red_hot_chili_peppers_be_admin | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Дариға Назарбаева: Тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу проблемасын шешуде жүйелі тәсіл қажет

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенатта «Тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинау және өңдеу» тақырыбы бойынша үкімет сағаты болды, оны Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі комитеті ұйымдастырды, деп хабарлайды Жоғарғы Палатаның баспасөз қызметі.

Еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев негізгі баяндама жасады. Ол Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамасы аясында 2030 жылға қарай елдегі қалдықтарды өңдеу үлесі 40 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жетуі тиіс екені туралы сенаторларды хабардар етті. Ол сондай-ақ электр энергиясын алу мақсатында қалдықтарды өртеуді және одан әрі жаңартылатын энергия көздерімен бірдей электр желілеріне беруді көздейтін «Waste to Energy» жобасын жүзеге асыру туралы айтты. «Бұл жоба қалдықтарды полигондарда көму көлемін бір есе қысқартуға ғана емес, сондай-ақ осы бағытқа инвестиция тартуға мүмкіндік береді», – деді министр.

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева сөз сөзінде тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарын жинау, кәдеге жарату және қайта өңдеу проблемасын шешуде жүйелі тәсіл қажеттігіне назар аударды.

Сенат басшысы экологиялық проблемаларды шешу үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет деп есептейді. «Бүгінде министрлік жаңа экологиялық кодекс бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Мемлекеттік бағдарламасыз, бағыт-бағдарсыз біз ертең Экологиялық кодексті қалай қабылдайтынымыз маған белгісіз болып отыр. Бізде қазірдің өзінде тұжырымдама бар, ол 2013 жылғы деңгейде қалған, алты жыл өтсе де әрі қарай қозғалыс жоқ. Осының бәрін Сізден қатаң сұрайтын боламыз, өйткені бұл мәселелерді одан әрі кейінге қалдыруға болмайды», – деді Сенат басшысы экология министріне.

Сенат Төрағасы бұл ретте полигондарда азық-түлік және құрылыс қалдықтарын көмуге тыйым салуға асықпау керек, деп санайды. Салалық министрліктің деректері бойынша, мұндай тыйым 2020 жылдан бастап енгізіледі. «Ал оны қайда жіберетінімізді білгіміз келеді. Үкімет немесе заңдар қандай да бір балама болуы үшін не ұсына алады? Бұл мәселе әзірге толық пысықталмаған деп санаймын, сондықтан оған тыйым салуға болмайды. Өйткені, ертең адамдар жұмыс істеп жатқан полигондарды жазалау басталады. Бұл мән-мағынасыз мәселе болады», – деді Дариға Назарбаева.

Д.Назарбаева Қазақстан аумағындағы радиоактивті қалдықтар мәселелеріне жеке тоқталды. Ол залалды қалдықтар азаматтардың денсаулығына зиян келтіріп жатқан кезде медициналық шығындардың мәнісі жоқтығын атап өтті: «Тұрмыстық қалдықтардан басқа, бізде 170 миллион текше метр радиоактивті қалдықтар жинақталып қалған. Ол жай ғана топырақ пен атмосфераны ластап қана қоймайды, баршаға өлім қаупін төндіреді».

Салалық комитет төрағасы Әли Бектаев үкімет сағаты барысында елімізде қалдықтарды басқару жөніндегі, оның ішіне өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар бойынша мониторинг, қайта өңдеу және кәдеге жарату енетін жүйе жоқ екенін атап өтті. Бұл елдің орнықты дамуына кедергі келтіреді.

Шараға қатысушылар алдында өнеркәсіп және өндіріс қалдықтарымен жұмыс істеу жөніндегі қауымдастықтың төрағасы Александр Рябинин, Қарағанды қаласындағы «Горкомтранс» серіктестігінің директоры Виктор Иванов, Қостанай облысындағы Лисаков қаласының қатты тұрмыстық қалдықтар полигонды пайдаланушы «ИЛИН» компаниясының директоры Инна Аман, «Оператор РОП» серіктестігінің бас директоры Медет Құмарғалиев сөз сөйледі.

Сенат депутаттары үкімет сағатының қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдарды әзірледі.

Нұр-Сұлтанда жасыл жобалар бойынша ғылыми-техникалық кеңестің алғашқы отырысы өтті

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC) жасыл жобалар бойынша ғылыми-техникалық кеңестің (ҒТК) алғашқы отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төмен көміртекті экономиканы дамыту жөніндегі ауқымды міндеттерге сүйене отырып, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы «Қалдықтарды басқару», «Тұрақты энергоресурстар», «Орнықты қала (жасыл инфрақұрылым)», «Тұрақты ауыл шаруашылығы», «Экология, қоршаған ортаны қорғау» бағыттары бойынша жұмыс жүргізетін Ғылыми-техникалық кеңес (ҒТК) құрып отыр. ҒТК қолданыстағы технологиялардың қаншалықты тиімді екенін, олардың жергілікті жағдайларға бейімделуін бағалайды.

Осылайша, инвесторлар мен жобаларға өтініш берушілер (бастамашылар) үшін бірыңғай терезе құрылады.

«Бұл тиімді әрі пайдалы алаң болатынына сенгіміз келеді. Іс жүзінде жұмыстың қалай өрбитінін көреміз, себебі ҒТК-да Үкіметке тікелей шыға алатын адамдар бар. Олар арқылы мемлекеттің жоғарғы шенеуніктерімен диалог жүргізуге болады. Демек, олардың мүмкіндіктері бар, сондықтан біз осы адамдар арқылы эфирге шығып, сұрақтар қоя аламыз. Кеңестің екі міндеті болуы керек. Біріншісі – бар проблемаларды анықтау және оларды шешудің жолдарын ұсыну. Екіншісі – ең тиімді жобаларды таңдап, оларды іс жүзіне асыру. Сонда бұл кеңес пайдалы болары анық», – дейді Халықаралық баламалы энергия сарапшысы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Инновациялық паркінің директоры Владимир Ким.

Қазіргі уақытта IGTIC-ға жасыл экономика саласында, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату (ҚТҚ), ЖЭК, геотермалдық және гидроэнергетика, биогаз сияқты 300 жоба қабылданып отыр.

ҒТК-ны құру қажеттілігінің бірі – экология әлі де ғылыми басым бағыттың бірі ретінде ұсынылмаған. Мәселен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің байқауларын талдау нәтижелері бойынша, соңғы 5 жылда ауаның ластануын азайту үшін тек 16 жоба қаржыландырылған.

Тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамына машина жасау саласындағы жетекші ғалымдар, «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткен жас мамандар, ірі өндіріс мамандары, «Атамекен» ҰКП бизнес өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ҚР Парламент Мәжілісі мен Сенатының өкілдері кірді.

Қазақстан 2025 жылдан бастап пластик пакеттерге тыйым салады

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан 2025 жылдан бастап пластик пакеттерге тыйым салады. Бұл туралы бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізінде пластикті де екіге бөліп қарастыру керек. Біріншісі пластикалық пакеттер. Бұл бүгінгі күнгі ең үлкен проблемалардың біріне айналып отыр. Оны көптен бері айтып та келеміз. Елімізде күніне 15 миллион пакет дүкендерде тегін таратылады. Ал олар небәрі 20 минут қана қолданыста болып, кейін полигондарда көміледі. Мұны тоқтату үшін сарапшылармен бірге зерттеу жүргіздік. Егер дүкендерде мұндай пакеттерді тегін емес 5 теңге, 10 теңгеге болсын ақшаға сатсақ, онда оның көлемі кемінде 50-70 пайызға азаяды. Бұл цифр ойдан шығарылған жоқ. Көршілес елдерде осындай. Біз барлық тәжірибені зерттедік. 2025 жылдан кейін пластик пакеттерге тыйым салуға болады деп ойлаймыз», – деді министр ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Себебі, оның айтуынша, сол уақытқа дейін қоғам дайын болуы қажет.

«Ал пластикалық ыдысқа қатысты айтар болсақ, қазір бізде оған балама жоқ. Дегенмен, сарапшылармен не істеуге болатындығын, оның санын қалай азайту керектігін зерделеп жатырмыз. Жалпы, мұндай өзгерістер халыққа бірден әсерін тигізеді. Сондықтан бұл мәселені халықпен ақылдаса отырып шешу қажет», – деді ол.

Мағзұм Мырзағалиевтың атап өтуінше, алдағы айда Мәжілістің қарауына енгізілетін жаңа Экологиялық кодексте пластикалық ыдыстарға тыйым салу мәселесі қарастырылмаған. Дегенмен, пластик пакеттерге қатысты нормалар бар.

Қазақстандықтар LED-экран арқылы ауа сапасы туралы біліп отыратын болды

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылдан бастап Қазақстан қалаларының әкімдіктері LED-экрандарға ауаның сапасы туралы ақпараттарды жариялап отырады.

Бұл туралы бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын қоршаған ортаның жай-күйі мен табиғи ресурстарды пайдалану, ластаушылардың шығарындылары мен тасымалының мемлекеттік тіркелімін құру туралы ұлттық баяндама жариялау қарастырылған. Қоғамдық тыңдауға шығарылуға жататын жобалардың шаруашылық қызмет түрлерінің тізімі анықталған», – деді министр ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта ірі табиғат пайдаланушылардың есеп беруі бар. Бірақ олар қағаз түрінде ғана ұсынылады.

«Біз мәліметтерді ұсыну процесін автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасына сәйкес, министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірге ауаны ластаушы заттардың концентрациясының негізгі көрсеткіштерін экранға орналастыру, телеарналарды жүгіртпе жолдар мен әкімдіктердің сайттарында ақпараттар орналастыру арқылы халықты құлақтандыру жолымен ауа атмосферасының сапасы туралы ақпараттарды жұртшылыққа онлайн-жеткізуді кеңейту жұмыстарын жалғастырып жатыр. 2018 жылы »Қазгидромет« РМК Қазақстанның 46 елді мекенінде 8 ластаушы зат бойынша ауа атмосферасының сапасын қадағалап отыруға мүмкіндік беретін мобильді қосымшаны іске қосты. Қазіргі уақытта Павлодар, Екібастұз, Петропавл, Орал және Ақтау қалаларының әкімдігі мобильді қосымша арқылы LED-экрандарда ауа атмосферасындағы ластаушы заттардың концентрациясы туралы мәліметтерді көрсетіп тұрады. Қалған әкімдіктер келесі жылдан бастап ауаның жай-күйі туралы ақпараттарды LED-экрандарда орналастыруды жоспарлап отыр», – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Израиль кәріздегі қалдықтардан қағаз шығарып отыр

Дереккөз: 24.kz

Израиль қалдықтарды кәдеге жаратудың тың тәсілдерін ойлап тауып, жаңа технология енгізуде . Енді мұнда кәріз қалдықтарын қайта өңдеу нәтижесінде қағаз алатын болған.

Бұл өнеркәсіптік қондырғы үлкен ауылдың тазалау құрылымының бірінде орналасқан. Ол бизнес үшін де, жергілікті билік үшін де тиімді болып отыр. Өйткені ауыл басшылығы кәріз қалдықтарын өңдеу үшін алаңдамайды. Ал технологияны ойлап тапқан компания өкілдері шикізат көзіне қатысты бас қатырмайды. 

Рафаэль, Ахарон жобаның бас инженері:

– Технология былай жұмыс істейді: біз кәріз қалдықтарынан қатты заттарды бөліп аламыз. Олардан шикізат дайындаймыз. Ол қағаз не энергия өндірісі үшін жаратуға жарамды. Шикізат үшін көп ақша шығындамағандықтан, жоба өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. 

a түйіршіктерден кейін қағаз жасалады. Материалдың бір бөлігі энергия өндіру үшін қолданылады. Сөйтіп электр энергиясы шығындалмайды десе де болады. Жылу да кетпейді. Өйткені жағу кезінде бұл түйіршіктер жылудың үлкен мөлшерін бөледі екен. 

Рафаэль Ахарон, жобаның бас инженері:

– Бәрі қайта өңдеу дәрежесіне байланысты. Егер бұл көрсеткіш 50 процент шамасында болса, онда сіз қатты қағазды аласыз. 70 процент кезінде – қатырма қағаз, ал 100 процент кезінде – графикалық қағаз жасап шығарылады. 

Израильде қоқысты қайта өңдеу ұлттық жобаға айналған. Өйткені шағын мемлекет үшін қалдықтарды сақтау маңызды мәселенің бірі. Мәселен, Тель-Авивтегі басты өңдеуші кәсіпорында қоқысты судың көмегімен бөлу технологиясы кеңінен қолданылуда. Сонда қағаз не пластик секілді жеңіл заттар су бетіне қалқып шығады. Органикалық заттар ортасында қалады да, металл суға батып кетеді. Жалпы, елде қалдықтарды қайта өңдеумен үкімет емес, кәсіпкерлер айналысады. Сонда бизнесмендер ақша табады. Ал билік стандарттардың сақталуын қадағалап, инновацияларға салықтық жеңілдіктер жасайды.  Израильдік жүйенің ең басты артықшылығы осы дейді сарапшылар. 

Ақмола облысында қоқыс заңсыз тасталатын 1 жарым мыңнан астам орын бар

Дереккөз: 24.kz

Ақмола облысында 1 жарым мыңнан астам заңсыз қоқыс төгілген орын бар. Бұған жергілікті экологтар ғарыштан түсірілген фотолар арқылы көз жеткізген.

Алайда әуеден бақылау әзірге тек облыс орталығы мен елорда маңындағы 50 шақырым радиустағы аумақты ғана қамтиды. Бірақ, қолда бар деректердің өзі көңілді күпті етеді. Мәселен, Көкшетау қаласының маңайында 200-ден астам жерде күл-қоқыс шашылып жатыр. Мұндай жағдайлар тіпті жеке аулаларда да кездеседі екен. Өйткені тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын арнайы орындар ақылы болған соң тұрғындар қала сыртындағы ой-шұқырларға, кейде тіпті ойына келген жерлерге қоқыс төгіп кете береді. Мамандар, ондай заңбұзушылықтар бойынша жергілікті билік өкілдеріне хат жолдаған. Алайда әкімдіктегілер бұл проблеманы әзірге тек сенбіліктердің көмегімен ғана шешіп отырмыз дейді. Себебі оған арнайы қаржы қарастырылмаған. 

Нұрбек Хамитов, облыстық мемлекеттік экологиялық инспектор:

– Бұл заңсыз қоқыс орны бойынша экология департаменті облыстық және қалалық әкімдіктерге шамамен осыдан бір ай бұрын арнайы хат жолдады. Олар жыл соңына дейін бұл жердегі күл-қоқысты заңды орынға апарып тастаулары тиіс. Олай болмаған жағдайда тиісті шара қолданылады. 

Ольга Полянная, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының бас маманы:

– Аудандық және қалалық әкімдіктердің берген мәліметі бойынша биыл аймақтағы 622 елді мекеннің 415-інде сенбіліктер ұйымдастырылып, нәтижесінде 174 қоқыс жиналған орын тазаланды. Ол жерлерден 160 мың текше метр күл-қоқыс шығарылған.

2019 жылғы қарашаның 20-нан бастап 22-не дейінгі мерзім аралығында «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару» тақырыбына оқыту семинар туралы хабарлама

ҚР ЭГТРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2019 жылдың 20-22 қараша  аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Экологиялық кодекс. Құқық қолдану» тақырыбында семинар өткізді.

Семинарда келесі мәселелер қарастырылды:

  • Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қауіптерді тәуекелдерді бағалау жүйесі.
  • Сарқынды сулар. Сарқынды сулардың төгінділеріне қойылатын негізгі талаптар.
  • Профилактикалық бақылау.
  • Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінде ақпараттық технологияларды қолдану.
  • Мемлекеттік экологиялық бақылау және өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша есептемеге қойылатын талаптар.
  • Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар және оларға қойылатын талаптар.
  • Экологиялық аудит.
  • Экология саласындағы заңнаманы жетілдіру.
  • Өндіріс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастрының кіші жүйесін сүйемелдеу.
  • Қазақстанда табиғатты ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімін енгізу.
  • «Экологиялық рұқсат және мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы» композиттік қызметін іске асыру.

Іс-шараға «Потенциал ойл» ЖШС, «Көлжан» ЖШС, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС, «КазАзот» АҚ, «Каспий нефть» АҚ,       «Becturly Energy Operating» ЖШС өкілдері қатысты.

Семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының соңғы өзгерістерімен және толықтыруларымен, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы «ЭкоИнфоПраво» нормативтік-құқықтық актілердің локальды базасымен танысты.

Семинар соңында қатысушыларға куәлік берілді.

Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭГТБРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда.

