Дереккөз: www.24.kz
Толағай теңізі тұрмақ, үлкен көлі жоқ ауа райы ыстық оңтүстіктің шаруалары бекіре өсіріп, одан мол пайда тауып отыр.
Бұрын мақтасымен мақтанатын диқандар осылайша балықты брендке айналдырмақ. Қазірдің өзінде бұлақта өскен бекіреден алтын түстес уылдырыққа дейін алып жатыр. Түлкібастық фермерлер қызыл балық пен форельді көбейтіп, болашақта экспорт әлеуетін арттырмақ.
Әдетте теңіздің ащы суында ғана кездесетін бекіре балығы енді таудың бұлағында да өздігінен өсіп, көбейіп жатыр. Қызыл балықтар осыдан тура 7 жыл бұрын уылдырық күйінде әкелініп, қолмен көбейтілген еді. Енді сол шабақтар уылдырық шаша бастапты. Бекіренің аналық бастары даладағы хауызда табиғи жолмен қыстап шыққан. Ашық аспан астындағы алты әуітте бұдан бөлек 30 мың форель өсіп жатыр. «Таудың өзен-көлдерінде ғана кездесетін балықтың бұл түрі де өте нәзік келеді. Сондықтан күтім керек», – дейді балықшылар.
Андрей Логиновский, балықшы:
– Балықтың екі түрі де ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан оларға барлық жағдай жасалған. Мысалы, форельге салқын су қажет болса, онда мұздатып жібереміз. Ал бекіреге жылы су қажет болса, онда су жылытылады. Жүйеде мұның барлығы қарастырылған. Қызыл балық күтіміне қарай өнім береді. Мысалы, 20 келі балықтан 2 келіге дейін уылдырық алуға болады.
Бекіре шабағының өсіп-жетілуі үшін кем дегенде екі жыл керек. Ал, уылдырықты 6 жылдан кейін барып береді екен. Өңірдегі ең ірі зауытта балық өсіру үшін қажетті қондырғылардың барлығы бар. Форель мен бекірені де өздері қолмен көбейтеді. Соның арқасында кәсіпорын қазір бекіреден қара және алтын түстес уылдырық алып жатыр. Осылайша теңізде ғана өсетін қызыл балықты жергілікті нарыққа шығаруда. Биылдан бастап сазан мен ақ амур және дөңмаңдай балығын асырамақшы.
Ерік Оспанов, компанияның бас директоры:
– Қазір 60 тонна бекіре балығы өмір сүріп жатыр. 80-90 тонна форель бар. Енді биылдан бастап 200-300 тонна карп балығының, сазан сияқты басқа да балық түрлерін шығарамыз нарыққа.
Фермерлер келушілерге қармақ беріп, балық та аулатады. Осылайша қосымша туристік жүйені де жетілдіруде. Дегенмен бұл салада шешілмей тұрған түйткілдер жетерлік. Балықтарға қажетті азық шетелден тасымалданады. Бағасы да қымбат. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін жем-шөп дайындайтын зауыт салу да жоспарланған. «Бұл өзіндік құнға әсер етеді», – дейді мамандар. Бағаның төмендеуі нарық көкжиегін де кеңейтпек.
Ерік Оспанов, компанияның бас директоры:
– Сұраныс өте көп болып жатыр. Басында көп адам түсінбеді. Басқаша қарады бұл балық қалай болар екен деп. Қазір үлгере алмай жатырмыз. Әсіресе форель балығына. Оны өсірудің өзі қымбат. Жем қымбат. Бағасы да арзан емес. Соның өзінде өте көп сатылып жатыр. Біз Алматы, Астана, Қарағандыға жіберудеміз. Енді Ресей сұраныс білдіріп жатыр.
Кәсіпорын жылыжай әдісі арқылы хауыздардың бетіне құлпынай да өсіреді. Осылайша бірнеше шаруашылықты қатар алып жүрген мамандар семинарға жиналған шаруаларға балық өсірудің қыр-сырын толық көрсетіп берді. Қажетті қондырғыларға дейін өздері шығаратын зауыт басшылығы балықпен айналысамын деушілерге қол ұшын созуға дайын екендіктерін жеткізді. Облыс аумағында өткізіліп жатқан көшпелі семинардан көкейге түйгеніміз, әр ауданның ерекшелігіне қарай кооперация құрылса, бұл ауыл шаруашылығының жүйелі дамуына сеп болмақ.
Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбішов, Нұрмахан Бекмұратов
Дереккөз: www.24.kz
Қазіргі уақытта өсімдіктерді, көкөністер мен жеміс-жидектерді топырақсыз өсіруге болады. Барлық нәр оларға су арқылы беріледі. Оны ғылыми тілде гидропоника деп атайды. Алайда өсімдікпен қатар балық шаруашылығын жүргізуге мүмкіндік беретін тағы бір сала бар. Ол – аквапоника. Биологиялық ортаны қажет етпейтін екі әдіс экологиядан бөлек, фермерлерге де тиімді болып отыр. Толығырақ бүгінгі шығарылымда тарқатамыз.
Дереккөз: www.24.kz
Прагада Чехияның «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы жөнінде кеңейтілген баспасөз конференциясы өтті.
Аталған іс-шараға Чехияның өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Владимир Бэртл, Қазақстанның Елшісі Сержан Әбдікәрімов, ЧР ЭКСПО комиссары Ян Крс және Астанада Чех павильонын салатын «АРТЕО» компаниясының директоры Богумил Бохняк қатысты.
В.Бэртл өз сөзінде Қазақстанның астанасында өтетін алдағы шараға қатысудың маңызының өте зор екенін және «жасыл» технологиялардың нәтижелерінін ұдеулі енгізуіне, сондай-ақ қоршаған орта мен жаһандық климатты тиімді түрде қорғауына, келешек ұрпақтар мен адамдардың өмір сапасын арттыру мен ресурссақтағыш және жаңғыртылмалы энергетиканың дамуы аясындағы халықаралық қатынастардың өрістетуіне мүмкіндің туғызатынын атап өтті.
С.Әбдікәрімов біздің мемлекетіміздің «ЭКСПО-2017» көрмесіне бесленді дайындық шаралары жайында, сонымен қатар чех азаматтары биылғы жылдың басынан бастап Казақстанға визалық талаптардан босатылуларына орай Чехияның кең іскерлік және әлеуметтік топтарын көрмеге, сондай-ақ Қазақстанның көрікті жерлерін көріп қайтуға шақырды.
Я.Крс пен Б.Бохняк чех павильонының инновациялық толтырылуының ағымдық үрдісі туралы және көптеген ұйымдастыру-техникалық шешімдерінің егжей-тегжегжейлері жайында слайдтарды көрсетіп журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Дереккөз: www.24.kz
EXPO халықаралық көрмесі «жасыл» экономиканы дамытудың басты қозғалтқышы болмақ. Оның басталуына 100 күндей ғана уақыт қалды. Қазіргі таңда қалашықтағы барлық құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Осыған орай Астанада EXPO көрмесіне қатысушы мемлекеттердің үшінші қорытынды жиналысы өтті. Қай елдің павильоны ең «жасыл» болмақ? Олар несімен таң қалдырады?
Дереккөз: EXPO-2017 Астана
ЭКСПО-2017 ұйымдастырушы кеңсесінде ҚР Ақпарат және коммуникация Министрі Дәурен Абаев және АҚ «Астана ЭКСПО-2017» ҰК Басқарма Төрағасы мен орталық бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен жиналыс өткізді.
Ахметжан Есімов Елбасы 2015 жылдың 13 шілдесі берген тапсырмасын бұлжытпай орындаудың қажеттілігі көрменің сапалы өтуіне байланысты екендігін жеткізді.
Көрменің басты назары тарихи маңыздылыққа беріліп отыр. Сондай-ақ, мамандандырылған көрме кезінде Қазақстанның халықаралық дәрежесін нығайтуға көп септігін тигізеді.
Сонымен қатар, кездесу барысында тағы бір басты нысан талқыланды. БАҚ өкілдері ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықты сауатты әрі кәсіби түрде жүргізіп, басылымдар мен редакциялық саясаттың бірегейлігін қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.
«Қазақстанның беделі бұл шараның қалай өтетініне байланысты екенін түсінеміз» – деп атап өтті Дәурен Абаев.
Кездесу қатысушыларының пікірінше, көрме дамуына байланысты кешенді бағдарлама дайындалып, ол қарапайым халыққа республикалық БАҚ өкілдерінің тұтыну қызығушылығы бойынша жұмыс жасайтын болады.
Дереккөз: www.24.kz
Дереккөз: EXPO-2017 Астана
Астана қ. , 9 наурыз 2017 ж.
Бүгін ҚР Мәжіліс депутаттары Палата төрағасы Нұрлан Нигматулинмен бірге «Астана ЭКСПО-2017» нысандарын қарап кетті. Парламент мүшелері сапар барысында Халықаралық мамандандырылған Көрме нысандарын: Қазақстанның ұлттық павильоны, Конгресс Орталығы, халықаралық павильон, энергия зерттеу Орталығын көріп шықты.
Көрменің ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына арналған кездесу барысында АҚ «Астана ЭКСПО-2017» ҰК Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов Мәжіліс депутаттарын көрме ұйымдастыру жұмыстары аяқталып қалғанын жеткізді. 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындарын мақұлдап, 109 мемлекетпен қатысу келісімшарты, 110 секция комиссарлары таңдалып, 82 ел ұлттық күнін таңдап қойды. Қазіргі уақытта қатысушы мемлекеттермен ұлттық павильондары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 8 наурыздан бастап барлық облыс орталықтарында ресми билет кассалары өз жұмыстарын бастайды.
Кездесу соңында Ахметжан Есімов және ұлттық компания Департамент басшылары қонақтардың арнайы билет бағдарламасы, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және медициналық көмек, сондай-ақ, халықаралық даму және т.б. сұрақтарына жауап берді.
Нұрлан Нигматулин көрменің жоғарғы деңгейде ұйымдастырылуына депутаттық корпустың: халықаралық көрмелер Конвенциясы бекітіліп, «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастыру мен өткізу сұрақтарына арналған Заң қабылданғанын айтты.
«Барлық депутаттар атынан Көрме ұйымдастырушыларына алғысымда жеткізуге рұқсат етіңіздер. Біз үшін бұл көрменің жоғарғы деңгейде өтуі өте мағызды және мамандандырылған ЭКСПО-ның Астанада өтуі 2017 жылдың ең маңызды іс-шарасы болмақ»- деп атап өтті Мәжіліс спикері.
Дереккөз: www.24.kz
Дереккөз: EXPO-2017 Астана
Сәрсенбі, 2017 жылдың 8 наурызында, сағат 12.00-де Павлодар, Өскемен, Қарағанды, Көкшетау қалаларында ЭКСПО- 2017 ресми билет кассалары ашылады.
Павлодар қ. – «Batyr mall» ОСО
Өскемен қ. – «Император» СК
Қарағанды қ. – ЦУМ СҮ
Көкшетау қ. – ОСО РИО
Жексенбі, 2017 жылдың 12 наурызында, сағат 12.00-де Петропавловск, Талдықорған, Тараз, Шымкент пен Қызылорда қалаларында ЭКСПО- 2017 ресми билет кассалары ашылады.
Петропавловск қ. – «Рахмет» СО
Талдықорған қ. – «Сити Плюс» ОСО
Тараз қ. – «Смолл» СҮ
Шымкент қ. – «Shymkent plaza» ОСО
Қызылорда қ. – «Жибек Жолы» СҮ
Сенбі, 2017 жылдың 25 наурызында, сағат 12.00-де Қостанай, Ақтөбе, Орал, Ақтау мен Атырау қалаларындаЭКСПО- 2017 ресми билет кассалары өз жұмысын бастайды.
Қостанай қ. – «Март» ОСО
Ақтөбе қ. -«Мега Актобе» ОСО
Орал қ. – «Сити Центр» ОСО
Ақтау қ. – «Актау» ОСО
Атырау қ. – «Baizaar» ОСО
Қазіргі уақытта ЭКСПО-2017 ресми билет кассалары Астана мен Алматы қалаларында ашық. Сондай-ақ, билеттерді ресми билет сайтынан https://tickets.expo2017astana.com/ және Меломан дүкендер желісі мен Казпошта бөлімдерінен сатып алуға болады.
Дереккөз: www.24.kz
Парламент қоғамда қызу талқыланған конституциялық реформаның жобасын қабылдады.
Қос палата депутаттары заңды бүге-шегесіне дейін қарастырып, 19 бапқа 26 түзету енгізді.
Конституциялық реформа жобасы Мәжіліске өткен жұма күні түсті. Арнайы құрылған бірлескен комиссия демалыс күндері де тыным тапқан жоқ. Сөйтіп жолданған 26 ұсынысты екі күн ішінде саралап, қажет деп тапқан 10 түрлі өзгерісті енгізді. Соның бірі – Ішкі істер министрін тағайындап, оны қызметтен босатуды Президенттің құзыретінде қалдыру.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Осы ұсыныспен келістік. Себебі, Ішкі істер министрі қоғамның ішінде, мемлекеттің ішінде қоғамдық қауіпсіздік үшін тікелей жауап береді. Әрбір жеке азаматтың жеке басының қауіпсіздігіне жауап береді. Сонымен қатар, Елбасы – ҚР Президенті өзінің жоғары лауазымымен қатар ҚР әскери Бас қолбасшысы болады. Осындай лауазымы бар. Ал, Ішкі істер министрлігінің құрамында ұлттық гвардия бар. Бұл – тікелей әскери мекеме. Осы себепті біз қолдадық.
Сонымен, Елбасы Қорғаныс пен Сыртқы істер және Ішкі істер министрлерін бекітеді. Өзге лауазым иелерін тағайындау кезінде Премьер-Министр Президент қарауына үміткерлердің тізімін ұсынады. «Келісіп пішкен тон келте болмайды». Сондықтан алдымен Парламентпен кеңесіп алады. Ал, Астана және Алматы қалалары мен облыс әкімдерін бұрынғыша Мемлекет басшысы тағайындап, қызметтен босатады. Егер Үкімет мүшелеріне депутаттардың көңілі толмаса, жұмыстан қуылады.
Анар Жайылғанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Бұдан былай біз Парламент палатасының депутаттарының 3/1 бөлігімен Үкіметтің мүшесін шақыра аламыз. Кез келген маңызды мәселе бойынша. Егер де есеп беру кезінде сол Үкімет мүшесі қандай да бір заңды бұзған болса, палата депутаттарының 3/2-сі дауыс берумен олар Президенттің алдында мәселе қойылады. Сол Үкіметтің мүшесін босату туралы. Ондай жағдайда Президент өтіншіті қанағаттандырады.
Ата заң – ең қымбат қазына. Адам құқы мен мен бостандығына кепіл берсе, осы құндылықтарды қорғайтын Адам құқықтары жөніндегі арнайы уәкіл бар. Мұндай жоғары лауазым иесі Елбасының Жарлығымен тағайындалып келген. Енді уәкілді 5 жыл мерзімге бекіту немесе босату Парламенттің құзырына беріліп отыр. Сондай-ақ, Президент лауазымына тағайындалатын азаматтың жоғары білімді болуы Конституциямен айқындалды.
Асқар Бейсенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– 91-баптың 3-тармағына Елбасының тарихи рөлі жазылады. Ол – Елбасының атқарған еңбегі, ҚР даму жөніндегі үлкен жұмыстары әрқашан да талқыланбай сақталады деген сөз.
Ал, ел ішінде лаң салып, қоғам мен мемлекеттің жұмысына зиянын келтіргендер азаматтығынан айырылады. Бірақ ол үшін соттың арнайы шешімі қажет. Осындай бірқатар жаңашылдықты қамтитын заң жобасы бірінші кезекте Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін арттыруға бағытталып отыр.
Икрам Адырбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Парламент пен Үкіметтің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жауапкершілігін күшейтіп отырмыз. Сонымен қатар ел Президентінің сыртқы қауіпсіздікті нығайтудағы қызметіне барынша толық мүмкіндік жасап отырмыз.
1 ай бойы бүкілхалықтық талқылауға шығарылып, Парламент қос палатасының сүзгісінен өткен заң жобасын депутаттар бірауыздан мақұлдады. Іле-шала құжат Елбасының қарауына жолданды. Ал, Президент Конституцияда белгіленген құндылықтарға заңнаманың сәйкестігін қарастыру үшін Конституциялық кеңеске өтініш білдірді.
Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ержан Қанапияұлы, Аят Дүйсенбаев