Дереккөз: inform.kz
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында арнайы құрылған мобильді топ екі тәуліктің ішінде табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуына қатысты 19 оқиғаны анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, облыс аумағында қаңтардың 6-сы мен ақпанның 5-сі күндері табиғатты қорғау заңнамасының қорғалуын қамтамасыз ету, биологиялық ресурстар өнімі мен нысандарының заңсыз айналымын, экологиялық қылмыстарды ашу бағытында «Браконьер» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр.
«Акцияның алғашқы екі тәулігінің ішінде табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуына қатысты 19 оқиғаны анықталды, оның 13-і аңшылық ережесінің бұзылуы, 3-і балық аулау ережесінің бұзылуына қатысты. Бұдан бөлек, аңшылық мылтықты бірге алып жүру, тасымалдау бойынша 3 әкімшілік хаттама толтырылды және 2 мылтық тәркіленді.
Айта кету керек, табиғатты қорғау заңнамасының бұзылу оқиғалары көбіне Астрахан, Атбасар аудандары мен Көкшетау қаласы аумағында тіркелді», – дейді ведомстводан.
Ақмол облысының табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері аңшылықты арнайы бекітілген аңшылық жерлерде ғана жүргізуге болатынын ескертеді. Ол үшін аңшының қолында рұқсат құжаттары болуы тиіс.
Дереккөз: 24.kz
Әлемнің түкпір-түкпірінде табиғат тосын мінез танытуда, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бір өңірлерді су басып, ақ ұлпаның астында қалып жатса, енді бір елдерде орман өрті өрши түсті. Соңғы уақытта ауа райы қолайсыздығы Грекия, Израиль, Австралия және Пуэрто-Рикода тіркелген. Экологтар табиғи апаттардың жиілеуі климаттың өзгеруінен дейді.
Австралияда орман өртімен күрес жалғасып жатыр. Қызыл жалын осыдан бірнеше ай бұрын тұтанған. Бүгінге дейін жүзден астам өрт ошағы тіркелді. Себеп – ауа райының шамадан тыс ысып кетуі. Австралияда қазір жаз. Оған құрғақ желді қосыңыз. 19 желтоқсан күні билік өкілдері елде төтенше жағдай режимін енгізді. Бірнеше күн бұрын тұрғындарды жаппай эвакуациялау басталды.
Алдын ала ақпарлар бойынша қызыл жалын жүзден астам тұрғын-үй мен бес миллион гектар жасыл желектің күлін көкке ұшырған. Бұл Амазониядағы орман өртінен бес есе, Калифорниядағыдан үш есе ауқымды деген сөз. Тілсіз жаудан жарты миллионнан астам жануар қырылды. Оның қатарында коала мен кенгурулар бар.
Джон Стэнтон, жергілікті тұрғын:
– Мен осы ауданда туылдым. Бүгінге дейін мекенжайымды өзгерткен емеспін. Енді көшуге мәжбүрмін. Себебі қызыл жалыннан үйім өртеніп кетті. Менің ағамның шаруа қожалығы үш мың қойымен бірге күлге айналды.
Австралияда орман өрті басталғалы бері 25 адам көз жұмған. Тағы ондаған адам іс-түзсіз жоғалғандардың қатарында. Құтқарушылар әзірге қандай-да бір ақпар таратудан бас тартып отыр. Ал метеорологтардың болжамынша, ауа райы жақын күндері жақсара қоймайды.
Шейн Фицсиммонс, өрт сөндіру қызметінің комиссары:
– Бұл өрттің ең ауқымды маусымы болып отыр. Құрғақшылық пен қатты жел салдарынан осындай апат орын алды. Тілсіз жау тез тарауда. Оны ауыздықтау үшін қолдан келгенін істеп жатырмыз.
Бүгінде австралиялық өрттің қою түтіні мұхит асып, Латын Америка елдеріне жеткен. Чили мен Аргентина аспаны көк түтіннен көрінер емес.
Бұл арада Оңтүстік Африка Республикасында тарихтағы ең сорақы қуаңшылық тіркелді. Бұл өңірге ақ жауын түспегелі қашан. Аптап ыстықтың бет қайтар түрі жоқ. Ұлттық саябақта жүзден астам жануарлар қырылып қалды. Миллиондаған адам аштықтан ажал құшуы мүмкін.
Туру Лодж, саябақ менеджері:
– Соңғы алты-жеті жылда өңірге жауын өте сирек жауды. Мына құрғақшылық аяқталады деп сенеміз. 2019 жыл біз үшін ең ыстық әрі қуаңшылық жылы болды. Дегенмен тарихқа қарасақ, өңірде ауа райы күрт өзгеріп отырған. Қазан айында суық сүйектен өтсе, қазір аптап ыстықтан дем ала алмай отырмыз.
Израильде – су тасқыны. Салдарынан 6 адам қаза тапты. Айта кетейік, өткен демалыс күндері Тель-Авивте жауынның екі айлық нормасы түскен. Табиғи апаттан келген шығын енді ғана есептеліп жатыр. Десе де, тұрғындардың билікке қояр сұрағы жетерлік. Мәселен, жауынға арналған кәріз жүйесі мен құтқарушылардың жұмысына халық наразы.
Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді. Израильде жақын күндері жауын аралас дауыл қайта басталады.
Индонезиялық мамандардың да болжамы осыған саяды. Мұнда су тасқынынан 60 адам қаза тапқан. 170 мыңнан астам тұрғын болса баспанасыз қалған. Елді мекендер мен жолдар су астында. Құтқарушылар шалғай ауылдарға азық-түлік пен дәрі-дәрмекті тікұшақ арқылы жеткізіп әлек.
Пуэрто-Риконың оңтүстік жағалауында жойқын жер сілкінісі болды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Дегенмен бірнеше тұрғын-үй қирап қалған. Ағаштар құлап, электр сымдарына зақым келген.
БЛИЦ:
– Жер сілкінісінен қатты қорықтым. Алдымен ата-анам мен бауырларымды іздеуге шықтым.
– Үй құлай бастағанда ұйықтап жатқанмын. Оянып кетіп, алдын ала дайындап қойған сөмкемді алдым да терезеден секіріп шықтым. Сұмдық болды. Ешкімнің басына салмасын.
Жалпы 2019 жылы «төтенше климаттық жағдай» сөз тіркесі Оксфорд сөздігінде ең жиі қолданылған сөз болып таңдалынды. Жаһандық жылыну сөзі де өткен жылмен салыстырғанда қолданысқа 100 мәрте көп түскен. Экобелсенділердің айтуынша, климаттың өзгеруіне адами фактор әсер етіп отыр. Себебі өндірістің қарқынды дамуы, жаһандық жылынуға әкеледі.
Дереккөз: inform.kz
КАТОНҚАРАҒАЙ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарай ауданында шекарашы Қызыл кітапқа енген бүркітті құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметке сілтеме жасап.
«Өрел» шекара комендатурасының ефрейторы Родион Абрамов Берел ауылына жақын жердегі мемлекеттік шекараны күзету кезінде жолдың бойында жараланған құсты көрген. Ол жаралы құсты ұстап, оны Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне тапсырған. Aquila heliaca тұқымдас жас бүркіттің Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілгені де белгілі болды», – деп жазды Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында.
Родион Абрамов табиғат деген қамқорлығы мен Катонқарайдың биоәртүрлігігін сақтауға қосқан үлесі үшін ұлттық парктің алғыс хатымен марапатталды.
Дереккөз: inform.kz
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – 2019 жылы полиция қоршаған ортаны ластаушылармен ерекше белсенді жұмыс жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Гүлнәзира Мұхтарованың хабарлауынша, 2019 жылы рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағаны және кәрізден шығатын қалдықтарды ағызып жібергені үшін қала тұрғындарына 1 мың 72 хаттама толтырылған.
Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, осындай әрекетті тұрғындар үш рет қайталайтын болса, олар 15 тәулікке қамауға алынады.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бір джинсы жасап шығару үшін мақта жинау, өндіріс, тасымалдау мен жууды қосқанда, төрт мың литр су қажет. Мұнда табиғатқа келетін залал 33,4 кг көміртегі эквивалентін шығарумен бірдей. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы (ЮНЕП) ескісін тоздырмайынша, жаңа джинсы сатып алмауға кеңес береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Киім толы шкаф – өткен заманның белгісі. Ескі киімді жаңа тәрізді кию «Кішкентай қара көйлек» секілді сәнге айналып келеді. Біз сән индустриясының экологиялық тұрғыда таза болғанын қалаймыз», -дейді Париж қаласының вице-мэрі Антуанетта Ги.
Сән индустриясы өзінің ауқымды өндіріс көлемі арқылы климаттың өзгеруіне қарсы күреске айтарлықтай үлес қоса алады. Бұл салада 300 миллион адам жұмыс істейді және оның жылдық айналымы 1,3 трлн доллардан асады. Экологиялық қозғалыс белсендісі Лоуренс Мила Каналс өндірістік тізбектегі қоршаған ортаға зиян келтіретін процестерді анықтауға және шара қолдануға шақырады. «Киім шығарудың барлық қатысушылары тоқыма өнеркәсібіндегі өндіріс пен табыс процестерін қайта қарастыруға және қоршаған ортаға зиянды әдістерден бас тартуға күш салуы керек», – дейді ол.
Ал тұтынушылар экологиялық тазалыққа үлес қосу үшін аз киім сатып алуы тиіс. Статистикаға сәйкес, адамдар бір киімді шамамен он рет киеді. Әрине, елге және адамның әлеуметтік жағдайына байланысты бұл көрсеткіштер өзгеруі мүмкін. ЮНЕП орташа деректерді ұсынған.
«Дегенмен, жыл сайын киімге деген сұраныс екі пайызға артып отырады, екі мыңыншы жылдардың басымен салыстырғанда, бұл киімдерді үштен бір бөлігіне аз киеміз. Бұл сән-салтанат үшін планетаның қосымша ресурстары жұмсалады. Пайдаланылған киімнің 87 пайызы қоқысқа түседі: әлем бойынша бір секундта тұтас қоқыс тасушы көлікті киіммен толтыруға болады. ЮНЕП киім сатып алғанда, оны ұзақ кию үшін материалдың сапасына назар аударуға кеңес береді. Сондай-ақ, киілген киімдерді сатып алып, жалықтырған киімдерді «секонд хэнд» дүкендерге жіберу ұсынылады. Киімді мұқият киіп, заттарды сирек жуып, көп талшықты шайып тастайтын ұнтақтың орнына концентрленген арнайы сұйықтықпен жуу керек», – делінген БҰҰ хабарламасында.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев тиісті шара қабылданбаса, 2030 жылы болжам бойынша ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн тоннаға дейін өсетінін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2018 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға ластаушы заттардың қалдықтары 2,5 млн тоннаны, ал жыл сайынғы өсімі 100 мың тоннаны құрап отыр. Оның ішінде электр энергетикасына (көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары) 940 мың тонна, тау-кен металлургия секторына – 760 мың тонна, мұнай өндіруге – 520 мың тонна, көлік пен ауыл шаруашылығына – 320 мың тонна тиесілі. Өңірлердегі қалдықтардың негізгі үлесі Қарағанды және Павлодар облыстарында – шамамен 56 пайызды құрайды. Егер тиісті шара қабылданбаса 2030 жылы болжам бойынша ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн. тоннаға дейін өседі», – деді министр Үкімет отырысында.
Министр осы тақырыпты жалғастыра отырып, парниктік газдардың шығарындыларына тоқталды.
«Париж келісімі бойынша Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға қарай 1990 жылмен салыстырғанда 15 пайызға төмендетуге міндеттеме алған. Алайда бүгінгі күні еліміздегі парниктік газдардың шығарындылары бұл деңгейден жоғары. Бұл ретте, экономикалық өсімді ескере отырып, парниктік газдар шығарындыларының өсетінін болжауға болады. Парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша қажетті шаралар қабылдау үшін министрлік герман тарабының қолдауымен 2050 жылға дейінгі төменкөміртекті даму стратегиясын әзірлеуге кірісті», – деді ол.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, ел аумағындағы полигондарда 120 млн тоннадай қоқыс өңделмей жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қоқысты қайта өңдеу мәселесі еліміз үшін өте өзекті болып тұр. Елдегі полигондарда 120 млн тоннадай қоқыс жиналған. Сонымен қатар, полигондарға жыл сайын 5-6 млн тоннадан қосыла береді. 14 пайызын ғана қайта өңдеуге барады. Бұл ретте ең басты мәселе – тарифтің төмен болуы. Ашық әрі анық айтсақ, тарифті көтеруге мүмкіндігіміз жоқ. Себебі, оны бір дегенде 20-30 есе көбейту керек болады. Тариф төмен болғаннан кейін салаға инвесторлар келмейді», – деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министрлік еуропалық тәжірибені зерттеп, қоқысты жағу арқылы өндірілетін электр энергиясын жеке сату амалы барын зерделеп көріпті.
