қыс бойы қар астында жатқан қалдықтар су бетіне шығып, тұнығын лайлады. Сол үшін табиғат жанашырлары өзен жағасын қайықпен жүзіп жинады.
Жаслан Сәулембеков, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
-Қиындық туғызатыны судан алған кезде қоқыстың арасынан қамыс, шөптер бірге шығады. Катермен кірген кезде көп кедергі жасайды. Біз өзіміздің қолдағы құралдармен жинап шығардық.
Тазалық шарасына 70 шақты адам қатысты. Биыл олар күл-қоқысты сұрыптап жинап, қайта өңдеуге тапсырады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
-Таза су айдыны» – бір айлық акция. Өзен-көлдердің жағасы жиналып, қап-қап қоқыс шығарылды. Енді бұл басқаларға үлгі болса болды. Өйткені біреулер жинаса, екіншілері шашып, төгеді. Сондықтан тазалық өзімізден басталады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Дмитрий Рура
Дереккөз: www.24.kz
Биыл өңірде 1,5 миллион гектарға жуық алқаптан өнім алынатын болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың гектарға артық.
Аймақта ылғалды сақтайтын арнайы технология қолданылып отыр. Бір ғана Зырян ауданында былтыр 387 млн теңгеге 50 егіс кешені сатып алынған. Енді жаңа технологияның арқасында өнім көлемі де артып отыр.
Нұржан Тоқсейітов, Зырян ауданының әкімі:
-Біздің шаруа қожалықтарымыз тыңайтқыштардың көлемін екі есеге көбейтіп алып, пайдаланып жатыр. Былтыр 3200 болғанда, биыл 6800-ге жеткізді. Агротехникалық методтарды дұрыс пайдаланып, жоғары өнім алуымыз керек.
Дереккөз: www.24.kz
Өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермей, отты жағу талаптарына салғырт қараған азаматтар заң алдында жауап береді.
Биыл Алматыда тұрғындардың салғырттығынан қала мен қала аумағында 77 өрт шығу дерегі тіркелген. Сондықтан төтенше жағдай қызметі мен өрт сөндірушілер кезекті жаз маусымына дайындалып жатыр. Осындай мақсатта Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі аумағында «Алау-2017» оқу-жаттығу шарасы өтті.
Тау бөктерінде өрт шыққан жер әуеден бақылау арқылы анықталды. Бұл хабарды ести сала өрт сөндіру қызметі оқиға орнына дереу жетті. Шапшаң іс-қимылдың арқасында тілсіз жау тез өшірілді. Ал тұтанған шоқты жел ұшырып, кебу бұтақтар мен қурайларға тисе, жалын біраз аумақты шарпитын еді. Адам аяғы жетпейтін биіктегі отты өшіруге тек ұшақтың көмегі қажет.
Өрт сөндіру ісінде тікұшақтарды пайдаланудың маңызы зор. Екі жыл бұрын табиғи ұлттық паркте өрт шығып, ол тікұшақ көмегімен анықталған және дер кезінде өшірілген болатын.
Жалпы, бұл оқу-жаттығуға төтенше жағдай, өрт сөндіру, құтқару, медициналық көмек көрсету мекемелері мен коммуналдық қызметтен барлығы 120 адам қатысып, 20 арнайы техника тартылды. Жазда өрт шығу қаупі артады. Өйткені қала тұрғындары қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді.
Айдос Нүсіпбаев, қалалық ТЖД Өрт қауіпсіздігі басқармасы басшысының орынбасары:
– Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көлемінде, ал заңды тұлғаларға 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал өрт салдарынан материалдық шығын немесе адам өлімі болса, ҚР Қылмыс кодексінің 292-бабына сәйкес жеке тұлға 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Табиғат саясында демалатындар алдымен өрт қауіпсіздігі ережелерін қаперде ұстап, санитарлық тазалықты да естен шығармауы керек.
Әрине, таудың саф ауасымен тыныстап, саясында демалғанға не жетсін.Бірақ демалысыңыз табиғатқа еш зиян келтірмеуі керек. Жыл сайын бір ғана өшірілмеген темекі тұқылынан бәленбай шаршы метр жер өртеніп, орманға орасан зор нұқсан келеді. Сондықтан шоғы өшірілмеген ошақты дер кезінде өшіру арқылы өрттің алдын алуға болады.
Авторлары: Алмас Саудақас, Сержан Жұмабаев
Дереккөз: www.24.kz
Қазақстанның табиғатында баламалы қуат көздері тұнып тұр.
Елімізде ми қайнатар ыстық та, күшті жел де бар. «Тіпті күн сәулесі мен жел энергиясының мүмкіндігі тұтас әлемді қамтуға жетеді», – дейді ғалымдар. Қазір әлем экологиялық таза баламалы қуат көздеріне инвестиция салып жатыр. Қазақстан да осы үрдістен қалыс қалмай, «жасыл» экономика бағдарламасын әзірледі. Бұл жоба бойынша 2020 жылы еліміздегі энергия көздерінің 3%-ы жел мен күннен қуат алуы керек. «Бұл жобаны жүзеге асыруды ауылдық елді мекендерден бастаған дұрыс», – дейді мамандар. Бүгін болашақтың энергиясына қатысты жиында сала ғалымдары мен экологтар өзара пікір алмасып, күн мен желдің мүмкіндігін саралады. Басқосуда табиғи қуат көздерін дамыту жөніндегі заң жобасын әзірлеу үшін қоғамдық жұмыс тобы құрылатыны айтылды. Сонымен қатар биылдан бастап ауылдық жерлердегі шаруашылықтарға күн сәулесінен қуат алатын құрылғыларды орнату мәселесі шешіле бастайды.
Азаматхан Әміртаев, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының президенті:
– Бізге осы жұмыстарды қолға алып, ауылдық жерлерге, фермерлерге пайдалануға мүмкіндік жасауымыз керек. Бұл – үлкен қоғамдық жұмыс. Жалпы халыққа жеткізуіміз керек. Бұл оларға қаншалықты тегін, қаншалықты автономды, қаншалықты олардың жұмысына көмектесетінін көрсетуіміз керек. Осыған байланысты БҰҰ даму бағдарламасының басшысы келіп отыр. Олар соңғы төрт жылда ауылды жерлерге көптеген грант берді. Енді сол бағдарламаны бірге көтерсек деп жатырмыз.