Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев браконьерлерге жазаның қаншалықты күшейгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа өзгерістер «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңында көрсетілген.
«Бұған дейін Қылмыстық Кодексте жалпы норма болса, енді нақтыланған нормалар пайда болды. Мұнда мүлікті тәркілеу мүмкіндігі болады. Жазаны күшейту бойынша шаралар кешені өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Аңшылық құралы, қару-жарақ, көлік, балта, рюкзак және өзге де заттар тәркіленеді», – деді Е. Нысанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, орман, балық және жануарлар әлеміндегі заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейту бойынша ҚР Қылмыстық Кодесіне түзетулер енгізіледі. Одан бөлек, шетелдіктерді жасаған қылмысы үшін 5 жылға ел аумағынан шығару қарастырылған.
«Заңсыз аңшылық үшін қылмыстық шешім белгілері кеңейтілді және санкциялар ұлғайды. Мәселен, бұрын осы бап бойынша браконьерлер аңшылықта жануарға зардап келтіретін жарылғыш құралдар, кеме мен қарда жүретін машина қолданғанда ғана жазаланатын еді. Енді онда ату құралы, пневматикалық және суық қару, иттер мен аңшылық құстары енгізілді. Браконьерлер жазаға тартылатын ҚР ҚК 339-бабы жетілдірілді. Бұрын 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, енді бұл жаза 12 жылға созылады. Заңнаманы жетілдіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр», – деді Е. Нысанбаев.
Дереккөз: infrom.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда пластик бөтелкелер мен пластик орамаларды қайта өңдеу жолға қойылып келеді. Бұл туралы «Тұрақты дамуға жәрдемдесу» орталығының жобалар жөніндегі менеджері Юлия Душкина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Түрлі пластик өнімдер өндірісінің көлемі артып келеді. UNEP мәліметтеріне сәйкес, 500 млрд тонна пластик пакеттер қоқысқа тасталады және минут сайын 1 млн пластик бөтелке сатып алынады екен. Өкінішке орай, осынау өнімнің айтарлықтай бөлігі бірінші рет пайдаланылғаннан кейін қоқысқа кетеді. Алайда, пластик өте құнды әрі қайталама шикізат саналады. Сондықтан қайтадан шикізат, жаңа өнім алу үшін, қоршаған ортаға зиян көлемін төмендету үшін оны кәдеге жаратуымыз қажет», – деді ол пластик қалдықтарын жинау және қайта өңдеу тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы барысында.
Оның дерегінше, елімізде де пластик қалдықтар өте көп. Мәселен, тек 2018 жылдың өзінде ғана шамамен 480 мың тонна пластик қалдықтары жиналған. Ал «Оператор РОП» ЖШС мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылы елімізде жиналған пластик қалдықтардың салмағы 283 мың тоннаны құраған.
«Бұл ретте 2017 жылы елімізде жиналған пластик қалдықтардың шамамен 6 тоннасы немесе жалпы көлемнің 2 пайызы ғана өңделген. Ал 2018 жылы қайта өңделген пластик көлемі 9 мың тоннаны немесе 3 пайызды құрады. Бұл төмен көрсеткіш және пластик пен пластик қаптамаларды шығарушылардан бастап барлық тарап оны қайта кәдеге жаратуға мүдделі болуы тиіс», – деді Ю.Душкина.
Айта кетерлігі, 2018 жылы Қазақстан аумағында 4,3 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналған. Оның 11,2 пайызы немесе 481 мың тоннадан астамын пластик қалдықтар құрайды.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда полиэтилен пакеттерге бірден тыйым салу мүмкін емес. Бұл туралы Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы басқармасы төрағасының орынбасары Елдос Абақанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі күні тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу Қазақстандағы үлкен проблемалардың біріне айналып отыр. Оны шешу үшін мемлекет тарапынан нақты шаралар да қолға алынған.
Атап айтқанда, еліміздің Экологиялық кодексіне сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап полигондарда пластиктерді көмуге тыйым салынған. Мұнан бөлек, осы жылдың қыркүйек айында біздің қауымдастық, Экология министрлігі және «Атамекен» палатасы арнайы меморандумға қол қойды. Аталған меморандумға сәйкес, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен полиэтилен пакеттерді сауда нүктелерінде пайдалануға тыйым салынбақ. Сонымен қатар енді сауда нүктелерінде мұндай пакеттер тегін берілмейтін болады», – деді ол пластика қалдықтарын жинау және қайта өңдеу тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы барысында.
Оның атап өтуінше, полиэтилен пакеттерге балама ыдырайтын биопакеттер шығарып, олардың бағасын теңестірген жөн.
«Экопакет пен полиэтилен пакеттердің бағасын бірдей қылсақ, экологиялық жауапкершілігі мол азаматтар экопакеттерді қолданатындығына сеніміміз мол. Мемлекет тарапынан қолдау болса, мұндай экопакеттерді сауда нүктелерінде тегін де беруге болар еді. Жалпы, бүгінде Қазақстан бойынша күніне 15 миллион полиэтилен пакеті қолданылады екен. Ал биопакеттердің үлесі тым аз. Күні кеше ғана қағаз пакет шығаратын кәсіпорын басшылығымен кездестім. Олар үлкен бір сауда желісімен келісімге келіп, 1 млн қағаз пакет сату-сатып алу келісімшартын жасасқан екен. Жалпы, бүгінгі күні полиэитлен пакеттерді шығаруға тыйым салу мүмкін емес», – деді Елдар Абақанов.
Дереккөз:inform.kz
НҰР-СҰЛТАН – АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудың экологиясын жақсартуға арналған нақты жоспар бар. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атырауды толғандыратын мәселе – экология. Қазіргі таңда сол жағалауда бұрын-соңды болмаған кәріздік тазарту жүйесін іске қосып жатырмыз. Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында толығымен аяқталып, іске қосылады. Өздеріңіз білетіндей, Атырау қаласындағы «Сасық сай» 1 500 гектар жерді алып жатыр. Соған сарқынды су төгілмейтін болады. Біздің жоспарымызға сәйкес, оны жою керек», – деді облыс басшысы.
Жаңа кешен іске қосылғаннан кейін пайдаланылған суды уақтылы тазарту мүмкін болады. Бұл алдымен экология үшін маңызды. Лас су топыраққа, жер асты суына, тұтастай экожүйеге зиян. Тазартушы қондырғылар жұмыс процесін жылдамдатады, тазартылған ақпасуды шаруашылық қажеттіліктерге қайтадан пайдалануға мүмкіндік береді.
«Бізде Атыраудың экологиясын жақсартуға арналған нақты жоспар бар. Ең алдымен бұған дейін Атырауда болмаған кәріз суын тазарту кешенін іске қосамыз. Біз бір кешенді салдық, жақын арада екіншісін сала бастаймыз», – деді Нұрлан Ноғаев.
«Бізде Атыраудың экологиясын жақсартуға арналған нақты жоспар бар. Ең алдымен бұған дейін Атырауда болмаған кәріз суын тазарту кешенін іске қосамыз. Біз бір кешенді салдық, жақын арада екіншісін сала бастаймыз», – деді Нұрлан Ноғаев.
Қазір қолданыстағы қалалық әкімдіктің теңгеріміндегі «Сасықсай» булану алаңының 476 га аумағын қалпына келтіру үшін ЖСҚ жасалуда (құны – 193,2 млн теңге). Осы тұндырғының 860 гектарын қалпына келтіру мақсатында Атырау мұнай өңдеу зауыты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен бірлесіп, «TAZALYQ» жобасын қолға алды. Жобалау жұмысы 2020 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деген жоспар бар.
Зауыт қабылдаған меморандумға сәйкес, булану алаңын қалпына келтіру 2020 жылға жоспарланған. Бұл зауыттың экологияға әсерін біраз төмендетеді. Қалалық әкімдік те «Қара квадрат» булану алаңын қалпына келтіру бойынша жоба дайындауда, қаланың оң жақ жағалауындағы нысан жобасының құны – 75,5 млн теңге. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін бітеді.
«Кәріз суы булану алаңына ешқандай тазартудан өтпестен құйылып келді, экологияға өлшеусіз залал келтірді. Жаңа кешен іске қосылғаннан кейін қазіргі қолданыстағы «Сасықсай» жабылады, бұл алаң бірнеше жылдардан бері тұрғындар тарапынан шағым туғызып келген еді. Кәріз суын тазарту кешені пайдалануға берілгеннен кейін ақпасу ағыны булану алаңына келгенше тазартудың толық сатысынан өтеді. Сол арқылы жерасты суы, топырақ, атмосфералық ауа да тазарады», – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Ағын су құрамындағы ластаушы заттарға байланысты екі топқа бөлінеді: консервативті және консервативті емес. Консервативті ластаушылардың химиялық реакцияға түсуі қиын. Кейде биологиялық ыдырау жүрмейді де, оларға ауыр металлдардың тұздары, фенолдар, пестицидтер жатады. Ал, консервативті емес ластаушыларға тәулік ішінде өзгеріске ұшырайтын қосылыстар жатады. Ағын су құрамында сонымен қатар, органикалық емес нысандар, құм, шірінді бөлшектер, кен, бейорганикалық тұздар, қышқылдар мен сілтілер болады. Ағын суды бактериялар, саңырауқұлақтар, вирустар, құрттардың жұмыртқалары және патогенді микроорганизмдер ластайды. Осылар көп мөлшерде жинақталып, қоршаған ортаға ғана емес, тұрғындарға да қауіп туғызады.
Бүгінге дейін осы процестер бақылаусыз келді, бұл жағдайды экологиялық апат деп те айтуға болады. Атыраудағы тазарту ғимараттарына 65 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеді. Биотазарту жүйесі жарамсыз болып қалды. Дұрыс жөндеу жұмысы жасалмады.
Қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту – жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Осыған байланысты зиянды заттардың атмосфераға түсуіне мониторинг жүргізу назарға алынып отыр. Жергілікті бюджеттен мониторинг жүргізуге өлшеу құралдарын, автозертхана алуға 172 млн теңге бөлінді.
Бүгінде облыс аумағында ауа райына бақылау жүргізетін 45 станса жұмыс істейді, оның 17-сі облыс аудандарында орналасқан. Атырау қаласында 28 станса бар, оның 20-сы НКОК компаниясына, 4 – АМӨЗ, 7 – «Қазгидромет» РМК Атырау филиалына тиесілі.
Қазір Атырау облыстық әкімдігі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында алматылық «Экосервис-С» компаниясымен бірлесіп ауа сапасына онлайн мониторинг жүргізу жүйесін іске қосуды қарастырып жатыр. Жоба аясында облыс орталығындағы ауа ластануының нысаналы көрсеткішін орнату жоспарлануда. Мәліметтер геоақпараттық порталда және қала көшелеріндегі LED экрандарда көрсетіліп тұрады.
Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Көкжайлау тау-шаңғы курортына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қайтадан бұл мәселеге оралмас үшін, мен бүгін осы жобамен айналысуға тыйым саламын. Яғни, Көкжайлау тау-шаңғы курорты жобасымен айналысуға. Ол бізге керек емес», – деді Қасым Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы барлық кәсіби экологтар мен білікті қоғам өкілдері жобаға қарсы екенін атап өтті.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Көкжайлау» курорттық жобасын жүзеге асыруды кейінге қалдыру туралы ұсыныс айтқан болатын.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жасыл ел» еңбек жасақтарының Республикалық штабы «ECO Pack» экологиялық науқанын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұйымның баснпасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен өткен жобаның аясында 700-ден 1000 жылға дейін ыдырайтын полиэтиленді пакеттер көп мәртелік эко-дорбаларға ауыстырылды.
«Биыл біз «ECO Pack» жобасын алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Бұл экологиялық науқанды ұйымдастырудағы мақсатымыз – жаһандық жылыну, қоршаған ортаның ластануы, қоқыстардың табиғатқа тигізетін зияны сынды экологиялық мәселелерге жұртшылықтың назарын аудару. Эко-дорбалар планетамыздың экологиясын жақсартуға көп үлес қосады. Полиэтиленді пакеттерге қарағанда, табиғи матадан жасалған эко-дорбалар бірнеше айдың ішінде ыдырап, топырақты органикамен байытады. Осы сынды экологиялық науқандар тек қана Елордамызда емес, Қазақстанның барлық өңірлерінде жүзеге асып келеді», – деді «Жасыл ел» еңбек жасақтары Республикалық штабының жетекшісі Азамат Данияр.
Айта кетсек, ECO Pack – бұл экологияның көкейкесті мәселелері мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне қоғамның назарын аудартуға бағытталған экологиялық науқан. Бұл науқанның мақсаты – экологиялық мәдениет қалыптастыру, қоршаған ортаға құндылық ретіндегі қарым-қатынас орнату мен табиғат ресурстарын тиімді қолдануға назар аудару.
Дереккөз: inform.kz
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқапарт – Парламент Мәжілісі депутаттарының бір тобы Теміртау қаласында болды. Олармен бірге ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев те келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің көшпелі отырысында ірі кәсіпорындардың техногендік әсерін төмендету, өндірісті жаңғырту секілді өзекті мәселелер қаралды.
«Біз Теміртауға кездейсоқ келген жоқпыз. Мұнда ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі – «АрселорМиттал Теміртау» жұмыс істейді. Компания қала құраушы кәсіпорын ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны ластаудың негізгі көзі болып табылады. Біздің комитет бейінді министрлікпен бірлесіп осы жерде ластаушы кәсіпорындардың заманауи технологияларға көшу мәселелерін талқылауды шешті», – деді комитет төрағасы Глеб Щегельский.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіпке экологиялық таза технологияларды енгізу бойынша міндеттер қойды, деп атап өтті кездесуге қатысушылар.
Өткен жылы Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Елбасы өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуды тапсырған болатын. Облыс әкімдігі тиісті кешенді жоспарды бекітті. Өңірде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Кеңес құрылды. Билік өкілдері Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығымен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Отырыста облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров Кешенді жоспардың орындалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, 2023 жылға дейін қоршаған ортаны сауықтыру шараларын жүзеге асыру үшін барлық көздерден 121 млрд теңгеден астам қаржы салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, экология, геология және табиғатты пайдалану министрлігінің ақпараты бойынша, «АрселорМиттал Теміртауға» облыс бойынша зиянды қалдықтардың төрттен бір бөлігі және 80%-дан астамы Теміртауға келеді.
«Компания соңғы алты жылда жалпы сомасы 11 млрд теңгеге табиғат қорғау шараларын жүзеге асырды. Былай қарап отырсақ, бұл сома үлкен және нәтиже болуы тиіс. Алайда ластаушы заттардың шығарындылары тек 13,5 мың тонна шаңға қысқарды, бұл шығарындылардың жалпы көлемінің 6,5%-ын ғана құрайды. Осыған байланысты атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуын қысқарту бойынша тұжырымдамалық техникалық шешімдерді қайта қарау қажеттігі туындады», – деді министр.
Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, министрлік пен «АрселорМиттал Теміртау» 2023 жылға дейін эмиссия көлемін бес жыл ішінде 30%-ға төмендету туралы келісті. Отырыста екі жақты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
«30% көлем жайдан жай алынған жоқ. Жүргізілген нақты есептеулер. Біз екі ай бойы меморандумды қол қоюға дайындадық. Және де біз оның орындалуын қатаң қадағалап, бақылайтын боламыз. 30% – бұл шекті сан емес. Осының барлығы бетінде жатқан мәселелер. Әлі де төмендеу резервтері бар», – деп түсіндірді министр.
Ол меморандум бойынша компания қалада 500 мың ағаш отырғызуға міндеттенетінін айтты.
Мәжіліс депутаттары сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртауға» барып, өндіріс жұмысымен танысты. Көшпелі отырыс нәтижелері бойынша Комитет мүшелері экологиялық жағдайды жақсартуға байланысты өз ұсынымдарының топтамасын дайындайды.
Дереккөз:inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылдың қорытындысында елімізде қуаты 1042 МВтты құрайтын 87 жаңартылатын энергетика нысаны жұмыс істейтін болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта жаңартылатын энергетиканы дамытуға айтарлықтай инвестициялар құйылуда. Бұған Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің мол әлеуеті себеп болып отыр. Сонымен қатар, заңнамалық база мен қабылданған нысаналы индикаторлар жағдай жасауда. Мәселен, мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарында жаңартылатын энергетика үлесін 2020 жылға қарай 3, 2025, ал 2030 жылға қарай 10 пайызға дейін жеткізу мақсаты қойылған. Сондай-ақ, 2050 жылға қарай жалпы энергия тұтынудың кем дегенде жартысы жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесінде болуы тиіс», – деді Қ.Бозымбаев.
Осы орайда министр Қазақстанда осы саланы дамытуға ниетті инвесторларға айтарлықтай жағдай жасалып отырғанын айтты. «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заңда инвесторларға электр энергияны сатып алуға 15 жылдық келісімшарт ұсынылатындығын, сонымен қатар бірқатар преференциялар берілетіндігін еске салды.
«Тіркелген тарифтер жүйесі дамудың бастапқы кезеңінде «жасыл» энергия нарығын тез іске қосуға мүмкіндік берді. Мысалы, 2014 жылы белгіленген қуаты 178 МВт-тық 26 нысан болса, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде қуаты 1042 МВтты құрайтын 87 нысан жұмыс істейтін болады. Жыл басынан бері 1,65 млрд.кВт/сағ энергия өндірілді. Бұл 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 65 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін жоспарлы көрсеткіш 2,4 млрд.кВт/сағ орындалатын болады«, – деді ол.
Оның дерегінше, қуаттарды ұлғайтуға қатысты жоспарлы жұмыстың арқасында 2020 жылдың қорытындысы бойынша жүйеде қуаты 1610 МВтты құрайтын 108 нысан жұмыс істейтін болады. Ал, 2024 жылдың соңына қарай энергожүйеде кемінде 3000 МВт жаңартылатын энергия қуаты болады деп жоспарлануда.