«Біз осындай тетікті енгізейін деп жатырмыз. Жаңа экологиялық кодексте ол тетіктер бар. Кодекс күшіне енгеннен кейін салаға инвесторлардың келетініне ешқандай күмәніміз жоқ. Себебі, олар өз табысын тарифтердің емес, электр энергиясының есебінен табады. Жаңа айтылып отырған 180 млрд теңге – біздің есебіміз бойынша 6 қалаға тиесілі. Жалпы, осы механизм арқылы бүкіл ірі қалада қоқыс мәселесін шешеміз деген ойдамын. Әрине, қазіргі таңда біздің елімізде қоқыс өңдейтін мекеме жоқ. Сұрыптау кешендері ғана бар. Сондықтан, осы салаға инвесторлар керек», – деді ол.
Дереккөз: 24.kz
ШҚО ТЖД ҚАР КӨШКІНІ ХАБАР 24 СОНДАЙ-АҚ… Алматыдағы ұшақ апатынан қаза болғандар саны 15-ке жетті Алматыдағы ұшақ апаты: куәгер оқиғаның қалай болғанын айтып берді Алматыдағы ұшақ апаты: ауруханаға түскен 5 азаматтың жағдайы ауыр Алматыдағы ұшақ апаты: құтқару жұмыстары жалғасуда Дариға Назарбаева Алматыдағы ұшақ апатына байланысты көңіл айтты Еліміздің шығысында қар көшу қаупіне байланысты ТЖД шаралар қолданды 20:55, 26.12.2019 54 UPD: 21:49, 26.12.2019 Шығыс Қазақстанда соңғы 10 тәулік бойы қар толассыз жауып тұр. Қазір кей аймақтардағы ақ ұлпаның қалыңдығы белуарға дейін жетеді. Таулы беткейде көшкін жүруі мүмкін. Осыдан қауіптенген селден қорғау мекемесінің мамандары мен төтенше жағдайлар қызметі қабақтағы қарды жарып, құлатуға кірісті.
Қауіпті аумақтардағы қардың қалыңдығын есептеу үшін арнайы таяқша белгілер орнатылады. Сол бойынша күнделікті 22 бақылаушы мәліметті орталыққа жеткізіп отырады. Көшкін жүруі мүмкін аумақтардағы қар жасанды жарылыс арқылы түсіріледі.
Омар Дүзгінбаев, «Қазселденқорғау» ММ облыстық филиалының жетекшісі:
– Күнделікті бақылаушылар қардың қалыңдығын бізге орталық диспичерге беріп тұрады. Бүгінгі күнге дейін 6 жару жұмыстарын өткізіп, жалпы көлімі 10 мыңнан аса текше метр қарды құлатып түсірдік.
Биылдан бастап төтенше жағдайлар қызметкерлері жарылыс жасалатын жерді әуелі дрон арқылы көріп алады. Бұл мамандардың жарылғыш заттарды тау басына шығару кезіндегі қауіпсіздігінің кепілі . Өйткені биік тауда өздігінен түсетін қар көшкіні көп болады.
Қуаныш Есенбаев, облыстық ТЖД бас құтқарушысы:
– Қардың қалыңдығы мөлшермен осы техника арқылы көріп, мына экраннан көрсетеді. Қанша екенін. Сонымен зерттеп байқаймыз.
– Бұрынғы кезде бәрі қолмен адамдар өздері шығып қаншама уақыт айналады. Ол жер қолайсыз. Басқа жерге бару керек. Соның бәрі көп уақыт алатын. Қазір техниканың көмегімен үнемді, уақыт пайдаланамыз.
Жалпы аймақта қар көшкіні болатын 336 аумақ бар. Ол жерлерде елді мекен мен демалыс орындары және автокөлік жолдары бар.
Олжас Керейхан, тілші:
– Бұл Өскемен-Алтай ауданы автокөлік жолның 32-шақырымы. Екі жағы құз беткейдегі кей жерлердегі қардың қалыңдығы 1 метрге дейін жетеді. Сондықтан үнемі бақылауда болдады. Ал қыста бұл жерде қар жасанды жолмен түсіріледі.