 

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы

біліктілікті арттыру басқармасы

СҚО-да ормандарды қорғау шаралары қорытындыланды

Дереккөз: inform.kz

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында ормандарды қорғау шараларының нәтижесі қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, Солтүстік Қазақстандағы ормандардың жалпы санитарлық жағдайы қанағаттанарлықтай. Соған қарамастан, өткен жылдардағы орман өрттерінің салдарынан өлген, бүлінген, су басқан және кеселге ұшыраған көшеттер де баршылық.

Биыл орман зиянкестерінің ошағы анықталған жоқ. Жұмыртқа салғыштар бойынша – жұпсыз жібек құртының карантиндік зиянкестерінің ошағын анықтау үшін орман патологиялық зерттеуі жүргізілді. Мамандар тексеру нәтижесінде орман зиянкестерінің 2020 жылы шығуы мүмкін екенін анықтады.

2014 жылдан бастап жауын-шашынның толассыз түсуінен жерасты сулары көтеріліп, кейбір жерлерде орман ағаштары мен қайың-көктерек көшеттері көгермей, өліп қалған. Осындай ормандарды тексеру үшін Республикалық орман селекциялық-тұқым шаруашылығы орталығы мен Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары шақырылды. 15091 гектар орман алқабын су басқаны анықталды. Олардың барлығы бақылауға алынды.

«Соколовка орман шаруашылығы» ҚМК мемлекеттік орман қоры аумағында 184 гектар алқапта жерүсті биологиялық күрес шаралары жүргізілді. Оның ішінде 25 құсқа арнап жасанды ұялар ілініп, 25 құмырсқа илеуі жасалды», – деді басқармадан.

Мамандар тексеру нәтижесі бойынша 2020 жылға санитарлық-сауықтыру шаралары қажет екенін жоспарлады.

Қазақстан Орталық Азиядағы құс жолын сақтау жобаларын үйлестіретін болды

Дереккөз: inform.kz

ЛОНАВАЛА. ҚазАқпарат – Үндістанның Махараштра штатындағы Лонавала қаласында 18-22 қараша күндері сулы-батпақты аймақтар мен оны мекендейтін құстарды сақтауға арналған халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығына сілтеме жасап.

Жиында Орталық Азиядағы құс жолында (Central Asian Flyway – CAF) іске асырылатын табиғатты қорғау жұмыстарының маңызына ерекше назар аударылды.

Бомбейдің табиғат тарихы қоғамы (Үндістан) мен ҚБСҚ (Қазақстан) Орталық Азиядағы құс жолы жөніндегі бастамаларға (CAFІ) қатысушы елдердің әрекеттерін сонымен қатар, Оңтүстік Азия мен Орталық Азиядағы жобаларды үйлестіретін болды. Қазақстан атынан ҚБСҚ атқарушы директоры Вера Воронова, қауымдастықтың ғылыми қызметкері Руслан Оразалиев сөз сөйледі.

Конференцияға 200-ден астам адам қатысты. Орталық Азиядан Қазақстан, Түрікменстан (Елдар Рүстемов), Өзбекстан (Олег Кашкаров) өкілдері де қатысты. Шараны Бомбейдің табиғат тарихы қоғамы (Bombay Natural History Society) ұйымдастырды.

Ғалымдар Жайық популяциясының 10 киігін спутник арқылы бақылайды

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ) мен ҚР БҒМ «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты» (БҚМ ҒЗИ) РМК бірлескен экспедициясы Батыс Қазақстан облысында 10 киікке GPS сенсоры бар мойынбау тақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қауымдастық сайтына сілтеме жасап.

15 қарашада басталған экспедиция барысында зерттеушілер барлығы 12 бөкенді ұстады. Олардың ішінде 3 жастан аспаған 10 ұрғашы киікке GPS треккерін тақты, екі сайғақтан (текесі) биоматериал сынамалары алынды.

Жүйрік дала киіктерін ұстап алу оңай емес, оларды қолға түсіру ҚБСҚ-ның 2009 жылғы тәсілімен жүргізілді.

Бұл жұмыстар ҚБСҚ мен БҚМ ҒЗИ арасындағы ғылыми серіктестік туралы келісім аясында іске асырылды. Таңбаланған киіктерді екі ұйым да бақылап отырады. ҚБСҚ – миграция мен күзет жолдарын қадағаласа, институт – киіктердің ауруын зерттеумен айналыспақ.

Жануарларды аулауға ҚБСҚ, БҚМ ҒЗИ, «Охотзоопром» ӨБ және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері қатысты.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика