Дереккөз: www.24.kz
Қарағанды облысының Гүлшат елді мекені маңында қуаты 40 мегаваттық күн электр станциясы іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мамандардың айтуынша, бұл Балқаш секілді 5 бірдей қаланы тоқ көзімен қамтуға жеткілікті. Алып нысан шетелдік инвесторлардың қаржысына салынған. Жоба құны – 46 миллион доллар.
Күн электр станциясының аумағы 100 гектарды алып жатыр. Құрылыс жұмыстары небәрі 8 айда аяқталған. Жобаны жүзеге асыруға 46 миллион доллар қаржы жұмсалыпты. Мамандар нысанды салмас бұрын бұл жердің климатын әбден зерттеген.
Нұрлан Қапенов, жоба жетекшісі:
– Баламалы қуат көзін көптеп өндіру үшін тек қана күн сәулесінің болуы жеткіліксіз. Ауа қысымы, ылғалдылық, барлығы да сәйкес келуі керек. Ал Гүлшат елді мекенінің климаты еліміз бойынша ең қолайлысы болып тұр. Сондықтан таңдау осы жерге түсті.
Қарағанды өңірі баламалы электр қуатын өндіруден еліміз бойынша көш бастап тұр. Бұл – кенді өңірде ашылған екінші нысан. Ал жазда 50 мегаваттық тағы бір күн станциясы іске қосылмақ.
Мұндағы 123 мыңнан астам күн панелі жылына 58 миллион киловатт тоқ береді. Ал жылу энергия орталықтары дәл осындай көлемде электр қуатын өндіретін болса, қоршаған ортаға шамамен 80 мың тонна газ тарайды екен. Демек бұл – экологиялық жағынан аса тиімді жоба.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:
– Жылдың аяғына дейін Қазақстан бойынша 85 нысан болады, ал 2020 жылы ол 95-100-ге жетеді де, 3 пайыздық көрсеткішке жетеміз деп ойлаймын.
Ал 2030 жылға дейін елімізде өндірілетін баламалы тоқ көзінің үлесін 10 процентке жеткізу жоспарда. Айта кету керек, бұл күн панельдерінің кепілдік мерзімі – 25 жыл.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин
Дереккөз: www.24.kz
Павлодардың студенттері судан отын алу тәжірибесін жасап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар ауаны сутектен ажыратқанда, газ тектес заттың түзілетінін анықтаған. Жас өнертапқыштар қазір арнайы құрылғыны сынақтан өткізу үстінде. Ол сутекті мейлінше көп алуға мүмкіндік береді. Құрылғының өзі күннің қуатымен жұмыс істейді. Келешекте студенттер сутекпен жұмыс істейтін көліктің қозғалтқышын ойлап таппақ. Мемлекеттік университеттің қабырғасында жүзеге асып жатқан үш ғылыми жобаның бірі – бұл. Бастамашыл жастар атмосферадағы ауаны тіршілік нәріне айналдырып, қар суынан таза ауызсу және сутектен қуат көздерін өндіру жобасын жетілдірмек. Автокөліктерді арзан әрі баламалы отын түрлерімен қамтамасыз ету – үлкен жобаның бастамасы.
Вячеслав Монахов, өнертапқыш:
– Біздің мақсатымыз – сутекпен жүру. Мәселен кәдімгі суды алу керек. Кешкілікте ауадан алынған конденсаттан су жиналып ол бакқа құйылады. Менің ойымша, бұл – қол жеткізуге болатын тәжірибе.
Дереккөз: www.24.kz
Маңғыстау облысында халықаралық Қызыл кітапқа енген жабайы құстар табиғатқа жіберілді.
Абу-Даби тәлімбақтарында өсірілген 600 дуадақ Қазақстанға ұшақпен жеткізілді. Аталған шара екі ел арасындағы үкіметаралық келісім аясында жүзеге асып отыр. «Мақсат – сирек кездесетін дала құстарының популяциясын сақтау», – дейді орман және аң шаруашылығы инспекциясының мамандары.
Бір жылдық қанаттылар «Кендірлі-Қаясан қорық аймағында» ұшырылды. Оларға қозғалысы туралы ақпарат беретін спутниктік қондырғылар кигізілді. Бұл дуадақтардың қайда жүргенін бақылауға мүмкіндік береді. Босатылған дуадақтар еліміздің табиғи жағдайларына бейімделгенше қорық қызметкерлерінің жіті қадағалауында болады.
Қазақстанда қолда өсірілген құстарды табиғи ортаға шығару 2009 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Эрик Леньюс, эколог (Біріккен Араб Әмірлігі):
– Дуадақ құстарының қоршаған ортаға пайдасы өте зор. Былтыр мамыр айында осы өлкеге 500 құс әкеп, ұшырғанбыз. Биыл оның саны тағы 100-ге көбейді. Қазақстан жыл құсы – дуадақтың табиғи мекендейтін жері. Алдағы айда бұл құстар жұмыртқа басып, көбейеді. Күзге қарай қоныс аударады.
Дереккөз: www.24.kz
Кореялық инвестор қаржыландыратын жобаның құрылысы жыл соңына дейін басталмақ.
Баламалы қуат көзін өндіретін компанияның президенті Ёнг Сун Джон жобаға 6 миллион АҚШ долларын құятынын айтты. Жасыл технологияны қолдау мақсатында бөлінген 1 мың 200 гектарға жуық жерде күн мен желден қуат өндіріледі. Сондай-ақ корейлік компания жел диірмендері мен күн генераторларын құрастыратын цех ашуды көздеп отыр. Аталған жоба жүзеге асса, жүздеген жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар шетелдік инвестор құны бір миллиард АҚШ долларын құрайтын Smart Сity жобасын да ұсынды.
Ёнг Сун Джон, баламалы энергия көзін өндіретін компания президенті:
– Біз сондай-ақ «ақылды қала» жобасын да жүзеге асырмақшымыз. Бұл арқылы бүтін бір ауылды «жасыл технологиямен» қамтуға болады. Айти технологияны дамыту мақсатында қазақстандық мамандарды оқытуды ойластырып жатырмыз. Бұл жұмысшыларды сырттан шақырғаннан едәуір тиімді болмақ.
Дереккөз: www.24.kz
Елімізде 5 жылдан бері сәуір айының үшінші сенбісі Үкімет қаулысымен Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні болып жарияланған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осыған байланысты Семей қаласының іргесіндегі арнайы дайындалған 10 гектар алқапқа 50 мыңға жуық қарағай өскіндері отырғызылды. Оған «Семей орманы» табиғи орман резерватының қызметкерлері, студенттер, оқушылар және әртүрлі мекеме өкілдері қатысты. Олардың ішінде Семей мемлекеттік медицина университетінде оқитын бір топ үндістандық жастар да бар. Өскіндер 2 жыл бойы тұқымбақтарда дайындалған. Биылғы акцияның ерекшелігі, ұжымдардан бөлек жекелеген отбасылар да бала-шағасымен келіп, экологиялық акцияға қатысуға мүмкіндік алды. Ауқымды шараға мыңға тарта адам қатысты.
Наджмус Сакиб, Семей мемлекеттік медицина университетінің студенті:
– Бұрын біз орманға тек қыдырып, демалуға келетінбіз. Енді міне, өмірімізде алғаш рет өз қолымызбен қарағай өскіндерін отырығызып жатырмыз. Табиғатты сақтауға үлес қосып жатқанымызды мақтан тұтамыз.
Жұмағали Сағадиев, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты бас директорының орынбасары: – Мың жарым гектардай жерге отырғызып біттік, ендігі мақсатымыз 1 мамырға дейін 3400 гектар отырғызып, сонымен аяқтаймыз.
ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2018 жылғы шілденің 25-нен 27-не дейінгі мерзім аралығында қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мамандар үшін Өскемен қаласында «Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» тақырыбында оқыту семинарын өткізді.
Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері:
«Макинск Құс фабрикасы» ЖШС;
«Казцинк» ЖШС;
«Сәтпаев кен-байыту кәсіпорын» ЖШС;
Өскемен қаласы әкімдігінің «Өскемен Водоканал» ШЖҚ МКК;
«Kazfoam» ЖШС;
«Тау-кен металлургиалық ALTYN концерні ММ» ЖШС;
«ГОРДОРСТРОЙ» ЖШС;
«Экология-Жастар-Бастама-Даму» ҚҚ;
ҚР БҒМ «Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті» ШЖҚ РМК;
«Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ.
Семинарда келесі сұрақтар қарастырылды:
Дәріс оқығандар:
Ингербаева Жанат Умбетовна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;
Абдрахманова Жанара Беркутовна – ҚР ЭМ бас сарапшысы;
Дерекөз: www.24.kz
«Let’s do it! World» қоғамдық қозғалысы. Ол қалай пайда болды? Қоршаған ортаны бір күннің ішінде тазартуға шақыратын бастама қала тұрғындары үшін несімен қызық? Дүниежүзілік тазалық күніне Қазақстанның дайындығы қалай? Астаналықтар суын тұтынатын Вячеслав су қоймасының жағалауы қоқыстан қалай тазартылды? Толығырақ бүгінгі шығарылымда.
Дерекөз: ҚазАқпарат
24 шілде күні жедел-іздестіру шаралары барысында Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі Ақтөбе қаласында мұнай өнімдерін қайта өңдеумен айналысқан заңсыз зауытты анықтап, жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұл іс-шараға департамент қызметкерлерінен бөлек Ақтөбе қаласының көлік прокуратурасы және «Бүркіт» ерекше мақсаттағы бөлімше қызметкерлері де қатысқан болатын. Кейін анықталғандай, Ақтөбе облысының мұнай-кен орнынан жалған кұжаттар арқылы заңсыз мұнай өнімдері шығарылып, ол заңсыз зауытқа жеткізіліп отырған. Мұнай және мұнай өнімдерін қайта өңдеумен айналысқан зауытқа қатысы бар барлық тұлғалар қолға түсті» делінген комитет таратқан хабарламада.
Тергеу жұмыстары нәтижесінде 150 тоннадан астам мұнай өнімі тәркіленді.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Дерекөз: ҚазАқпарат
Қазақстандағы екі биосфералық қорық Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгін ЮНЕСКО-ның МАБ халықаралық координациялық кеңесінің шешімімен («Адам және биосфера» бағдарламасы) Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне Шарын және Жоңғар Алатауы ұлттық парктері қосылды», – деп жазды комитеттің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында.
Осылайша, Қазақстанның биосфералық резерваттарының тізіміне ұлттық 10 қорық кіреді. Олардың қатарында Ақжайық, Ақсу-Жабағылы, Қорғалжын, Алакөл, Қатон-Қарағай, Барсакелмес, Қаратау, Алтынемел, Шарын және Жоңғар Алатауы, сондай-ақ, трансшекаралық биосфералық резерваттардың бірі Үлкен Алтай бар.
Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісі ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы аясында құрылған.
Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аймақтары үшін ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты мәртебесі өте маңызды. Себебі біздің табиғи аймақтарымыздың құндылықтарын халықаралық деңгейде мойындатуға мүмкіндік береді.
Дерекөз: ҚазАқпарат
Маңғыстауда Форт-Шевченко маңында жел электр станциясын салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «South Wind Power» ЖШС бас директоры С.Парцикян және «Horgos Jiuhe SilkBridge New Energy Co. Ltd компаниясының өкілі Huang Cheng қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Инвесторлар қуаты 2,5 кВт құрайтын 17 жел генераторын орнатып, құрылыс кезеңінде 70 адам жұмыспен қамтылатынын айтты. Инвестиция көлемі 60 млн долларды құрайды.
«Жел қондырғысының құрылысы «жасыл экономикаға» көшу, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін инновациялық технологияларды жүзеге асыру аясында жүргізіледі. Бұл жоба электр энергиясының қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектеседі. Түпқараған ауданында 375 гектар аумақта 42 МВт жел қондырғысы орнатылады. Аталмыш жобаның құрылысы ағымдағы жылдың тамыз айында басталады», – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.