Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Shell басшысы Олимье Лазармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған министрліктің Telegram парақшасында жарияланған ақпаратқа қарағанда, Мағзұм Мырзағалиев кездесу барысында Shell компаниясын Каспий маңы бассейінде геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция салу мүмкіншіліктерін зерделеуге шақырған.
«Shell Kazakhstan басшысы О.Лазармен кездестік. Shell-ді жан-жақты ынтымақтастыққа шақырдым. Каспий маңында және «Еуразия» жобасы деп аталатын аз зерттелген бассейндерге геологиялық барлау жасауға инвестиция салу мүмкіншілігін зерделеуге уағдаластық», – деп жазды министр Twitter-де.
Оның атап өтуінше, тараптар бірлескен жұмыс тобын құру туралы шешімге келген.
Дереккөз: inform.kz
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қалалық сотында өзен арнасын тазарту кезінде ағаштарды заңсыз кескен мердігерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде 8 өзеннің арнасын кеңейту жұмыстары барысында ағаштардың аяусыз кесілгендігі тұрғындардың наразылығын туғызды. Президент тапсырмасына сәйкес Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен өңірге келіп, жұмысты уақытша тоқтатты. Көп ұзамай қорытынды шығарылып, су тасқынының алдын алу үшін бұл жұмыстардың қажет екені айтылды. Кейін мердігерлер жұмысы тексеріліп, Қызыл кітапқа енген ағаштардың заңсыз кесілгені анықталды. Іс сотқа жолданып, бүгін үкім шығарылды.
«Қылмыстық кодекстің «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу», «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» баптары бойынша «Берекелді» ЖШС-нің жетекшісі Н.Өсепов айыпты деп танылып, оған жалпы көлемі 3 миллион 787 мың теңге айыппұл салу жазасы тағайындалсын», – деді Ақтөбе қалалық сотының судьясы Жанас Қуанышев.
Айта кетейік, айыппұл бір ай ішінде өтелуі тиіс.
Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы тауында аландарын ерткен ілбіс фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тауға фототұзақтарды ілбісті сақтау қоры қойды. Видеоға түсіп қалған керемет кадрлармен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев өзінің Instagram парақшасында бөлісті.
«Біздің камерамызға Данадан басқа, екі аланы бар тағы бір ілбіс түсіп қалды. Қазір барыстарды анықтау және оларға ат қойып төлқұжаттарын дайындау жұмыстары жүргізілуде» – деп жазды Ержан Еркінбаев.
Естеріңізге салайық, фототұзаққа қар барыстары алғаш рет 2018 жылы түскен болатын.
Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Зерделі–6» шағын ауданындағы қисайған үйдің маңына терек отырғызылады. Бұл туралы Алматы қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз Алатау, Саялы және Зерделі шағын аудандарында терек отырғызуды жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, мұндағы көпқабатты тұрғын үйлер жерасты суының көтерілуінен сәл ғана қисайып тұр. Ал терек – жер асты суын өзіне сіңіріп алатын ағаш, ол жер асты суын төменге түсіруге көмектеседі. Сонымен қатар, терек бәрінен бұрын көмірқышқыл газын сіңіреді және оттегін бөліп шығарады», – дейді Ержан Сейтенов.
«Қаланың ерекше мәртебесі туралы» Заңды түсіндіруге арналған баспасөз конференциясында ол алдағы үш жыл ішінде мегополисте 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Еске салайық, 11 желтоқсанда Алатау ауданындағы «Зерделі» шағын ауданының тұрғындары үйлерінің қисайғанын айтып, дабыл қаққан болатын.
Кейін Бақытжан Сағынтаев қисайған үйдің тұрғындарымен кездесіп, әкімдік оларды көшіруге дайын екенін жеткізді.
Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтенов «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аясында жасыл қорды дамыту перспективалары туралы айып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған Заңға бірқатар жаңа ережелер енгізілді:
– Ағаштарды санитарлық кесу, жасарту Алматы әкімдігінің келісімімен ғана жүргізіледі;
– Әкімдіктің рұқсатымен санитарлық жолмен немесе әдейі кесілген ағаштардың орнына жасыл желек қайта отырғызылады, магистральды көшелердің бойына діңгегі 20-25 см болатын жапырақты ағаш түрлері отырғызылады, қылқан жапырақты ағаштардың биіктігі – кем дегенде 2,5 метр (І немесе ІІ сыныпты сапа) болуы тиіс;
– Кесілген ағаш шығынын өтеудің әдісі жасалды, соның арқасында келтірілген залалдың нақты бағасы анықталады;
– Ағаш апатты жағдайда кесілсе, оның орнына бір ағаш отырғызылады, егер заңсыз алынса, онда бір ағаштың орнына 100 түп отырғызылады;
– Жасыл желектің кепіл мерзімі – 3 жыл;
– Жауапты мекеме ортақ қолданыстағы жерлердегі жасыл желекті көктемгі-жазғы және жазғы-күзгі мезгілдерде зиянкестерден, түрлі аурулардан қорғау үшін залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуі тиіс.
«Бізде Алматы қаласының жасыл желегін күтіп ұстау мен қорғаудың жеке ережелерін әзірлеу және бекіту мүмкіндігі пайда болды. Бұған дейін басқарма қаланың жасыл қорының дамуы мен сақталуына кедергі келтіретін түрлі мәселелермен бетпе-бет келген болатын. Елді мекендер аумағында өсетін жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау мәселелерін реттейтін стандарттардың, регламенттердің, нұсқаулықтардың, әдістемелік ұсынымдардың болмауы, рұқсат беру құжатынсыз ағаштарды кесу үшін өтемдік отырғызу бойынша нормалардың болмауы – мегаполистің жасыл қорының жойылуын жеделдететін себептердің бірі еді», – дейді Ержан Сейтенов.
Басқарма басшысының айтуынша, жаңа ереже жобасы жұртшылықтың талқылауына шығарылады, белсенді қала тұрғындары қатысып, өз ұсыныстарын енгізе алады.
«Барлық мүдделі мекеме және ұйымдармен келісілгеннен кейін жасыл желекті күтіп ұстау мен қорғаудың жаңа ережелері қалалық мәслихатқа бекітуге жіберіледі», – деп қорытындылады Е. Сейтенов.
Источник: 24.kz
Оңтүстік Африка Республикасында қоқысты пайдаға асыру жобасы іске асырылуда. Мұнда пластик бөтелкелер құрылыс материалы ретінде қолданыла бастады.
Идея авторы жергілікті үкіметтік емес ұйым өкілдері. Экологиялық жоба бірнеше мәселені қамтиды. Бастысы қоқысты кәдеге жарату проблемасын шешіп отыр. Өйткені 2017 жылы республикада 42 миллион тонна қалдық өндіріліпті. Соның тек 11 проценті ғана қайта өңделген. Одан бөлек экокірпіштен негізінен әлеуметтік нысандар, соның ішінде мектептер салынып жатыр. Сондықтан жобаға оқушылар да тартылған.
– Экокірпіштер түрлі-түсті шөлмектерден жасалады. Сондықтан әдемі көрінеді. Бұрын мұндай ыдыстарды пайдаланғаннан кейін қоқысқа тастай салатын едік. Енді біраз дүние жасауға болатынына көзіміз жетті.
Дереккөз: 24.kz
Каспий теңізінде бекіре азайып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Балықтың бұл түрін қорғаудың бір амалы – су маржанын аулау туралы мораторий. Мамандар оны 10 жылға ұзарту керек дейді. Алайда мұндай құжат ғылыми зерттеулердің негіздемесі және Каспий жағалауындағы барлық мемлекеттердің келісімімен қабылдануы тиіс.
Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтардың саны азайып барады. Оған бірнеше себеп бар. Азықтың азаюы, судың ластануы және заңсыз аулау. Мамандар балықтың бұл түрін аулауға мораторийді ұзатпаса, оның санын көбейту мүмкін емес деп отыр
Мехман Ахундов, экология және табиғи қорлар министрлігінің өкілі:
– Каспийдің әр бөлігінде бекіре санын қалпына келтіру көп уақытты қажет етеді. Бұған теңізді жағалаған ел жағалауындағы экологиялық жүйенің ерекшеліктері әсер етеді. Ғалымдар мораторий мерзімін 5 жылдан 10 жылға дейін ұзарту керек деп санайды. Алайда бұл мәселе бойынша ортақ шешім болмағандықтан, әр жыл сайын тыйым күші тағы бір жылға ұзартылып жүр. Әзірге ғылыми негіз әзірленіп жатыр. Осыдан кейін мораторийді ұзақ мерзімге ұзарта аламыз деп ойлаймын.
Каспий теңізіндегі экологиялық жүйенің өзгеруі бекіре тұқымдас балықтар санына кері әсер тигізіп отыр. Атап айтқанда, олар қоректенетін майшабақ азайып барады. Сарапшылар бекіре аулауға мораториймен қатар, майшабақ аулауды да шектеу керек деп санайды.
Мехман Ахундов, экология және табиғи қорлар министрлігінің өкілі:
– Бекіре санының қысқаруы тек азықтың азаюына ғана байланысты емес. Соңғы 20 жылда заңсыз аулаудың артуы да әсер етіп отыр. Браконьерлер балықтың осы түрін көбейтуге мүмкіндік бермей жүр, нәтижесінде бекіре тұқымдас балықтар құрып кету қауіпі төніп тұрған жануарлар тізіміне кірді. Сол себептен олардың толық жоюылуына жол бермес үшін түрлі шаралар қабылдаймыз.
Мәселені шешудің бір жолы – бекіре балықтарын қолдан өсіру. 2019 жылы Әзербайжанның балық өсіру кәсіпорындары 342 мың құртшабақ бекірені теңізге жіберді. Каспий жағалауындағы елдер браконьерлермен бірлесіп күресіп келеді. Жақын арада бұл мемлекеттер заңсыз балық аулауға қатал шаралар қабылдауды көздеп отыр.
Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Шығыс Қазақстанда «қытай иероглифі бар» көгершіндерге қатысты хабарлама таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметке сілтеме жасап.
«Өткен жылдың қазан-қараша айларында Катонқарай ауданында құйрығы мен қанатында иероглиф жазылған көк кептерлер кездесіп, жергілікті халықтың мазасын қашырған еді. Ақсудан Өрелге дейін кездескен көгершіндерге кейбіреулері мән бермесе, кейбір адамдар сондағы Ұлттық паркке жүгінген болатын. Ғылыми қызметкерлер халықты тыныштандырып, жағдайды түсіндірмек болды. Себебі, біз үшін бұл алып бара жатқан жаңалық емес», – деп жазады Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында.
Оның жазуынша, осыдан 4 жыл бұрын Бекалка ауылының маңында өлі кептер табылған. Құстың сирағынан қара пластик сақина мен алты таңбалы нөмір, смартфонмен табуға болатын голограмманың бары анықталған. Оның да қанатында иероглифтер жазылған. Сол жылы Аққайнар мен Жазабы ауылында да осындай көгершіндер кездесіпті.
«Бір қызығы, көгершіндер аулалардағы тауықтарға жем беретін орындарға үнемі ұшып келіп жүрген. Олар адамдардан мүлде қорықпайтын. Біз қытайлық көгершіндерді зерттей бастаған кезде олардың шынымен де маңызды ақпараттың тасымалдаушысы екенін анықтадық. Бірақ олар құпия ақпаратты емес, спорттық сипаттағы жазба. Кейін білгеніміздей, өткен ғасырдың 90-шы жылдары көгершін спорты мен көгершін тотализаторы бизнесі қатты дамып, бұл кәсіп айтарлықтай табыс көзіне айналған. Сондай бизнес дамыған елдің бірі – көршіміз Қытай. Ауқымы жағынан көгершін бизнесі ат жарыстарынан түсетін табыс пен ақшалай ұтыстардан да асып түскен», – дейді ол.
Осылайша, тоқсаныншы жылдары Қытайда көгершін бизнесі қатты дамып, құс өсірушілер жарысқа бейім кептерлерді жаппай өсіре бастайды. 1984 жылы Қытайда көгершіндер жарысы қауымдастығы құрылса, 1990 жылдан кейін онда кептерлер сайысы өткізіле бастаған. Ал 2000 жылдан бастап Бейжіңде және басқа да ірі қалаларда жоғары жүлде қоры бар «Жарыс көгершіндері клубы» іске қосылады. Бүгін де Қытайда ондаған мың көгершін өсіретін орталықтар жұмыс істеп тұрған көрінеді.
Көгершіндер жарысы көгершіндерді ұстауға және жарыстар өткізуге арналған арнайы құрал-жабдықтар өндірісін ынталандырған. Артынша көгершіндерді жеке таңбалауға арналған сақиналар, микрочиптер, сканерлер, көгершіндерге электронды сканерленген сағаттар және құстардың нақты орналасқан жерін ғарыш арқылы анықтайтын және интернет арқылы тікелей таратуды жүзеге асыратын миниатюралық навигаторлар (GPS) шығарыла бастаған.
Көгершіннің спорт тұқымдарын өсіруді арнайы тәлімбақ – көгершін фермалары жүргізеді. Олардың бірі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аөлкесінің орталығы – Үрімжі қаласында орналасқан. Осылайша, сондағы көгершіндер туған мекенінен 700 шақырым жердегі – Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарына дейін ұшып келе бастаған. Құстар осы бағытта мамандандырылған компаниялар ұйымдастырған лотереяларға қатысады. Ол ойындардың бірі – «Миллионға жүгір» деп аталады», – дейді Сәкен Ділдахмет.
Комитет өкілі Катонқарағайда ұшып жүрген «иероглифті» сол көгершіндердің Қытайдан жеткенін айтады.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау қауымдастығы (ҚБСА) Халықаралық суда жүзетін және су маңында мекен ететін құстарды тіркеу есебіне (International Waterbird Census) қосылып, еліміздегі су құстарының санағын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық есеп бір мезетте әлемнің 100 елінде жүргізіледі.
«Бірінші болып ҚБСА клубының мүшелері құстардың есебін жүргізуге Ақтау қаласына аттанды. Маңғыстау облысында негізгі орнитологиялық аумақтардың бірі – Қаракөл орналасқан. Оқушылар ол жерден мыңдаған құстың барын анықтаған. Оның ішінде қоқиқаз да бар», – делінген ҚБСА-ның Facebook-тегі парақшасында.
Сонымен бірге, клуб мүшелері Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында мекен ететін құстарды санауда.
«Қатарымызға қосылуға ниетті кез келген азамат халықаралық шараға атсалысып, өзіне жақын маңдағы су айдындарындағы құстардың санағын жүргізе алады», – делінген хабарламада.
Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы зообағы жаңадан туған теңбілшердің төлін Аустралия деп атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жануардың атын әлеуметтік желі қолданушылары ұсынған болатын.
Зообақ басшылығы көп есімнің ішінен екі адамның ұсынысын қабылдады.
«Кішкентай ягуарымызға жаңа есім таңдадық!
Құттықтау жолдап, өз пікірін білдірген Құрал Лесбековтың, @rominalamour ұсынысы бойынша біз кішкентай ягауарды Аустралия деп атайтын болдық.
Алыстағы құрлықта соңғы күндері орын алған қиын жағдайға байланысты біз бұл ұсынысты көпшіліктің ойын ескере отырып, қабыл алдық», – деді зообақ басшылығы.
Аустралия есімді кішкентай жануар – қоршаған табиғатымызды қорғау баршамыз үшін қаншалықты маңызды екенін еске салып тұрмақ.
Мұның алдында зообақта теңбілшер күшіктегенін жазған болатынбыз.