red_hot_chili_peppers_be_admin | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Атырауда өзен суының сапасы жіті тексеріліп жатыр

Дереккөз: 24.kz

Атырауда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ұйымдастыруымен өзен суын кешенді тексеру басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Эко-акция» шарасына басты мақсаты былтырғыдай балық қырғынына жол бермеу және облыстағы су қоймаларының тазалығына талдау жасау», – дейді мамандар.

Алдымен ат басын тірегеніміз – Атырау су арнасы мекемесінің су алу және пайдаланған суды өзенге ағызу бекеті. Облыс тұрғындары мен өндіріс орындары аталған мекеме арқылы тәулігіне 90 мың текше метр су пайдаланады.Тіршілік нәрі осы арада тазартылып құбырлар арқылы тұтынушыға жетеді. Былтыр Жайық өзенінде орын алған балықтардың жаппай қырылуына себеп болған да осы мекеме еді. Салдарынан 123 тоннадан астам су маржаны текке рәсуа болды. Осы оқыс оқиғадан кейін барлық құзырлы мекемелер су сапасын үнемі бақылауда ұстап келеді.

Темірлан Темірбеков; «Қазгидромет» Р МКинженері:

– Бұл іс-шара апта сайын жоспардан тыс бақыланады. Және де мониторинг жүргізіледі. Су құрамында аса ірі мөлшерде өзгерістер жоқ. Қыс мезгілінде судың салқындауына байланысты болмаса, қатты өзгешелік байқалған жоқ.

Рейд барысында өзен суынан микробиологиялық, химиялық сынамалар алынды. Сынама арнайы зертханада тексеріліп, табиғат пайдаланушыларға тиісті нұсқау беріледі. Негізгі жұмыс орман шаруашылығы жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының үйлестіруімен жүзеге асуда.

Мәншүк Темешова, ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің басшысы:

– Мақсат – былтырғыдай балық апатының алдын алу. Ол үшін рейдтік іс-шаралар жиі өтуі тиіс. Сондай-ақ, алда барлық қадағалаушы органдар бірлесіп, өзен суына гидрохимиялық мониторинг жасаймыз.

Жайық суын пайдаланушылардың бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты. Кәсіпорын тәулігіне 18 мың текше метрге жуық су алады. Рейдтік іс-шара барысында зауыттың су алу бекетінен де сынамалар алынды. Оның қортындысы бір аптадан соң жарияланады. Осылайша өзен суын бақылау жыл бойы жалғасатын болады.

Алматының ботаникалық бағы әкімдік қарамағына беріле ме – комитет жауабы

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы қаласының Бас ботаникалық бағы ҚР БҒМ қарамағынан алынып, өзге министрлікке беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет айтты.

«Алматы қаласының Бас ботаникалық бағы (Ботаника және фитоинтродукция институты) Қазақстан Республикасының айрықша қорғауындағы табиғи аумақ болып саналады. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ведомствалық бағынышты ұйымы болып саналады. Ботаникалық бақты Алматы әкімдігінің қарамағына өткізу мәселесі қойылған емес. Сәйкесінше, бұл жер айрықша қорғауындағы табиғи аумақ тізімінен алынбайды», – деп түсіндірді Сәкен Ділдахмет Facebook желісінде.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Үкімет Ботаникалық бақты ҚР Білім және ғылым министрлігі балансынан шығарып, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ауыстыру мәселесін қарастыруда.

Елордада алғаш рет автокөлікті электрмен жылыту жобасы іске қосылды

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында қыста автокөлік жылытатын инновациялық құрылғы орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Азия даму банкі мен Нұр Сұлтан қаласының әкімдігі төмен көміртекті қалаларды дамыту бастамасы аясында автомобиль қозғалтқышын электрмен жылыту пилоттық жобасын іске қосты.

«Бұл жобаның мақсаты – қала экологиясының жақсаруына үлес қосу. Бұл фин технологиясы Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Бізде суық күндері автокөлікті қыздырғанда ауаға қаншама қалдық шығарылады. Осы орайда бұл құрылғы өте ыңғайлы әрі көліктің қозғалтқыш құралдары үнемі жылы болып тұрады. Яғни автокөлікті қыздырып уақыт жоғалтпайсыз. Бұл бірлескен жобаның тек бастамасы ғана деп ойлаймын. Біз аталған құрылғыны орнату үшін елорданың бірнеше ауданын таңдап алдық. Яғни қаланың әр ауданында бір құрылғыдан орнатылатын болады. Сол сияқты инновациялық құрылғыны болашақта электр жүйесімен жүретін автокөліктер үшін де қолдануға болады», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, қыстың суық күндері тұрғындар қозғалтқышты және салонды жылыту үшін автомобиль қозғалтқыштарын ұзақ уақыт қыздырады. Бұл шамадан тыс жанармай мен қаржылық шығындарға, қозғалтқыштың тозуына және парниктік газдар мен зиянды заттардың атмосфераға шығарылуына әкеледі.

Мамандардың айтуынша, аталған құрылғы электр қуатымен жұмыс істейді және жабдықты автомобильге сертификатталған маман орнатуы немесе зауыттан шыққанда орнатылуы тиіс.

«Біз серіктестерімізбен бірге аталған инновациялық технологияны Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет қолданысқа енгізіп жатырмыз. Жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан қала әкімдігі мен Қазақстандағы Финляндия елінің елшілігіне алғысымызды айтамыз. Алдағы уақытта жобаның аясы кеңейіп, басқа қалаларда да іске қосылады деген үміттеміз», – деді Азия даму банкінің президенті Такехико Накао.

Айта кетсек, өткен жылдан бастап елорда әкімдігі Орталық Азия елдері қалаларында төмен көміртекті дамытуды ілгерілетуге қатысатынын растады.

Президент Ақмола облысындағы экологиялық мәселелерді шешуді тапсырды

Дереккөз: infrom.kz

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат –  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетауда өткен Ақмола облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу туралы тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыста күрделі экологиялық жағдай қалыптасып отыр. Экологиялық жағдайды оң шешу үшін Щучинск-Бурабай курортты аймағында ауаның ластануы, яғни көмір арқылы жылтылатын қазандықтардан шығарылатын қалдық заттар мәселесін шешуіміз керек. Жылу агрегаттарын экологиялық тиімді жабдықтарға ауыстыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Келешекте бұл мәселе Көкшетауға дейін курортты нысандарын қосуда екінші «Сарыарқа» газқұбыры автомагистаралын жүзеге асыру арқылы шешілетін болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қатты тұрмыстық қалдықтарды жою мәселесі осыған дейін бірнеше рет айтылды. Көкшетаудың қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигонда қоқыстарды бөліп, сұрыптап, қайта өңдеу жұмыстары дұрыс жолға қойылмай келеді.

«Рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарының саны артуда. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жоятын технология қажет. Әкімдіктерге рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын жою бойынша жұмыстарды ширату қажет», – деді Президент.

Кеңесте айтылғандай, Степногордегі уран кенін өндіру зауытында жиналып қалған қалдықтарды жою мәселесі әлі шешілген жоқ.

«Міндетті түред уран өндіру кешені нысандарында қайта өңдеу жұмыстарын жүргізу керек», деп толықтырды Президент.

2019 жылғы қарашаның 13-нан бастап 15-не дейінгі мерзім аралығында «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару» тақырыбына оқыту семинар туралы хабарлама

Баспасөз ақпараты

 

ҚР ЭГТРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2019 жылдың 13-15 қараша  аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару» тақырыбында семинар өткізді.

Семинарда келесі мәселелер қарастырылды:

  • ҚР Экологиялық кодексі. Қалдықтармен жұмыс істеуді құқықтық реттеу.
  • Тұрмыстық қатты қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнама талаптары.
  • Қалдықтарды қайта өңдеу технологиялары.
  • ҚР Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде қайта өңделетін қалдықтар.
  • Қалдықтарды өңдеуге арналған технологияларды, техника мен жабдықтарды әкелуді экологиялық реттеу.
  • Экологиялық менеджмент.
  • Жаңа Экологиялық кодекс. Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару саласындағы жаңашылдықтар.
  • Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінде ақпараттық технологияларды қолдану.
  • Өндіріс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастрын жүргізу;
  • Экологиялық ақпарат беру.
  • Қазақстанда табиғатты ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімін енгізу.
  • Профилактикалық бақылау.

Іс-шараға «Өскемен арматуралық зауыты» АҚ, «Амангелді Газ» ЖШС, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС, «Астана – Аймақтық Электржелілік Компаниясы» АҚ, «Қазақ технология және бизнес университеті» АҚ өкілдері қатысты.

Семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының соңғы өзгерістерімен және толықтыруларымен, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы «ЭкоИнфоПраво» нормативтік-құқықтық актілердің локальды базасымен танысты.

Семинар соңында қатысушыларға куәлік берілді.

Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭГТБРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда.

 

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы

біліктілікті арттыру басқармасы

БҰҰ Көкжайлау жобасына тыйым салуға қолдау білдірді

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көкжайлау жобасын жүзеге асыруға тыйым салу жөнінде шешім БҰҰ тарапынан да қолдау тапты. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Көкжайлау жобасын жүзеге асыруға тыйым салу жөнінде шешім шығарғаны мәлім. Бүгінде осы маңызды ұйғарым өз елімізбен қатар әлем қауымдастығының айрықша назарын аудартып отыр. Бұл шешім БҰҰ тарапынан да қолдау тапты. Мемлекет басшысының атына БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ольга Алгаерованың хаты келіп түсті», – дейді Берік Уәли өзінің парақшасында.

БҰҰ-ның мәртебелі өкілі Көк-Жайлау шатқалындағы тау-шаңғы курортының құрылысына қатысты шығарылған шешімге қолдау білдіретінін жеткізген.

«Сіздің «барлық шешімдерді қабылдау кезінде халықтың ой-пікірін ескеріп, қоғамдық тыңдаулар жүргізу керек және қабылданатын іс-шаралардың мән-маңызын азаматтарға жан-жақты түсіндіру қажет» деген сөзіңіз маған ерекше әсер етті. Бұл тұжырым Қазақстанның ашық және өз азаматтарының белсенді рөліне негізделген шешімдер қабылдау ұстанымын ілгерілетуге бейілділігін көрсетед» – деп жазады Ольга Алгаерова.

Мемлекет басшысының шешімі әлем қауымдастығы тарапынан «қоғамның алаңдаушылығын ескеріп жасалған тиімді ұйғарым» ретінде ғана емес, еліміздің экология саласындағы халықаралық міндеттемелерді, соның ішінде Орхус конвенциясының қағидаттарын берік ұстануы ретінде қабылданғаны өте маңызды.

Аталған халықаралық ұйым елдің дамуына қолдау көрсету үшін Қазақстанмен тығыз жұмыс істеуге ниет танытып отыр.

Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан еліміздегі және өңірдегі экология мәселелерін шешу, жасыл экономиканы қалыптастыру, тұрақты дамуды қамтамасыз ету бағытында БҰҰ-мен және оның құрылымдарымен жемісті ынтымақтастықты нығайта беретініне баса мән бергенін атап көрсеткім келеді.

Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Көкжайлау тау-шаңғы курортына қатысты пікір білдірген болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабай және Щучье көлдерін батпақтан тазартуды тапсырды

Дереккөз: inform.kz

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабай және Щучье көлдерін батпақтан тазарту мәселесін тілге тиек етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бурабай және Щучье көлдерін батпақтан тазарту мәселесі өте өзекті. Біз Бурабайдың ғажап табиғатын өскелең ұрпақ үшін сақтап қалуымыз керек. Осы мәселелерді шешу үшін тиісті министрлікке мүдделі органдармен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Президент Ақмола облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.

Ақтөбеде әр ағаштың жеке құжаты болады

Дереккөз: inform.kz

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ресейлік мамандар Ақтөбе қаласындағы жасыл желекті түгендейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында жасыл желек санын арттыру, егу, суару, күтіп ұстау жұмысын жүйелі жүргізу үшін бар ағаштың санын білу жоспарланды.