Былтыр аймақта қар аз болды. Бірақ соның өзінде 50-ге жуық жарылыс жасалып, 100 мың текше метр қар түсірілген. Биыл желтоқсан айындағы қардың мөлшері кейбір жерлерде 80 сантиметрге жетіп қалды. Ал алда қаһарлы қаңтар мен ақ түтек бораны бар ақпан бар.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауасы ластанған қалалар қатарындағы Өскеменнің экологиялық мәселелерінің шешімі бар ма? Бұл сұраққа ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде бірнеше проблемалық қала мен облыс бар. Сондықтан, әр облыс пен әр қалаға қатысты мәселені шешу жолын іздедік. Экологиялық мәселесі бар өңірлердің бірі – Өскемен қаласы. Жалпы, Шығыс Қазақстанның экологиялық ахуалын білеміз. Шығыс Қазақстандағы ең ірі кәсіпорындардың бірі – «Казцинк» компаниясы. Ол Риддер мен Өскемен қаласында жұмыс істейтін ірі мекеме. Біз сол мекеменің басшысын шақырып алып, мына мәселені қалай шешуге болады деп ақылдастық. Бір жағынан жаңа Экологиялық кодекс күшіне енгеннен кейін 2025 жылға дейін ең озық қолжетімді технологиялар ұғымы пайда болады. Дегенмен, Өскемен қаласының проблемасын 2025 жылды күтпей, шешу керек деп ойлаймыз», – деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министр «Казцинк» металлургиялық компаниясының басшысымен кездесіп, нақты келісімге қол жеткізілгенін айтады.
«Сол келісімге сәйкес, «Казцинк» компаниясы қателеспесем, 300 млн доллар қаражат салғалы отыр. Олар осы сома арқылы фильтрді емес, технологияны өзгерткісі келеді. Ең озық қолжетімді технологияларды 2025 жылды күтпей, келесі жылдан бастап енгізбек. Біздің есебіміз бойынша бұл технология 3-4 жылдың ішінде ауаға таралатын шығарындыларды 20-30 пайызға азайтады. Бұл – өте жақсы нәтиже, меніңше», – деді ол.
Мағзұм Мырзағалиев «Казцинк» басшылығынан неліктен 2025 жылды күтпей, озық технологияларды тезірек енгізуге асығып отырғанын сұраған.
«Біздің алған жауабымыз мынадай болды: «Казцинктің» қазіргі қожайыны – еуропалық компания. Еуропада нарық пен экологиялық талаптар жоғары. Егер біздің компаниялар еуропалық деңгейге шықпаса, онда «Казцинк» компаниясы өндіретін өнімдерді еуропалықтардың сатып алуы екіталай. Сондықтан, кәсіпорын аталмыш мәселеге қазірден бастап назар аударып отыр», – деді ол.
Министр Өскемен қаласында ауаны ластайтын негізгі үш ірі кәсіпорын барын, «Казцинк» компаниясымен бірге тағы екі кәсіпорын тиісті талаптар бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
Дереккөз: inform.kz
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде жаңа жыл қарсаңында «Шырша» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінде табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты ММ мемлекеттік инспекторларымен бірлесіп орман қорын күзету бойынша рейд жүргізетінін хабарлады. Жедел алдын алу шарасы барысында ағаш пен ағаш материалдарын тасымалдайтын көліктер тексеріледі. Қаладағы қылқан жапырақты ағаштар сататын сауда нүктелерін анықталды.
«Сатушылардың айтуынша, барлық шыршалар мен қарағайлар Ресейден әкелінді. Базардағы бір қарағай мен шыршаның ең төменгі бағасы – 4000 теңге. Олар ұзақ уақытқа шыдамайды, жылы бөлмеде олардың инелері тез бұзыла бастайды. Рейд барысында тиісті құжаттары жоқ 38 қылқан жапырақты ағаш тәркіленді», – деп түсініктеме берді Семей қаласының ПБ баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, полиция кесілген қарағай үшін жаза бар екенін ескертті және бұл қылмыстық жауапкершілікке жататынын айтты.
«Зиянкестерге 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады (303000 теңге) немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынады, егер жойылған және кесілген ағаштар орман қорының бөлігі болса, онда айыппұл 160 АЕК-ке дейін (404 000 теңге) болады немесе 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 40 тәулікке дейін қамалады», – деп атап өтті ПБ баспасөз қызметінде.
Айта кетейік, «Шырша» жедел алдын алу шарасы аймақта 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.