Дереккөз – www.gov.kz
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы облысы Қапшағай қаласындағы “Kaz Organic Product” циклды балық өндірісі кешеніне баспасөз турын өткізді. Кәсіпорынның ерекшелігі – экологияға зиян келтірмейтін өндіріс циклы жасалған, балыққа арналған азық пен отырғызу материалдары кешеннің өз ішінде дайындалады.
Жоба азаматтардың өмір сапасын жақсарту факторы ретінде ҚР өндірістік қауіпсіздік бағдарламасына толық сәйкес келеді.
БАҚ өкілдері кәсіпорынды аралап, африкалық клариус, тилапия және австралиялық қызыл шымшуырлы шаянды жабық суда өсіру процесімен танысты. Нарыққа шығарылатын қайта өңделген балық өнімдері көрсетілді.
Кәсіпорын басшысы Алексей Щетинин зауыттың қуаты жылына тірі және қатырылған 10 мың тонна балық өндіруге жететінін атап өтті. Зауыттың ерекшелігі сол, бассейнде балықты 6 айда дернәсілден бастап 1 кг тауарлық салмаққа дейін өсіріп, 1 жылда екі рет өнім алуға болады.
“Қазір Үкімет халықтың көбірек балық өнімдерін тұтынуына көңіл бөлуде. Бұл өндіріс қуатын арттыруға әсерін тигізеді. Тірі балықты да, қайта өңделіп ұзаққа сақтауға арналған өнімді де көбейту керек. Біз өндіріске аквамәдениеттің 10-ға жуық заманауи түрін енгіздік. Мәрмәр клариусын, тилапия және австралиялық шаян өсірудеміз. Биыл 2000 тонна өнім өткізуді жоспарлағанбыз. Пандемияға жоспарымызға аздап өзгеріс енгізді”-, деді А. Щетинин.
Оның сөзінше, 70 адам жұмыс істейтін зауытта қолданылатын заманауи технологиялар мен күн сайын судың экспертизасын өткізетін зертхана өнімнің экологиялық таза болуын қамтамасыз етеді.
“Өнім сатылмас бұрын өзімізде және қаладағы зертханада тексеріледі. Жемді Қазақстанда жасалған таза ингредиенттерден өзіміз дайындаймыз”,- деді ол.
Маман Қазақстан су ресурстарында жыл сайын 600 мың тонна балық өсіру үшін аквамәдениетті қарқынды дамыту қажет деп санайды.
“Бүгінгі таңда Үкімет әр аймақта балық шаруашылығы бойынша негізгі проблемалар мен ұсыныстарды жинауда. Соның негізінде балық өндірушілерді қолдау бойынша Заңдарға өзгеріс енгізілу керек. Айта кететін бір проблема – салада маман жетіспейді. Біз өз қызметкерлерімізді шетелде оқыттық. Енді институттармен бізде жастардың тәжірибе алмасуы жөнінде, бірлесе маман дайындау бойынша келісіп жатырмыз”,- деп айтты кәсіпорын басшысы.
Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықтан бөлек Ресейге экспортталады.
“Қазақстандық өнім табиғи таза, химиялық қоспасы жоқ болғандықтан Ресей жоғары бағалайды. Сондықтан халықаралық нарықта да ұялмай мақтана аламыз. Балықтың 15 түрлі өнімін дайындаймыз. Клариустың ерекшелігі – оны аллергиясы бар адамдарға да жеуге болады. Пандемия кезінде коронавируспен ауырған адамдар жатқан ауруханалардың рационына еніп, біз балық жеткізіп тұрдық”,- деп атап өтті кәсіпорынның қоғаммен байланыс менеджері.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан. 2019 жылы еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 66 мың тоннаны құрады. Қазақстандағы су ресурстары 600 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспортты 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Сол себепті қазір Экология министрлігі шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар Заңдарға өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолдарын қарастырып жатыр.
Дереккөз – www.facebook.com/EcologyofKazakhstan
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы «Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінде экотуризмді дамытпақ.
Қайталанбас табиғат жауһарына қызығушылық жыл сайын артып келеді. Бірақ парктің инфрақұрылымы ескірген, заман талабына сай емес. Интернет жоқ.
Алдағы уақытта мұнда 3 визит-орталық, көру алаңдары мен этно-ауылдар салынады, 200 жаңа жұмыс орны ашылады, жатын орын қоры 500-ге жетеді. Ұлттық парктің жылдық табысы 150 млн теңгеге көбейеді.
Дереккөз – www.inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы «Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінде экотуризмді дамытпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қайталанбас табиғат жауһарына қызығушылық жыл сайын артып келеді. Бірақ парктің инфрақұрылымы ескірген, заман талабына сай емес. Интернет жоқ. Алдағы уақытта мұнда 3 визит-орталық, көру алаңдары мен этно-ауылдар салынады», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, аталған парк аумағында 200 жаңа жұмыс орны ашылып, жатын орын қоры 500-ге жетеді. Ұлттық парктің жылдық табысы 150 млн теңгеге көбейеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркі ЮНЕСКО-ың бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне қосылуы мүмкін.
Осы айдың басында табиғи паркті даму тұжырымдасы қоғам өкілдеріне таныстырылған болатын.
Бұл ретте туристік маршруттар мен соқпақтарды дамытуға басты назар аударылады. Күрделі құрылыс болмайды. Жеңіл конструкциялар қолданылады.
Дереккөз – www.gov.kz
Қызыл кітаптағы жануардың қайталанбас кадрлары теңіз деңгейінен 2900 метр биіктікте тіркелген. Барыс – мысық тұқымдастардың ең жасырын жүретін өкілі. Сондықтан жаздыгүнгі биік тауларда таспаланған бейнелер аңның мекен ету ортасы мен популяциясын зерттеу үшін аса маңызды.
Барыс ілінген фототұзақтарды БҰҰ даму бағдарламасының Ғаламдық экологиялық қоры мен Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті орман экожүйесін сақтау мақсатында орнатқан.
Еске салайық, бүгінде Қазақстанда 120-130 ілбіс мекендейді. Өкінішке қарай, олардың саны жыл сайын азайып келеді.
Дереккөз – www.parlam.kz
Нұр-сұлтан, 12 қазан, Мәжіліс Үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жаңа экологиялық кодекс, ең алдымен, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс деп санайды. Бүгін Мәжілісте өткен талқылау барысында Палата Спикері өз пікірімен бөлісті. Мәжіліс депутаттарының жұмысында жатқан жаңа экологиялық кодекстің ең өзекті мәселелерін талқылауға мемлекеттік органдардың, “Атамекен” ҰКП-ның, ірі отандық кәсіпорындардың басшылары, эколог-сарапшылар, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин ел басшылығының Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін шаралар кешенін әзірлеу жөніндегі тапсырмаларына назар аударды, олардың бірі экологиялық заңнаманы өзектендіру болып табылады.
Талқылау барысында ең озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ) енгізу шартымен І санат объектілері үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу сияқты жаңа экологиялық кодекс жобасының нормасына ерекше назар аударылды. Әзірлеушілердің пікірінше, технологиялық процестерді жаңғырту қоршаған ортаға эмиссияны төмендетуге мүмкіндік береді. Кәсіпорындар үшін ынталандыру шаралары ретінде кәсіпорындарды ОҚТ енгізілген жағдайда экологиялық төлемдерден босату, керісінше жағдайда эмиссия үшін төлемдерді біртіндеп арттыру ұсынылады. Осындай норманың қажеттілігімен келісе отырып, Мәжіліс депутаттары объективті себептер бойынша 10 жыл ішінде ОҚТ енгізуге бөлінетін кәсіпорындарға қатысты жекелеген көрсеткіштер бойынша белгіленген нормативтерге қол жеткізу мәселесін көтерді. Ал ОҚТ енгізу бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда барлық жылдар үшін төленбеген экологиялық төлемдер түрінде арттыру коэффициенттері мен өсімақылары бар айыппұл санкциялары көзделеді. Мәжіліс Спикерінің айтуынша, мұндай жағдайларда бұл кәсіпорындарды осы 10 жыл үшін айыппұл түрінде қомақты ақша төлей бастағанда тығырыққа тіремеу маңызды. – Бұл әрқашан өндіріс көлемінің азаюы, жұмыс орындарының қысқаруы екенін түсіну керек. Жалпы, мұнда үлкен әлеуметтік құрам бар, – деді Мәжіліс Спикері. Сонымен қатар, ОҚТ енгізу – бұл бір күннің мәселесі емес екенін айта келе, Нұрлан Нығматулин ОҚТ енгізуді ынталандыру нормалары кәсіпорындарды технологиялық қайта жарақтандыруға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Мұның бәрі ЭЫДҰ стандарттарына қол жеткізуге бағытталған.
Мәжіліс депутаттары сондай-ақ ұсынылып отырған нормаға қатысты мәселені көтерді, оған сәйкес біздің елде ЕурАзЭҚ техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын өндіруге және пайдалануға тыйым салынады. Мәжілісмендердің алаңдаушылығын ауыл тұрғындары зардап шегуі мүмкін, олардың көпшілігі әлі күнге дейін ескі ауыл шаруашылығы техникасын пайдаланады. Статистикаға сәйкес, елде пайдалану мерзімі 15 жылдан асатын тракторлардың 82%-ы және комбайндардың 65%-ы бар. Барлық ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тек 30%-ы ғана заманауи талаптарға сәйкес келеді. Мәжіліс Спикерінің пікірінше, бұл норманы ауыл тұрғындары үшін жұмыс істемейтін жағдай туғызбау үшін мұқият пысықтау қажет.
Депутаттар экологиялық сақтандыру мәселесін де көтерді. Бұл тек І санат объектілері үшін міндетті болады деп күтілуде. Сонымен қатар, елімізде шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерінің санатына жататын ІІ санаттағы 2 мыңнан астам объект және ІІІ санаттағы 3 мыңнан астам объект бар. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, бұл нысандарды да экологиялық сақтандырумен қамту қажет. Талқылауды қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы депутаттық корпустың басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту және бүгінгі күннің шындығын ескере отырып, экономиканың серпінді дамуы мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік беретін құжатты қабылдау екенін атап өтті. – Экологиялық кодекс жобасын осындай кең форматта Бүгінгі талқылау көптеген өзекті мәселелер бойынша бастапқы дискуссиялықтың алынып тасталғанын көрсетті. Әрбір жаңа норманы әзірлей отырып, барлығы экологияға да, қоғамға да, экономикаға да зиян тигізбеу қағидатын басшылыққа алғаны маңызды, – деп түйіндеді Нұрлан Нығматулин.
Дереккөз – www.facebook.com
Жамбылдық шаруалар үшін жағымды жаңалық- Байзақ ауданында 30 жылдан бері суармалы сусыз отырған Абай және Бірлік ауылдары келесі жылдан бастап сумен қамтылады.
Бұл 30 жылға жуық шешімін таппай келген мәселе болатын. Қазір ұзындығы 21 шақырым”Өтеміс” темір-бетонды каналының кұрылысы басталды. Енді келесі егін маусымында бұл ауылдың диқандары үшін су тапшылығы болмайды. Бұған қоса «Қазсушар» РМК өңірдегі ескі желілер мен су нысандарын жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Оңтүстік өңірлердегі егінді алқаптарға қажетті суармалы судың көбі трансшекаралық өзендерден алынады. Мәселен, Жамбыл облысындағы алқаптардың басым бөлігі Қырғызстанның Шу, Талас және Асу өзендерінен алынып, Ақсай, Көксай, Қақпатас, Қарақоныз, Меркі, Аспара секілді ішкі өзендер арқылы суарады.
Дереккөз – www.gov.kz
Геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қарағанды облысының минералдық шикізат базасының әлеуетіне бағалау өткізіледі. Бұл туралы Қарағанды қаласында минералдық шикізат базасының даму мәселелері бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыстық әкімшілік басшылығының қатысуымен өткен жиында белгілі болды.
Жиынды ашқан Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев қазір кен өндіру шығындары геологиялық барлау шығындарынан асып кетіп жатқанын атап өтті.
«Қарағанды облысындағы геологиялық барлау жұмыстарын жаңа технологияларды қолдану арқылы тереңдете түсу керек. Министрлік Қарағанды өңіріндегі геологиялық зерттеу жұмысын күшейту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында минералдық шикізат базасын бюджет және жеке инвестициялар есебінен толықтыру жоспарлануда. Бұл елдің тұрақты экономикалық дамуы жолында табиғи байлықтар трансформациясына жаңа серпін береді”, – деді М.Мырзағалиев.
Геологтардың бағалауы бойынша, Қарағанды облысында жаңа геологиялық ашылулар үшін потенциал жеткілікті.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серікқали Бірекешовтің сөзінше, минералдық шикізат базасын мыс, алтын, полиметалл және марганецке геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу арқылы толықтыруға мүмкіндік бар.
Геологиялық барлау бойынша мемлекеттік бағдарламада жер қойнауын зерттеу және минералдық шикізат базасын мемлекет пен жеке инвестициялар есебінен кеңейтудің кешенді іс-шаралары қарастырылған.
«Мемлекеттік бағдарламада Қарағанды облысында 110 мың шаршы шақырым аумаққа аймақтық зерттеу жасау және моноқалаларға жақын 6 учаскеде іздеу жүргізу қарастырылған», – деп атап өтті вице-министр.
Геологиялық зерттеу жұмыстарынан кейін өңірдің минералды шикізат потенциалына баға беріліп, жаңа перспективалы аудандарда түрлі-түсті және асыл металдардың базасы үшін негіз жасалады. Инвестор тарту мақсатында келешегі бар аумақтар анықталады.
Облысқа жұмыс сапары барысында министр Мырзағалиев өңірдегі бірқатар өндіріс орындарына барды.
Өндіріс процесінің экологиялылығын қамтамасыз ету үшін ең жаңа технологияларды қолданатын “YDD Corporation” ферроқорытпа зауытының жұмысымен танысты. Сонымен бірге министр автохламды қайта өңдеу және утилизациялау зауытына, геологиялық және экологиялық музейге соқты.
Дереккөз – www.gov.kz
Кеше Нұр-Сұлтан қаласының №2 арнайы мектебінің балалары білім беру ошағының ауласында ағаш көшеттерін отырғызды. Іс-шара “Туған жер” экологиялық қозғалысының “Әр балаға – өз ағашы” жобасы аясында және Мемлекет басшысының елді жасылдандыру тапсырмасы негізінде ұйымдастырылды.
“Біз балалармен бірге тек көшет отырғызуды емес, оны өсіруді де үйрендік. Бүгін қондырып жатқан көшеттеріміз өзіміздің тәлімбақта өскен шаған, емен ағаштары. Негізі көбіне қыста құстарды азықтандыруға болатын алма, алмұрт, долана, мойыл егуге тырысамыз”,- деді “Туған жер” экологиялық балалар қозғалысының жетекшісі Татьяна Коршунова.
Жалпы экологиялық жобаға 15 орта және коррекциялық мектептерден 300-ге жуық оқушы жұмылдырылған. Әр қаланың білім беру ошақтары көшет егуді бір-біріне дәстүрлі түрде эстафета ретінде жолдайды.
“Экологиялық мәдениет бізді біріктіруші фактор болуы керек деп ойлаймын. Қоршаған ортаны жасылдандыруға әлеуметтік статусына, денсаулығына қарамастан әр бала үлес қоса алады,- деп есептейді Т. Коршунова.
Келер көктемде балалар бақша және бөлме гүлдерін отырғызбақ.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі жолдауында алдағы 5 жылда орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуға тапсырма берген.
Дереккөз – www.gov.kz
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің қатысуымен өткен ZOOM-конференцияда өңірдегі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған Жол картасы таныстырылды.
Министрдің сөзінше, Жол картасы облыстағы ең өзекті деген экологиялық проблемаларды қамтиды.
“Жол картасы 7 бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, көгалдандыру, қалдықтарды басқару, жер қойнауын пайдалану, ірі өндіріс ошақтарының шығаратын қалдықтары, радиоактивті қалдықтар және тағы басқа мәселелер. Жалпы жобаны дайындар алдында Маңғыстау облысындағы экологиялық ахуалға кешенді сараптама жасалды. Осы уақытқа дейінгі халықтың өтініш-тілектері ескерілді. Қазір де барлық мәселе толық қамтылуы үшін кері байланыс өте маңызды”, – деді министр.
Кездеуге қатысқан қоғамдық ұйымдар мен ірі кәсіпорын өкілдері өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту бойынша өз ұсыныстарын берді. Көпшіліктің пікірінше, облыста тәуелсіз экологиялық мониторингті күшейтіп, ауаның сапасын бақылайтын арнайы құрылғылар орнату керек. Экотуризм қолға алынуы қажет. Сонымен бірге жиында Қызыл кітапқа енген Каспий итбалығын сақтап қалу мен “Қошқар-Ата” қалдық қоймасының экологиялық проблемалары да көтерілді.
“Қошқар-Ата” біздің мақтанышымыз, ежелгі заманның ең ескі ескерткіштерінің бірі. Өкінішке қарай, азаматтарымыз тарихи жердің аумағын ластап жатыр”, – деді “Эко Маңғыстау” қоғамдық бірлестігінің басшысы.
Министрдің сөзінше, көтерілген мәселелердің көбі Жол картасы жобасына енгізіліп қойған.
“Жол картасы жұмыс істейтін, өзекті экологиялық шешімдер көрініс тапқан құжат болуы тиіс. Әркім де ондағы пункттердің орындалуын қадағалай алады. Қосымша ұсыныстарыңыз да сонда енгізіледі”, – деп атап өтті М.Мырзағалиев.
Жол картасы жобасы бойынша қоғам өкілдері екі апта ішінде өз ұсыныстарын бере алады.
Айта кетейік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздің барлық өңіріндегі экологиялық проблемаларды жұртшылықпен талқылап, әрқайсына жеке Жол картасын әзірлеуде.
Дереккөз – www.gov.kz
2020 жылғы 7 қазан күні сағат 15.00 Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың Қостанай облысы жұртшылығымен экологиялық мәселелерді шешу бойынша Жол картасын талқылауға арналған ZOOM-кездесуі өтеді. Тікелей эфир LIVE режимінде Facebook желісінде көрсетіледі. Қатысамын деушілер үшін тіркелу ашық. Ecogeomail@yandex.ru электрондық поштасы арқылы өтінімдер мен сауалдарды жолдауға болады.