ҚР ЭГТРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2019 жылдың 16-18 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Экологиялық кодекс. Құқық қолдану» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарда келесі мәселелер қарастырылды:
Іс-шараға Троицк ҚАЭС «ОГК-2» ААҚ, «Кazcentrelectroprovod» (Казцентрэлектропровод) ЖШС, «Каспиймұнайгаз» филиалы арқылы әрекет ететін «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ, «Bazis Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы, «Алматыгаз» абоненттік есептеу орталығы» ЖШС, «Қазақстан ASELSAN инжиниринг» (Казахстан Аселсан инжиниринг) ЖШС, Астана қаласындағы «Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығы» мекеме филиалы, «Атырауинжстрой» сауда үйі» ЖШС, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» («Казахстан Петрокемикал Индастриз Инк.») ЖШС, «Русская медная компания» АҚ өкілдері қатысты.
Семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының соңғы өзгерістерімен және толықтыруларымен, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы «ЭкоИнфоПраво» нормативтік-құқықтық актілердің локальды базасымен танысты.
Семинар соңында қатысушыларға куәлік берілді.
Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭГТБРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
біліктілікті арттыру басқармасы
Алматы тұрғындары енді смартфон арқылы қоқыстарынан арылып, тіпті одан пайда таба алады, деп хабарлайды «Хабар 24»
Ай-ти мамандары жаңа мобильдік қосымшаны іске қосты. Ол арқылы енді тұрмыстық қатты қалдықтарды қоқысқа тастамай, оны қайта өндіретін компанияларға жіберетін мүмкіндік бар. Демек пластик бөтелкелерінен бастап, үйдегі ескі жиһаздар мен құрылыс қалдықтары өзіңіз қалаған бағаға сатылатын қазынаға айналмақ.
Әдетте, үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, одан шыққан тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшігіне дейін жеткізуге қиналатынымыз рас. Енді арнайы техника жалдап, шығынданудың да қажеті жоқ. Бұл мәселелерді шешу үшін, алматылық ай-ти мамандары жаңа мобильді қосымша ойлап тапты. Аталған жобаны билік өкілдері де қолдап отыр.
Мақсат Қиқымов, Жетісу ауданының әкімі:
– Бізде ең үлкен мәселе – қоқыс алаңындағы қоқыс жәшіктерінің шамадан тыс толып кетуі. Әсіресе, ауыр заттарды көпшілік жәшіктің ішіне тастамайды. Ал келісімшарт бойынша, қоқыс жинайтын компания тек жәшіктің ішіндегі қоқысты алып кету керек. Ал сыртындағы қажетсіз заттарды қала тұрғындары өз қаржыларына жеткізу керек болатын. Ал енді керісінше болып отыр. Яғни тұрғындар қоқысты жәшікке жеткізбей сатып, ақша таба алады.
Әсем қаланың көркін қашырып, көшелерді ластаумен қатар экологияға орасан зиян келтіретін қоқыстарды бірден өндіріске жіберуге мүмкіндік беретін мобильдік қосымшаны құрастырған маманның бірі – Талғат Асрамқұлов. Ол эколог мамандығы бойынша білім алған.
Талғат Асранқұл, IT-платформаның негізін қалаушы:
– Мысалы, тұрғындар көбіне ескі құрылыс материалдарын қоқысқа тастайды. Ал қаланың бір түкпірінде керісінше, сондай тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдайтын кәсіпорындар бар. Біз оларды байланыстыратын мүмкіндік жасап отрмыз. Әрине, бір-екі пластик бөтелкесі үшін ешкім бармайды. Ал ауқымды қағазы бір бөлек, қатты заты бір бөлек сұрыпталатын болса, оны осы қосымша арқылы сатуға болады.
Қоқысты сатып, одан пайда табудың жолы қиын емес. Алдымен қажетсіз заттарды сұрыптап, оны суретке түсіресіз. Кейін смартфондағы анықтаманы толтырып, жиналып қалған қағаздар мен пластик, керек емес жиһаз немесе құрылыс заттарын саудаға қоясыз. Бағаны да өзіңіз белгілейсіз. Ал сіздің дүниеңізді керек деп тапқан тарап өзі хабарласады. Бұл жобаға қазірдің өзінде қайта өндіру ісімен айналыс жүрген 30-ден астам кәсіпорын қызығушылық танытып отыр.
Авторлары. Алуа Маханбет, Владимир Бовкис, Нұрдәулет Жақсыбай