red_hot_chili_peppers_be_admin | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Австрия «ЭКСПО-2017» көрмесіне ерекше бағдарлама әзірлеп жатыр

Дереккөз: Bnews.kz
2016101112132299944_07ФОТО: expo2017astana.com

Бүгін «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Австрия Ұлттық павильонының комиссары Рихард Шенц кездесті, деп хабарлайды BNews.kz.

«Австрия осы көрмеге қатысып, өз өнімін таныстара алатындай мүмкіндік туғанына қуанышты. Елімді «Болашақ энергиясын» пайдаланатын әлемдік лидерлердің бірі деп санаймын. Бүгінде энергияның 25 %-ын баламалы көздерден аламыз», – деді Рихард Шенц.

Ұлттық павильон жұмысы аясында Австрия экономикалық және туристік байланыстарды дамыту үшін В2В форматында кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, олар екі жақты экономикалық форум ұйымдастыруға ниет білдіріп, үлкен мәдени бағдарлама дайындап жатыр, деп хабарлады көрменің ресми сайты.

Кездесу барысында австриялық тарап өздерінің үздік павильонының тұжырымдамасын ұсынды. Бұдан басқа, комиссар «Үздік тәжірибелер аймағы» контентіне елінің мақтанышы болып отырған үш австриялық компанияның әзірлемелері кіргендігін айтты.

Қыркүйектің ортасында басты тақырыптық павильондардың бірінде көрмеге шығарылатын энергия саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер ішінде байқау аяқталды. Нобель сыйлығының лауреаттарынан тұратын халықаралық комиссия «Үздік тәжірибелер аймағы» үшін 20-дан  астам жоба  іріктеді.

 

 

Жасыл экономика. Қандай ауамен дем алып жүрміз?

Дереккөз: www.24.kz

Бүгінде ауаны ең көп ластайтын автокөлік түтіндері. Үлесі 55,6 пайыз. Табиғат үшін атмосфералық ауаның орны ерекше. Адам үшін де қажеттісі осы. Сондықтан оны барынша қорғау сіз бен біздің еншімізде. Гидрометеорологиялық орталық мамандарының мәліметіне сүйенсек, Астананың экологиялық жағдайы нормаға сай екен. Ондағы атмосфералық ауаның ластану индексі шамамен 5 балды құрайды. Біздің бағдарламаның түсірілім тобы да С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ мамандарымен бірігіп қала көшелерінде ауа ластануына қатысты экспресс-тест жасады. Нәтижесі қандай?

Мемлекет басшысы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін құру туралы қаулы шығарды

photo_196685

Қазақстанда жаңа министрлік құрылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kzтілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін құру туралы Қаулы Ақорданың сайтында жарияланды.

Министрлік қызметінің негізгі бағыттары – қорғаныс, аэроғарыш өнеркәсібі және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік), жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, бірыңғай әскери-техникалық саясатты және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүргізуге қатысу, қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылық.

Жаңадан құрылған Министрлікке мынадай өкілеттіктер берілді:

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен – қорғаныс өнеркәсібі саласындағы;

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінен – ғарыш қызметі саласындағы;

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінен – жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласындағы;

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінен – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетін, Аэроғарыш комитетін және Мемлекеттік материалдық резервтер комитетін құруды және осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етуге тапсырма берілді.


Дереккөз: tengrinews.kz

Жасыл экономика. EXPO-2017 алаңындағы сервистік қызмет талаптары

Дереккөз: www.24.kz

Кез келген елдің экономикасын қызмет көрсету саласына қарап бағалауға болады дейді мамандар. Келер жылы Қазақстанға да сын сағаты келеді. Көрме кезінде туристерге қызмет көрсететін компаниялар тізімі жасалып жатыр. Олардың ішінде қонақүй, шаштараз, мейрамхана, такси қызметі бар. Барлығы EXPO-2017 территориясында орналасады. Ендеше оларға қойылар талап қандай?

ЕХРО-2017 көрмесіне Ресейден мыңдаған саяхатшы келеді

Дереккөз: www.24.kz

4ac14aeca4f0db3561d82d99973ae9e5_l

Келер жылы «ЭКСПО-2017» көрмесіне Ресейден мыңдаған саяхатшы келеді.