«Ақтөбе — бәріміздің ортақ үйіміз. IT-технологияның дамыған кезінде мәліметтердің электрондық базасын, автоматтандыру жүйесін жасау қажет. Әрі жасыл желек қала аумағында қатаң бақылауға алынуы тиіс. Бұл үшін біз техникалық мүмкіндіктерімізді жетілдіруіміз керек. Мәселен, қалада тал-көшеттің саны мен сапасы туралы нақты мәлімет жоқ. Бұл жасыл желекті суаруға, күтіп ұстауға бөлінетін қаржыны негіздеуге кедергі келтіреді. Сондай-ақ, қалада дендрологиялық зерттеу жүргізілмейтіні анық. Инженерлік желіні жүргізген кезде, құрылыс салғанда, қайта жөндеу жұмысы кезінде тал-теректің зардап шегетіні белгілі», – деді қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров. Ресейде ағаштарды есепке алуды бастаған «Ульмус» қоғамдық бірлестігінің бас директоры Павел Воробьев және Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінің доценті Екатерина Черняева өз тәжірибесімен бөлісті. «Ресейде 10 жылдан бері «Жасыл желек тізімі» атты бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Өсіп тұрған тал-көшет бағалау жүйесіне енгізіледі және мәліметі арнайы ақпараттық жүйеге тіркеледі. Соның арқасында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері кез келген уақытта жасыл желектің санына, сапасына қатысты мәліметті біліп отырады», – деді Павел Воробьев. Ағаштарды түгендеу жұмысына ауыл шаруашылығы колледжінің оқушылары және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері қатысады. Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің биолог, агроном дендрологтан құрылған жұмыс тобы мәскеулік мамандармен бірге «Ақтөбе қаласының жасыл белдеуін құру, күтіп ұстау және қорғау ережесін» жасайды. Еске салсақ, 2017 жылы отырғызылған 1 миллион түп көшет суарылмай, қурап қалған болатын. Бұл үшін бюджеттің 70 миллион теңгеден астам қаржысы жұмсалды.

Қазақстанда Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі құрылады

Дереккөз: ecogeo.gov.kz

Экологиялық кодекске сәйкес, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоршаған ортаның жай-күйіне мемлекеттік мониторинг жүргізумен айналысады, барлық мониторинг деректерін жинау, оны талдауларын автоматтандыру, нәтижесінде басқарушылық және экономикалық шешімдерді тез қабылдау үшін 2022 жылдың соңына дейін Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі құрылады

Жүйе «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әзірленеді және оған қоршаған ортаның, табиғи ресурстардың жай-күйі мен арнайы мониторинг түрлерінің мониторингі кіреді.

Қоршаған орта мониторингі шеңберінде мыналар зерттелетін болады: ауа, жауын-шашын, су ресурстары, топырақ, метеорологиялық жағдай, шекарааралық ластану және фондық мониторинг жүргізілетін болады.

Табиғи ресурстардың мониторингі жердің, су объектілерінің, жер қойнауларының, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, ормандардың, тау жүйелерінің, жануарлар және өсімдіктер дүниесінің, сонымен қатар шөлейттену деңгейінің жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді.

Жүйе шеңберінде жүзеге асырылатын мониторингтің арнайы түрлері әскери сынақ полигондарын, «Байқоңыр» зымыран-ғарыш кешенін, парниктік газдар мен озон қабатын бұзатын заттарды тұтынуды, санитарлық-эпидемиологиялық мониторингті, климат пен жердің озон қабатын мониторингін, ғарыштық мониторинг пен экологиялық төтенше жағдайлар аймақтар мониторингін және экологиялық апаттарды қамтиды.

Жүйенің маңызды ерекшелігі оны қолданыстағы мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қосу мүмкіндігі, бұл деректерді жинауды және оларды одан әрі барлық мүдделі адамдар арасында таратуды жылдамдату болып табылады.

Сонымен қатар, мониторингтің барлық түрлерін біріктіру су тасқыны сияқты табиғи құбылыстарды болжауға, дауылды ескерту уақытын арттыруға және ормандарды өрттен сақтауға көмектеседі.

Шарын ұлттық паркінде Қызыл кітапқа енген сілеусін көзге түсті

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары жабайы аңдарды тіркеу барысында Үлкен Бұғұтты тауының маңындағы фототұзаққа Түркістан сілеусіні түсіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видеоны ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында жариялады.

«Мысық тұқымдастардың бұл түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Қазақстан фаунасында кездесетін сілеусіннің үш түрінің біріне жатады. ХІХ ғасырдың соңында Жетісу өлкесінде сілеусіндер көп болған. Ол кездері жылына 200 сілеусін ауланатын. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары жылына 20-30 сілеусін терісі дайындалып келген. 1976 жылы оны аулауға тыйым салынды», – дейді Сәкен Ділдахмет

Түркістан сілеусіні қары қалың жерде тіршілік етеді. Азық іздеп, біршама жерге ауып кетуі мүмкін. Түнде белсенді. Кейде жалғыз да жүре береді.

«Бір дегенде екі-үштен туады. Негізгі азығы – қоян, суыр, елік, қабан, тауешкі. Үй жануарларын да аулай береді», – деп жазады ол.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика