Дереккөз – www.gov.kz
4 қазан – Бүкіләлемдік жануарларды қорғау күні. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter парақшасында бұл күні табиғатты қорғаушылар жануарларлардың адам алдында қаншалықты қорғансыз екенін еске салатынын жазды.
“Өкінішке қарай, жануарларға жасалатын қатыгездік, браконьерлік оқиғаларына жиі куә боламыз. Жағдайды өзгерту үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Экология министрлігіне “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң жобасын әзірлеуді тапсырды”,- делінген жазбада.
Министр қатаң адамгершілік сезімін қалыптастыру маңызды екенін түсінеді.
“Әрине, заң жануарларға деген көзқарасты бір сәтте өзгерте салмайды. Бәрінен бұрын адамдарға жануарлар әлеміне деген махаббат, ізгілік сезімдерін ұялатып, қоршаған ортаны саналы түрде қабылдауға үйрету керек”,- деді М. Мырзағалиев.
Айта кетейік, Бүкіләлемдік жануарларды қорғау күні Қазақстанда 2009 жылдан бері аталып өтіледі.
Дереккөз – www.facebook.com/EcologyofKazakhstan
Cу қоймасы 56 жыл бұрын салынды
Резервуар 5,2 млрд. текше метрге есептелген
«Қазсушар» РМК құмнан көтерілген қабырғаларды қалыңдатып, жер асты суларының деңгейін төмендету үшін қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алды.
Ғалым Мырзабаев, құрылыс компаниясының басшысы:
«1 млн 100 мың текше метр құм төселіп, нысан қабырғасының артқы жағын толығымен нығайтамыз. Жер сілкінісі бола қалса, су астындағы тектоникалық плиталар ойнауы мүмкін. Сонда судың бетінде алып толқындар пайда болады. Бұл – жұмыстардың барлығы соның алдын алу шарасы».
Сондай-ақ ұңғымалардың саны 183-ден 600-ге көбейтілді
Су қоймасын қайта қалпына келтіруге мемлекет 7 млрд 733 млн теңге бөлді
Құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың аяғына дейін толығымен аяқтау жоспарланып отыр
Судың көлемін есептеу үшін толығымен сандық технологиялар енгізіледі
Абай Мүтәлиев, Шардара су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы:
«Бөгеттен шығып жатқан сулардың барлығы компьютер арқылы есептеліп отырады»
Дереккөз – www.gov.kz
«Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркі ЮНЕСКО-ың бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне қосылуы мүмкін.
Бұл туралы 30 қыркүйекте Экология министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен өткен «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің даму тұжырымдасының таныстырылымы барысында айтылды.
«Кеше Париждегі біздің дипломаттарымыз «Көлсай көлдерін» ЮНЕСКО бүкіләлемдік резерваттар қатарына қосу туралы өтініш бергенін хабарлаймын. Бір жыл ішінде өтінішке баға беріледі. Шамамен келер жылдың маусым айында шешім қабылданады», – деді ЮНЕСКО «Адам және биосфера» қазақстандық ұлттық комитеттің төрағасы, зоология институтының бас директоры Роман Ященко жиын барысында.
Оның сөзінше, ұлттық парк аталған тізімге кіру арқылы халықаралық дәрежеге көтеріледі. Әлемдік қауымдастық алдында экожүйені сақтауға қатысты жауапкершілік артады.
Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде экотуризмді дамытуды қолға алмақ. Басты идея – туристер келуін қамтамасыз ете отырып, экожүйеге зиян келтірмеу.
«Көлсай көлдері» ұлттық паркінде экотуризмді дамытуды қолға алған инвестор жұмысын бақылайтын қоғамдық кеңес те құрылмақ.
Оқыту онлайн-семинарының барысында келесі мәселелер қарастырылды:
Қолданыстағы және жаңа экологиялық кодекстегі қалдықтар туралы жалпы ережені салыстырмалы талдау.
ҚР СТ ISO14001-2016 экологиялық менеджмент жүйелері. Талаптар және қолдану жөніндегі Нұсқаулық.
Өндіріс және тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастрының кіші жүйесін сүйемелдеу.
Мемлекеттік экологиялық бақылау.Мемлекеттік экологиялық бақылау нысандары. Тексерулер жүргізу тәртібі.
Табиғат пайдаланушылардың экологиялық талаптары, құқықтары мен міндеттері.
Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік. Жаңа экологиялық кодекстің негізгі жаңалықтары.
ҚР Ұлттық статистика жүйесінің негіздері.
ҚР Қоршаған орта статистикасын қалыптастыру ерекшеліктері.
«Экологиялық рұқсат және мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы» композиттік қызметін іске асыру.
Экологиялық бағалау-қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізудің жаңа тәсілдері (ҚОӘБ).
Экологиялық рұқсаттар. Қауіптілігі 1-санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсат және әсер етуге экологиялық рұқсат.
Оқыту онлайн-семинарына «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті» КЕАҚ, «Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақстан агротехникалық университеті» КЕАҚ, «Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КЕАҚ, «Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» КЕАҚ өкілдері қатысты.
Семинар соңында тыңдаушыларға онлайн-семинарға қатысқандығын растайтын куәлік беріледі.
Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭГТРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту онлайн-семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда.
Дереккөз – www.gov.kz
2020 жылғы 29 қыркүйек күні сағат 15.00 экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың Алматы облысы жұртшылығымен экологиялық мәселелерді шешу бойынша Жол картасын талқылауға арналған ZOOM-кездесуі өтеді. Тікелей эфир LIVE режимінде Facebook желісінде көрсетіледі. Қатысамын деушілер үшін тіркелу ашық. Ecogeomail@yandex.ru электрондық поштасы арқылы өтінімдер мен сауалдарды жолдауға болады.
Дереккөз – www.gov.kz
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев “Алтын Емел” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғаш рет көзге түскен қар барысының фото, видеоларымен бөлісті.
«Жақсы жаңалықпен бөліскім келіп отыр: “Алтын Емел” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғаш рет қар барысы байқалды. Жануар фототұзақ объективіне ілінген”, – деп жазды министр Twitter парақшасында.
Орта Азияда сирек кездесетін сүтқоректі көктемде “Сайрам Өгем” ұлттық паркінде де көрініп еді.
Министрдің сөзінше, жойылып кету алдында тұрған сұлу жануардың саны әлемде бар болғаны 4 мыңдай ғана. Қазақстан аумағында 120-130 бас қар барысы бар. БҰҰДБ Қазақстанның ерекше қорғалатын 13 аймағына 294 фототұзақ орнатқан.
“Барыстың көзге түсуі – ерекше құбылыс. Біз сирек кездесетін жануарларды барынша қорғауымыз керек. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл үшін бірқатар шараларды қабылдап, жүзеге асырмақ”, – деп жазды Мағзұм Мырзағалиев.
Дереккөз – www.gov.kz
Түркістан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан Республикасының балық саласын дамыту жөнінде семинар кеңес өткізді.
Еліміздің балық шаруашылығының қазіргі ахуалы мен даму перспективасы туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Қ. Исбеков, балық өсіру шаруашылықтарының басшылары: «KingFish» – М. Тұрсынәлі, «Қызылорда балық» – А. Ерхатов, «Хамит» – Б. Серманизов, «Шығыс универсал» – В. Асанов, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Е. Қарашөкеев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек баяндады. Балық саласы — ҚР ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі. 5 жыл ішінде отандық балық өндірісі 2016 жылғы 1800 тоннадан биыл жоспарланған 10 мың тоннаға дейін 5 еседен астам өсті. Тек соңғы 8 айда ауланған және өндірілген балық көлемі 19%-дан астамға 26,3 мыңнан 31,3 мың тоннаға дейін ұлғайды. Балық өндірісінің көлемі 27%-ға 7,9 мың тоннаға дейін, балық аулау 16,4%-ға 23,4 мың тоннаға дейін өсті. Ішкі нарыққа балық өнімдерін жеткізу көлемі 8,7 мыңнан 10,5 мың тоннаға дейін (+20%) артты. Балықтың барлық көлемінің шамамен 60%-ы (20,8 мың тонна) экспортталады. Аталған салада 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Балық аулау және балық өсіру секторындағы инвестициялық жобалардың рентабельділігі 20%-дан асады. Өсірілетін балықтың негізгі көлемі — шамамен 70%-ы Түркістан облысына тиесілі.
Балық өнімдері өндірісін ынталандыру үшін балық өсіру шаруашылықтарына инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу (25%), балық азығына жұмсалған шығындардың құнын өтеу (30%) және басқа да шаралар енгізілді. Жыл соңына дейін Салық, Су, Жер кодекстеріне, бірқатар сабақтас заңдарға түзетулер топтамасы қабылданады, олар балық өсіру кезінде табиғи артықшылықтарды тиімді пайдалануға, балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды азайтуға және өсірілген балықтың өзіндік құнын төмендетуге жол ашады. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылғы 1 қарашаға дейін әрбір облыс нақты индикаторларымен балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлейді. «Әзірленіп жатқан балық саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда өндіріс әлеуеті жылына 600 мың тоннаны құрайды. Біздің бағалауымыз бойынша, экспорттың әлеуетті көлемі жыл сайын 300 мың тоннадан асады. Біз осы мүмкіндіктерді жеткілікті іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіспіз», — деді А. Мамин. Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Экология, геология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктерімен бірлесіп балық шаруашылығындағы кооперацияны ынталандыру шараларын қарастыруды тапсырды. Әкімдіктерге қалалар мен басқа да елді мекендерде балық және балық өнімдерін сататын сауда павильондарын қою мәселесін пысықтау тапсырылды. А. Мамин жұмыс сапары аясында «Хамит» және «Vita» балық өсіру шаруашылықтарына барып, Қазақстанның балық шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралады, сондай-ақ Шардара су қоймасы бөгетінің күрделі жөнделуімен және Шардара ГЭС-інің жаңғыртылуымен танысты.
Мақтаарал ауданында Үкімет басшысы тұрғындармен кездесіп, Өргебас және Фирдоуси ауылдарындағы қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен, сондай-ақ Мырзакент кентінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің 500 отбасына арналған жаңа шағын ауданның салынуымен танысты.
Дереккөз – www.gov.kz
Бұл туралы журналистерге арналған пресс-тур барысында су қоймасында сейсмикалық тұрақтылықты нығайту бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс компаниясының учаске басшысы Ғалым Мырзабаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 1967 жылы «Шардара» су қоймасы ең көп дегенде алты балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей қуаттылықпен салынған. Алайда, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетіне қарасты «Қазсушар» РМК сақтық шараларын күшейту үшін құмнан көтерілген қабырғаларды қалыңдатып, жер асты суларының деңгейін төмендету үшін «Шардара» су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алған.
«1 млн 100 мың текше метр құм төселеді. Осылайша нысан қабырғасының артқы жағын толығымен нығайтатын боламыз. Жер сілкінісі бола қалса, су астындағы тектоникалық плиталар ойнауы мүмкін. Сонда судың бетінде алып толқындар пайда болады. Бұл – жұмыстардың барлығы соның алдын алу шарасы. Арнайы бұрғыланған тесіктердің санын көбейтіп жатырмыз. Ол жер асты суларының деңгейін төмендетеді, – дейді Ғалым Мырзабаев.
Ал, Қапшағай су қоймасының «Шардара» су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы Абай Мүтәлиевтің сөзінше, 2019 жылы су нысанының қабырғаларын нығайтуға республикалық бюджеттен 7 млрд 733 млн теңге қаражат бөлінген. Осылайша 56 жыл бұрын салынған су қоймасын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Су қоймасының құрылысы 2021 жылдың аяғында толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жаңғырту жұмыстарының шамамен 33 проценті аяқталып, құрылыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Осы уақытқа дейін Шардара су қоймасындағы ұңғымалардың саны 183 болатын. Қазір ол 600-ге көбейтілді.
Айта кетейік, Шардара су қоймасының жалпы сыйымдылығы 5 млрд 200 млн текше метр. Қазір су нысанында 792 млн текше метр су бар. Осының нәтижесінде Шардара ауданы мен Қызылорда облысының біраз бөлігінде вегитациялық кезең сәтті өткен. Егін-терім науқаны кезінде Шардара ауданы мен Қызылорда облысына 7 млрд текше метр су берілген.
Алдағы уақытта «Шардара» су қоймасына сандық технологияларды енгізуді де жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін су бөлу және оны есептеу жұмыстары толығымен автоматтандырылмақ.
“Бұл жердің барлығына электронды есептеуіш құралдары қойылады. Бөгеттен шығып жатқан сулардың барлығы компьютер арқылы есептеліп отырады. Оны біздің мамандар бақылап отырады. Ал, бұрын гидротехниктеріміз платинаның барлығын аралап, судың деңгейін қолмен өлшейтін”, – деді Шардара су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы Абай Мүтәлиев.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
2020 жылдың 1 қыркүйегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты жолдауын ел назарына ұсынғаны белгілі. Жолдау барысында Мемлекет басшысы еліміздегі экологиялық жағдайға баса назар аударған болатын.
Аталған жолдаудың 7-ші бөлімінде Ел Президенті еліміз бойынша 2 млрд ағаш отырғызатыны туралы баяндаған. Осыған орай Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев 2 млрд түп ағашты қалай отырғызатыны туралы журналистер алдында баяндаған болатын.
«Мемлекет басшысының жолдауын бәріміз білеміз. Ол кісі еліміздегі орман алқабын үлкейту мәселесіне үлкен назар аударған болатын. Нақтылайтын болсақ, алдымызда Жолдауға сәйкес 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш отырғызу міндеті тұр. Бұл дегеніміз 85 мың га қашықтықты құрайды. Жалпы ел көлеміндегі орман алқабы 6 млн га-ға жетіп отыр. Қазақстанда далалық алқаптар өте көп. Ендігі мақсат осы жерлерді орманға айналдыру»,- деді Ерлан Нысанбаев.
Экология министрінің орынбасары сөз барысында ағаш отырғызу процесі әр өңірде климаттық жағдайға байланысты әр түрлі жүріп отыратынына да ерекше назар аударды.
«Біз климат факторын да ескеруіміз керек. Мысал ретінде алатын болсақ: оңтүстік аймаққа терек пен қара ағаш, оңтүстік және батыс аймақтарына сексеуіл ағаштарын, солтүстікте қайың, шырша және қарағай ағаштарын отырғызу жоспарланған»,- деді вице-министр.
Ерлан Нысанбаев кездесу барысында 2025 жылға дейін әр жыл сайын 85 мың га аумақ қамтылып, оның әр 1 га ішіне 4300 түп ағаш отырғызу жоспарланғанын атап өтті. Осы 4300 түп ағашты 85 мың га жер көлеміне көбейтсек жылына 365,5 млн түп ағаш отырғызылады деген сөз. Сонда 5 жыл ішінде ел бойынша 1 млрд 860 млн түп ағаш егіледі. Қалған түп ағаштар, бұрын шықпай қалған көшеттердің орнына қайта ағаш отырғызуды қамтитынын атап өтті вице-министр.
«Осының бәрін есептегенде 5 жыл көлемінде Президенттің тапсырмасына сай 2 млрд түп ағаш отырғызу нормасын орындаймыз деп ойлаймын», – деп аяқтады ойын Е. Нысанбаев.
Ақпарат көзі – www.inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астанаға жабайы қабанның қайдан келгені белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Қыркүйектің 20-сынан 21-іне қараған түні Нұр-Сұлтан қаласы, Тұран көшесі бойында жабайы қабандар көзге түсті. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.
«Осыған байланысты Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының инспекторлары табиғатты қорғау полициясымен бірлесе отырып, маңайды торып шыққан. Іздеу барысында қабандар көші анықталмаған» деп хабарлайды ведомстводан.
Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің мәліметіне сәйкес, Ақмола облысы төңірегінде 2500-ге жуық жабайы шошқа бар.
Олар қала территориясына миграция арқылы өтуі мүмкін.