Қазір екі ел арасындағы логистикалық желілер жаңартылып жатыр. Бұл туралы бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясында өткен алқалы жиында айтылды. Оған Ресейдің Омбы, Астрахань, Новосібір облыстары мен Алтай өлкесінің губернаторлары қатысты. Ұлттық компания басшысы Ахметжан Есімов дүниежүзілік шараны өткізу жоспарын таныстырды. Сондай-ақ көрмедегі көрнекті жобалар жайлы жан-жақты ақпарат берді. Қазірдің өзінде 26 мемлекет баламалы қуат көзіне арналған ең үздік тәжірибесін ұсынып та үлгерді.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

– Туристердің басым бөлігі Ресей мен Қытайдан келеді. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінен мыңдаған мейман күтеміз. Шекарамызға жақын орналасқан 12 облыста роуд-шоулар өткіздік. Сол секілді шараларды Мәскеу, Санкт-Петербор, Сверлов және Қазанда ұйымдастырдық.

Басқосу барысында, «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы мен шекаралас облыстар арасында ынтымақтастық меморандумы бекітілді. Ресейлік атқарушы органдар енді дүниежүзілік шараға белсенді атсалыспақ

Александр Жилкин, Астрахань облысының губернаторы:

– Астрахань аймағында баламалы қуат көздеріне ерекше екпін беріледі. Бизнес пен іскерлік ортаның қызығушылығы басым. Қазір Астананың туристік фирмаларымен логистикалық мәселелерді реттеп жатырмыз. Атырау мен Астрахань арасында сыйымдылығы жоғары, жайлы автобустарды жолға шығарып, Астанаға қатынау мүмкіндігін молайтсақ деген жоспар бар.

Александр Карлин, Алтай өлкесінің губернаторы:

– Астанадағы көрмені тамашалау үшін жан-жақты жағдай жасаймыз. Алтай өлкесі мен Батыс Қазақстан арасындағы барыс-келісті жақсартып келеміз. Келер жылы туристер дәл осы бағытпен Астанаға келе алады.

А.Есімов пен Татарстан президенті ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды

Дереккөз: www.24.kz

e223e40b74248a070086dc9f1801236b_l

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов Татарстан Республикасының президенті Рустам Миннихановпен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Құжат Қазақстанға турист тартуға, жетекші туроператорлармен әріптестікке жол ашады. Сонымен қатар инвестиция мен бизнес саласында бірқатар келісімдерге қол жеткізу көзделіп отыр. Ахмет Есімовтің айтуынша, келушілерге арнайы мәдени ойын-сауық бағдарламалар әзірленген. Рустам Минниханов өз кезегінде халықаралық көрменің жемісті өтетініне сенім білдірді.

es2

es3

Естеріңізге сала кетейік, EXPO-2017 көрмесі 2017 жылы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді.

Жасыл экономика. Қазақстандағы экоқұрылыс

Дереккөз: www.24.kz

Ғимараттарды еуропалық «жасыл» стандарттар бойынша сертификаттау бұрыннан келе жатқан жүйе. Әрбір нысан иесі қандай да бір құрылысқа кіріспес бұрын экологиялық декларация толтырады. Арнайы жүйелер бойынша сертификаттаудан өтеді. Еуропада мұндай «жасыл» сертификатыңыз болмаса нарықта мойындалуыңыз екі талай. Ал біздегі жағдай қандай?

ЕХРО-ға келген қонақтарға 30-ға жуық қызмет түрі көрсетіледі

Дереккөз: www.24.kz

4584eb6d6417001485836005305eab5e_l

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы қазірден түрлі мекемеден өтініш қабылдауға әзір.

Коммерциялық қызмет көрсету арқылы қомақты қаржы түседі деп көзделіп отыр. Келер жылы өтетін халықаралық көрмеге кәсіпкерлердің қазіргі дайындығы қандай?

Ел тарихындағы ең ауқымды шараның шымылдығы түрілуіне де аз қалды. Қазірдің өзінде әлемнің 100-ден астам елі көрмеге қатысатындарын растап отыр. Жалпы көлемі 170 гектарды құрайтын ЭКСПО қалашығында 30-ға жуық қызмет түрі көрсетілетін болады. Тізімге ойын-сауық орталығынан бастап сән салоны, ателье, дәріхана, баспа секілді барлық қызмет енген. Ұлттық компания енді кәсіпкерлер арасында іріктеуді бастайды. Талапқа сай болғандар көрмеде кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады.

Илья Оразақов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ Коммерцияландыру департаменті директорының орынбасары:

– Бұл бағдарламаға қатысқысы келетін шағын және орта бизнес өкілдері өтініштерін бізге беруі керек. Арнайы құрылған комиссия 10 балдық жүйемен олардың мүмкіндігін бағалайды. Қазақстан бойынша экскурсия, дизайнерлік қызметтер де болады. Келген туристерге барлық жайлы жағдай жасауымыз керек.

Алдын ала болжам бойынша, ЭКСПО-ны үш айдың ішінде 5 млн адам тамашалайды. Толассыз туристер мен қыдырып келушілер үшін жаңадан 24 қонақ үй бой көтереді. Астанада алғаш рет ашылған бұл тоқыма өнімдерінің шоу-румы ол қонақ үйлерді, мейрамхана, фитнес орталықтарды қажет өніммен қазірден қамтамасыз етуге әзір. Көрпе-жастық, орамал секілді барлық заттары халықаралық стандартқа сай. Бұрын 3 жұлдыздан жоғары отельдер бұл кәсіби тоқыма өнімдерін шетелден алдыратын. Енді алысқа сабылудың керегі жоқ. Әр қонақ үйдің қалауы бойынша тапсырыстарын орындайды.

Ниязи Дадашаев, тоқыма компаниясы сату бөлімінің директоры:

– Ел үшін маңызды шара ЭКСПО-ның алдында Астанада кәсіби тоқыма өнімдерінің шоу-румын ашуды жөн көрдік. Елордаға мыңдаған турист келетінін ескерсек, бұл қонақ үй, мейрамханалардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Уақыттары мен ақшаларын үнемдейді. Бізде таңдау көп. Өнімдеріміз еуропалық брендтердің сапасынан кем түспейді.

Айгүл Сариева, кәсіпкер:

– Астанадағы осы шоу-румда барлық тауар түрлерімен танысып, тапсырыс беруге болатыны қуантады. Осыған дейін шетелдік компания өкілдерінің бізге келгенін күтетін едік. Біз секілді қонақ үй, мейрамхана бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерге ыңғайлы болды.

Көрменің арқасында Астанаға қонақтар есебінен құйылатын қаржының көлемі артады. Күн сайын павильондарды кемі 55 мың адам аралайды. «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы, коммерциялық қызметтен 500 млн еуро пайда түседі деген болжамдарын айтты.

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Жандос Битабаров, Ануар Тәуекелов

«Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің құрылысы биыл аяқталады

Дереккөз: www.24.kz

1f7bc9eec5e5b60917079945910cb55f_l

Елбасы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады. Кездесу барысында Ахметжан Есімов халықаралық көрмеге дайындық барысын сөз етті. «Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін аяқталады», – деді. Қазан айында павильондар мен делегаттарға салынған үйлер тапсырылатынын жеткізді. Қазір ЭКСПО көрмесіне 103 ел мен 17 халықаралық ұйым қатысатынын растады. 98 секция комиссарлары тағайындалды.

EXPO-2017 көрмесінде ШЫҰ елдерінің жеке павильоны болады

Дереккөз: www.24.kz

25f371793135faedf760d06cee27de75_l

Шанхай ынтымақтастық ұйымының EXPO-2017 көрмесінде жеке павильоны болады.

Бүгін осы жұмысты іске асыратын топ өзара әріптестік туралы үш жақты келісімге қол қойды. Қазақстан тарапынан «Жасыл экономиканы дамыту және G-GLOBAL коалициясы» мен «G-GLOBAL халықаралық хатшылығы» атты үкіметтік емес ұйымдары мен Қытайдың «Жаңа Еурпазиялық топ» холдингі осы жобаны жүзеге асыруға атсалысады. «Құрамына 18 ел кіретін оңтүстік-шығыс Азиядағы ірі ұйымның әлеуетін Астанада өтетін көрмеде тиімді пайдалану маңызды жұмыстың бірі», – дейді мамандар. Қазірдің өзінде Қытайдың 100 технопаркі EXPO көрмесіне өз үлестерін қосуға әзір көрінеді. Сонымен қатар мәдениет пен ғылым, түрлі инновациялық тақырыптарға арналған 50-ден аса іс-шара ұйымдастырылатын болады.

Салтанат Рахимбекова, Жасыл экономиканы дамыту және G-GLOBAL коалициясының басқарма төрайымы:

– Бұның ішінде Еуразиялық үлкен инновациялық форумды өткізу, халықаралық әйелдер жасыл форумын өткізу, ШОС мемлекеттерінің жасыл энергия деген форумын өткізу. Осындай бір оншақты форум өткізу, басқа да жан-жақты шараларды өткізу осы павильонның алаңында және осы павильоннан EXPO бағдарламасына ұсыныс жалпы үлкен.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика